Жергілікті құқық қорғаушылар "саяси іс" деп атаған Алматыдағы 13 азаматтық белсендінің сот процесінде үкім жарияланар күн де алыс емес. Екі айдан астам уақыт онлайн режимде өтіп жатқан сотта қазір 6 қазанға дейін үзіліс жарияланған.
Өткен аптада сотта сөйлеген прокурор айып тағылған 13 адамның бәрі жазалануы керек деп мәлімдеді.
Прокурор соттан Абай Бегімбетов, Асхат Жексебаев, Қайрат Қылышев пен Ноян Рақымжановты бес жылға бостандығынан айыруды және сондай мерзімге қоғамдық жұмыспен айналысуына тыйым салуды сұрады. Алматының тергеу абақтысында отырған бұл төрт азаматқа Қылмыстық кодекстің 405-бабының 1, 2-тармағы ("тыйым салынған ұйым қызметін ұйымдастырған" және "оған қатысқан") бойынша айып тағылған.
Мемлекеттік айыптаушы осы төрт белсендімен бірге тергеу абақтысында отырған Диана Баймағамбетованың еркіндігін 2 жылға шектеуді ұсынды. Ал Дәметкен Аспандиярова, Бақдәулет Әлібеков, Гүлзипа Жаукерова, Нинагүл Жұманиязова, Ермек Қозиев, Марат Құрбанов, Болат Смағұлов пен Дархан Уәлиевтің бостандығын 1 жылға шектеуді сұрады. Және бұл азаматтардың қоғамдық саяси жұмыспен айналысуына 3 жылға тыйым салынсын деді прокурор.
Айып тағылған 13 белсенді – қоғамдық-саяси мәселелерге байланысты ой-пікірін ашық айтып, үкіметті сынап, наразылық акцияларын қатысып жүрген азаматтар. Әу баста тергеушілер олардың бәріне Қылмыстық кодекстің 182-бабы ("Экстремистік топ құру") бойынша да айып таққан. Бұл баппен сотталған адам 12-17 жылға дейін бостандығынан айрылуы мүмкін.
Ал 405-бапта алты жылға дейін түрмеге қамаудан бөлек, бостандығын шектеу жазасы да қарастырылған. Кейін сот істі қайта тергеуге қайтарып, 182-бап бойынша тағылған айыпты алып тастаған.
Белсенділер 405-бабы бойынша тағылған айыпты да мойындамайды. өзіне қарсы тергеу мен сот процесін "саяси астары бар қудалау" деп атайды.
Қазір тергеу абақтысында отырған айыпталушылар 28 қыркүйектегі жарыссөзде еш қылмыс жасамағандықтан кінәсізбін деп санайтынын, билікке талабын бейбіт жолмен жеткізуге талпынғанын айтып, ол ісіне өкінбейтінін мәлімдеді.
Абай Бегімбетовтің соттағы сөзінен
– Бұл сот процесін мойындамаймын. Кінәм жоқ, жасамаған қылмыс үшін айыптады. Конституция бойынша ойлауға, пікір айтуға хақым бар. Мені және жақтастарымды "экстремист ұйым" құрды деп айыптады. Бірақ ұсталып, түрмеге қамалғалы ешкім маған тағылған айыпты дәлелдейтін бірде бір құжат көрсете алмады.
2020 жылдың басында бейбіт ұйым құратынымызды мәлімдедік. Мұны жоққа шығармаймыз, ешкімнен жасырған емеспіз. Неліктен "Көше партиясын" құратынымызды бұқараға ашық жарияладық. Өзімізді толғандырған мәселені бірігіп шешкіміз келді.
Мамыр айында Нұр-Сұлтанның Есіл аудандық соты шешімімен "Көше партиясы" жұмысына тыйым салынғаны туралы баспасөз хабарламасы тарады. Бірақ Есіл аудандық соты да, жоғарғы сот та сот қаулысын ресми түрде еш жерде жарияламады. Тергеуде де, сотта да ешкімге ол қаулыны көрсетпеді...
