8 қыркүйекте Алматы қалалық соты "төтенше жағдай кезінде жалған ақпарат таратты" деп айыпталып, үш жылға бас бостандығы шектелген алматылық белсенді Әлнұр Ильяшевтің апелляциялық шағымын қарай бастады. Белсенді өзіне тағылған айыптарды мойындамайды. Көптеген халықаралық ұйымдар Facebook-та билікті сынаған жазбасы үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған белсенді үкімін өткір сынаған.
Алғашқы апелляциялық сот отырысы онлайн режимде өтті. Сот алқасының құрамына Бектемірова, Сәкенова және Қияқова кірген. Айыптау жақтан прокурор Молдашев қатысып жатыр. Сотта Ильшевтің құқығын үш адвокат: Тайыр Назханов, Виталий Воронов және Нұрлан Рақымов қорғап жатыр.
Бір күн бұрын Голливуд актері Джордж Клуни мен әйелі, заңгер Амаль Клуни негізін қалаған Клунидің әділет үшін қоры Әлнұр Ильяшевті "пікірін ашық айтқаны үшін қудаланып отыр" деп мәлімдеп, Алматы қалалық сотын үкімнің күшін жойып, Ильяшевті ақтауға шақырған еді.
Vlast сайтының хабарлауынша, адвокат Тайыр Назханов 8 қыркүйек күні судьяға Clooney foundation for justice қорының іс бойынша шығарған қорытындысын еске салып, тіркеуді сұраған. Сот өтінішті қабылдаған.
Назханов соттан сонымен бірге Ильяшев ісі бойынша сараптама жасаған Акбарованың лицензиясын тексеруді сұрап, одан қосымша сұрақ-жауап алуды өтінген.
"Қорғау тарабы одан толық сұрақ-жауап ала алмады. Себебі ол бастапқыда батареясының отырып қалғанын айтқан. Келесі күні ауырып қалғандықтан сотқа қатыса алмайтынын хабарлаған. Бірақ ешқандай медициналық құжаттар көрсетпеді. Қорғау тарабының оған қоятын сұрақтары өте көп" деді Назханов.
Дегенмен судья қорғау тарабының өтінішін қанағаттандырмады. Бұған қоса, сот қорғау тарабының қылмыстық іске түрткі болған Facebook-тағы бірнеше жазбада айтылған "Нұр Отан" партиясын жәбірленуші ретінде тану туралы өтінішін те қанағаттандырмаған. Судья партияның арнайы өтініш түсірмегенін алға тартқан.
Ильяшевтің өзге адвокаты Виталий Воронов бірінші инстанциядағы сот объективті болмағанын айтып, аргументтер келтірген.
Алғашқы сот отырысында құқық қорғаушы Ғалым Агелеуов сұралған. Ол Ильяшевтің жазбасының қоғамға еш қаупі жоқ екенін айтып, "пікір айту - бұл азаматтардың конституциялық құқығы" деген.
"Конституция және халықаралық келісімдерге сәйкес, әрбір адамның өз пікірін айтуға, көзқарасын қалыптастыруға және оны көп алдында қорғауға құқығы бар. Бұл оның жеке пікірі" деді Ильяшев жазбасы туралы айтқан Агелеуов.
Келесі сот отырысы 10 қыркүйекте өтеді.
Алматы соты 22 маусымда 42 жастағы қазақстандық белсенді Әлнұр Ильяшевті Қылмыстық кодекстің "көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы бойынша айыпты деп тауып, бостандығын үш жылға шектеп, 100 сағат түзеу жұмысын атқаруға міндеттейтін және қоғамдық қызметпен айналысуын бес жылға тыятын үкім шығарған.
Қылмыстық іске түрткі болған Facebook жазбасында белсенді "Нұр Отан" партиясын, сонымен бірге биліктің коронавирус пандемиясына қарсы шараларын сынаған.
АҚШ мемлекеттік департаменті Қазақстан үкіметін белсенді Әлнұр Ильяшевтің азаматтық құқығын бұзбауға шақырған болатын. Штаб-пәтері Лондонда жайғасқан халықаралық Amnesty International: "Әлнұр Ильяшев ешқандай қылмыс жасаған жоқ. Оның бар жасағаны - өз пікірін бейбіт түрде білдіру еді, ал билік пен оның "сарапшылары" мұны қылмысқа балап, қатаң жаза қолданды" деп мәлімдеген. Human Rights Watch ұйымы белсендіге шыққан үкімді айыптады.
Оқи отырыңыз: Клуни қоры белсенді Ильяшевке шығарылған үкімнің күшін жоюға шақырды
ПІКІРЛЕР