Accessibility links

Жаңаөзеннің бұрынғы әкімі Сарбөпеев сотталды


Жаңаөзен қаласының бұрынғы әкімі Орақ Сарбөпеев.
Жаңаөзен қаласының бұрынғы әкімі Орақ Сарбөпеев.
Ақтөбе облыстық мамандандырылған ауданаралық соты Жаңаөзен қаласының бұрынғы әкімі Орақ Сарбөпеевті 10 жылға соттады.

"Интерфакс-Қазақстан" агенттігінің хабарлауынша, Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық соты бүгін Орақ Сарбөпеевке қатысты үкім шығарды.

Судья Жаңаөзен қаласын 2009 жылдан 2012 жылдың ақпанына дейін басқарған Орақ Сарбөпеевті қылмыстық кодекстің 24-бабы ("қылмыс жасауға дайындалу") бойынша айыпты деп тауып, 10 жылға бас бостандығынан айырды.

Сарбөпеев жазасын қатаң режимдегі колонияда өтейді. Үкімде оның дүние-мүлкі тәркіленетіні де айтылған.

БҰҒАН ДЕЙІНГІ ЕКІ СОТ

2012 жылы мамырдың 25-інде Ақтау қаласындағы Маңғыстау облыстық сотында Жаңаөзен қаласының бұрынғы әкімі Сарбөпеевтің соты басталып, прокурор "қаржы жымқырды" деп айыпталған оны 13 жылға соттауды, дүние-мүлкін тәркілеп, мемлекеттік қызмет істеуіне шектеу қоюды өтінген еді.

Жаңаөзеннің бұрынғы әкімі Орақ Сарбопеев бойынша алғашқы сот процесі басталды. Ақтау, 25 мамыр 2012 жыл.
Жаңаөзеннің бұрынғы әкімі Орақ Сарбопеев бойынша алғашқы сот процесі басталды. Ақтау, 25 мамыр 2012 жыл.
Маусымның 22-сінде Ақтауда қаласында алқа билер соты шешімінің негізінде Орақ Сарбөпеевті «қызметін асыра пайдаланды және пара алды» деген айып бойынша кінәсіз деп танып, сот залынан бостандыққа шығарды.

Алайда арада бір жарым ай өткен соң, тамыздың 2-сі күні алдыңғы соттың шешімі бұзылып, Сарбөпеевтің үстінен қайтадан іс қозғалды. Ол Ақтаудағы тергеу изоляторына қайтадан қамауға алынды.

Екінші сот та Ақтауда жүріп, бірақ соңына жетпей тоқтап қалды. Прокурорлар «кейбір алқа би мүшелерінің әрекеті күмәнді көрінгендіктен» істі қайта тергеуге жіберуді сұраған еді.

2012 жылы қыркүйектің 19-ы күні Ақтөбе қаласында Жаңаөзеннің бұрынғы әкімі Орақ Сарбөпеевтің соты алқа билердің жаңа құрамымен қайта басталған.

Әуелі Ақтауда сотқа тартылған Орақ Сарбөпеевке Ақтөбеде үкім шыққанын Қазақстан жоғарғы соты қылмыстық істер алқасының бұрынғы төрағасы Өтеген Ықсанов былай түсіндірді:

- Совет заманында да осындай норма болған. Кейін ол Қазақстанның заңына еш өзгеріссіз көшті. Жоғары сот істі обьективті және бейтарап қарау үшін бір соттан келесі сотқа жібере алады.

Маңғыстау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары, "аса үлкен көлемде пара алды" және "Өзенмұнайгаз" компаниясы директорының орынбасары болып тұрғанда "қызмет бабын асыра пайдаланды" деп айыпталған Амангелді Айтқұловтың соты да Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық сотында өтіп жатыр.

САРБӨПЕЕВТІҢ 24-БАБЫ

2011 жылы желтоқсан айында Жаңаөзен қаласында мұнайшылар мен полиция арасында қақтығыс болды. Ресми мәлімет бойынша, ол оқиғадан 17 адам қаза тауып, жүзден аса адам жараланды.

2012 жылы қаңтардың 25-і күні Қазақстанның бас прокуроры Асхат Дауылбаев «Жаңаөзен әкімдері Бабаханов пен Сарбөпеевтің заңсыз әрекеттері әлеуметтік шиеленіс тудырып, мұнайшылардың бас көтеруіне себеп болды» деп мәлімдеді.
Жаңаөзендегі полиция мен мұнайшылар қақтығысының басы. Жаңаөзен қаласы, Орталық алаң, 16 желтоқсан 2011 жыл. Стан.кз. видеопорталынан алынған скриншот.
Жаңаөзендегі полиция мен мұнайшылар қақтығысының басы. Жаңаөзен қаласы, Орталық алаң, 16 желтоқсан 2011 жыл. Стан.кз. видеопорталынан алынған скриншот.

– Тергеу мәліметтері бойынша қаражатты ұрлауды Жаңаөзен қаласының бұрынғы
​және қазіргі әкімдері Бабаханов және Сарбөпеев «Жанашыр» және «Жарылқау» қоғамдық қорлары арқылы жүзеге асырған. Аталған қорларда «Қазмұнайгаз» барлау өндіру» акционерлік қоғамының қала тұрғындарына әлеуметтік қолдау көрсетуге арналған демеушілік көмегінен түскен қаражат шоғырланған. Ақшаның басым бөлігі кейіннен қолма-қол ақшаға айналдырылып, иемделген, – деген еді Асхат Дауылбаев.

Бас прокуратура мәлімдемесінен кейін Сарбөпеевке алғашында үш бап бойынша айып тағылған: «пара алды» (қылмыстық кодекстің 311-бабы), «қызметтік өкілетін асыра пайдаланды» (307-бап), «қылмысқа дайындалды және қылмыс жасауға оқталды» (24-бап).

Алғашқы сотта үшінші айыптың («қылмысқа дайындалды және қылмыс жасауға оқталды») дәлелденбеуіне байланысты 24-бап істен алынып тасталған еді.

Алайда қыркүйектің 25-і күні судья Сарбөпеевті қылмыстық кодекстің 24-бабы ("қылмыс жасауға дайындалу") бойынша айыпты деп тауып, 10 жылға бас бостандығынан айырды.
XS
SM
MD
LG