Прокурор сот қаулысы туралы ақпарат газетте басылды дейді. Бұл – ашық мазақ ету. Прокурор баспасөз қызметі дайындаған хабарламаны көрсетті. Ақ қағазға басылған жай ғана жазуды дәлел ретінде ұсынды. Онда ешқандай мөр я судьяның қолы жоқ. Баспасөз хабарламасына сүйеніп мені ауыр қылмыс жасады деп айыптады.
Сіздің алдыңызда денсаулығым туралы емхананың берген анықтамасы болуы керек. Заңсыз түрмеге жабылып, осында 5-6 ауру таптым. Қазір қан қысымым 210/110. Не үшін мұндай күйде жүргенімді жақтастарым жақсы біледі. Екі күн бұрын ұлымның қайтыс болғанын естіртті. Сондықтан маған қазір сөйлеудің өзі өте ауыр. Егер мені абақтыға отырғызбағанда мұндай жағдай болмас та еді. Қамауда жатып өмірдегі ең қымбат адамнан айырылып қалдым.
Алдағы уақытта өзгеріс болатынына сенемін. Мұның бәрі шектен шыққандық екенін сіздер де білесіздер. Ізіме түскен, қудалағандардың бәрі уақыт келгенде жауап береді. Кекшіл адам емеспін. Ақкөңілмін. Бірақ баламның өліміне қатысы барларды ешқашан кешіре алмаймын. Әсіресе осы іске қатысы бар адамдарды. Бұл өмірде ештеңе мәңгі емес. Егер соттаса, мейлі, жазамды да өтермін. Тіпті ел болашағы үшін өмірімді де қиюға бармын. Қанша жерден бізді айыптаса да, шындық біз жақта екеніне кәміл сенімдімін.
Азаттық тілшісі былтырдан бері тергеу абақтысында отырған белсенділердің кейбірінің туыстарымен сөйлесіп, хал-жағдайын білді.
"ШЫБЫҚ КЕСІП ЖҮРГЕН КІСІНІ "ҚЫЛМЫС ҮСТІНДЕ" ҰСТАДЫҚ ДЕПТІ"
56 жастағы Ноян Рақымжанов – Алматы сотында ісі қаралып жатқан 13 белсендінің ішіндегі ең үлкені. Әйелі Айгүл Рақымжанова жұбайы полицейлер былтыр 29 қазанда "бірнеше сұрағымыз бар, жауап аламыз" деп әкеткеннен бері абақтыда отырғанын айтады.
– Апарып бірден тұтқындады, кейін бірнеше рет қамау мерзімін ұзартты. Қазір 11 айдан асты абақтыда отырғанына. Хаттаманың бірінде Ноянды "қылмыс үстінде ұстадық" деп жазыпты. Полицейлер келгенде күйеуім ауладағы қураған шыбықты кесіп, тазалап жүрген еді, – дейді Айгүл Рақымжанова.
Инженер-құрылысшы деген дипломы бар Ноян Рақымжанов мамандығы бойынша көп жыл жұмыс істеген. Осыдан төрт жыл бұрын жұмыссыз қалған. Әйелінің айтуынша, отағасы қандай жұмыс болсын істейтінін айтып көп жерге барғанымен, жұмысқа орналаса алмаған.
– Зейнетке шығуға әлі ерте, бірақ жасы үлкен деп жұмысқа алмайды. Алғашқы наразылығы осыдан басталды. Отбасында үш баламыз бен немереміз бар. Ноян солардың алдында өзін кінәлі сезініп жүрді. Кенже ұлымыз коллежде ақылы бөлімде оқиды. Дәрігерге қаралсаң да қызметі ақылы. Бәрі ақша. Сөйтіп жүріп Нұр-Сұлтанда қаршадай бес қыздың өртеніп кеткенін естіп, қатты күйзелді. Ертеңгі күнге деген сенімсіздік пен тұрақсыздық, үкіметке сөзін өткізе алмаған елдің шарасыздығы – осының бәрі наразылығын арттырып, митингіге шығуға итермеледі, – дейді әйелі.
Зайыбының сөзінше, Ноян Рақымжанов алғаш рет наразылық акциясына 2019 жылғы 9 маусымда, елде кезектен тыс президент сайлауы өтіп жатқанда шыққан. Қазақстанды отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев сол жылы наурызда президент қызметінен кететінін мәлімдеп, соған дейін сенат төрағасы болған көп жылғы үзеңгілес серігі Қасым-Жомарт Тоқаевты орнына қалдырған еді.
Елдегі кей оппозициялық күштер кезектен тыс президент сайлауын "көзбояушылық" деп атап, бойкот жариялаған. Ерте сайлаудың ресми қорытындысына келіспеген мыңдаған адам көшеге шығып, сайлауға қарсылық танытты.
Полиция арнайы жасағының көшеге бейбіт наразылық акциясына шыққан азаматтарды күштеп әкетуі. Алматы, 9 маусым 2019 ж.
Сайлау күні Нұр-Сұлтан мен Алматыда және өзге қалаларда көшеге шыққан мыңдаған адам ұсталды. Солардың арасында Ноян Рақымжанов та болған.
– Ол митинг болатын жерге жетіп үлгермеген, жолдан ұстап әкеткен. Ескерту алды. Оны кейін де барғысы келген митингтерге жеткізбей ұстап әкетіп, үйден шығармай аңдып тұратын болды. Жалғыз адам пикеттеріне шығып, өзге белсенділермен ортақ видеоға түскені рас. Оны әлеуметтік желі мен WhatsApp мессенжерінде бөліскен ақпаратқа бола айыптап отыр. Филологиялық сараптама қорытындысында да Ноянның сөзінде конституциялық құрылым мен билікті күшпен басып алу, билікке қарсы теріс пікір жоғы айтылған. Оның сөзі мен ісінде экстремизмнің ешқандай нышаны жоқ, ол ешкімді зорлық-зомбылық жасауға, билікті күштеп басып алуға үндеген емес, – деді әйелі.
Айгүл отбасындағылар Ноян Рақымжановтың белсенділігін құптай қоймағанын айтады.
– Әпкесі, жасы 80-нен асқан қарт ата-анасы бар. Әкесі Паркинсон ауруына шалдыққан. Ноян қамалғалы бері әкесінің дерті асқынып кетті. Анасы күйзеліске түсті, – дейді белсендінің зайыбы.
Айгүл Рақымжанова кейінгі 11 ай отбасына ауыр тигенін жасырмайды. Бұған дейін балаларының жетістігіне қуанып, немересінің қызығына тоймай, бірқалыпты қоңыр тіршілік кешкен отбасы былтырдан бері тергеу органдары мен соттың табалдырын тоздырған. Осыған дейін ошақ басынан ұзап шықпаған Айгүлдің қазір қылмыстық және қылмыстық-процестік кодекстен хабары бар. Ол – айып тағылып, абақтыда отырған күйеуінің қорғаушысы. Ауырса дәрігерге алып баруға хақы барын айтып, Ноянды медициналық тексеруден өткізген. Күйеуінің барлық тергеу амалдарына қатысып, 78 томнан тұратын айыптау актісімен танысқан. Соның арасында тергеу абақтысына тамақ тасиды, отбасының жайы тағы бар.
– Ноян ешкіммен дауласпайтын, өте сабырлы, мейірімді жан. Үйдің де, даланың да шаруасынан қашпайды. Немересіне елжіреп, соны ары-бері тасып, ойнатқанды жаны сүйеді. Бізбен бірге тұратын қарт ата-анасына да қамқор, – дейді Айгүл Рақымжанова.
Әйелі Ноян Рақымжановтың созылмалы вирусты гепатит дерті барын, бауыры ауыратынын айтады. Ал абақтыда отырған бір жылға жуық уақытта жүрегі де сыр беріп, қан қысымы пайда болған. "Денсаулығы мәз емес, әйткенмен сағы сынған жоқ" дейді белсендінің әйелі.
"ДЕМІ ҮЗІЛГЕНШЕ ҰЛЫН КҮТІП ЖАТТЫ"
Азаттық тілшісі белсенді Асхат Жексебаевтың әйелі Шара Оралбаевамен жұмыс орнында – киім-кешек сататын аядай ғана бутикте кездесті.
Алматыдағы жаңадан ашылған сауда орталығына келуші аз. Біз сөйлескен бір сағаттан астам уақытта екі-үш адам ғана бас сұқты. Тек біреуі 20 мың теңгеге сауда жасады. Әр тауардан 30 пайыз – Шараның табысы.
– Бүгін әйтеуір екі киім сатылды. Кей күні сауда мүлдем болмайды. Кейінгі бір жыл маған да, балаларға да ауыр тиді. Моральдық жағынан да, ақшадан да қиналдық. Пәтер жалдап тұрамыз, айына 100 мың теңге төлеймін. Өткен бір жылда асарлатып, халықтан түскен ақшамен төлеп келдім. Енді осы қазан айында пәтерді босатуым керек. Қазір пәтер іздеп жатырмын, бағасы өсіп кеткен, бір бөлменің өзі удай қымбат. Оған ақшам да жоқ. Ал менің табысым ас-судан, балалардың керек-жарағынан артылмайды, – деп мұңын шақты Шара.
49 жастағы Асхат Жексебаев саяси тұтқындарды босатуды талап етіп, үздіксіз жалғыз адам пикетіне шыққан белсенді ретінде танылды. Биліктен азаматтардың Конституция кепілдік берген құқықтарын, бейбіт митинг өткізу, ой-пікірін білдіру және сөз бостандығын пайдалануына тосқауыл қоймауын талап етіп, митингіге де шықты. Бірнеше рет әкімшілік жазаға тартылып, қамалды.
– Ол алғаш рет митингіге 2019 жылы президент сайлауы күні шықты. Мен білген де жоқпын, төркініме кеткем. Кейін Айгүл Ақберді мен оның күйеуінің ісімен танысты, әрі қарай саяси процестерді қалт жібермей жүрді. Наразылыққа шыққаннан кейін оны райынан қайтарғым келген. Себебі өз проблемамыз да бастан асады. Бірақ алған бетінен қайтпайтынын байқаған соң қарсы болмадым, – дейді Шара.
Ерлі-зайыпты осыдан 25 жыл бұрын Талдықорғаннан Алматыға көшіп келген. Асхат автокөлік алып-сатумен айналысқан. Кейін техникалық жөндеу станциясында да жұмыс істеген. Осыдан бірнеше жыл бұрын жеке бизнес бастап, мейрамханаларға түрлі-түсті музыка құралдары мен LED экрандарды жалға беріп келген. Қазір ол бизнес тоқтап қалған.
– Асхатты былтыр 22 тамызда ұстады. Ол кезде үйде 17 жастағы ұлым жалғыз еді. Есікті алдап ашқызып, менсіз тінту жасады. Балам қатты қорқып қалды сол жолы. Үйдің астан-кестеңін шығарып, маған бір түйір қағаз да тастамады. Қандай затты әкеткенін де білмеймін, балаларымның жап-жаңа компьютері мен телефондарын әкетті. Кейін қайтарғанымен дұрыс жұмыс істемей, бөлшектерін ауыстыруға тура келді, – дейді Шара Оралбаева.
Жексебаевтардың екі ұл, үш қызы бар. Үлкені – 26, кенжесі 10 жаста. Шараның айтуынша, үлкені әкесінің жайын білгенімен, кішілері көпке дейін бейхабар болған. Уақыт өте әкесінің қамауда отырғанын, бірақ жақында келетінін айтқан. "Бірақ сол күнге жете алмай қойдық" деп күрсінеді Шара.
