"Қысқы спорттағы жетістікке елдің дамуы да әсер етеді". Халықаралық сарапшылармен олимпиаданы түйіндедік

Пекин олимпиадасының жабылу салтанаты. 20 ақпан 2022 жыл.

Пекинде қысқы олимпиада ойындары аяқталды. 2014 және 2018 жылғы қысқы олимпиадада бір-бір қола медаль иеленген Қазақстан құрамасы Пекинде жүлдесіз қалды. Бұл ойындарда медальдың басым бөлігін Еуропа елдері, АҚШ, Канада, Ресей, жарыс ұйымдастырушы Қытай, Жапония иеленді. Халықаралық сарапшылар қысқы олимпиададағы жетістікке климат пен елдің экономикалық жағдайы ықпал етеді деп санайды. Ал қазақстандық сарапшы елде бұқаралық спортты дамытпай жетістікке жету қиын дейді.

ЖҮЛДЕЛЕРДІ ҚАЙ ЕЛДЕР БӨЛІСТІ?

Пекин олимпиадасында жалпы есепте алғашқы үштікке Норвегия (16 алтын, 8 күміс, 9 қола), Германия (12-10-5), Қытай (9-4-2) енді. Норвегия мен Германия қысқы спортта кейінгі кезде көшбасшы елге айналса, ойынды ұйымдастырған Қытай қысқы олимпиададағы тарихи жетістігіне жетті. Бұрын бұл елдің қысқы ойындардағы ең үздік нәтижесі бес алтын еді. Қытай олимпиада алдында АҚШ пен Канададан отызға жуық спортшыны құрамасына шақырған.

Солардың бірі – АҚШ-та туған шешесі қытай, әкесі америкалық Эйлин Гудың бір өзі Қытайға екі алтын, бір күміс әперді. Ал АҚШ 8 алтынмен жалпы есепте 4-орын алды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ 5,3 млн ғана халқы бар Норвегия қалай қысқы спортта АҚШ, Ресей, Қытайды озды?

Сарапшылар қысқы спорттан мықты елдердің бірі Канада үшін Пекин олимпиадасы сәтсіз аяқталғанына назар аударады. Бұл ел 2018 жылы Пхенчхан олимпиадасында 11 алтынмен жалпы есепте үшінші болса, Пекинде төрт алтынмен шектеліп, 11-орын алып қалды.

Пекин олимпиадасында алтын алған 23 елдің 15-сі – Еуропа елдері. Нидерланд 8 алтынының алтауын конькиден, екеуін шорт-тректен иеленді.

Ресей олимпиада комитеті (допинг дауына байланысты ресейлік спортшылар тусыз, әнұрансыз қатысты) медаль саны бойынша (32 жүлде) рекорд орнатты. Бұл ел 6 алтын, 12 күміс, 14 қоламен жалпы есепте 9-орыннан көрінді.

АҚШ, Канада, Еуропа елдері және Ресейден бөлек Пекин олимпиадасында Жапония 3 алтын, 6 күміс, 9 қола (12-орын); Оңтүстік Корея 2 алтын, 5 күміс, 2 қола (14-орын); Жаңа Зеландия 2 алтын, 1 күміс (17-орын); Австралия 1 алтын, 2 күміс, 1 қола (18-орын) алды.

Постсоветтік елдер ішінен Беларусь 2 күміс, Украина 1 күміс, Латвия мен Эстония бір-бір қоладан иеленді.

"ҚЫСҚЫ СПОРТПЕН АЙНАЛЫСУ ҚЫМБАТ, БҰЛ КЕДЕЙ ЕЛДЕРГЕ КЕДЕРГІ"

Пекин олимпиадасы әлем елдері арасында медальға талас күшейе түскенін көрсетті. Қытай басылымдары спортшылары тарихи жетістікке жеткеніне мақтанса, Ресей медиасы шаңғыдан медаль саны бойынша Норвегияны артқа тастадық деп жарыса жазып жатыр.

Азаттық тілшісі Пекин олимпиадасындағы жүлдеге талас қалай жүргенін, әлем елдері үшін олимпиададағы жеңістің маңызын АҚШ-тағы Манхэттенвиль колледжінің спорт ғылымдары бойынша профессоры Эми Басс және АҚШ-тағы Миссури-Сент Луи университетінің профессоры, олимпиада зерттеушісі Сьюзен Браунеллмен талқылады.

Азаттық: Қысқы олимпиадада медальдың көбін экономикасы дамыған Батыс елдері, Еуропа елдері, Жапония, Оңтүстік Корея иеленеді. Қысқы олимпиадада жүлде алу елдің жағдайын көрсете ме әлде басқа себебі бар ма?

Cпорт ғылымдары бойынша профессор Эми Басс.

Эми Басс: Қысқы олимпиада – ерекше жарыс, себебі мұнда елдің дамуы мен мемлекеттік қолдаудан бөлек, географиялық орналасу, қар мен мұздың болуы маңызды. Қысқы олимпиада жазғы олимпиадаға қарағанда аз ел қатысады, себебі жылы елдерде тұратын халықтар қысқы спортпен айналыса бермейді. Бірақ әр олимпиада сайын жаңа спортшылардың қатысып жатқанын көріп отырмыз. Пекинде мексикалық мәнерлеп сырғанаушының әдемі өнерін, Сауда Арабиясы алғаш рет қысқы олимпиадаға қатысқанына куә болдық. Әрине, кез келген спорт жарысында, әсіресе қысқы олимпиада ойындарындағы жетістікке экономикалық тұрақтылық пен даму зор әсер ететін фактор.

Сьюзан Браунелл: Қысқы олимпиадаға енетін спорт түрлеріне қар мен мұз қажет, ал әлемдегі дамушы елдердің көбі оңтүстік жартышарда орналасқан және климаты жылы. Климат Африка, Оңтүстік және Оңтүстік-шығыс Азия елдеріне кедергі. Бұған қоса, қысқы спортқа қымбат кешендер мен құралдар қажет, ал кедей елдерге бұл үлкен кедергі. Жалпы, қысқы олимпиада - солтүстік жартышардағы елдер арасындағы бәсеке. Басқа елдер қатысып жатса, олар символды түрде бірнеше спортшы ғана жібереді. Солтүстік жартышардағы дамушы елдер қысқы олимпиадаға толық құрам жіберіп, бірнеше медаль жеңіп алудың өзі жетістік. Олардың арасында Қазақстан да бар.

Ресей допинг дауын мемлекеттік деңгейде қолдады деп айыпталып, Пекин олимпиадасына "Ресей олимпиада комитеті" деп қатысты.

Азаттық: Постсоветтік кейбір елдер және авторитарлы елдердің билігі Олимпиада ойындарындағы жеңістерді пропагандаға және билігін нығайтуға пайдаланып жатады. Олар спортшылардың олимпиадаға дайындалуына мемлекеттік бюджеттен ақша бөледі. Ресей билігі мемлекеттік деңгейде допинг бағдарламасын қолдаған деп айыпталды. Пекин олимпиадасында Қытай билігі тарапынан спортшыларға жүлде алу бойынша қысым көп болғаны жазылды. Қазақстан спортшылардың дайындығына 1,4 миллион доллар қаржы бөлген. Авторитарлы мемлекеттерге олимпиададағы медаль не үшін маңызды әлде бұл либералды елдерге де тән бәсеке ме?

Эми Басс: АҚШ пен Совет одағы арасындағы қырғи қабақ соғыс олимпиададағы медальдар жарысын мемлекетті құрудың бір бөлігіне айналдырып жіберді. Кейде бұл бәсекедегі тактика коррупцияға негізделіп жатты. Мысалы, қазір біз Ресей машинасының іс-әрекеті мен санкцияларды көріп отырмыз. Бұрын Шығыс Германиядағы жүйені де көрдік (1970 жылдары Шығыс Германия билігі олимпиадада жеңіске жету үшін спортшыларға допинг бергені анықталған - ред.). Бұл медальға талас тек авторитарлы биліктерге ғана тән дегенді білдірмейді. 1980 жылы Лэйк Плэсидтегі олимпиадада АҚШ хоккейшілерінің Совет одағынан басым түскені жеңістің әр ел, әр команда үшін маңызды екенін көрсетті (СССР хоккейшілері 1968, 1972, 1976 жылғы олимпиаданы жеңген еді. 1980 жылы АҚШ басым түсіп, бұл жеңіс Америкада "мұздағы таңғажайып" деп аталды – ред.).

Олимпиада зерттеушісі Сьюзен Браунелл.

