Accessibility links

СІМ Әблязовті Қазақстанға қайтару жөнінде: Мәселе саяси деңгейде талқыланбайды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Шетелде қуғында жүрген бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовті Қазақстанға қайтару мәселесі саяси деңгейде талқыланбайды. 30 қарашада журналистердің сұрақтарына жауап берген Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко осылай деп мәлімдеді. Оның айтуынша, Тоқаевтың инаугурациядан кейінгі Еуропаға алғашқы сапарында негізінен "саяси, сауда-экономикалық ынтымақтастық, білім саласындағы әріптестік мәселелері" талқыланады.

"Әблязовқа келсек, бұл құқық қорғау органдары мен сот органдарының айырықша құзыретіндегі мәселе, тек Қазақстан ғана емес, сонымен бірге Еуропа және АҚШ елдеріне де қатысты. Бұл мәселе саяси деңгейде талқыланбайды" деді Василенко сәрсенбі күні мәжіліс кулуарында. Оның сөзінен ҚазТАГ агенттігі үзінді келтірді.

Вице-министр АҚШ, Ұлыбритания және Францияда алдағы уақытта Әблязовпен байланысты жаңа сот процестері өтететінін, ондағы тараптардың бірі қазақстандық БТА банк, Алматы әкімдігі, әділет министрлігі екенін атап өтті.

Француздың Le Figaro газеті 28 қараша күнгі мақаласында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Франция президенті Эммануэль Макронмен кездескен кезде Францияда тұратын қазақстандық банкир Мұхтар Әблязовтің айналасындағы жағдайды талқылайды деп жазған еді.

28 қарашада жарияланған мақалада "Қазақстан мен Франция қарым-қатынасында шатасқан сот ісі бар, сол сот ісі сейсенбіде Елисей сарайында өтетін Макрон мен Қазақстанның жақында ғана қайта сайлаған президенті Тоқаев кездесуінің негізгі тақырыбы болады. Бұл – Франциядан саяси баспана алған олигарх Мұхтар Әблязовтің ісі" деп жазды.

Әзірге мәселенің талқыланғаны-талқыланбағаны белгісіз. Ақорда сайтында жарияланған Қазақстан және Франция президенттерінің кездесуі жайлы ресми хабарламада ол туралы айтылмайды.

Le Figaro газеті Қазақстан мен Франция қарым-қатынасына "теріс әсер етіп жатқан" іс Франция билігін бірнеше жылдан бері "алаңдатып келеді" деп жазған.

"Франция үшін Қазақстан көмірсутектің сенімді көзі саналады. Бұған қоса, Франция атом электр станциясын сатуды көздейді" деп жазды басылым.

Le Figaro Қазақстан мен басқа елдер Әблязовті экстрадициялауға тырысқанын, ол 2009 жылы Қазақстаннан қашып Лондонға барғанын, Англияда сотқа тартылып Францияға қашқанын, 2013 жылы Канны да қамалғанын, 2020 жылы Франциядан саяси баспана алғанын да атап өткен. Ақпаратқа қарағанда, 2021 жылы желтоқсанда Франция Әблязовті саяси босқын мәртебесінен айырған, қазір ол Францияда апелляция сотын күтіп жатыр.

Газет Макрон бас ауруға айналған Әблязов ісіне байланысты Қазақстанмен қарым-қатынастың "жаңа парағын аша ма, ол жағын Рождествоға таман білеміз" дейді.

  • Бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов Қазақстаннан кеткенге дейін БТА банкті басқарған. Қазақстан оны миллиардтаған долларды жымқырды деп айыптайды. Әблязов өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, істің саяси астары барын айтады. Астана ол құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын "экстремистік" деп танып, қызметіне тыйым салған. Еуропарламент ҚДТ қозғалысын "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атайды.
  • 26 қарашада екінші рет президент қызметіне кіріскен Тоқаев 28 қарашада Францияға келген. Бұл сапарының алдында ол Ресей президенті Владимир Путинмен кездескен еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG