Accessibility links

Сенат Назарбаевтың өкілетін қысқартуға келісті


Сенат отырысы.
Сенат отырысы.

27 қаңтарда сенат бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілетін қысқартуды мақұлдады. Бұған дейін мәжіліс Назарбаевтың Қауіпсіздік кеңесі және Қазақстан халқы ассамблеясын өмір бойы басқару құқығынан айыратын өзгерісті мақұлдаған еді.

Бейсенбі күні сенат осы түзетуді қолдап, оған қоса заң жобасына тағы бір түзету ұсынды.

"Заңды талқылау барысында тағы бір норма енгізіліп отыр. Ол – "Тұңғыш президент туралы" заңнан мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатына байланысты бастамаларды елбасымен келісілуге тиіс деген норма алып тасталып отыр. Сондықтан да сенат заңнамаға енгізілген өзгерістерді тұжырымдамалы түрде қолдап, бір өзгеріспенен мәжіліске қайтарып отыр" деді сенат депутаты Ләззат Сүлеймен.

5 қаңтарда Қазақстанда жаппай наразылық өршіген тұста президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің төрағалығын қолға алатынын мәлімдеген. Сол кезде Назарбаевқа жақын делінген бірқатар жоғары лауазымды тұлғалар қызметтен алынған. Бұдан соң ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде Назарбаев пен Тоқаев арасында билікке таластың өршігені жөнінде болжамдар айтыла бастаған.

Алайда бұрынғы президенттің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай "Қауіпсіздік кеңесі төрағалығын тапсыру туралы шешімді Назарбаевтың өзі қабылдағанын" айтып, сендіруге тырысқан.

Қазақстанды отыз жылдай басқарған Назарбаев 2019 жылы наурызда президенттіктен кеткен еді. Бірақ ол 2022 жылдың 5 қаңтарына дейін Қауіпсіздік кеңесінің өмірлік басшысы ретінде билікке ықпал етіп отырған. Кейбір сарапшылар қаңтарда елде болған наразылық пен тәртіпсіздік Назарбаевтың ықпалын әлсіретті деп санайды.

Қазір Назарбаевтың қолында "елбасы" статусы ғана қалды. Заң бойынша, бұл статус оны және оның отбасын қылмыстық қудалаудан қорғайды. 19 қаңтарда Қазақстанда Назарбаевты тиіспеушілік мәртебесінен айыруды көздейтін петицияға қол жинау басталған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG