Demoscope қоғамдық пікірге экспресс-мониторинг жүргізу бюросының "Ресей әскерінің Украинаға басқыншылығы" туралы жасаған сауалнама қорытындысы 7 сәуірде ұйымның сайтында қайта жарияланды. Осыған дейін материал белгісіз себеппен сайттан жоғалып кеткен еді.
Әлеуметтік сауалнама қазақстандықтардың едәуір бөлігі Ресей насихатының ықпалына ұшырағанын көрсеткен.
"Қазір Ақорда мен ресми БАҚ-тың соғыс туралы риторикасы ақпараттық алаңда әлсіз болып тұр. Мұны ресейлік БАҚ-тың агрессивті нарративтері ұтымды пайдаланып отыр. Нәтижесінде, халықтың көбі кімнің даусы қаттырақ шықса, соның сөзіне еріп кеткені жасырын емес" деп тұжырымдайды зерттеу авторлары.
Зерттеу қорытындысына сәйкес, сұралғандар арасында қақтығысқа анықтама беру жөнінен басым пікір болмаған.
"Респонденттердің 36 пайызы қазір Украинада “Ресейдің нацистерге қарсы әскери операциясы” жүріп жатыр деп санайды. 26 пайызы “Ресей Украинада НАТО әскерін орналастыруға жол бермес үшін соғысып жатыр” деген. 13 пайызы “Ресей Украинаны кейін өзіне қосып алу үшін соғыс жүргізіп жатыр" деп есептейді" деп жазылған зерттеуде.
Сауалнамаға қатысқандардың 39 пайызы қазақстандық медианы жиі пайдаланатынын айтқан. Ал 23 пайызы Ресей ақпарат құралдарын оқып, көретінін айтқан. Екі пайызы украиналық БАҚ-қа сенетінін, тек бір пайызы ғана Батыс БАҚ-тарына сенетінін жеткізген. Сұралғандардың 35 пайызы жаңалықты түрлі дереккөзден алатынын айтқан.
"Сауалнама халықтың ресейлік БАҚ ықпалына өте қатты тәуелді екенін, Қазақстанда бір жақты ақпараттың көп таралып жатқанын көрсетті. Бұл жағдайда отандық ақпараттық саясаттың тәуелсіздігі туралы сөз қозғап, көпвекторлы тұжырымдамаға сәйкес, биліктің медиада бір ғана тараптың даусын естіртіп, екінші тараптың дауысын тұншықтыруға жол бермеу талпынысы туралы айтудың өзі артық" деп түйіндейді зерттеу авторлары.
MediaNet халықаралық журналистика орталығының өкілі Снежана Цойдың айтуынша, ресейлік БАҚ-тың Қазақстан аудиториясына әсері жөнінде көптен бері айтылып жүр, алайда Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін бұл насихат күшейген.
Сауалнама Қазақстанның 14 облысы мен Алматы, Шымкент және Нұр-Сұлтан қалаларында 15-27 наурыз аралығында қазақ және орыс тілдерінде жүргізілген. Респонденттер стационарлық нөмір арқылы сұрақтарға жауап берген. Зерттеу авторларының айтуынша, адамдардың сол аймақта тұратындығына көз жеткізу үшін осындай тәсіл таңдалған. Сауалнамаға 18 жастан асқан адамдар қатысқан. 47 пайызы – әйелдер.
Сауалнама қорытындысы 5 сәуірде жарияланған. Жергілікті БАҚ аталған сауалнаманы Demos.kz сайтынан басып жариялай бастағаннан кейін екі күннен соң материал ұшты-күйлі жоғалған.
—Сауалнама жарияланғаннан кейін сайтта не үшін ақау пайда болғанын білмейміз. Шабуыл болды ма, жоқ па, нақты айта алмаймыз. Қазір техника қызметінен жауап күтіп отырмыз. Алайда біз ештеңені өшірген жоқпыз. Мұны анық айта алаамыз, – деді Снежана Цой.
MediaNet ұйымының жобасы Demoscope қоғамдық пікірге экспресс-мониторинг жүргізу бюросы әлеуметтік маңызды тақырыптар бойынша қысқа уақыт аралығында Қазақстан азаматтарының пікірін анықтауды көздейді. Осыған дейін Demoscope қаңтар оқиғасы бойынша да сауалнама нәтижесін жариялаған.
Бұған дейін Қазақстан аумағында Ресейдің мемлекеттік арналары мен медиаресурстарының қызметін тоқтату туралы петиция жарияланған. Петиция авторларының айтуынша, Украинадағы соғысты ақтау мақсатында Ресей ақпарат құралдары таратқан "жалған ақпараттар легі қазақстандықтарға күшті ықпал етіп, мемлекеттік ақпараттық қауіпсіздігіне қауіп төндіреді".
28 ақпанда Қарағанды облысының Шахтинск қаласында жергілікті провайдер Ресейдің Украинаға басып кіруіне қарсылық білдіріп, Ресей арналарын өшіріп тастаған. Кейін арналар қалпына келтірілді. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ресейлік арналардың тоқтатылуына қатысы жоғын айтты.
ПІКІРЛЕР