"РЕБРЕНДИНГТЕН ӨТКЕН" ТҮРКІ КЕҢЕСІ
"Түркияның одақтасы – Әзербайжан екінші Қарабақ соғысында (2020 жылғы 27 қыркүйек - 9 қараша) жеңіске жеткен соң ресейлік шолушылар Анкараның өз қоластындағы түркі мемлекеттер одағын құру әрекетіне алаңдай бастаған. Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі (қысқаша Түркі кеңесі) елеулі ребрендингтен өтіп, Түркия Түркі мемлекеттер ұйымын (мақалада "одағы" деп жазылған – ред.) құрғаннан соң бұл қауіп ұлғая түсті". 12 қарашада Стамбұлда өткен Түркітілдес мемлекеттер кеңесінің кезекті саммитін қорытындылаған америкалық Jamestown қорының сайтындағы мақала осылай басталады.
Автордың айтуынша, Ресейдегі кей сарапшылар Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның ойы тым әріде деп болжайды: Ердоғанның ойындағы түркі әлемі – "тек түркі мемлекеттерінің емес, басқа елдердің, соның ішінде Ресей Федерациясының аумағындағы түркі халықтарының ауқымдырақ тобын құрайды".
Автор Ресей ғалымы Дмитрий Родионовтың болжамына сілтеме жасап: "Бұл ықтимал әрекеттердің алғашқысы Мәскеудің Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркіменстан және Өзбекстан сияқты елдерге ықпалын азайтуды көздесе, екіншісі Ресей Федерациясының қазіргі аумағындағы түркі жерлеріне Мәскеудің бақылау жүргізуіне қауіп төндіреді" дейді. Оның айтуынша, соңғы кездері Мәскеу түркі мемлекеттерінің одағы концепциясын жиі сынағанымен, "идеяға көп назар аудартпау үшін оған қарсы пікір білдіруден тартынып келген".
Сарапшының айтуынша, Түркия басшысы түркі мемлекеттерінен басқа елдердің аумағындағы түркітілдес халықтың қамқоршысы екенін көп байқатып жүр. Мәселен, былтыр қаңтарда Бакуге барған сапарында ол "Анкара Ирандағы әзербайжандарға алаңдайтынын" айтқан, сол арқылы ол "риторика жағынан тіпті Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтен де асып кетті". Миллиондаған әзербайжан тұрып жатқан Иранға немесе Шыңжаңдағы түркі мұсылмандары "саяси үйрену лагері" деген орындарға қамалып жатқан Қытайға тікелей айбат шекпегенімен, Ердоған "Анкара өз мемлекеті жоқ түркі халықтарына назар аударатынын және түркі бірлігінің бұл екі түрі өзара байланысты екенін айтты және ісімен де аңғартты".
Автордың айтуынша, Түркияның Ресейдегі мұсылман түркілерге, әсіресе Мәскеу Украинадан оккупациялаған Қырым түбегіндегі Қырым татарларына назар салуы Ресейді бұрыннан толғандырып келеді.
Нұр-Сұлтанда орналасқан Түркі академиясының жақында жарияланған мәлімдемесінде Ресейдің Қиыр шығысындағы Саха Республикасы "әлем қауымдастығы мойындамаған мемлекеттік құрылымдардың бірі" деп аталған. Ресей сарапшысы Сергей Аксеновтың пікірінше, бұл - "Ресейдегі түркі сепаратизмі пропагандасының" әрекеті.
"Ресей сарапшыларының айтуынша, Түркияның шетелдегі түркі халықтарына жасап жатқан әрекеті Ресейдің "орыс әлемі" бастамасымен дәлме-дәл келеді. Осы екі сәйкестік және Мәскеудің мұны мойындамауы Анкараның Кремль "жақын шетел" деп санайтын аймақтарға ғана емес, өз үйіне жақын жерге де ықпал жүргізуіне жол ашуы ықтимал. Әрине, Анкараның түркі әлемі туралы көзқарасы Мәскеудің орыс әлемі туралы көзқарасындай не одан да үлкен маңызға ие болуы мүмкін" деп қорытады Еуразиядағы этносаралық қарым-қатынасты зерттейтін сарапшы, мақала авторы Пол Гобл.
"ҚЫЗЫЛДАРДЫ АҢДУ" НАУҚАНЫНЫҢ "НЫСАНАСЫНА" АЙНАЛҒАН ОМАРОВА
АҚШ-тағы жоғары лауазымды қызметке ұсынылған Қазақстан тумасы Сәуле Омарова Демократиялық және Республикалық партиялар арасындағы бітіспес даудың ортасында қалды. АҚШ президенті Джо Байден жақында Корнелл университетінің профессоры Омарованы валюта басқармасының жетекшісі қызметіне ұсынған.
Оның кандидатурасын талқылайтын сенаттағы тыңдау жақындап қалғанда Америка ақпарат құралдары Сәуле Омарова 26 жыл бұрын дүкеннен киім ұрлап, ұсталған деп жарыса жазды. Ал Fox News телеарнасы Омарованың СССР-дағы коммунистік режим кезінде Мәскеуде білім алғанын алға тартып, оны "Карл Маркстың суретімен бірге омақа асатын Байденнің кезекті үміткері" деп сипаттады. Енді бірі ол "коммунизмді қалайды" десе, Wall Street Journal-дың редакция алқасы "Ол советтің экономикалық жүйесі күшті болған деген ойды әлі ұстанады" деген ой айтты.
New York Magazine басылымы болса, Сәуле Омарова "қызылдарды іздеу деген сүйкімсіз науқанның нысанына айналды" деген тақырыппен мақала басты. "Елдің кейбір ірі банктеріне қатысты ережелерді босаңсытудағы кеңсенің (валюта басқармасының – ред.) рөлін қатаң сынаған Омарованы екіге жарылған конгресс "Сәлем, Сәуле!" деген әнді блюз стилінде шырқап, құшақ жая қарсы алады деп ешкім күткен жоқ, әрине. Сыйлы ғалым әрі үлкен Джордж Буш әкімшілігінің ардагері президент Байденнің өз адамдарын тағайындау барысында дәл 1950-жылдардағыдай қызылдарды аңду деген ең бір сүйкімсіз науқанның ортасында қалады деп ешкім ойламады" деп жазады басылым.
АҚШ сенатының банк комитетіндегі Республикалық партия өкілі Пэт Туми Омарованың Мәскеу мемлекеттік университетіне түскенін, Ленин атындағы стипендия алғанын айтып, ұзақ сөз сөйлеген және сонда жазған "Карл Маркстың саяси философиясы туралы диплом жұмысының орысша түпнұсқасын талап етіп, ақылға сыйымсыз, көзбояу хат жазған".
New York Magazine тілшісіне сұхбат берген Сәуле Омарова мұндай қарсылық болатынын білгенін айтқан. Оның айтуынша, өз кандидатурасына қарсылықтың артында АҚШ-тың ірі банктері тұр.
"Мен оларды (АҚШ-тың ірі федералдық банктерін – ред.) реттеп отырады деп қобалжитындары анық еді. Себебі олар менің жаңа дағдарысты болдырмауға қатысты нақты ұстанымым бар екенін біледі. Себебі мен бұл саланың сырттай жақсы көрінетін жауаптарын қанағат тұтып отыра бермей, қиын сұрақтарды қайта-қайта қоя беретінімді олар біледі" деді Омарова.
Америка басылымдары Сәуле Омарованың Қазақстан мен Ресейдегі балалық, жастық шағына да көп тоқталған. Ол "Коммунистік партияға өтпегені үшін Сталин жақындарын Сібірге айдап жіберген" әжесінің қолында өскенін айтқан. Омарова Совет одағын "еркін кәсіпкерлік жоқ, мен сияқты адамдарға экономикалық мүмкіндік жоқ репрессиялық мемлекет" деп атаған.
"Оның бар арманы – мүмкіндіктер мен еркіндік елі Америкаға келу болған".
18 қарашада өткен тыңдауда Омарова сенаторлар сынының астында қалды. New York Times-тың жазуынша, АҚШ сенаторлары оның мекемені басқарудағы жоспарына емес, кезінде жазған еңбектеріне көбірек шүйліккен, тіпті АҚШ-тағы гендер теңдігін СССР-дікімен салыстырған 2019 жылғы туитіне де назар аударған.
АҚШ басылымдарының жазуынша, сенаттың қолдауына ие болған жағдайда Сәуле Омарова 3500-дей қызметкері бар валюта басқармасының жетекшісі қызметіне барады. Бұл – Америкадағы федералдық банктердің жарғысына бақылау жасайтын реттеуші орган.
ПІКІРЛЕР