Антирекорд, ауыр атлетика мен бокстағы шу. 2021 жылы жанкүйерді қуантқан һәм жабырқатқан сәттер

Қазақстан делегациясы Токио олимпиадасының ашылу салтанатында. 23 шілде, 2021 жыл.

2021 жылы Қазақстан спортын қорытындылағанда Токио олимпиадасындағы сәтсіздік ойға оралады. Тәуелсіз Қазақстан 30 жылда алғаш рет жазғы олимпиадада алтынсыз қалды. Ауыр атлет Альберт Линдердің суициді мен Маклареннің бокстағы коррупция жайлы есебі де Қазақстан спортындағы мәселелердің бетін ашты. Қазақстанда спортқа бюджеттен көп қаржы бөлінетіндіктен жанкүйерлер биліктен әр тиынның есебін сұрады, спорт шенеуніктерін қызметтен кетуін талап етті. 2021 жылы Қазақстан спорты несімен есте қалды?

"Министр ханым, кейінгі оқиғалар спорт саласында жағдай тым мүшкіл екенін көрсетеді. Сіз отставкаға кету туралы өтініш бердіңіз, бірақ оны қабылдамады. Ал сіз өзіңіз бестік шкаламен жұмысыңызды қалай бағалайсыз?"

Журналист Айнұр Коскина 23 желтоқсанда мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың жылды қорытындылаған брифингінде осы сұрақты төтесінен қойды.

"Бүкіл бір саланы Токио олимпиадасындағы нашар нәтижемен бағалауға болмайды. 8 қола да нәтиже. Әр медальдың артында көп еңбек жатыр" деді министр.

Бірақ Райымқұлова жауаптан қашып, өз жұмысына бестік шкаламен баға қоя алмады. Журналист қайталап бірнеше рет сұрағанымен министр үндемеді, кейін брифинг модераторы жиынды аяқтады да, сұрақ жауапсыз қалды.

Қазақстан Токио олимпиадасында 8 қоламен жалпы есепте 80-орын алып, алтынсыз антирекорд орнатқан соң жанкүйерлер үкіметтен, ұлттық олимпиада комитетінен (экс-президент Назарбаевтың күйеу баласы, миллиардер Тимур Құлыбаев басқарады) есеп талап еткен еді.

Бірақ ұлттық олимпиада комитеті (ҰОК) Токио олимпиадасындағы сәтсіздікке коронавирусты себеп қылды. Қазір президент Қасым-Жомарт Тоқаеавтың тапсырмасымен Есеп комитеті Токио олимпиадасына дайындыққа бөлінген бюджет қаржысының қалай жұмсалғанын тексеріп жатыр.

Есесіне Қазақстан Токио олимпиадасынан кейін өткен Токио паралимпиадасында бір алтын, үш күміс, бір қоламен тарихи нәтижеге қол жеткізді. Қазақстандық паралимпиадашылар бұған дейін паралимпиадада мұнша медаль алмаған еді.

Давид Дегтярев паралимпиада чемпионы атанған сәт. Токио, 26 тамыз 2021 жыл.

Пауэрлифтингтен Давид Дегтяров алтын; дзюдошылар Әнуар Сариев, Теміржан Дәулет, Зарина Байбатина күміс; жүзуден Нұрдәулет Жұмағали қола медаль иеленді.

БОКСШЫЛАРДЫҢ АЛА-ҚҰЛА НӘТИЖЕСІ

Боксшылардың олимпиадада алтынсыз қалғаны жанкүйерлерге ауыр тиді. Себебі Қазақстан 1996 жылғы олимпиададан бері бокстан кемі бір алтын иеленіп келген. Токиода алтын алады деген Василий Левит екінші кезеңде Эммануэль Рейестен (Кубада туған Испания азаматы) нокаутпен жеңілді, бокстан 2019 жылғы әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетов те екінші кезеңде ресейлік Имам Хатаевты жеңе алмады. Тек Сәкен Бибосынов (52 кг) пен Қамшыбек Қоңқабаев (+91 кг) қола иеленді.

