Accessibility links

Украина АҚШ-тан Ресей аумағындағы нысандарға соққы жасауға рұқсат алды. Енді не болады?


Дүркіндете ататын HIMARS кешені.
Дүркіндете ататын HIMARS кешені.

Апта басында зымыран қаупі жайлы алдын-ала ескерту беретін ресейлік құрылғыға белгісіз снаряд тиді. Украинаның әскери барлау қызметі украин дрондары түскенін хабарлады. Мұндағы маңыздысы – нысанның орналасу алшақтығы: ол Украина шекарасынан шамамен 1800 шақырым жерде орналасқан.

Ресей басқыншылығы басталғалы бері 27 ай бойы Украина Ресей аумағындағы нысандарға шабуыл жасап келеді: бастапқыда ол мұны ақырын, артық шусыз істеді. Кейін батыл әрі көпке жария қадамдарға көшті: өзара байланысы әлсіз әскери топтардың трансшекаралық рейдтерін іске қосып, Мәскеудің қақ ортасына дронмен соққы жасады.

Алайда Украина Батыс жіберген әскери көмекті Ресей аумағындағы әскер шоғырланған жерлерге, теміржолдар мен қару-жарақ қоймаларына шабуыл жасау үшін пайдалана алмайды. Киевке мұндай шектеулер ұнамайды. Харьков түбіндегі үш аптаға созылған шабуылдан кейін Украина күші сарқылып, Киевтің шыдамы таусылды.

30 мамырда жағдай өзгерді. АҚШ НАТО-дағы он шақты одақтасына қосылып, Украинаға Ресей территориясындағы кей нысандарға соққы жасауға рұқсат берді.

Бұл өзгерістің де шектеулері бар. Украин күштері Харьковтегі операциясы аясында қару-жарақ қоймасы, басқару және бақылау пунктері мен басқа да әскери нысандарды атқылауға HIMARS жүйесінің жақын қашықтағы зымырандарын немесе артиллериялық қаруды пайдалана алады. Бірақ Киевке Ресейдегі нысандарға соққы жасауға ATACMS сияқты ұзақ қашықтағы зымырандарды қолдануға тыйым салынады.

АҚШ президенті Джо Байден Украина Харьковте өзіне шабуыл жасаған немесе сондай жоспары бар Ресей күштеріне жауап соққы кезінде Вашингтон жіберген қару-жарақты пайдалансын деп тапсырды. Бұл туралы Азаттыққа АҚШ-тағы өкілетті тұлғалардың бірі хабарлады.

Бірақ «Ресей территориясындағы нысандарға ATACMS немесе басқа да алысқа жететін зымырандарды қолдануға тыйым әлі де өз күшінде» деді ол.

АҚШ-тың шектеулерді өзгерткенін бірінші болып Politico жазды.

— Украина Ресейдегі нысандарға соққы жасауға құқылы. Киев соғыс жағдайында, Ресей Украинаны күнде бомбалап жатыр, — деді Лондондағы қорғаныс зерттеулері жөніндегі корольдік институттың аға ғылыми қызметкері Джек Уотлинг Financial Times подкастында.

Сарапшының пікірінше, Украинаға қандай қару түрін қолдануға рұқсат берілетіні өте маңызды. Артиллериялық қару — басқа, ал Storm Shadow, Scalp немесе ATACMS сияқты алысқа жететін қанатты зымырандардың жөні бөлек.

— Ресейге соққы жасау керек пе? “Жоқ” десек, бұдан еш пайда болмайды. Бірақ әртүрлі жүйеден жасалатын соққының салдары да, қаупі де әртүрлі, — дейді ол.

Украина өте алысқа ұшатын ATACMS кешенін алғаш рет пайдалана бастаған., Ол онымен Қырымдағы әскери аэродром мен Ресей басып алған жерлерге соққы жасады.
Украина өте алысқа ұшатын ATACMS кешенін алғаш рет пайдалана бастаған., Ол онымен Қырымдағы әскери аэродром мен Ресей басып алған жерлерге соққы жасады.

ҚЫЗЫЛ СЫЗЫҚ

Ресей бұған дейін Вашингтон Киевке ұзақ қашықтыққа жететін қару-жарақ жіберсе, қызыл сызықтан өтіп кететінін ескерткен. Батыстың әскери көмегі артса да, Ресей қару-жарақ қоймаларына шабуыл жасаған жоқ.

АҚШ саясатының өзгеруі туралы сұрақтарға жауап берген Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Мәскеудің бұл жаңалықтан хабары болмағанын, соғыс барысы өзгереді деп ойламайтынын айтты.

— Ресей территориясындағы нысандарға соққы жасау үшін америкалық қару бұрын да қолданылғанын жақсы білеміз, — деді Песков 31 мамырда. — Бізге осыны білу де жеткілікті, бұл АҚШ-тың кикілжіңге қандай деңгейде қатысып отырғанын жақсы көрсетеді.

Украина бірнеше ай бойы 2014 жылы Ресей басып алған Қырымдағы әскери мақсаттарын орындауға тырысты. Ресей әскерінің көп бөлігін, ұшақ, әскери техника, тіпті бұрын Севастопольде болған Қара теңіз флотының кемелерін де Қырымға көшірген.

Сәуірдің соңында Украина Қырымдағы Джанкой аэродромына соққы жасау үшін ATACMS (тактикалық зымыран жүйесі) қаруын қолданды. Киев ATACMS жүйесінің жақын қашықтыққа ұшатын нұсқасын бұрын да пайдаланған. Бірақ Джанкой аэродромына шабуыл кезінде алысқа жететін модельді бірінші рет қолданды. АҚШ бұл қаруды бірнеше ай бұрын құпия жеткізген.

Украина Қырымдағы ресейлік әскери теңіз нысандарына соққы жасау үшін британ-француз өндірісінен шыққан Storm Shadow зымырандарын іске қосты.

Халықаралық қауымдастықтың басым бөлігі сияқты АҚШ та Қырымды Ресей территориясы деп мойындамайды. Сондықтан Украина Қырымдағы нысандарды атқылағанда, шектеу көп болған жоқ. Тіпті мүлде болмады деуге келеді.

Украина әскері бірнеше айдан бері майданда оқ-дәрі жағынан қиындық көріп отыр. Бұған Вашингтондағы саяси пікірталастардың нәтижесінде АҚШ-тан келетін әскери көмектің кешеуілдеуі әсер етті.

10 мамырда Ресейдің ондаған мың жауынгері Харьков қаласының солтүстігіндегі шекарадан өтіп, жаңа шабуыл бастағанда, шайқас бұрынғыдан қыза түсті. Украин командирлері соғыста жүрген тәжірибелі әскерін жедел түрде Харьков маңына жіберуге мәжбүр болды.

— Батыс елдері саясатының өзгеруі Украинаға Ресей әскері, әсіресе Харьков маңындағы Ресей аумағында орналасқан командалық-штаб пунктеріне, артиллерия, логистика, зымыраннан қорғау жүйесі сияқты нысандарға шабуыл жасауға мүмкіндік береді, — дейді Австралия әскерінің отставкадағы генерал-майоры Мик Райан. — Бұл — Ресей күштері соғысқа кіріспей тұрып оларды жоюға көмектесетін жедел соққы түрі. 2024 жылы Украина өз күшін қалпына келтіріп алғанша осындай соққылар керек.

Ресейдің майдандағы жетістіктерін оның әуедегі басымдығымен түсіндіруге болады. Швецияның FOI қорғаныс зерттеулері агенттігінде Ресей әскері бойынша сарапшы болып істейтін Йохан Норберг Мәскеу ұшақтан тасталатын, жойқын күшке ие бомбаларды пайдаланады дейді.

АҚШ-тан шығатын Patriot сияқты әуе қорғаныс күшінің болмауына байланысты, Киев Ресейге тиісті соққы бере алмады.

Енді Батыс қаруымен Ресейдің аэродромдарына соққы беруге мүмкіндік туса, Украина Мәскеудің әуедегі басымдығын шектей алады.

Вовчанскіде Ресей әскерінің соққысынан кейін үйінің жанып жатқанына қарап тұрған тұрғын. Украина, 11 мамыр 2024 жыл.
Вовчанскіде Ресей әскерінің соққысынан кейін үйінің жанып жатқанына қарап тұрған тұрғын. Украина, 11 мамыр 2024 жыл.

— Оларға алысырақ шегінулеріне тура келеді. Бұл Украинаға ұшақтарын жіберуді де қиындатады. Әскери негіздемесі айқын. Командалық пунктілерге немесе логистикалық тораптарға шабуыл сияқты басқа да аргументтер ұсынуға болады. Бірақ авиация Украинаның ең үлкен мәселесі болып отыр, – деді ол Азаттыққа.

Байден әкімшілігінің қару-жарақ қолданысына қатысты саясатын өзгертуіне не себеп болғаны белгісіз. Өткен айда Киевке барған АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Украина күштерінің Ресейге қаншалықты төтеп бере алатынын бағалап қайтқан. Конгресте қос партия өкілдері Ақ үйді Украинаның мүмкіндігін шектеп отыр деп сынады.

Ресей Харьковқа шабуылды үдетті
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:14 0:00

22 мамырда сыртқы істер жөніндегі комитетте өткен өкілдер палатасының тыңдауы кезінде Блинкеннің алдында сөйлеген республикашыл Майкл Маккол Байден әкімшілігін, оның ішінде Ақ үйдің ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшісі Джейк Салливанды шекараның арғы бетінде Ресей әскеріне пана тауып берді деп айыптады.

Батыс қаруын қолдану мәселесінде батылдық таныта алмай келген Германия 31 мамырда АҚШ-тың жаңа саясатымен келісетінін мәлімдеді. Украина Берлиннен Taurus KEPD-350 қанатты зымырандарын жіберуді бірнеше рет сұраған.

Кейінгі екі аптада НАТО елдерінің басым бөлігі Ресей аумағындағы нысандарды жою үшін Батыс қаруын пайдалануды қолдаған.

— Жүздеген километр қашықтыққа жететін қаруға келсек, бізде әлі де оған қатысты күмән-күдіктер бар, — деді Германияның қорғаныс министрі Борис Писториус.

— Қазіргі жағдайымызға қарасақ, зымыран, бронды техника, бәрін жіберіп жатырмыз. Екі жыл бұрын осының бірі де ойда жоқ еді. Бәрі біртіндеп жүзеге асып келе жатыр. Бұл құрбақа салынған қазанның суын біртіндеп қыздыратын амалға салып, Ресейдің қызыл сызығынан өтіп кетпеуге тырысу ма, әлде Батыста шешім қабылдау ұзақ уақыт ала ма, білмедім, — дейді Норберг.

Украина АҚШ пен НАТО-ның рұқсатынсыз-ақ өз технологиясымен Ресейдегі азаматтық немесе әскери нысандарды жойғысы келеді. 27 мамырда Киев Ор қаласына жақын маңдағы “Воронеж-М” радиолокациялық құрылғысына шабуыл жасады.

Кей сарапшылар Киевтің бұл шабуылын құп көрмеді. Олар Украина кикілжіңіне қатысы жоқ әскери нысандарға соққы жасау қауіпті деп есептейді.

XS
SM
MD
LG