Қазақстан журналистер одағы осы жылдың аяғына дейін үкімет ғимаратына кіруіне тыйым салынған астаналық журналист Жания Ұранқаеваға салынған шектеуді сынға алды. Ұйымның 6 қыркүйекте жарияланған мәлімдемесінде "Бұған дейін талқыланған журналистерді аккредиттеу туралы жаңа нормаларға қатысты қауіп ақыры шындыққа айналды. Журналистер кәсіби қызметіне атқару кезінде кедергіге ұшырай бастады" деп жазылған.
6 қыркүйекте Press.kz интернет басылымының тілшісі Жәния Ұранқаеваның үкімет үйіне кіруіне шектеу қойылғаны белгілі болды. Үкіметтің баспасөз қызметі басылым басшылығына мұндай шара қолдануға Ұранқаеваның "нысан ішіндегі режимді және кіру тәртібін" бұзғаны, "бірнеше рет жасалған ескертпелерді елемегені" себеп болды деп түсіндірген.
Ұранқаеваның өзі мұны "цензура" деп есептейді. Ол өзіне қойылған шектеуді бір апта бұрын, 28 тамызда болған оқиғамен байланыстырған. Өткен айдың аяғында үкіметтің баспасөз қызметі журналистердің жұмыс істеу тәртібін өзгертіп, тілшілерді министрлер жүретін үшінші қабаттан төмен түсіріп, онда көтерілуге тыйым салған. Ұранқаева осы күні жоғары көтерілмек болғанда үкіметтің баспасөз қызметі жолын бөгеген, бірақ тілшінің қағаз жүзіндегі негіздемені көрсету өтінішін орындамаған. Бұдан соң Ұранқаева жоғары көтеріліп, дәлізде бірнеше министрден сұхбат алған. Ол "журналистерді төменгі қабатқа түсірудің артында тілшілер министрлерге сұрақ қоймасын деген мақсат тұр" деп біледі.
"Бұл жағдай орынсыз және мемлекет пен қоғам арасындағы толыққанды диалогқа нұқсан келтіреді. Осы жағдайды түсіндіруді және масс-медиа қызметкерлерінің қарсылығына қарамастан қабылданған журналистерді аккредиттеу туралы ереженің күшін жойып, ең алдымен кәсіби журналистік қауымдастықтың мүддесіне сай келетін нормалар әзірлеуді ұсынамыз" деп жазылған Журналистер одағының мәлімдемесінде.
Бұл шектеу Қазақстанның ақпарат министрлігі тамыздың аяғында қабылдаған аккредиттеу туралы жаңа ереже күшіне енген соң қойылып отыр. Құжатта "мемлекеттік органдар өз ғимараты ішінде журналистердің жүріп-тұру тәртібін өзі белгілейді" деп көрсетілген. Үкіметтің баспасөз қызметі журналистердің жұмыс істеу тәртібін осы ережеге сүйеніп өзгерткен.
Журналистер мен медиақауымдастық ақпарат министрлігі қабылдаған ереже "сөз еркіндігін өрескел бұзу" деп дабыл қаққан. Бірақ 2 қыркүйекте ақпарат министр Аида Балаева бұл ережеден "драма жасамауға" шақырды.
Осы оқиғадан кейін әлеуметтік желі қолданушылары мен журналистер ақпарат министрін жаппай тегтеп жатқанымен, Балаева Ұранқаеваға қойылған шектеу туралы әзірше пікір білдірмеді.
ПІКІРЛЕР