Сьюзан Браунелл: Тек ғана авторитарлы елдер олимпиаданы пропаганда ретінде қолданып жатқан жоқ. Олимпиаданы ұйымдастырған кез келген ел ойындарды мемлекеттің бейнесін жақсартуға қолданады. Кейінгі он жылдықта олимпиада "жұмсақ күшке" айналды. Яғни, экономикалық әскери күшке сүйенетін "қатты күшке" керісінше әрекет. Кейінгі жиырма жылда Ұлыбританя, Жапония, Оңтүстік Корея сынды көптеген либерал елдер де спортқа бөлінетін мемлекеттік қаржыны көбейтті. Ал Қытай мен Қазақстан сияқты олимпиада жүлдесі мен мұндай жарысты өткізу – әлемге қолындағы байлығы мен билігін көрсетудің амалы. Себебі олимпиаданың әлемдік теледидардағы аудиториясы ауқымды, әдетте бұл шараға ірі корпорациялардың жетекшілері, танымал адамдар және президенттер келеді. Бірақ бұл Covid кесірінен шектелді. Ал қалыпты өмірде олимпиада елдер үшін әлемдік билікке экономикалық дамуын көрсетіп, инвестиция мен саяси одақтас тартуға үміт сыйлайды. Қазір елді танытуда олимпиадамен бәсекелесе алатын басқа тәсіл жоқ болып тұр. Тағы бір мүмкіндік – ірі халықаралық көрмелер өткізу, бірақ көрмелер олимпиададай БАҚ назарын аудара алмайды және телеарнадан көрсетілмейді.

ЖҮЛДЕСІЗ ҚАЛҒАН ҚАЗАҚСТАН

Сочи мен Пхенчхан олимпиадасында бір қола болсын алған Қазақстан Пекинде жүлдесіз қалды. Ең үздік нәтиже – шорт-трекші Абзал Әжіғалиевтің төртінші орны мен шорт-тректен Қазақстан аралас құрамасының бесінші орны.

Пхенчхан олимпиадасында қола медаль алған фристайлшы Юлия Галышева да, "жүз пайыз медаль алатынына сенімді болған" конькиші Надежда Морозова да, олимпиададан "фавориттердің бірі болып келдім" деген шорт-трекші Денис Никиша да үздік үштікке ене алмады.

Қазақстан Пекин олимпиадасына дайындыққа және қатысуға мемлекеттік бюджеттен шамамен 600 миллион теңге жұмсаған. Әлеуметтік желіде мемлекеттік ақшасына олимпиадаға барған спортшылардың жүлдесіз қалғанына сын көп.

Қазақстандық Абзал Әжіғалиев (алдыда) шорт-тректен 500 метрлік жарыста 4-орын алды. Бұл - Қазақстан спортшыларының Пекиндегі ең үздік нәтижесі.

Пекинде Қазақстан делегациясы ұйымдастырған брифингтерде де журналистер тарапынан "медаль неге жоқ?", "жүлде аламыз ба?" деген сұрақтар жиі қойылды. Ұлттық олимпиада комитетінің спорт дирекциясының басшысы Елсияр Қанағатов брифингтерде спорттағы мәселелерді біліп отырғандарын, бұқаралық спортты дамыту керегін бірнеше рет айтты.

"Олимпиада біткен соң сараптама жасаймыз. Қысқы спортты бұқаралық түрде дамытуды ойластырып, мәселелерді шешуіміз керек" деді ол.

Сарапшылар Қазақстанда бұқаралық спорт пен балалар спортын дамытуды бұрыннан айтып келеді. Спорт комментаторы Олжас Байбосын балалар мен бұқаралық спортына жағдай жасамай жетістікке жету мүмкін емес деп санайды.

- Бұл олимпиада шорт-трек пен конькиді дамыту керегін көрсетті. Бұл екі спортта перспектива бар, қосымша мұз айдын салып, бапкерлер мәселесін шешіп, жағдай жасау керек. Жағдай жасалса, спорт айналысқысы келетін балалар көп, - дейді ол.

Құлаған спортшы, қауіпті секіру элементі. Фристайл акробатикадан сынға түскен қазақстандықтар

Қазақстан әдетте жүлде алады-ау деген спортшылардың жаттығуына көп ақша бөліп келген. Осыдан соң ізбасар дайындау жағы ақсады.

Мәселен, 2014 жылдары олимпиададан медаль алуға мүмкіндігі мол мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен, шаңғышы Алеексей Полтораниннің жаттығуына жеке ақша бөлді. Тен АҚШ-та, Полторанин Эстонияда, Еуропа елдерінде жаттықты. 2018 жылғы олимпиадада жүлде алуы тиіс Полторанин медальсыз қалып, кейін допинг қолданды деген айыппен спорттан шеттетілген.

Биатлон, коньки, фристайл, шорт-трек құрамасында бұрыннан жүрген спортшылардың олимпиадаға дайындығына бюджеттен ақша бөлініп келді. Олардың шетелдегі жаттығуы, жарыстарға қатысуы, жалақысы бюджеттен төленеді.

Қазақстан құрамасы былтыр тамызда Токиода өткен жазғы олимпиадада алтынсыз қалғанда да бұқаралық спортты дамыту мәселесі айтылған еді. Бірақ билік содан бері бұқаралық спортты дамыту бойынша қандай да бір концепция я реформа ұсынған жоқ.