Accessibility links

Тоқаевтың "еститін" үкіметі тұсында "саяси тұтқын" деп танылғандар көбейді


Билікке наразылық білдіріп бейбіт митингіге шыққандарды полиция ұстап, көлікке күштеп салды. Алматы, 6 шілде 2019 жыл.
Билікке наразылық білдіріп бейбіт митингіге шыққандарды полиция ұстап, көлікке күштеп салды. Алматы, 6 шілде 2019 жыл.

Былтыр Қазақстан президенті болып сайланған соң демократиялық өзгерістерді қолға аламын деп уәде еткен Қасым-Жомарт Тоқаевтың билігі тұсында саяси тұтқын көбейді. Халықаралық және қазақстандық құқық қорғау ұйымдары осылай дейді. Ал билік "Қазақстанда саяси тұтқын жоқ" дейді.

Саяси тұтқындардың құқықтарын қорғап, оларды ақпараттық жағынан қолдайтын құқық қорғаушылардың "Тірек" қоғамдық альянсы 8 қыркүйекте Қазақстандағы саяси тұтқындар тізімін жаңартты. Тізімге қазір қамауда отырған алты адам қосылып, "саяси тұтқындар" саны 10-нан 16-ға көбейді. Олардың қатарына алғаш рет әйел қосылды. Азаматтық белсенділер Санавар Закирова, Асқар Ибраев, Серік Ыдырышев, Асхат Жексебаев, Абай Бегімбетов пен Қайрат Қылышев тізімге жаңадан енгізілді.

ТІЗІМГЕ ЖАҢА ЕНГЕНДЕР

  • Өздері әділетсіз деп санайтын сот шешімдерінің күшін жоюға талпынып жүрген топтың жетекшісі 53 жастағы Санавар Закирова – "саяси тұтқын" тізіміндегі жалғыз әйел. Билік пен "Нұр Отан" партиясын сынаған Закирова оларды жақтастарымен бірге өзі құрмақ болған оппозициялық саяси ұйымды тіркеуге кедергі жасады деп айыптаған. Кейін ол "Нұр Отан" партиясы мүшесінің қызының "денсаулығына орта дәрежеде қасақана зиян келтірді" деп айыпталып, шілде айында 12 айға бостандығынан айырылған. Закирова қазір Алматыдағы тергеу изоляторында отыр.
  • Саяси тұтқындарды босатуды талап етіп, жалғыз адам пикетіне жиі шығатын 47 жастағы Асхат Жексебаев та саяси тұтқын деп танылған. Ол бейбіт жиынға қатысқаны үшін былтырдан бері кемі сегіз рет 15 тәулікке қамалған. Қазір ол "Көше партиясына" қатысы бар деген күдікпен тергеу изоляторында отыр. (Мамырда Нұр-Сұлтан соты "Көше партиясын" "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысымен бір ұйым деп, қызметіне тыйым салған. 2018 жылы Қазақстан соты "экстремистік" деп таныған ҚДТ-ны Еуропарламент 2019 жылғы наурыздағы қарарында "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.)
  • Алматылық белсенді Қайрат Қылышев та дәл осы "Көше партиясына" қатысты екі айға қамауға алынған. 37 жастағы белсенді наразылық шараларына қатысқаны үшін былтырдан бері кемінде алты рет 15 тәуліктен қамауда болған.
  • Қостанайлық белсенді Асқар Ибраев "Заң жүзінде тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысты" (Қылмыстық кодекстің 405-бабы) деп айыпталып, қаңтар айында бір жылға еркіндігін шектеу жазасына кесілген. Алайда ол биыл маусымның басында оппозиция жиынының қарсаңында ұсталып, Қостанай соты оның жазасын түрме жазасымен алмастырған.
  • Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны Серік Ыдырышев "Тыйым салынған ұйымның жұмысына қатысты" деп айыпталып, 2019 жылы желтоқсанда бір жылға бостандығын шектеу жазасына кесілген. Ол биыл ақпанда абақтыда жұмбақ жағдайда қайтыс болған астаналық белсенді Дулат Ағаділдің өліміне кінәлілерді жазалауды талап еткен флешмобқа қатысқаны үшін түрмеге қамалды.
  • Қазақстанда демократиялық реформаларды талап етіп, бейбіт жиындар мен шерулерге қатысқан 47 жастағы белсенді Абай Бегімбетов тыйым салынған "Көше партиясына" қатысы бар деген күдікке ілініп, екі айға қамауға алынған.
"Тірек" құқық қорғаушылар альянсы "Қазақстандағы саяси тұтқындар" тізіміне азаматтық белсенділер (үстіңгі қатарда солдан оңға) Санавар Закирова, Асқар Ибраев, Серік Ыдырышев, (астыңғы қатарда солдан оңға) Асхат Жексебаев, Абай Бегімбетов пен Қайрат Қылышевты жаңадан қосты.
"Тірек" құқық қорғаушылар альянсы "Қазақстандағы саяси тұтқындар" тізіміне азаматтық белсенділер (үстіңгі қатарда солдан оңға) Санавар Закирова, Асқар Ибраев, Серік Ыдырышев, (астыңғы қатарда солдан оңға) Асхат Жексебаев, Абай Бегімбетов пен Қайрат Қылышевты жаңадан қосты.