Василий Левиттің Токио олимпиадасында нокаутқа түскен сәті. 27 шілде 2021 жыл.

Сарапшылар Токиода боксшылардың "көзінде от болмағанын", жаттығудан жаттығу көріп шаршаңқы болғанын айтқан еді.

Токиодағы төмен нәтижеден соң бокс құрамасының бас бапкері Ғалымжан Кенжебаев отставкаға кетті де, орнына Қайрат Сәтжанов тағайындалды. Сәтжанов бокс құрамасына тактикалық өзгерістен енгізіп, күзде Белградта (Сербия) өткен әлем чемпионатына апарды. Әлем біріншілігінде Теміртас Жүсіпов пен Сәкен Бибосынов алтын, Махмұд Сабырхан мен Серік Теміржанов күміс, Абылайхан Жүсіпов қола медаль иеленді. Белградтағы бес жүлдені кейбір жанкүйер бокстағы үміттің оянуы деп бағалады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Дикий Арман" шуы, екі чемпион. Бокстан әлем чемпионаты Қазақстан үшін қалай өтті?

Биыл қазанда канадалық заңгер Ричард Маклареннің зерттеу тобы Әуесқой бокс федерациясына (AIBA) қатысты тексеріс жүргізіп, бокстағы жемқорлықты әшкере етті.

Зерттеу тобы 2016 жылы Рио олимпиадасында қазақстандық төреші Рақымжан Рысбаев Моңғолия боксшысын келесі кезеңге өткізу үшін осы елдің бокс федерациясынан 100 мың – 250 мың доллар арасында пара сұраған деп мәлімдеді. Моңғолия ақшаны бермеген, ал 60 келіде бокстасқан Отгондалай Доржнямбуугийн жартылай финалда жеңілген.

Рысбаев Азаттыққа Рио олимпиадасында ақша сұрамағанын айтқан. Бірақ сөзінен оның Моңғолия мен AIBA арасында "делдал" болғаны аңғаруға болады.

"Моңғолдардың төрешісі маған шығып, "ұлттық федерация қысым жасап жатыр, көмектесші, 100 мың доллар беруге дайынбыз" деген. Оларға "жақсы, айтып көремін" дедім. Солай-солай деп айттым. Бірақ "ешқандай көмек жасай алмаймыз" деді. Кейін оларға (Моңғолияға – ред.) "ешқандай көмек болмайды" деп жауабымды айттым. Болды, сонымен тақырып жабылған. Мен оны шешетін кіммін? Мен тек төрешімін" деген еді Рысбаев Азаттыққа.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қазақстан ақша ұсынған", "қазақ судья пара сұраған". Макларен бокстағы жемқорлықты "анықтады"

Канадалық заңгердің зерттеу тобы 2010 жылы Қазақстанның AIBA-ға 10 млн доллар ақша бергені, кейін жарыстарда бұл елдің боксшыларына төрешілер оң көзбен қарай бастағанын да жазды.

Бұдан бөлек, Макларен тобы Рио олимпиадасында 91 келідегі финалда қазақстандық боксшы Василий Левит пен ресейлік Евгений Тищенко арасындағы жекпе-жекте төрешілер тарапынан "манипуляция" болған деп мәлімдеді. Бұл финалда Тищенко жеңіске жетіп, жекпе-жек нәтижесі жанкүйерлер арасында көп дау туғызған еді.

Макларен тобы AIBA-ға қатысты зерттеуінің қалған екі бөлігін алдағы уақытта жариялайтынын айтқан.

АУЫР АТЛЕТИКАДАҒЫ ШУ

Токио олимпиадасына Қазақстан екі ауыр атлет – Игорь Сон мен Зүлфия Чиншанлоны апарып, екі қола медаль иеленген. Халықаралық ауыр атлетика федерациясы Қазақстан допинг ережесін көп бұзғандықтан Токио олимпиадасына сегіз атлет емес ек атлет ғана апаруға рұқсат берген еді. Қазақстан ауыр атлетика федерациясы Токиоға барған екі атлеттің екі медалін "100 пайыздық нәтиже" дегенімен артынан ұлттық құрамада көп шу болып, Токиодағы екі медаль көлеңкеде қалды.

Азия чемпионы Альберт Линдер қыркүйекте өзіне қол салып, көз жұмған соң оның командаластары ұлттық құраманың экс-бас бапкері Алексей Нидің "қысастық жасайтынын", "табыстарын бөлісуге мәжбүрлейтінін", аға бапкер Сергей Седовтің "ұратынын" айтып мәселе көтерді. Олар ұлттық құраманың бас бапкер Бақыт Ахметовті ашық айыптады. Кейін елдің ауыр атлетика федерациясы атлеттердің мәлімдемесіне байланысты қызметтік тексеріс жүргізіп, Сергей Седов пен Бақыт Ахметовті қызметінен алды. Ал полиция Альберт Линдердің қазасынан соң ашылған қылмыстық істі "қылмыс құрамы жоқ" деп жапты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Бапкер қол көтереді". Спортшының суициді ауыр атлетикадағы тағы бір шуға түрткі болды

Бірақ жанкүйерлердің Алексей Нидің жазаланбағанына қатысты спорт шенеуніктеріне көп сұрақ қойды. Ни ұлттық құраманы жаттықтырған кезде ауыр атлеттерінің басы допинг дауына қалып, Қазақстан ауыр атлетикадан олимпиадада алған бес алтынды қайтарып берді. Кейін Ни отставкаға кеткенімен, ол халықаралық жарыстарда бой көрсетіп жүрді.

Желтоқсанда Ташкентте өткен әлем чемпионатының телетрансляциясы кезінде жанкүйерлер Нидің жарыста жүргенін көрді. Жұрт Ташкентте 55 келіде чемпион атанған Арли Чонтейдің (Қытайдан келген легионер) жеңісін емес Нидің Ташкентке барғанын көп талқылады.

Кейін журналистер мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловадан ұлттық құрамадан кеткен бас бапкердің Ташкенттегі әлем біріншілігінде не істеп жүргенін сұрады. Ол Нидің Ташкентке қонақ ретінде барғанын, Қазақстан оның сапарына қатысы жоғын айтып ақталды. Нидің өзі де жергілікті evsti.kz сайтына берген сұхбатында Ташкентегі әлем чемпионатына "қонақ болып барғанын" айтты.

Жыл басында Халықаралық ауыр атлетика федерациясы ауыр атлет Нижат Рахимовтың (Әзербайжаннан келген) 2016 жылғы алынған допинг анализі алмастырылған деп мәлімдеп, бұл спортшыны жарыстардан уақытша шеттеткен. Қазір бұл іс бойынша тергеу жүріп жатыр. Рахимов 2016 жылы Рио олимпиадасында алтын алған еді. Атлеттің ереже бұзғаны дәлелденсе Рахимовтің Риода алған алтынына да қауіп төнуі мүмкін.

БАЛУАНДАРДЫҢ СӘТСІЗДІГІ

Қазақстан Токио олимпиадасына еркін және грек-рим күресінен 11 балуан апарып, бір медаль (Нұрислам Санаев) иеленді. Кейін қазан айында Будапеште (Венгрия) өткен күрес түрлерінен әлем чемпионатында Қазақстан 27 балуан апарып, бір күміс, бір қола медаль алды. Жанкүйерлер Қазақстан балуандарының әлем чемпионатындағы екі медалін де нашар нәтиже деп бағалап, алтын ала алмағанын сынады.

Токио олимпиадасындағы нәтижеден соң жанкүйерлер күрес түрлерінен бас бапкерлер отставкаға кетеді деп күткен. Бірақ құрамада әзірге өзгеріс болған жоқ. Тек Қазақстан күрес федерациясының президенттігіне Сеул олимпиадасының күміс, Барселона олимпиадасының қола жүлдегері Дәулет Тұрлыханов келді.

