АҚШ Сирияға әуеден соққы берді

АҚШ президенті Дональд Трамп Сирияда үкімет күштері жасаған химиялық шабуылға жауап ретінде әскери соққы беру туралы мәлімдеме жасап тұр. Ақ үй, Вашингтон, 13 сәуір 2018 жыл

АҚШ президенті Дональд Трамп қарулы күштерге Сириядағы үкімет нысандарына соққы беруді бұйырғанын жариялады. Ақ үй басшысы Ұлыбритания және Франциямен бірлескен әскери іс-қимыл Сирия билігі жаппай қырып-жою қаруын қолдануды тоқтатқанша жалғасады деп мәлімдеді.

Жұма, сәуірдің 13-і кешке АҚШ халқына тікелей телеэфир арқылы жасаған жолдауында президент Трамп Сирияның Дума қаласында сәуірдің 7-і күні кемінде 43 бейбіт тұрғынды қаза қылған ықтимал химиялық шабуыл президент Башар Асад үкіметіне "аса қымбатқа" түсетін болады деп бұған дейін берген уәдесін орындайтыны туралы мәлімдеген.

Асадты "құбыжық" және "қылмыскер" деп атаған Трамп АҚШ-тың Сирияға қарсы соққы беруіне Ұлыбритания мен Франция қосылды деп мәлімдеді.

Осыдан бір жыл бұрын тағы да сол Сириядағы Хан-Шейхунда химиялық улы зат қолданып (жүзге жуық адам өлген) шабуыл жасағаны үшін үкімет иелігіндегі нысандарға қарсы соққы беруді бұйырғанын еске салған Трамп, жақында болған оқиға "аса қорқынышты режимнің химиялық қару қолдануды үдеткенін" көрсетті деген.

"АЛҒАШҚЫ СОҚҚЫ ЛЕГІ"

Президент Трамп халыққа үндеу жасап жатқан шақта Сирия астанасы Дамаск маңында әуеден берілген соққының жарылыстары естіліп, түн қараңғылығындағы аспанды жарқ-жұрқ еткен оттар тілгілеп өтті.

Сирия астанасы Дамаск қаласындағы жарылыстар. 14 сәуір 2018 жыл

Сириялық БАҚ бұл шабуылды "халықаралық құқықты сорақылықпен бұзу" деп атап, әскерилер әуе шабуылына қарсы жүйенің көмегімен 13 зымыранды атып түсірді деп хабарлады.

Лондонда орналасқан сириялық адам құқығы ахуалына бақылау жасайтын Syrian Observatory for Human Rights (SOHR) ұйымы әуе шабуылы Дамаскідегі зерттеу орталығын және Сирия республикалық гвардиясы мен үкімет армиясының өзге де таңдаулы бөлімшелері орналасқан әскери базаларды нысанаға алған деп хабарлады. SOHR мәліметінше, нысанаға ілінген кей базалар мен әуежайлардан бұған дейін осы аптада жеке құрамды басқа жаққа көшірген.

Ұлыбритания қорғаныс министрлігі Сирияның Хомс қаласынан тысқары жердегі химиялық қару дайындауға қажетті заттар сақталуы ықтимал деген күдікке ілінген нысандарға әуеден соққы бергені туралы мәлімдеді.

АҚШ президенті Трамп бұл жолғы әуе шабуылының негізгі мақсаты – жүз жыл бұрын бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде миллионнан аса адамның ажалына себепкер болған, кейін барша әлемде тыйым салынған химиялық қаруды қолданудан бас тартқызудың "ең күшті факторын" орнықтыру деп мәлімдеген.

Оқи отырыңыз: Трамп Мәскеуге зымыранмен сес көрсетті

"АСАД РЕЖИМІНЕ АЙҚЫН БЕЛГІ"

Ақ үй басшысының мәлімдемесінен кейін бір сағат өткенде Пентагон Сирияға қарсы шабуылдың алғашқы легі аяқталғаны және АҚШ пен одақтастары күштері арасында шығын жоқ екені туралы мәлімдеді.

Ұлыбритания қорғаныс министрлігі алдын ала мәліметтер шабуылдың "сәтті" болғанын аңғартады деп хабарлады.

АҚШ қорғаныс министрі Джеймс Мэттис

АҚШ қорғаныс министрі Джемс Мэттис бұдан өзге "қосымша шабуылдар жоспарланбағаны" туралы айтты. Оның сөзінше, "бір реттік" шабуылдан кейінгі әскери іс-қимыл Сирия билігінің химиялық қаруды қолдану я қолданбауына байланысты болмақ.

Пентагонның ақпараты бойынша, бұл жолғы әуе соққысы осыдан бір жыл бұрын Шайраттағы сириялық әскери әуе базасына жасалған шабуылдан екі есе күшті болған. Өткен жылы сәуірде Сирияның Идлиб провинциясындағы Хан-Шейхунда ондаған бейбіт тұрғынды мерт қылған химиялық шабуылға қарымта ретінде АҚШ әскери күштері президент Трамптың бұйрығы бойынша Сирияның Шайраттағы әуе базасын 59 "Томагавк" қанатты зымыранымен атқылаған болатын.

Дамаск аспанындағы зымырандар. Сирия, 14 сәуір 2018 жыл

Мэттистің мәлімдеуінше, бұл жолғы әуе соққысы туралы АҚШ Ресейді алдын ала ескертпеген және шабуыл кезінде Сириядағы ресейлік әскерилердің нысанаға ілініп кетпеуі ескерілген.

Министр Джеймс Мэттистің сөзінше, "бір реттік" шабуылдың мақсаты - Башар Асад режиміне "күшті белгі" беру.

"Өткен жылы жасалған белгіні Асад режимі қабылдамады. Бұл жолы одақтастарымызбен бірге бұрынғыдан күшті соққы жасадық. Біз Асад пен оның қоластындағы кісі өлтірушілерге жауапкершілігін өздері көтеретін химиялық шабуылды қайталамауды ескертіп белгі бердік", - деген Пентагон басшысы.

Ресейдің ТАСС ақпараттар агенттігі Дамаскіге сапармен барған ресейлік парламент мүшелерінен құралған делегация түскен қонақүйдің АҚШ пен одақтастарының әуе соққысынан зардап шекпегені туралы хабарлаған.

АСАДТЫҢ ОДАҚТАСТАРЫ

АҚШ президенті Ресейді де, Иранды да Асадтың "адам өлтіргіш" және "қорқынышты режиміне" қолдау танытуды доғаруға шақырған. Трамптың сөзінше, бұл екі ел "Асадтың қылмыстық режимін қаржыландырып, жарақтандырғаны және қолдағаны үшін жауапты".

"Қай ел жазықсыз ерлерді, әйелдер мен балаларды жаппай өлтірумен байланыста болғысы келеді?" - деп мәлімдеген Трамп. "Ел туралы оның достарына қарап баға беруге болады", - деген ол.

АҚШ пен одақтастарының Сирияға қарсы әуе соққысына наразылық білдірушілер Сирия мен Ресей туларын ұстап тұр. Дамаск, 14 сәуір 2018 жыл

АҚШ басшысы Асад режимінің өз халқына қарсы химиялық қаруды қайта қолдануы – Ресейдің Сирия сынды одақтасына химиялық қаруын жою жайлы 2013 жылғы келісімді орындатқызуға қауқарсыздығының "тікелей салдары" деп мәлімдеген. "Ресей Асадты тежеп ұстаймыз деген сөзінде тұра алмады" дейді Трамп.

Оның сөзінше, Мәскеу екінің бірін таңдауы тиіс: я ол бүгінгі іс-қимылынан танбай ("қараңғыда төменге қарай құлдырап") кете береді, немесе Асадқа қарсы шыққан "өркениетті елдер отбасына" қосылады.

Ресейдің АҚШ-тағы елшісі Анатолий Антонов

Ресейдің Вашингтондағы елшісі Анатолий Антонов АҚШ пен одақтастарының Сирияға қарсы шабуылын қатты сынға алды. "Ең жаман қауіп-қатер расқа айналды. Біздің ескертуімізге құлақ аспады... Бізге тағы дөң-айбат жасап жатыр. Біз мұндай іс-әрекеттер салдарсыз қалмайды деп ескерткенбіз. Бұлар үшін барлық жауапкершілік – Вашингтон, Лондон мен Парижге жүктеледі", - деп мәлімдеген Антонов.

Ресей елшісі қазіргі уақытта АҚШ-тың қолында жаппай қырып-жоятын қарудың үлкен қоры бар екенін айтқан.

"Әлемдегі ең ірі химиялық қаруды өндіріп отырған АҚШ-тың өзге мемлекеттерді айыптауға моральдық құқығы жоқ", - делінген ресейлік дипломаттың мәлімдемесінде.

"ХИМИЯЛЫҚ ҚАРУ ҚОЛДАНУҒА ТӨЗБЕЙМІЗ"

Сириядағы үкімет нысандарына қарсы соққы беру туралы АҚШ президенті Дональд Трамптың мәлімдемесінен соң іле-шала Франция президенті Эммануэль Макрон мен Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй өз ұстанымдарын білдірді.

Франция президенті Эммануэль Макрон

"Қызыл сызықтан асып кетті. Біз химиялық қару қолдануына шыдам танытып отыра алмаймыз", - деген Макрон.

Ұлыбритания премьер-министрі Сирияға қарсы "шектеулі және мақсатты" соққы берілгені туралы айтқан. Ол әуе шабуылы Сирия режимінің химиялық қару қолдану мүмкіндігін азайту үшін жасалды дейді.

Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй

"Әңгіме азамат соғысына араласуда немесе режимді ауыстыруға байланысты емес", - деген Мэй. Оның сөзінше, бұл жолғы әуе соққылары "химиялық қаруды қолданып жазасыз қалуға болады деп санайтындардың барлығына берілген айқан белгі" болмақ.

"Біз химиялық қаруды Сирияда, Біріккен Корольдік көшелерінде немесе әлемнің тағы басқа жерінде қолдануға жол бере алмаймыз", - деп мәлімдеген Тереза Мэй.