"Тірек" альянсы саяси тұтқындар тізімін 2018 жылдан бері жасап келеді. Былтырғы тізімде Арон Атабек, Алмат Жұмағұлов, Кенжебек Әбішев, Макс Боқаев, Игорь Сычев, Игорь Чуприна, Руслан Гинатуллин, Санат Бөкенов, Әсет Әбішев пен Ержан Елшібаев болған.

Мұнымен қоса, "Тірек" альянсының "Бас бостандығынан айырылмастан қудаланып жатқандар", "Діні үшін қудаланып жатқандар" деген де тізімдері бар. Бірінші тізімге – 95, ал екіншісіне 9 кісі кірген.

Саяси тұтқындар тізімін жасайтын сарапшылар кеңесінің құрамына Евгений Жовтис, Амангелді Шорманбаев, Бақытжан Төреғожина, Зәуреш Батталова, Ғалым Ағелеуов сияқты құқық қорғаушы белсенділер кіреді.

БҰҰ өкілдігі алдында Қазақстандағы саяси тұтқындарға бостандық талап етіп, акция өткізіп тұрған адамдар. Нұр-Сұлтан, 7 тамыз 2019 жыл.
БҰҰ өкілдігі алдында Қазақстандағы саяси тұтқындарға бостандық талап етіп, акция өткізіп тұрған адамдар. Нұр-Сұлтан, 7 тамыз 2019 жыл.

Альянс мүшесі, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина бұл кісілер ең алдымен пікір білдіріп, бейбіт жиын ұйымдастырып, саяси көзқарастары бойынша бірлесу құқығын пайдаланғаны үшін қудаланып, қамауға алынған дейді.

Бақытжан Төреғожина.
Бақытжан Төреғожина.

– Бұл азаматтардың барлығы – саяси белсенді. Олар – пикет, бейбіт шеру сияқты наразылық шараларына үнемі қатысқандар. Санавар Закирова тіпті саяси партия құрып, оны тіркемекші де болған. Осы үшін соңғы екі жылға жуық қуғын көріп, айыпталып, ақыр аяғында тергеу изоляторына қамалды. "Нұр Отан" партиясын сынағаны үшін қуғындалған Марат Тұрымбетов те тергеу изоляторында отырып шықты. Міне, қазір "Нұр Отанды" сынағаны үшін, яғни саяси себеппен қуғындалған Әлнұр Ильяшевтің апелляция соты болып жатыр... Қалғандары – демократия мен адам құқығын қорғаушылар. Олар "еркіндік, әділдік және Қазақстанның тәуелсіздігі принциптерін қолдайтын парламенттік республика болғанын қалаймыз" дейді. Алайда бізде сот "Көше партиясын" экстремистік ұйым деп танып, жұмысына тыйым салған. Бірақ бұл партияның да, оның алдындағы ұйымның да (Қазақстандағы сот шешімі негізінде "экстремистік" деп танылған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы – ред.) мақсаты мен іс-әрекеті экстремистік те, террористік те емес, – дейді Бақытжан Төреғожина.