ФУТЗАЛДАҒЫ ЖЕҢІС ПЕН ФУТБОЛДАҒЫ ЖЕҢІЛІС

Қазанда Литвада футзалдан өткен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы төртінші орын иеленді. Бұл – Қазақстан футзалшыларының әлем біріншілігіндегі ең үздік нәтижесі. Бразилиядан келгендер мен қазақстандық футзалшылардан құралған құрама жүлде алмаса да жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленді.

Қазақстанның топтық кезеңнен шығатынына күмән болмаған. Ал ширек финалда Ираннан 0:2 есебімен жеңіліп жатып, 3:2 есебімен жеңгенде жанкүйерлер қатты қуанды. Ал жартылай финалда Португалиямен соңғы минутқа дейін тең ойнап, пенальтиден жеңілді. Бірақ бұл жеңіліске сыннан гөрі мақтау айтылды. Жарысты қадағалағандар футзалшыларға Португалия сынды мықтымен (Литвадағы әлем чемпионатында жеңіске жетті) "терезесі тең ойын көрсеткені" үшін алғыс айтты.

2021 жылы футзалшылардың ойыны жанкүйерді қуантқанымен, Қазақстан футбол құрамасының нәтижесі жұртты жабырқатты. Бұл жылы Қазақстан футболдан тарихтағы ең ірі жеңілісіне ұшырады. Қарашада қазақстандық футболшылар әлем чемпионатының іріктеу жарысында Франциядан 0:8 есебімен жеңілді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ 111 млрд теңге. Құрама ойсырай жеңілген соң футболға бөлінетін қаржыға сұрау күшейді

Осы жеңілістен соң қоғам биліктен футболға үш жылда бюджеттен бөлінген 111 млрд теңгенің есебін сұрады. Бірақ бұл сұрауға мардымды жауап болған жоқ.

2021 жылы Қазақстан құрамасы он ойынның біреуінде ғана (Тәжікстанмен жолдастық кездесу) жеңіске жетсе, алтауында жеңіліп, үшеуінде жеңілді.

2022 ЖЫЛЫ ҚАНДАЙ ЖАРЫСТАР БОЛАДЫ?

Қазақстан спортшылары үшін 2022 жылы ең маңызды бірнеше үлкен дода бар. 4-20 ақпанда Пекинде қысқы олимпиада ойындары өтпек. Ал мамырда шайбалы хоккейден Финляндияда әлем чемпионаты жоспарлаған. Бұл жарысқа Қазақстан құрамасы да қатысады және топтық кезеңде Канада, Ресей, Германия, Швейцария, Словакия, Дания, Италиямен ойнайды.

10-25 қыркүйекте Қытайдың Ханчжоу қаласында жазғы Азия ойындары болады. 9-18 тамызда Конияда (Түркия) Ислам елдері ойындары да жоспарланған.

13-29 мамырда Жапонияда жүзуден, 15-24 шілдеде АҚШ-та жеңіл атлетикадан, 7-14 тмызда Ташкентте дзюдодан, 10-18 қыркүйекте Сербияда күрес түрлерінен әлем чемпионаты өтеді.

Бұдан бөлек 21 қарашада Катарда басталатын футболдан әлем чемпионатына да жанкүйер назары ауары анық.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Қазақ балуандары әлем чемпионы болмағалы 20 жылдан асты. Не себеп?"Карантиннің кесірі", "ақша жоқ". ҰОК Токиодағы сәтсіздікті коронавирус пен қаржы аздығынан көреді4 күн сайын ПТР тапсыру һәм дүкенге баруға 15 минут. Пандемияда олимпиада қалай өтіп жатыр?"Олимпиада көргендей болмадық қой..." Жұрт Токио трансляциясын көре алмағанына наразы