– Қыздарымыз әкесіне өте жақын. Үлкен қызымыз тұрмысқа шығуға дайындалып жүрген. Әкесі жанында болғанын қалап еді. Бір жыл күтті, босатпаған соң, Асхаттың рұқсатымен жақында құдалығын өткіздік. Өмірінің ең маңызды сәтінде жанында болмағасын әкесіне өкпесі қара қазандай. Асхатқа да бұл оңай болған жоқ. Бірақ ең қиыны, Асхаттың әкесімен қоштаса алмай қалғаны. Әкесі 79 жаста еді. Кейінгі екі жылда жүрегіне бірнеше ота жасатты. Соңғысына келіспей қойды. Әкесі ақтық демі таусылғанша Асхатты күтті, "Асхат келді ме? Жіберді ме?" деп сұрай берді. Соңғы демі шығар сәтте "Шара, Асхатқа айт, мен оны кештім" деп айтып үлгерді. Дәл сол сәтте ол кісіні демеп, ұстап отырғам. Асхат телефон шалғаны сол-ақ еді, әкесінің демі үзілді. Ұлының дауысын ести алмай кетті. Анасы тұтқаны көтеріп "Асхат, әкең кетті" деп қаралы хабарды жеткізді, – дейді Шара Оралбаева.
Шара жұбайын өте пысық, сауатты, мейірімді, аңқылдаған және өтірікті жаны сүймейтін адам деп сипаттайды. Балаларға математикадан да, тарих пен географиядан да көмекші – әкесі дейді белсендінің әйелі.
– Бірнеше жыл бұрын төрт метр биіктен құлап, омыртқамды зақымдап алдым. Бір жылдай төсек тартып жаттым, әлі күнге жұмысқа жарамаймын. Оны білетін Асхат бар жұмысты өзі тындыратын, маған көмектесіп, жағдайымды жасап отыратын, – дейді ол.
Көп балалы ана күйеуім шындықты айтқаны үшін жазықты болды деп біледі. Елдегі көп балалы аналардың мұң-зары, жұмыссыздық пен қымбатшылық – белсенділер үкіметке торыққан халықтың талабын ашық әрі батыл жеткізуге тырысты дейді ол.
– Менің түсінігімде "экстремист" – қолына қару ұстаған, жолындағыны жайпап, билік пен полицияға жауыққан адам. Асхат болса керісінше, ешқашан қару ұстамаған, полицейлермен үнемі байсалды, сыпайы сөйлесетін. Ол билікке өшіккен жоқ, жақсы болсын деп сынады. Белсенділердің барлығы бала-шағасы бар, үлгі боларлық азаматтар, олар қалайша "экстремист" болады? Тек шындықты айтқаны үшін қамауда отыр. Олардың аузын жабу үшін билік осындайға барып отыр, – дейді Асхат Жексебаевтың әйелі.
Шара Оралбаеваның көп балалы ана ретінде баспана кезегінде тұрғанына он жылдан асқан. Бірақ кезек әлі келер емес деп мұңаяды ол.
– Тұрақты жұмыс болмағасын баспанаға да ақша жинай да алмайсың. Күйбең тіршілік Асхатты шаршатты. Ол отбасының, елінің, отанының жағдайына бей-жай қарай алмады. Егер оған елінің тағдыры бәрібір болғанда қазір абақтыда отырмас еді, – дейді белсендінің жұбайы.
Шара Оралбаева сот қандай шешім шығарса да ол Асхатқа ғана емес, оның отбасы мен балаларына шығарған үкімі болмақ дейді.
Асхат Жексебаевтың соттағы сөзінен
Біз экстремист емеспіз, ол баршаға белгілі. Сот мырза, сізге өкпем жоқ. Сіздерді аяймын. Сіздер тәуелдісіздер, шындықты айта алмайсыздар, ар-ұятқа жүгініп өмір сүрмейсіздер.
"Көше партиясын" құру туралы мәлімдеген күннен төрт ай өткенде сот оны жапты. Билік осы аралықта партияға 200 мың адамның тіркелгенінен шошыды. Партия жетекшілері қарапайым адамдар еді. Олар елдегі әділетсіздікке төзбеді.