САЯСИ ТҰТҚЫН ДЕГЕН КІМ?

Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросының директоры, құқық қорғаушы Евгений Жовтистің сөзінше, "саяси тұтқын" деп саяси бап негізінде сотталғандарды айтады.

Қазақстандық құқық қорғаушы Евгений Жовтис
Қазақстандық құқық қорғаушы Евгений Жовтис

– Яғни, олар – өз пікірін білдіргені үшін, қоғамдық я саяси іс-әрекеті үшін қудаланғандар. Қазақстанда "әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру", "тыйым салынған ұйым жұмысына қатысу" және "бейбіт митинг өткiзу тәртiбiн бұзу" баптарын саяси баптарға жатқызуға болады. Саяси тұтқындар тізіміне кіргендер сөзі мен ісі арқылы зорлық-зомбылыққа шақырмауы тиіс. Басқа баптармен қамалғанымен, ісінен қоғамдық, азаматтық не саяси көзқарасы үшін қудалау сипаты байқалса, оларды да "саяси тұтқын" қатарына қосуымыз мүмкін, – дейді құқық қорғаушы.

2011 жылдың желтоқсанында болған Жаңаөзен оқиғаларын ұйымдастырды деп айыпталып, 2012 жылы жеті жарым жылға сотталған, билік қызметіне тыйым салған оппозициялық "Алға" партиясының бұрынғы жетекшісі Владимир Козлов та саяси тұтқындар тізімінде болған. Ол 2016 жылдың тамызында шартты түрде мерзімінен бұрын босаған. Козлов саяси тұтқынға билік өкілдерінің көзқарасы басқаша екенін жасырмайды.

– Қудалау бостандықты шектеумен аяқталмайды, түрме мен лагерьде де жалғасады. Саяси тұтқындардың жеке істерінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) құпия нұсқаулығы бар. Соның негізінде Ішкі істер министрлігінің қылмыстық атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) әкімшілігі оларға біржақты қарайды, марапат берілмейді, оларды арандатып я түрлі айла-шарғымен жүйелі түрде жазалауға тырысады. Осының кесірінен олардың түрмедегі өмірі қиындап, мерзімінен бұрын босау құқығына қол жеткізу қиямет-қайымға айналады. Бұл жай сөз емес, басымнан өткен жағдай. Лагерьде өткізген төрт жыл, жеті айда бірде-бір мақтау алмадым, тоғыз рет сөгіс берді. Соның кесірінен үш рет 10-15 тәулікке тәртіп изоляторына, екі мәрте алты айдан қатаң режимге қамалдым. Қазір Әсет Әбішевтің де басында осындай жағдай болып жатыр, – дейді Владимир Козлов.

Козлов қамаудағы саяси тұтқынның жағдайын шынымен жақсартатын жалғыз нәрсе – адам құқықтарын қорғаушылардың қырағылығы дейді.

Владимир Козлов.
Владимир Козлов.

– Қамау мекемесіндегі заңсыз қысым мен қудалауға тосқауыл болатын, ҰҚК тапсырмасымен ҚАЖК қолдан жасаған "нашар көрсеткіштер" жапсырса да, (саяси тұтқынның) мерзімінен бұрын шартты түрде босап шығуына мүмкіндік беретін жалғыз құрал – тұтқын мәселесін құқық қорғаушылардың назарда ұстауы. Себебі ҰҚК, ҚАЖК мен диктатураның өзге де күш құрылымдары "шу мен жарықтан" қорқады. Олардың арандатуы мен заңсыз әрекетін лагерьден тыс жерде, әсіресе халықаралық құрылымдар сөз ете бастаса, сонда ғана олар "арынын тежейді", – дейді Козлов.

Құқық қорғаушы Козлов саяси істермен тұтқында жатқандарды босату үшін билікке құқықтық және саяси, оның ішінде халықаралық ұйымдардың қысымын күшету керек деп біледі. Адам құқығының бұзылып жатқаны жайлы көп айтқан сайын диктатура өзінің "жағымды, позитивті имиджін" қалыптастыруға көп күш жұмсауға мәжбүр болады деп санайды.

– Саяси тұтқынды қудалау мен қамауда ұстаудың құны имидж үшін тым қымбатқа соғатындай жағдай қалыптастыру қажет. Саяси тұтқын – құқықтық негізбен емес, саяси себеппен қамауға алынған адам. Сондықтан оның босап шығуы да саяси шешім. Мысалы, мен сансыз көп ескерту мен жазама қарамастан, бірде-бір мадақ алмай-ақ, тіпті қатаң режимнен шыққаныма төрт күн болғанда босатылдым. Өзгелерді де осылай шығарар деген үміттемін. Бастысы – оларды ұмытпау керек, – дейді Владимир Козлов.

"БҰЛ – "ЕСТИТІН ҮКІМЕТТІҢ" ӘРЕКЕТІ ЕМЕС"

Халықаралық Amnesty International құқық қорғау ұйымы Қазақстанда былтыр президент ауысып, билікке Қасым-Жомарт Тоқаев келгелі репрессия күшейді дейді.

– Қазақстанда кез келген ірі саяси немесе халықаралық оқиға билік үшін өзгеше ойлайтындарды жазалауға, олардың құқығын бұзып, қамауға себеп болуы мүмкін. Қазақстан билігі жағдайды бақылаудан шығарып аламыз деп қорқады. Сондықтан олар дағдарыс және өзгеріс кезінде қудалауды күшейтті. Сovid [пандемиясы] кезінде, Қытайдағы мұсылман азшылық өкілдері қудалауға ұшырағанда, Қазақстан өкіметіндегі саяси транзит кезінде осылай болды. Былтыр Қасым-Жомарт Тоқаев президент болғаннан кейін репрессияның күшейгенін байқадық. Қарапайым адамдар марафон болғанда саяси мазмұндағы баннер ілгені үшін, еш сөз жазылмаған ақ парақ көтергені үшін қамауға алынды. Мұндай әрекеттер 2020 жылы да жалғасып жатыр, әсіресе үкіметтің Сovid індетімен күресі қатаң сынға ұшыраған соң бұл тіпті үдей түсті, – дейді ұйымның Еуропа мен Орталық Азиядағы адвокация мәселелері жөніндегі директоры Даниэль Балсон.

Марафон өтіп жатқан жолдың бойына ілінген, "Шындықтан қашып құтылмайсың" деген жазу бар баннер. Алматы, 21 сәуір 2019 жыл.
Марафон өтіп жатқан жолдың бойына ілінген, "Шындықтан қашып құтылмайсың" деген жазу бар баннер. Алматы, 21 сәуір 2019 жыл.

Amnesty International Қазақстанда белсенділер "қоғамдық тәртіпке қауіп төндіретін жалған ақпарат таратты" деген сияқты даулы "қылмысы" үшін жауапқа тартылып жатыр деп санайды. "Елдің құқықтық ережелері мен саясиланған сот жүйесі пікірін жария түрде айтқан бейбіт, белсенді адамдарды ұзақ мерзімге түрмеге жабамыз деп қорқытуға мүмкіндік береді" дейді халықаралық ұйым өкілі.

Даниэль Балсонның сөзінше, Қазақстанды адам құқығын қорғаудағы кемшіліктері үшін сынап жүрген жалғыз Amnesty International емес. АҚШ Мемлекеттік департаменті кейінгі есебінде Қазақстан үкіметі азаптау, негізсіз қамау және пікір білдіру еркіндігін шектеу әдістерін қолданады деген. Оның үстіне, АҚШ конгресінің 12 сенаторы қамаудағы саяси тұтқындарды босатуды сұрап, президент Тоқаевқа хат жолдаған. Amnesty International бұл саладағы олқылықтарды былтыр БҰҰ-ға берген есебінде де тізіп көрсеткен.

– Әзірге Қазақстан билігінің адам құқығының сақталуын қамтамасыз етуде нақты әрекет жасап жатқанының дәлелі жоқ. Саяси тұтқындар қамауда, құқық қорғау ұйымдары зорлық пен қысым туралы фактілерді тіркеп келеді, ал заң үстемдігі атқарушы биліктің қолында. Президент Тоқаев тек "еститін" ғана [басшы] емес, ол әрекет те етеді. Өкінішке қарай, оның әрекеттерінің көбі адам құқығы саласында халықаралық стандартқа қайшы, – деді Балсон Азаттыққа сұхбатында.

Билікке қарсы митинг өтеді деп хабарланған жерге келген адамдарды полиция ұстап алып кетті. Алматы, 6 маусым 2020 жыл.
Билікке қарсы митинг өтеді деп хабарланған жерге келген адамдарды полиция ұстап алып кетті. Алматы, 6 маусым 2020 жыл.

Адам құқықтарын қорғап, демократиялық құндылықтарды насихаттайтын халықаралық Freedom House ұйымының сарапшысы Майк Смелцер Қазақстанда саяси тұтқын көбейгені өкінішті дейді.

Адам құқықтарын қорғап, демократиялық құндылықтарды насихаттайтын халықаралық Freedom House ұйымының сарапшысы Майк Смелцер Қазақстанда саяси тұтқын көбейгені өкінішті дейді.

– Саяси тұтқын көбейгені туралы хабарлар жиілеген сайын президент Тоқаев уәде еткен "қоғаммен диалог орнататын" "еситін" мемлекет құруға ешқандай талпыныс жоғы айқындалып келеді. Қазақстандықтар азаматтық қоғам аясын кеңейтуге тырысып жатыр. Бірақ Тоқаев президенттікке келген соң саяси және азаматтық құқығын пайдаланған белсенділердің қамалуы – биліктің адам құқықтарын құрметтейтін "еститін" мемлекет жайлы тұжырымдамасына сай емес, тіпті оған қарсы әрекет етіп жатқанын білдіреді, – дейді Майк Смелцер.

"САЯСИ ТҰТҚЫН БОЛАТЫНДАЙ БІЗДЕ САЯСИ БАП ЖОҚ"

Қазақстан билігі елде саяси тұтқын барын мойындамайды. Парламенттің төменгі палатасы – мәжілістің депутаты Снежанна Имашева саяси тұтқын жоқ деуге заңды негіз барын айтады.

Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты Снежанна Имашева.
Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты Снежанна Имашева.

– Заңгер ретінде айтарым, біздің Қылмыстық кодексте саяси қылмыс туралы бап та, тіпті ол туралы бөлім де жоқ. Сондықтан бізде саяси тұтқын жоқ. Сіз айтып отырған азаматтар саяси қылмысқа мүлдем қатыссыз баптармен сотталған және жауапқа тартылған болуы керек. Меніңше, белсенділер заң аясында жұмыс істегені абзал. Өздерін жауапқа тартатындай іс-әрекет жасамауы керек. Егер өздері заңды мейлінше аз бұзса, мәселе де туындамас еді. Мен әдетте сот шешімімен келіспеген, өзін заңсыз соттады деген азаматтардың өтінішімен жұмыс істеймін. Маған саяси көзқарасы үшін құқығы бұзылғандардың өтініші келген емес. Егер ондай өтініш келіп жатса мәселені көтеруге де болады. Жалпы бізде тыйым салынған тақырып жоқ, – дейді депутат Имашева.

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис Қылмыстық кодексте саяси қылмыс туралы баптың жоғын мойындайды. Алайда саяси көзқарасын ашық білдіріп, құқығын талап еткен жекелеген белсенділерге қатысты саяси шешім шықса қандай баппен қамалатыны маңызды емес дейді.

– Екі жыл бұрын [белсенділерге қатысты] негізінен 174-бап кәдеге жарап келсе, қазір 405-бапты жаппай қолданып жатыр. Яғни саяси алаңды тазартып отырады, жұртты жұмылдыратын мүмкіндігі бар адамдарға орын бермейді. Қазір "саяси тұтқындар" көбіне саяси оппозиция мен азаматтық белсенділер арасынан шығып жатыр. Олардың барлығы дерлік негізгі үкімнен бөлек, қоғамдық қызметпен айналысуға тыйым салу жазасына кесіліп жатыр, – дейді Жовтис.

Саяси тұтқындардың барын мойындамау – авторитарлық елдерге тән құбылыс екенін айтады құқық қорғаушы. "Саяси тұтқындар – жүйенің, режимнің проблемасы, сондықтан олардың босап шығуы да режимнің өзгеруіне байланысты" дейді ол.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG