Accessibility links

Қазақстан азаматтығын алған Ресей спортшыларының көбейгені елде "легионерлерге" қарсылықты күшейтті


Ресейде туған теннисші Александр Шевченко 2024 жылғы ақпаннан бастап Қазақстан атынан жарыстарға қатыса бастады.
Ресейде туған теннисші Александр Шевченко 2024 жылғы ақпаннан бастап Қазақстан атынан жарыстарға қатыса бастады.

Астанада күрес түрлерінен өткен Қазақстан чемпионатында Ресейден келген балуандардың қатысушылар тізіміне енгені, ресейлік теннисші Александр Шевченконың Қазақстан құрамасына ауысуы басқа елден спортшы тартуға деген қарсылықты қайта ушықтырды. Сарапшылар шеттен спортшы шақыра бермей, балалар спортына көңіл бөлу керек дейді.

"ҚОЛЫНДА ҚҰЖАТЫ БАР, ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУҒА ТЫЙЫМ САЛА АЛМАЙМЫЗ"

Ресейде туған 25 жастағы Шамиль Ожаев грек-рим күресінен Қазақстан чемпионатында алғашқы айналымда қазақ балуаны Бауыржан Мусинмен күресуі керек еді. Бірақ жарыс алдында шу шығып, Ожаев жарыстан шеттетілді.

Қазақстан күрес федерациясы Азаттыққа Ожаев "Қазақстанда тұрып жатқанымен, азаматтық алу процесін толық аяқтамағандықтан жарысқа қатыспағанын" айтты.

Күреске легионер неге керек?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:30 0:00

2020 жылы грек-рим күресінен Ресей чемпионы атанған Ожаев Қазақстан біріншілігіне қатыса алмағанымен Тывада туған 28 жастағы Начыын Куулар (2019 жылғы Еуропа чемпионатында қола медаль алған) еркін күрестен Қазақстан біріншілігінде 65 келі салмақ дәрежесінде қола жүлде алды.

Мәжіліс депутаты, Қазақстан күрес федерациясының президенті Дәулет Тұрлыханов Азаттыққа "шетелден келген спортшының қолында Қазақстан төлқұжаты болса, жарысқа қатыспа, келме деп айта алмаймыз" дейді.

Ал Қазақстан күрес федерациясының бас хатшысы Димаш Сұлтанов "Начыынды Қазақстанда федерация шақырмағанын, ол жарысқа Шымкент қаласы атынан қатысқанын" айтады.

– [Куулардың] қолында Қазақстан төлқұжаты бар. Демек Қазақстан чемпионатына қатысуға құқығы бар. Біз оған тыйым сала алмаймыз. Ол Қазақстанға өз еркімен көшіп келіп, Шымкентте тұрды. Федерация оны шақырған жоқ, қаржы бөлген жоқ. Азаматтықты да өзі алған. Егер спортшы бір елден екінші елге ауысса, екі жыл "карантинде" болуы керек, ол екі жыл ешқандай жарысқа қатыспай, "карантинде" де отырған, – дейді Сұлтанов.

Ал Ресейде туып-өскен теннисші Александр Шевченко өткен аптада Қазақстан азаматтығын алып, енді жарыстарға Қазақстан атынан қатысатынын жариялады. Бұған қоса, қазір Дохада (Катар) өтіп жатқан жүзуден әлем чемпионатына Ресейден келген Софья Сподаренко Қазақстан құрамасы сапында қатыспақ.

Александр Шевченко
Александр Шевченко

Теннисші Шевченконы миллиардер Болат Өтемұратов басқаратын Қазақстан теннис федерациясы шақырған. Сподаренко Қазақстан азаматтығын ала сала ұлттық құрамаға енген.

Бұл жайттардың бәрі қоғамда шетелден спортшы шақыруға деген қарсылықты күшейтіп жіберді. Себебі бұған дейін де елде жанкүйерлер мен сарапшылар шетелдік спортшылардың Қазақстан азаматтығын алып, құрамаға енгеніне қарсы болып келген еді.

"ШЕТЕЛДЕН КЕЛГЕН СПОРТШЫЛАР ЖАЙЛЫ АҚПАРАТТЫ ЖАСЫРАДЫ"

"Спорт министрі" Youtube-каналының авторы, спорт журналисі Аслан Қаженов "шетелден спортшы тарту Қазақстан спортына үлкен серпіліс бермегенін, көбі карьерасын аяқтаған соң туған еліне кетіп қалғанын" айтады.

– Өкініштісі сол, келген спортшылардың көбі Қазақстанда қалып, елді жақсы көріп, сіңісіп кеткен жоқ. Бәрі материалдық пайда көздеді. Немесе қазір Ресейге салынған шектеулерді (Мәскеудің Украинаға басқыншылығынан соң Ресей халықаралық жарыстардан шеттелген – ред.) айналып өту үшін сол жақтан спортшылар Қазақстанға келе бастады, – дейді ол.

Ресейден келген ауыр атлеттер Алла Баженина (Пекин-2008 олимпиадасының чемпионы) мен Ирина Некрасова (Пекин олимпиадасында күміс медаль алғанымен, допинг қолданғаны анықталып, жүлдені қайтарған), Моңғолиядан келген дзюдошы Галбадрах Отгонцэцэг (Рио-2016 олимпиадасының қола жүлдегері) карьерасын аяқтаған соң еліне қайтып кеткен.

Моңғолиядан келген Галбадрах Отгонцэцэг (ақ формада) Рио олимпиадасына Қазақстан атынан қатысып, қола медаль алған сәт. 6 тамыз, 2016 жыл
Моңғолиядан келген Галбадрах Отгонцэцэг (ақ формада) Рио олимпиадасына Қазақстан атынан қатысып, қола медаль алған сәт. 6 тамыз, 2016 жыл

Спорт журналисі Қаженов ақпараттың ашық болмауы, спортқа бөлінген қаржының балалар спортына жұмсалмауы қоғамда осындай қарсылықтарға себеп болатынын айтады.

– Шетелден спортшы келгені жайлы ақпараттардың көбі жасырын. Спортқа ақша бюджеттен бөлінеді, бірақ халық шеттен келген спортшының келісім-шарты жайлы, қанша айлық алатынын, қандай жағдай жасалғанын білмейді. Бюджеттен спортқа ақша бөлінген соң халық ақпаратты білуге хақылы. Бірақ бәрі жұмбақ. Мұндайда халықтың қарсылығы күшейеді, – дейді ол.

Қазақстанда бұған дейін кениялық жеңіл атлеттер Қазақстан құрамасына енгенде де қоғамда қарсылық болған. Былтыр ресейлік мәнерлеп сырғанаушы София Самоделкина "Қазақстан азаматтығын алды" деген ақпарат шыққанда да қоғам наразылық білдірген. Спорт және туризм министрлігі шетелден спортшы шақырмағанын, көбі "заңда көрсетілген жолдармен азаматтық алып жатқанын" айтқан.

Мәселен, депутат, күрес федерациясының басшысы Дәулет Тұрлыханов ресейлік екі әйел балуан Қазақстанға тұрмысқа шығып, азаматтық алғалы жатқанын айта келе, олар "азаматтық алып, чемпионатқа қатысса шектеу қоя алмаймыз" деді.

"НӘТИЖЕГЕ ЖЕТУДІҢ ОҢАЙ ЖОЛЫ"

Qazsport арнасының спорт комментаторы Әсел Әбдібек Қазақстан шетелден спортшы алғаннан гөрі, балалар спортына көңіл бөлгені дұрыс деп біледі.

– Шетелден спортшы әкелу – спорттағы жетістік емес. Одан да балалар спортына, бұқаралық спортқа көңіл бөлу керек шығар. Қаржыны еліміздің спортшыларын шетел мамандарымен жаттығуына, шетелдегі жарыстарға жиі қатысуына не ішкі чемпионаттарды жиі ұйымдастыруға бөлу керек деп ойлаймын, – дейді ол.

Грек-рим күресінен Қазақстан чемпионаты. Астана, 5 ақпан, 2024 жыл
Грек-рим күресінен Қазақстан чемпионаты. Астана, 5 ақпан, 2024 жыл

Бірақ күрес федерациясының хатшысы Димаш Сұлтанов "елге мықтылар келіп, бәсеке жасаса, балуандар мықтылардан үйреніп, тәжірибесін көтеріп жатса... Шетелден келген спортшыларды осы жағынан қарастыруға болады" деп түсіндірді.

Ал Аслан Қаженов "бюджеттен миллиардтаған ақша алған федерациялар есеп үшін ең жеңіл жолды таңдауға әуес екенін" алға тартады.

– Федерацияларға миллиардтаған ақша бөлсе, мүмкін нәтиже көрсету керек шығар. Ең оңай шешімі – шетелден спортшы әкелесің де нәтиже аласың, – дейді ол.

Желіде жанкүйерлер қарсылығы күшейіп жатқан тұста Қазақстан азаматтығын алған теннисші Александр Шевченко инстаграм-парақшасында "жарысқа Қазақстанның атынан қатысқанымды мақтан тұтам. Ел үшін және өзім үшін жеңіске жету үшін тезірек кортқа шыққым келеді" деп жазды.

Кениялық Нора Джеруто Қазақстанға жеңіл атлетикадан әлем чемпионатында алтын әперген сәт. 20 шілде, 2022 жыл
Кениялық Нора Джеруто Қазақстанға жеңіл атлетикадан әлем чемпионатында алтын әперген сәт. 20 шілде, 2022 жыл

Қазақстан 2000 жылдардың басында шетелден спортшы шақыртуды көбейткен. Қазақстанға Қытайдан келген ауыр атлеттер Зүлфия Чиншанло мен Мая Манеза, Ресейден келген ауыр атлет Светлана Подобедова 2012 жылы Лондон олимпиадасында чемпион атанғанымен, кейін допинг қолданды деген айыппен ол атағынан айырылған. Жалпы, Қазақстан бұған дейін Ресей, Қытай, Кения, Моңғолиядан бөлек Украина, Болгария, Бразилия мен Канададан да спортшы шақырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG