"Тергеу долбарын қайталаған үкім". "Қаңтар ісі" бойынша ұзақ мерзімге сотталғандар

Қазақстанда Қаңтар оқиғасына байланысты 15-17 жыл аралығында ұзақ мерзімге түрмеге кесілген төрт адам үкімге келіспейді. Олар түрлі қалада сотталғанымен, тергеу орындары бір-біріне ұқсас айыптар тағып, сот төртеуін де кінәлі деп таныды. Қорғаушылары "істе шикілік көп, тергеу біржақты өтіп, айғақ-дәлелі жоқ ауыр айыптар тақты, сот соған сүйеніп әділетсіз үкім шығарды" деп шағым түсірді. Апелляция алқасы біреуінің жазасын бірнеше айға қысқартып, өзгелерінікін өзгертпеді.

17 ЖЫЛҒА СОТТАП, 6 АЙЫН АЗАЙТТЫ

Қазыбек Құдайбергенов, 35 жаста, Қызылорда тұрғыны

Үкім шығарған судья: Думан Әлиев

2022 жылғы 22 қарашада Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 35 жастағы Қазыбек Құдайбергеновке Қылмыстық кодектің "жаппай тәртіпсіздікке қатысу" және "әскери қызметшінің өміріне қасақана қол сұғу" баптары бойынша 17 жыл түрме жазасын кесті. Сот оны Ішкі істер министрлігіне қарайтын Ұлттық ұлан қызметкері Мадияр Қайсаровтың өліміне кінәлі деп тапты.

Сот Құдайбергеновтің іс-әрекетін былай сипаттаған:

"2022 жылғы 5 қаңтарда сағат 12.00 кезінде Қызылордада халық әлеуметтік желідегі жаңалықтардан естіп, "Aray City Mall" сауда үйінің алдында жиналған, ол жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Тәртіпсіздікке қатысушылар 13:30 шамасында қолына кірпіш, таяқ, арматура және шыны бөтелкелер алып, қаруланып, әскери қызметкерлерге және полиция өкілдеріне қарсы бағыттап, тұрған жерінен ығыстырған. Осы кезде шерушілер Ұлттық ұланның әскери бөліміне тиесілі, биіктігі 2 метр болатын қалқанмен арнайы жабдықталған, "Камаз-43114" маркалы автокөлікке шабуыл жасап, кейін тергеу барысында кімдер екені анықталмаған адамдар тобы көліктің есігін ашып, рөлде отырған аға сержант Асқар Тұрмановты жұлқып сыртқа шығарған. Көлікті сотталушы Қазыбек Құдайбергенов айдап, әскери қызметкерлер шебіне қарай бұрып, іс-әрекетінің аса ауыр зардабы болатынын біле тұра, қоғамға қауіп төндіруді қасақана қалап, көліктің газ педалін түбіне дейін басып, кірпішпен тіреп, өзі қылмыс үстінде ұсталмас үшін көліктен секіріп түсіп қалған. Соның салдарынан әскери қызметін атқарып жүрген сарбаз Мадияр Қайсаров басынан ауыр жарақат алып, қаза тапты".

Қаңтар оқиғасы кезінде Aray City Mall сауда орталығы маңында өртенген автокөліктер. Қызылорда, 7 қаңтар, 2022 жыл.

Оқиғаның дәл осылай болғанын күдікті Құдайбергенов тергеу кезінде "мойындап", бірақ сот талқысында оның бәрінен бас тартты.

Құдайбергеновтің және қорғаушыларының мәлімдеуінше, оны сотқа дейінгі тергеу кезінде азаптап, істемеген қылмысты мойнына алуға мәжбүрлеген.

"Тоқпен азаптап, бірнеше рет есінен тандырып тастаған. Оны бетперде киген адамдар ұрып-соққан. Ақырында өзі өлуге шақ қалғанда 5-6 ақ параққа қол қойып берген. [Тергеушілер] ары қарай өздері ұйқастырып жазып алған", – дейді Құдайбергеновтің әйелі Іңкәрім Сұлтанова.

"Сарбазды Құдайбергенов қасақана өлтірді" деген айып еш негізсіз дейді адвокаттар. Әскери көлікке Қазыбек Құдайбергенов мініп, айдағанына бұлтартпас дәлел жоқ, тергеу бір видеоны көрсетіп, ондағы адамның дене бітімін Құдайбергеновке ұқсатқан дейді олар. Видеодағы адамның бет-жүзі көрінбейді. Полицейлер Құдайбергеновтің үйін тінтігенде видеодағы адамдікіне ұқсас киімін алып кетіп, соны айғақ ретінде іске тіркеген деген уәж айтады қорғаушылар.

"Қаңтар оқиғасы кезінде ауыр қылмыс жасаған" деген айып тағылған Қазыбек Құдайбергенов сот залында отыр. Қызылорда, 22 қараша, 2022 жыл.

Сотта Құдайбергенов 5 қаңтардағы митингіге тінту кезінде алынған киімді киіп бармағанын мәлімдеді. "Сарбаз қайтыс болатын 5 қаңтар күні аяғыма оқ тиді, демек шалбар тесілген болуы керек. Ал тінту кезінде алынған киім бүтін. Мен митингіге шыққанда тек бір шалбармен жүрдім, оны үйге барып, ауыстырып киіп келетін шамам болған жоқ", – деді Қазыбек Құдайбергенов.

Оның бұл айтқанына қатысты судья мынадай ұйғарым жасады: "Сотталушы тергеу айғақ деп көрсеткен күртеше мен аяқ киім өзінікі екенін растады. Құдайбергенов оқиға болған күні үстіне соны киіп жүргені прокурордың дәлелдерімен сәйкеседі. Ал тінту кезінде алынған күртеше мен аяқ киімнен басқасы (шалбар) тергеуді адастыру үшін, қылмыстық жауапкершіліктен қашу мақсатында берілген. Күртеше мен аяқ киім қылмыстық іс ашуға жеткілікті дәлел бола алады".

Іңкәрім Сұлтанова құқық қорғау органы қызметкерлері үйді адвокаттың қатысуынсыз тінтіп, бір сөмке киім алып кеткенін айтады. "Қазыбекті күдікті деп тану туралы қаулыға, алынған киім туралы хаттамаға тергеушілер өзі қол қойып жіберген" дейді сотталушының жұбайы. Қорғаушылар осыны алға тартып, соттан адвокат А.Ермағамбетовтің қолтаңбасына сараптама тағайындауды сұраған. Бірақ судья "қылмыстық істі ашуға жеткілікті дәлелдеме бар, сол себепті сараптама жасауға негіз жоқ" деп, олардың өтінішін орындамады.

Сұлтанованың сөзінше, сараптама нәтижесінде көліктен табылған 16 адамның саусақ іздерінің ешқайсысы Құдайбергеновтікі емес. Судья бұл фактіні ескермеді, үкімде осы сараптама туралы жазылмады дейді Іңкәрім.

Судья "Камаз" көлігіне мінген Құдайбергенов екені "куәгерлердің сөзімен дәлелденді" деп тапқан. Куәнің бәрі полицияда қызмет істейтін адамдар.

"Жедел басқару орталығы бейнекамерасына жазылған бейнетаспаға сәйкес, "Камаз" автокөлігіне отырған және одан секіріп түскен адамның Қазыбек Құдайбергенов екенін сотқа дейінгі және сот тергеуі барысында куәлер З.Бабанов, М.Арқабаев, А.Азбергенов, А.Турсунов растады", – делінген сот үкімінде.

Қаңтардағы дүрбелеңде облыстық жергілікті полиция қызметі алдында өртенген көліктің қаңқасы. Қызылорда, 7 қаңтар, 2022 жыл.

Уақыт қайшылығы

Сот талқысында Ұлттық ұлан сарбазы Алмұхамбетов Қаңтар оқиғасында қазаға ұшыраған Мадияр Қайсаровты мәйітханаға 5 қаңтарда сағат 11:10 кезінде жеткізгенін айтқан. Тергеушілер "марқұмды мәйітханаға медициналық жедел жәрдем көлігі апарған" дейді. Бірақ бұл дерек еш жерде ресми тіркелмеген.

Ереже бойынша, жедел жәрдем қызметкерлері өлген адамды полиция қарап, тексергеннен кейін немесе сот-медицина сараптамасы тағайындалғаны туралы қаулыдан кейін ғана мәйітханаға жеткізе алады. Оған дейін өз бетінше мәйітті басқа жаққа тасуға хақы жоқ.

Судья Қайсаров ауыр жарақат алып, қаза болған күнді ескерген, бірақ мәйітханаға жеткізілген уақытты үкімде көрсетіп жазбаған. Іңкәрім Сұлтанова болса жұбайы үйінен алаңға қарай 5 қаңтарда сағат 14.00 шамасында шыққанын айтады. Бұл деректі сотталушының қалта телефонына жасалған тексерудің биллинг қорытындысы растайды. Бірақ сот бұл деректі де ескермеген.

Мәйітке сыртынан қарап сараптама жасау

Ұлттық ұлан жауынгері Мадияр Қайсаровтың өліміне қатысты күмәнді жайттар бар. Мәйітхана сарапшысы марқұмның денесін сыртынан қарап, "миына ауыр зақым келіп, өліміне себеп болды" деген қорытынды шығарған.

"Бас сүйегі қатты, жұмыр заттың соққысынан қысылып қалуы мүмкін. Ондай жұмыр затқа мысал ретінде жүк автокөлігінің доңғалағын жатқызуға болады. Содан денсаулыққа ауыр зиян келген. Жарақат алған уақыты оқиға болған күнге сәйкес келеді. Марқұмның жарақат алғаннан кейін қозғалуға мұршасы болмаған", – делінген сот үкімінде.

"Қимылсыз қалған Қайсаровты "Камаз" жүк көлігінің астынан шығарып алдық" деген куәгер Асқар Тұрманов "көлік дөңгелегі марқұмның аяғын басқан" деп түсініктеме берген.

Қызылорда қаласындағы Қаңтар оқиғасы кезінде болған дүрбелең көрінісі. Әлеуметтік желідегі видеодан скриншот

Сот процесі кезінде Қайсаровтың мәйітханадан түсірілген жалғыз суреті ғана көрсетілген.

"Суретте көзінде бір таңғыш бар әскери қызметкердің мәйіті жатыр. "Көзінде неге таңғыш тұр?" деген сұрақ қойылды. Мүмкін оған оқ тиген шығар деп мәселе көтердік. Сарапшы денені сойып тексермегеннен кейін бұл сұраққа жауап бере алмайтынын айтты", – дейді сотталушының адвокаты Тоқтар Мырзамбетов.

Қаза тапқан сарбаз жеткізілген 5 қаңтар күні мәйітханадағы бейнекамералар істемей тұрған. Адвокат мәйітханада бір ғана сурет түсірілгені және бейнекамералардың аяқ астынан "істемей" қалғаны қатты күдік тудыратынын айтады.

Мәйітке сыртынан қарап қана сараптама жасаған сарапшы "сол кезде қалада төтенше жағдай орнаған себепті жұмыс көбейіп, мәйітті союға мұрша болмады" деп жауап берген. Әділет министрінің сот сараптамасы мен зерттеуді ұйымдастыру туралы бұйрығында төтенше жағдай кезінде мәйітті соймай, сырттай қарап шығып сараптама жасауға рұқсат етіледі деп жазылған.

Сотталушының туыстары 5 қаңтарда оқиға орнына барған медициналық жедел жәрдем қызметкерлері Қайсаровтың "қабырғасы сынған, бас сүйегі аман, аяғында жарақат жоқ" деп анықтама жазып берген дейді. Адвокат судьядан өлім себебін анықтау үшін мәйітке эксгумация жасап, сот-медициналық сараптама тағайындауды өтінген. Алайда судья "жедел жәрдем анықтамасында "марқұмның басы аман" деген дерек көрсетілмеген, эксгумация жүргізіп, сараптама тағайындауға ешқандай негіз жоқ" деп ұйғарған.

Қаңтардағы наразылық кезінде демонстранттар экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев атындағы даңғыл бойындағы осы жарнамадағы оның суретін жыртып тастады. Қызылорда, 6 қаңтар, 2022 жыл.

Қызылорда соты Қазыбек Құдайбергеновке Қылмыстық кодектің "жаппай тәртіпсіздікке қатысу", "әскери қызметшінің өміріне қасақана қол сұғу" деген баптары бойынша тағылған айыптар дәлелденді деп тапты. Айыптау актісінде тергеу орны мен прокурор Құдайбергеновті "Мұхтар Әблязовтың адамы, "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының мүшесі" деп сипаттап, оған "терроризм актісін жасау" бабы бойынша да айып таққан еді. Құдайбергенов оны жоққа шығарған. Айыпталушының іс-әрекетінен терроризм әрекеті байқалмайды деген байлам жасаған судья ол айыпты алып тастады.

2018 жылы Астана соты қуғындағы экс-банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов негізін қалаған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, оған тыйым салу туралы шешім шығарған. Еуропарламент резолюцияларында бұл қозғалысты бейбіт оппозиция деп атаған. Қазақстанда ҚДТ мүшесі болу, оның ұйымдастыруымен өткен бейбіт митингілерге қатысу, пост жазу, тіпті, қозғалысты қолдау мақсатында әлеуметтік желіде репост жасаудың өзі қылмыстық жауапқа тартуға негіз болуы мүмкін.

Қазыбек Құдайбергеновтің сотқа дейінгі тергеу кезінде азапталғаны туралы үш арызын қараған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі "қылмыс құрамы жоқ" деп істі тоқтатқан. Судья соны ескеріп, Құдайбергеновтен азаптау нәтижесінде алынған тергеу қорытындысын жоққа шығаруды сұраған адвокаттың өтінішін қайтарды.

Қызылорда облыстық сотының апелляция алқасы былтыр 6 ақпанда Қазыбек Құдайбергеновті толық ақтап, қамаудан босатуды сұраған адвокаттарының шағымын қарай келе, сотталушының жазасын бірнеше айға азайтты. Апелляциялық алқа Құдайбергеновке "жаппай тәртіпсіздікке қатысу" бабы бойынша берілген үш жылдық жаза мерзімін рақымшылық заңы бойынша тоғыз айға қысқартып, "әскери қызметшінің өміріне қол сұғу" бабы бойынша 16 жылға қамау жазасын белгіледі.

Нұрсұлтан Исаев, 33 жаста, Ақтөбе тұрғыны

Үкім шығарған судья: Нұрлан Бақтығалиев

2023 жылғы 1 ақпанда Ақтөбенің қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Нұрсұлтан Исаевты "полиция қызметкерінің өміріне қол сұғып (қасақана өлтіру)", "жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны" үшін кінәлі деп тауып, оған 15 жыл түрме жазасын кесті. Исаевтың өзі мен қорғаушылары үкім заңсыз деп есептейді.

Қаңтар оқиғасынан соң айып тағылған Нұрсұлтан Исаев сот залындағы әйнек қоршаудың ішінде отыр. Ақтөбе, 14 қазан, 2022 жыл.

"Нұрсұлтан Исаев әкімдік алдындағы жаппай тәртіпсіздік кезінде көлігінің алдында тұрған бірнеше полиция қызметкерін қағып, жарақаттаған соң оқиға орнынан қашып кеткен. Сот тергеуі барысында оның адам өлтіру ниеті болғаны анықталды. Ол полиция қызметкері, жәбірленуші Д.Сейдулиннің денсаулығына жеңіл зиян келтірді, ал Н.Төлеуовке еш зиян келген жоқ. Соған қарамастан, қатты жылдамдықпен келіп соғып, олардың өміріне қауіп төндірді. Полиция қызметкерлері оқ өткізбейтін кеудеше (жилет), қалқаны мен дулығасының арқасында аман қалған. Бұл оқиға әкімдік ғимаратына шабуыл жасалып, полиция мен митингіге қатысушылар арасында қақтығыс басталып жатқанда, жаппай тәртіпсіздік кезінде болды. Исаевтың ол жерден өз еркімен кетіп қалуына мүмкіндігі болды, жолдар ашық еді. Соны біле тұра, ол полицияның қоршауына мақсатты түрде, қызметін атқарып тұрған полицейлерге зиян келтіру үшін барып, оларға өлім тілеп, көлігімен соқты", – cудья Нұрлан Бақтығалиев Нұрсұлтан Исаевтың айыбын осылай сипаттаған.

– Сот айыптаушы тараппен келісті. Өйткені автокөлік қашанда қауіп көзі. Исаев алаңда жеке көлігімен полиция қызметкерлерін қағып кеткен. Тергеу екі адамды ғана зардап шегуші ретінде таныған. Ал шындығында зардап шеккендер одан көп екенін видеодан көрдік, – деді судья үкімді түсіндірген кезде.

Ақтөбе облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Нұрлан Бақтығалиев

Жәбірленуші деп танылған екі полиция қызметкері сот процесі кезінде Исаевқа қарсы арыз-шағымы жоғын айтқан. Олар қазір қызметін істеп жүр.

Нұрсұлтан Исаев "қасақана адам өлтіру ниетім болған жоқ" деген сөзінен танбады. Адвокаты Азамат Сағал Қаңтар оқиғасы кезінде Исаев "адамды қасақана өлтіргенін" дәлелдейтін тікелей де, жанама да айғақ-дәлел жоқ дейді. Оның сөзінше, үкім шығарған судья "адамдар өліп кетуі мүмкін еді" деген долбарға сүйенген.

Исаев "қасақана әрекет" жасамағанын былай дәлелдеуге тырысты: "Полиция жиналғандарға қарай лақтырған жарылғыш заттың біреуі көлігімнің әйнегіне тиді. Содан сасқалақтап, көлік рөліне ие бола алмай қалдым. Көлігім газбен жүретін еді, әрі көліктің артында газ баллон жатқан. Жарылғыш зат тисе көлік жарылып кетеді деп қорқып, ол жерден тез кетіп қалуды ойладым".

Сот Исаевтың бұл уәжіне "сынмен қарайтынын" айтқан. Үкімде судья "сараптама қорытындысы сотталушының қорыққанын, аффект жағдайда болғанын дәлелдемеді" деп жазды. Адвокат бұған қатысты тергеу барысында да, сот талқысы кезінде де ешқандай сараптама жасалмағанын айтады.

Ол судьяның Исаев көлікті "қатты жылдамдықпен айдап адамдарды қақты" деуіне де негіз жоқ дейді. Адвокаттың сөзінше, көлік жылдамдығын анықтайтын сараптама жасалмаған.

Қаңтар оқиғасы кезінде Ақтөбеде жаппай наразылық акциясына шыққан адамдар. 6 қаңтар, 2022 жыл.

Сот кезінде Нұрсұлтан Исаев 5 қаңтар күні алаңда бейберекет жағдай болып жатқанда байқаусызда адам қағып кеткенін, біреуді өлтіру ниеті болмағанын, жауапкершіліктен қорқып, көлігін үйіне апармай, бір жерге қойып кеткенін айтып, айыбын ішінара мойындаған. Сол үшін адвокаты "адам өміріне қол сұғу (қасақана өлтіруге ниеттену)" деген айып Исаевқа негізсіз тағылғанын алға тартып, оны "билік өкіліне күш көрсету (денсаулығына зиян келтіру)" (380-бап) деген айыпқа ауыстыруды сұраған. Тергеу бапты өзгертуге келіспеген.

– Іс әлі тергеліп жатқан кезде біз прокуратураға, тергеу орнына өтініштер тапсырып, бапты өзгертуін бірнеше рет сұрадық. Сондай талаппен Нұрсұлтан абақтыда аштық та жариялады. Бірақ ешкім бізді тыңдағысы келген жоқ. Іс сотқа жетпей тұрып тергеушілер де, прокурор да "бұл жоғары жақтың бұйрығы, арыз-өтініштеріңді сотқа айтасыңдар" деп жауап қатты, – деді Исаевтың әйелі Аида Хазеева Азаттық журналисіне.

Нұрсұлтан Исаев қамауға алынғаннан кейін абақтыда азапталғанын мәлімдеді. Әйелі Аида Хазееваның сөзінше, жұбайы абақтыдан аурухана жеткізіліп, қабырғасы, тісі сынғаны, бауырына зақым келгені анықталған. Исаевтың азапталғаны туралы арызын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қарап, істі "қылмыс құрамы жоқ" деп жауып тастаған. Судья үкім шығарған кезде де сотталушының азапталғаны туралы деректі есепке алмаған.

Қаңтар оқиғасына байланысты 15 жылға сотталған Нұрсұлтан Исаевтың абақтыдан өлеңмен жазған хаттары. Ақтөбе, 5 ақпан, 2023 жыл.

Адвокат Азамат Сағал Исаевқа тағылған "жаппай тәртіпсіздікке қатысты" деген айып та негізсіз деп есептейді.

– Өйткені ол 5 қаңтар күні достарымен бірге алаңда не болып жатқанын білуге барғаны рас, бірақ жаппай тәртіпсіздікке қатысты дейтіндей ол ұрандар айтпаған, қолында қару-жарақ болмаған, ешкімге қарсы шабуыл жасамаған, – деді адвокат.

Апелляция алқасы Нұрсұлтан Исаевтың үкімін өзгеріссіз қалдырды. Жоғарғы сот Исаевтың шағымын қарауға негіз жоқ деп, істі қайта қараудан бас тартты.

Ербол Жұманов, 38 жаста, Жамбыл облысының тұрғыны

Үкім шығарған судья: Нұржан Қадірбек

Былтыр 28 сәуірде Ербол Жұманов Тараздағы Қаңтар оқиғасы кезінде "қару ұрлап, сақтаған" және "Ұлттық қауіпсіздік комитеті подполковнигін атып өлтірген" деген айыппен 16 жылға сотталған. Жұманов "мылтық алып, үйіне апарғанын" мойындайды, бірақ ешкімге оқ атпағанын айтады. Тергеу кезінде де, сотта да оның қылмыс жасағанын дәлелдейтін видео немесе фотоайғақ болмады. Жұмановтың адвокаты мен туыстары Жамбыл облысының соты оны куәгерлер сөзіне және болжамдарға сүйеніп айыпты етіп шығарды деп есептейді.

"Ербол Жұманов Төле би және Желтоқсан көшелерінің қиылысында жүргенде, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстық департаменті (ҰҚКД) қызметкерлері мен жаппай тәртіпсіздікке қатысушылар арасында атыс болып жатқанын білген. 6 қаңтарда түнгі сағат 2:30 кезінде ұрланған Калашников автоматын алып, тәртіпсіздікке қатысқан бірнеше адаммен облыстық ҰҚКД-ға бет алған. Ол арнайы мемлекеттік орган қызметкерлерінің өміріне қастандықпен қол сұғу ниетін жүзеге асыру мақсатында ҰҚКД қызметкерлері Д.Ә.Әділбайға (марқұм), К.А.Мұстафаевқа, К.А.Ахметжановқа, А.А.Наурызбаевқа және Д.А.Саргуловқа қарай жекелей бірнеше мәрте жарқырайтын оқ атқан. Салдарынан сол жерде Дастан Әділбай ауыр жараланды", – деп жазылған сот үкімінде.

Қаңтар оқиғасына байланысты 16 жылға сотталған Ербол Жұманов сот залында отыр. Тараз, 28 сәуір, 2023 жыл.

Ал Жұманов "ҰҚКД ғимараты жаққа барды" деген cөзді жоққа шығарған. Айыптаушы тарап Жұмановтың сол аумақта жүргенін куәгерлер сөзімен дәлелдеуге тырысты. Тергеу кезінде де, сотта да оның ҰҚКД аумағында жүргеніне дәлел болатын сурет не видео көрсетілмеген.

"Сотта жауап берген куә Е.Жақсымбетов 2022 жылғы 6 қаңтарда түнгі сағат 3:00 шамасында ҰҚКД алдында 1-2 оқ атылғанын көрген. Атқан адамды көрген, оның үстінде қара куртка, басында шәпкі болған. Оның Ербол Жұманов екенін тергеу барысында беттестіру кезінде білген. Оны автокөлік жарығы түскен соң есте сақтап қалған. Жұмановтың қолында автомат болған, нақты қандай екенін білмейді. ҰҚКД қызметкерлерін көрген жоқ. Жұмановтың бұрылып, Сүлейменов көшесіне қарай қашқанын көрген", – Жұмановқа шығарылған сот үкімінде осылай жазылған.

Сотталушының ағасы Ержан Жұманов "іске тіркелген видео монтаждалғанын, ондағы уақыттар әртүрлі екенін" мәлімдеп, сөзіне дәлел келтірді. Бірақ бірінші сатыдағы сот та, аппеляция алқасы да оның сөзін елеусіз қалдырды. Жұмановтың қорғаушылары жасатқан сараптама "уақыт таймерінде хронологиялық бірізділік жоқ", "зерттелген жазба сюжетіндегі іс-әрекеттердің логикалық ағымы мен аяқталуы жоқ", "зерттелген файлдар монтаждалған болуы мүмкін" деген қорытындыға келген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ 16 жылға сотталған Ербол Жұманов үкімге неге келіспейді?

Дастан Әділбайға тиген оққа жасалған сараптама қорытындысында қандай мылтықтан атылғанын анықтау мүмкін болмады деп жазылған. Жұмановтың қорғаушылары марқұмның денесінен алынған оқ сараптамаға жіберілгенде мүлде басқа оққа ауыстырылған деп санайды. Ондай күдікке "сараптамаға берілген оқтың артындағы кішкентай стақанының жоғалуы" түрткі болған. Сараптама жүргізген адам сот тергеуі кезінде қойылған сұрақтарға жауап бергенде оқтың ауысқан я ауыспағанын нақты айта алмады.

"Марқұмға тиген оқтың өзін тығып қойды, өйткені олар оқ иесі анықталып қалмасын деп ойлайды. Сарапшыларды қорқытып тастаған. Оқ кімге тиесілі екенін білмеймін, бірақ ауысқаны нақты көрініп тұр. Өйткені [бүтін] оқ шықса, қайдан атылғанын білуге болады. [Атқан адам] шығып қалады. Ал ол – әскери қызметкерлердің біреуі", – деді Ержан Жұманов сот отырысынан кейін журналистерге.

Ол "Ұлттық қауіпсіздік комитетінің подполковнигін әскери қызметкерлердің біреуі атып алған" деген болжамын апелляция алқасына айтты. Жамбыл облыстық апелляциялық сот алқасының судьясы Нұрмұхаммат Абидов "сот бұл нұсқаны қарастырмайды, себебі істегі күдікті тек Жұманов" деп жауап берген.

Апелляция алқасы Ербол Жұмановқа шыққан сот үкімін өзгеріссіз қалдырды. Жоғарғы сот істі қайта қарауға негіз жоқ деп тауып, сотталушының адвокаттарының шағымын қайтарған.

Ғабит Піржанов, 36 жаста, Қызылорда тұрғыны

Үкім шығарған судья: Асыл Ізтілеуова

2023 жылғы 4 шілдеде Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі соты Ғабит Піржановқа 16 жыл түрме жазасын кесті. Сот оны "2022 жылғы 4 қаңтарда жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды", "полиция қызметкерінің өміріне қол сұқты", "қару жымқырды, полиция ғимаратын басып алмақ болды" деп тапты. Адвокаты Асылбек Садықов Азаттыққа "бұл айыптардың ешбіріне дәлел жоқ, бәрі жала" деді. Ол заңсыз үкім шықты деп біледі. Сот Ғабит Піржановпен бірге әлгіндей айыптар тағылған марқұм Фархат Омаровты да кінәлі етіп шығарды. қаза болуына байланысты оны қылмыстық жауапкершіліктен босатты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Фархат полицияға оқ атты ма? Қызылордада сотталған марқұмның ісі 

Тергеу материалдарында кәсіпкер Ғабит Піржановты "Новый базар" атты қылмыстық топтың басшысы деп көрсеткен.

"Ғабит Піржанов заңсыз акцияны өткізу орны ретінде қаладағы Aray city mall сауда үйінің алдындағы ашық алаңды белгілеп, онда жиналған халықты жаппай тәртіпсіздікке бастап беруді ойластырып, құқық қорғау органы қызметкерлерінің халық алдындағы беделін түсіруді алдын ала жоспарлаған. Піржановтың бақылауындағы "Новый базар" қылмыстық тобының мүшелері халықты заңсыз митингіге шақырып, тарқамауға, митингіні жалғастыруға үндеген. 4 қаңтар күні сағат 19:30 кезінде алаңда 1700-2000 адам жиналған. Наразыларды өздерінің қылмыстық пиғылын іске асыру құралы ретінде қолдана білген "Новый базар" тобының белсендісі Піржановтың сенімді жақтастары [бұл адамдардың кім екенін тергеу анықтай алмаған] алдын ала әзірлеген дыбыс ұлғайтқыш құралдармен халықты арандататын түрлі сипаттағы әңгіме таратқан. Халықты билікті басып алуға бағытталған талаптар қоюға үндеген. "Билік кетсін, кезектен тыс президент және парламент сайлау өтсін, әкімдікті күшпен басып алайық, полицияны тыңдамаңдар" деген саяси төңкерісті көздеген ұрандар айтқызған", – деп жазылған сот үкімінде.

Қызылорда қаласында 5 қаңтардағы дүрбелең кезінде өртенген облыстық сот ғимараты.

Тергеу мәліметінше, Піржанов ұйымдастырған жаппай тәртіпсіздік салдарынан полицияның 15 қызметкері жеңіл жараланған, тоғыз автокөлік өртеніп, бүлінген. Істегі жәбірленушілердің бірі, полиция полиция басқармасы патрульдік полиция ротасының командирі Жандос Естаев жаппай тәртіпсіздік кезінде оқ тиіп жараланған. Тергеу ол оқты марқұм Фархат Омаров Ғабит Піржановтың нұсқауымен атқан деген долбар жасаған.

– Жәбірленушіге оқ салған жарақатты сот отырысы кезінде көрдік. Оқ төске тақау екінші не үшінші қабырғаның үстінен кіріп, белінің тұсынан шыққан. Тура бағытталған оқ тура шығуы керек қой. Бірақ полицейдің өзі оқ қарсы беттен атылғанын айтты. Ал жарақатына қарасақ, оқ жоғары жақтан атылған болып тұр. Біз орган қызметкері немесе снайперлер ғимараттардың бірінің төбесінде тұрып атып алған деген нұсқаны ұсындық. Сот бұл уәжімізді есепке алмады, – деді адвокат Садықов Азаттыққа.

Оның сөзінше, сот процесінде жәбірленуші Естаев өзіне оқ сағат 18:30 шамасында тигенін айтқан. "Оған оқ атты" делінетін Фархат Омаровтың өзіне де сол күні оқ тиіп, сағат 16:30 кезінде мәйітханаға жеткізілген. Оған Омаровтың ауруханаға жеткізілген сәті түсіп қалған бейнекамералар жазбасы дәлел. Алайда сот үкім шығарған кезде бұл деректі де елеусіз қалдырды дейді қорғаушылар.

Қаңтар оқиғасы кезінде Қызылордада қаза тапқан Фархат Омаровтың анасы Бибігүл Әлішева ұлын айыпты етіп шығарған сот үкіміне келіспей, Жоғарғы сотқа әділдік іздеп келіп тұр. Астана, 18 қаңтар, 2024 жыл.

Тергеу мәліметінше, полиция қызметкеріне тиген оқ жоғалып кеткен. Оның кімге тиесілі екені сол күйі анықталмаған.

Піржановтың әйелі Әйгерім Алдашеваның айтуынша, айыптау актісі тек бес полиция қызметкерінің және бүркеншік атпен тіркелген үш куәгердің сөзіне сүйеніп жазылған. Сотталушының кінәсін дәлелдейтін ешқандай фото-, видео-, аудиоайғақ келтірілмеген. Алдашева күйеуінің митингідегі халықтың ортасына бармағанын, ол кезде автокөлігінде отырып, сырттан телефон камерасына түсіргенін айтты.

Қызылордадағы Қаңтар оқиғасы кезінде ауыр қылмыс жасаған деген айыппен 16 жылға сотталған Ғабит Піржанов. Отбасы архивіндегі фото

– Оқ атылған жерде, ғимараттарға шабуыл болған жерлерде Ғабиттің жүрмегені мобиль телефонына жасалған биллинг тексерудің нәтижесінде анықталды. Мұны да сотқа ұсындық, бірақ ол назар аудармады, – деді адвокат Садықов Азаттыққа.

Тергеу жүріп жатқан кезде Қызылордада Еркебұлан Досжанов деген адам "полиция Піржановқа қарсы жалған куәлік бер деп қоқан-лоқы көрсетті, қорқытты" деп шағымданған. Ол адам да сотқа шақыртылған. Бірақ полиция оны үйінен де, басқа жерден де таба алмаған.

Алдашева "күйеуіме жала жабылды, тергеу заңсыз жүріп жатыр" деп Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, бас прокуратураға арызданды.

"Ешкімнен мардымды жауап келмеді. Арызым қайта айналып облыс прокуратурасына түседі. "Ешбір дәлел жоқ қой, неге Ғабитке ғана мұндай жала жауып жатырсыңдар?" деп ашынып тергеушілерге бардым. Олар "аты-жөні Астанаға кетіп қалды, болды, енді ештеңе өзгерте алмайсың" деп жауап берді", – деді Әйгерім Алдашева журналистерге берген бір сұхбатында.

Ғабит Піржанов тергеу кезінде азапталғаны жөнінде арыз жазған. Іс "қылмыс құрамы жоқ" деген себеппен тоқтап қалған. Апелляция алқасы Піржановқа шыққан үкімді өзгеріссіз қалдырды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Алтайдан Ақтау мен Атырауға дейін". Қаңтар оқиғасының ауқымы

Кемінде 238 адамның өмірін қиған Қаңтар қырғыны туралы тәуелсіз баяндама әзірлеген құқық қорғаушылар Альянсы ұзақ мерзімге сотталған азаматтардың ісінде дискриминация көп болғанын жазды. Құқық қорғаушылар Қаңтар оқиғасы кезінде президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "ескертусіз оқ ату" туралы берген бұйрығы азаматтардың өмір сүру құқығын бұзды дейді. Бұған қоса Қаңтарға байланысты айып тағылғандардың тергеу және сот ісінде "кінәсіздік презумпциясы принципі бұзылды, прокурорлармен салыстырғанда қорғаушылардың көп өтініші кері қайтарылды, істер бір жақты тергеліп, айыптау сарынында үкім шықты, судьяға сенімсіздік білдіргендердің өтініші ешқашан қабылданған жоқ және судьялар сотталушылардың азапталғанын елеусіз қалдырды" деп сынады. Билік орындары бұл тұжырымға келіспейді.

Қазақстандық құқық қорғаушылар Қаңтар оқиғасы бойынша ұзақ мерзімге сотталған адамдарды "саяси тұтқындар" қатарына қосқан. Үкімет "елде саяси тұтқындар жоғын" айтады. Ресми Астана Қаңтар оқиғасын тәуелсіз зерттеуге бірнеше мәрте шақырған халықаралық құқық қорғау ұйымдарының ұсынысын қабылдамады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Ешкім шабуылдаған жоқ, өзара атысты". Шекара қызметі офицерінің Қанды қаңтардағы сарбаздар қазасы туралы әңгімесі"Қаңтардан сабақ алмаған билік, Тоқаев тұсында күшейген қуғын-сүргін және Назарбаевтан қалған әдістер". Хью Уильямсонмен сұхбат"Халықты атқанды кінәсіз қылады". Қаңтардан кейін 15 жылға сотталған Нұрсұлтан Исаевтың абақтыдан өлеңмен жазған хаты"Оқ бар, қаза бар, қылмыс қалай жоқ?" Айкөркемнің өліміне қатысты соттың жай-жапсары"Қылмыскерге оқ атуға арнайы бұйрық қажет емес деген заңда бар". Бас прокурор Қаңтар жайлы тағы не айтты?