"Көше партиясының" мақсаты – демократия принциптерімен байланысты. Біз сол принциптер жайлы ақпаратты тараттық. Онда экстремизмнің иісі де жоқ. Сонда да Есіл аудандық соты партияны жапты, құқығын шектеді, еш негізсіз "экстремистік ұйым" деп айдар тақты. Сот қаулысына апелляция шағымын бердік. Арызымызды қабылдамады. Себебін "іс бойынша тарапқа жатпайсыздар" деп түсіндірді. Көп өтпей партияның жетекшісі ретінде үстімнен қылмыстық іс қозғап, сотқа тартты.
"БЕЛСЕНДІЛЕР – ЭКСТРЕМИСТ ЕМЕС". БАРАБАНШЫ ҚАЙРАТ
Былтыр 13 мамырда, сенбінің кешінде Алматыда жүз шақты адам шеруге шықты. Жиналғандар музыка аспаптарында ойнап, кейбірі биледі. "Субботаж" атты серуенге ұқсас шара шамамен үш сағатқа созылды. Шеру кезінде оған қатысушылар "Белсенділер экстремист емес!" деп айқайлады. Шерудің басында барабан соғып белсенді Қайрат Қылышев жүрді.
Белсендінің әйелі Жанар Сарықұлова жұбайын жұрттың көбі "Субботаждағы барабаншы" ретінде танитынын жасырмайды. Айтуынша, Қайраттың ол шеруге барғанын да білмепті. Кешке әлеуметтік желіден видеосын бір-ақ көрген.
– Ол кезде жанындағы белсенділерді де танымаймын, бас кезінде қандай шараға барып жүргенін де білмейтінмін. Әйтеуір арасында Facebook-ті ашып, қайда жүргенін тікелей эфирден көріп, біліп отырасың, – дейді Жанар.
Осы шараға қатысқан Ноян Рақымжанов, Асхат Жексебаев, Қайрат Қылышев пен тағы басқа белсенділерді билік әкімшілік жауапқа тартып, қамауға алды. Және де осы акцияға қоса өзге де "кінәсін" анықтап, қосымша жаза тағайындады.
Ал "Субботаждан" үш ай өткенде, 22 тамызда таңсәріде Қайрат Қылышевтың Қаскелеңдегі үйіне полиция келіп, оны тергеуге әкеткен.
– Таң атпай келді. Үйде ұйықтап жатқанбыз. Шарбақтан біреулердің секіріп кіріп, іштен есік ашқанын естідім. Содан кейін үйдің есігін қақты. Ашсақ полиция арнайы жасағымен бірге келіп тұр. "Ұстауға келдік, қазір тінту жүргіземіз" деді. Сөйтіп үйді астан-кестеңін шығара ақтарып, менің телефонымды, балалардың ноутбуктарын әкетті. Жаңа оқу жылы басталады деп, онлайн сабаққа дайындалып жатқан кез еді. Ешнәрсеге қарамастан Қайратты да алып кетті. Балалар үрпиіп, үрейленіп қалды. Өзім де қатты қорықтым, алғашқы кездері түнде шошып оянып жүрдім. Өйткені қолында қаруы бар, қап-қара киім киген полицейлер қашадан бандит сияқты секіріп кіріп, үйді айнала қоршап алды. Егер қақпаның есігін қағып кірсе, олай қорықпас едік, – деп еске алады Жанар Сарықұлова.
Кейін сот белсендіні екі айға тұтқындау туралы шешім шығарды. Содан бері қамау мерзімі бірнеше рет ұзартылған Қылышев әлі абақтыда отыр.
38 жастағы Қайрат Қылышев – Қаскелеңнің тумасы. Алматыдағы Қаныш Сəтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін мұнай ұңғымасын бұрғылау мамандығы бойынша тәмамдаған.
– Қызылордада вахтада істеп жүрді. Кейін ақшасы да азайып, денсаулығына да зиян болғасын, жұмыстан шығуға мәжбүр болды. Содан кейін түрлі жұмыс істеді. Ең соңғысы – той бизнесі болатын. Студия ашып, фото-видео түсіріп, фотосессия ұйымдастырып, қызмет көрсетіп жүрдік. Табысымыз да болды. Ал кейінгі бір жылда халықтың қолдауымен күн көріп отырмыз. Жан-жақтан телефон шалып, "тезірек отбасына оралсын" деп тілек айтады. Кейде азын-аулақ ақша салып жәрдем көрсетеді. Ақшасы болмаса да, жылы сөз естіп, қуанып қалам, – дейді Жанар.
