Бүгін Астана қаласы әкімдігі алдындағы алаңда полиция Наурыз мейрамы күні қолына көк түсті шар ұстап көшеде жүрген бірнеше тұрғынды ұстады. Азаттық тілшілері полиция автобусы ішінде екі қыз отырғанына куә болды. Азаттыққа олар полиция өздерін "шарға бола" ұстағанын айтып берді. Кейін жеке мәліметтерін жазып алған соң полиция екі қызды босатып қоя берді.
Қолына Қазақстанның символикасы бар бірнеше көк шар ұстаған Астана тұрғыны Мунис Біләловтің Азаттыққа айтуынша, полиция оны көшеден "құжаты жоқ болғандықтан" ұстап, автобусқа әкелген.
- Аты-жөнім мен тұрғылықты мекен-жайымды жазып алды. Құжатымды тексермек болған еді, бүгін оны өзіммен бірге алмай шығыппын. Полиция өкілі маған "біз еріксіз адамдармыз, бұйрық берілген" деді. Бірақ Қазақстанның символикасына заңмен тыйым салынған ба еді? - дейді ол.
ВИДЕО: Көк шармен жүргендерді полиция ұстады
Полиция әлгіндей оқиғалардың куәсі болып, оны видеоға түсірген Азаттықтың видеооператоры Ержан Әмірхановты да шамалы уақытқа ұстап, "шынымен журналист екенін тексеруге" полиция автобусына апарды.
- Автобусқа барайық, құжаттарды сонда тексереміз, - деді Астанадағы Сарыарқа аудандық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары, подполковник Қанат Жұмағалиев.
Кейін автобус ішінде басқа полиция өкілі журналистің не үшін ұсталғаны жайлы қойған сұрағына "білмеймін" деп жауап қатқан соң Ержан Әмірханов көліктен кедергісіз шығып кетті.
Осы жаңалық жарияланған уақытқа дейін Астана полициясы шар ұстаған тұрғындарды не үшін ұсталғанына қатысты комментарий берген жоқ. Азаттық тілшісіне өзін Береке Сәрсеновпін деп таныстырған полиция қызметкері "дәл қазір мерекеге байланысты күшейтілген тәртіп болғандықтан" билік өкілдері тұрғындарды "құжатын тексеру үшін" ұстаған деп мәлімдеді.
Қазақстанда биыл бес күн қатарынан тойланатын Наурыз мейрамы қарсаңында бірқатар қалаларда азаматтық белсенділерге прокуратура органдары әлеуметтік желілерде мереке кезінде жұртты елде сот шешімімен "экстремистік ұйым" деп танылып, қызметіне тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының белгілерін ұстап көпшілік акцияларға шығуға шақырған үндеулер тарап жатқаны туралы ескерткен. Әлеуметтік желілерде көк түсті шар жайлы айтылған болатын.
Наурыздың 13-і күні Қазақстан бас прокуратурасы Астананың Есіл аудандық сотының "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын "экстремистік ұйым" деп тану және ел аумағында оның қызметіне тыйым салу туралы шешім шығарғаны туралы хабарлаған. Прокуратура мәлімдемесінде аталған ұйымды құрған Мұхтар Әблязовтің "ірі көлемде қаржы жымқырғаны" үшін айыпты деп танылып, шетелде қашып жүргені айтылған. Қазақстан құқық органдары Әблязов жұртқа "билікті жағымсыз бейнеде көрсетіп, наразылық көңіл-күйді өршітуге арандатып отыр" деп санайды.
Оқи отырыңыз: Астана Әблязов құрған ҚДТ-ны "экстремистік ұйым" деп таныды
Есіл аудандық сотының"Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын "экстремистік ұйым" деп тану туралы шешімінің мәтіні әлі еш жерде жарияланған жоқ.