Ол күйеуін сырттың жұмысын тындыратын, жұртпен тез тіл табысатын, еңбекқор адам деп сипаттайды. Жұбайының үйде балаларға да көңіл бөліп, балабақшадағы ертеңгілікке де белсенді қатысқанын, ипотека мен коммуналдық төлем, тіпті азық-түлік те Қайраттың мойнында болғанын, ал қазір соның барлығы өз иығына түскенін айтады.
– Үш-төрт жыл бұрын интернеттен, әлеуметтік желіден үкіметке мұң-зарын айтқан халықтың талап-тілегін естіп-көріп жүрді. Алғаш рет митингіге 2019 жылы 1 мамырда шықты. Барып, көріп келді. Одан кейін үш-төрт рет қамалды да, – дейді белсендінің әйелі.
Қылышевтың отбасы алты жыл бұрын ипотекаға үй алған. Жанардың сөзінше, ай сайын банкке 130 мың теңге төлеп отыр. Несиені әлі төрт жыл төлейді. "Жұрттан түскен қаржымен төлеп отырмын. Төлей алмасақ банк бізді де үйден шығарып жіберер еді" дейді ол.
Қайрат пен Жанардың үлкені 14-ке, ал кенжесі төрт жасқа толған төрт баласы бар.
– Отбасымызда тек Қайрат қана белсенді, митингілерге шығып жүрген. Бірақ оны бәрі қолдайды, ешкім қарсы емес, керісінше мақтан тұтады. Қазір қамауда жатыр екен деп басымызды бұғып жүрген жоқпыз. Үлкен балалар әкесінің қамауда екенін біледі, бірақ не үшін отырғанын түсінбейді. Кішкентайымыз қатты сағынып жүр. "Қашан келеді, қашан келеді?" деп сұрай береді, "аз қалды" деп қоям. Онлайн өтіп жатқан сотқа әдетте үйден қатысам ғой. Бірде соттағы үзіліс кезінде Қайратты балалармен сөйлестірген едім, кейін судья ескерту жасап, соңғы процесте мені шығарып жіберді, – дейді көп балалы ана.
Жанар қамауда отырған жұбайына моральдық тұрғыда қолдау танытып, жігерлендіруге тырысатынын айтады.
– "Қанша жыл берсе де мойыма, басыңды көтеріп жүр, тіпті көңіл-күйің бұзылса да көрсетпе" деп айтқам. Басында қатты қорықтық, 405-бапқа қоса 182-баппен айып тақты ғой. Кейін басқа салса көнеміз ғой дедік, өзі де қайтпаймын деді.
Жанар "13-тің ісі" бойынша сот процесінің онлайн өтуі билікке ондағы заңсыздықтарды жасырып-жабуға қолайлы болып отыр деп есептейді.
– Соттағы тергеуші де, прокурор да сауатсыз көрінеді. Керісінше, белсенділер мен адвокаттар оларды сұрақтың астына алып, істің негізсіз екенін дәлелдеп жатыр. Бірақ судья соның бірде бірін назарға алмайды. Бұл 13 белсендінің ісін бүкіл ел біліп отыр ғой. Көзге түскеннен соң тергеу мен сотты әдейі созып жатыр, шығаруға да қорқады. Алғашында бостандығын шектеу жазасын берер ме екен деп ойлағанбыз, бірақ кейін астаналықтарды қамап жатқан соң ондай ойдан арылдық. Енді білмеймін. Ешқандай жамандық жасаған жоқ, қару ұстаған жоқ, я басып алайық, бүлдіріп-қиратайық деген жоқ, конституция кепілдік берген хақын пайдаланып, бейбіт жолмен ой-пікірін білдірді, – дейді белсендінің әйелі.
Қайрат Қылышевтың соттағы сөзінен
– Құрметті судья, мына фотоға қараңызшы. Бұл – менің балаларым. Төрт баланың әкесімін. Мен осы балаларымның болашағына алаңдаймын.
Иә, әділдік үшін, елдегі жемқорлыққа қарсы пикетке шықтым. Көп балалы отбасылар жақсы өмір сүруі үшін күрестім.
Қазір жасым қырыққа келді. Отбасыммен бірге 1947 жылы салынған, құлауға шақ тұрған, электр сымдары жалаңаш жатқан 25 шаршы метр үйде өмір сүреміз. Қандай үйде тұрып жатқанымызды көрсеңіз, жылайсыз.
Көп балалы ана болудың өзі – жұмыс. Мысалы, әйелім таңмен таласып ерте тұрса да балаларына қарап, үй тірлігімен айналысуға үлгермейді. Кейінгі үш жылдан бері жұмысқа шыға алмай отыр. Отбасым ер адамның қамқорлығына зәру, олардың жалғыз асыраушысымын.
Біз қылмыс жасаған жоқпыз, бейбіт митингіге шықтық. Бұл – конституцияда кепілдік берілген хақымыз. Үкіметті сынадық. Ұйықтамай, жұмыс істесін, егер жұмыс істегісі келмесе, орнын босатсын дедік. Прокурордың өзі экстремизмді зорлықшыл әрекет деп айтып жатыр ғой. Біз қандай зорлықшыл әрекетке барыппыз? Біреуді ұрып-соқтық па, атып тастадық па? Әлде зорладық па? Біз бар-жоғы қолымызға талабымыз жазылған қағаз алып, көшеге шықтық. Азаматтық құқығымызды талап еттік.
Қазақстаннан жыл сайын 300 мың адам шетелге көшіп жатыр. Олардың дені кәсіби мамандар. Болашақтың еншісінде болса да, өзгеріс болсын, демократия орнасын дейміз. Сізден бостандығымнан айырмауды сұраймын. Мен экстремист емеспін, отанымның патриотымын. Тағы айтамын, қылмыс жасаған жоқпын. Елім үшін жүрегім ауырады.
Әңгіме соңында Жанар Сарықұлова балалары әкесін асыға күтіп жүргенін айтты.
– "Әкеміз тезірек шықса екен" деп жүр. "Салют сатып алып қояйық, плакат жазайық" дейді балалар. Не болса да қапаланбаймыз. Себебі бәрібір түбінде босап шығады деп сенемін, – дейді Жанар Сарықұлова.
- Қазақстан билігі 2009 жылғы ақпаннан бері шетелде тұратын қуғындағы оппозициялық саясаткер, экс-банкир Мұхтар Әблязов жетекшілік ететін "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын, одан кейін "Көше партиясын" да экстремистік ұйым деп таныған. Елде ресми тіркелмеген екі қозғалысты экстремистік деп таныған сот шешімі ресми түрде жарияланған жоқ.
- Прокуратура "Көше партиясын" ҚДТ-мен тікелей байланыстырады. "Көше партиясы" белсенділері өзін "тәуелсізбіз" дейді. Екі қозғалыстың жақтастары Қазақстанда жиі қуғындалады.
- Өз қарарында ҚДТ мен "Көше партиясын" "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған Еуропарламент Нұр-Сұлтанды ой-пікірін ашық айтып, билікке талабын бейбіт түрде жеткізу талпынған азаматтарды қудалауды доғаруға шақырған.
- Қазақстанның адам құқығы және заңдылықты сақтау бюросы 23 қыркүйекте таратқан елдегі саяси қуғын-сүргін туралы мәлімдемесінде Алматыда өтіп жатқан 13 белсендінің сотын "оппозиция жақтастарын саяси қудалау науқанының шарықтау шегі" деп атаған.
- Жергілікті құқық қорғаушылардың мәліметінше, қазіргі кезде Қазақстанда ҚДТ мен "Көше партиясы" қозғалысына қатысы бар деген күдікке ілінген немесе айыпталған 300-ден аса белсенді бар.
ПІКІРЛЕР