Accessibility links

Сайлау қайтсе әділ өтеді?


AzattyqLIVE сарапшысы Айдос Сарым (оң жақта) мен журналист Қасым Аманжол. Алматы, 29 сәуір 2019 жыл.
AzattyqLIVE сарапшысы Айдос Сарым (оң жақта) мен журналист Қасым Аманжол. Алматы, 29 сәуір 2019 жыл.

AzattyqLIVE тікелей эфирінде Қазақстанда биыл 9 маусымда өтетін кезектен тыс президент сайлауын, саяси науқанның әділ өту шарттарын, ұсынылған үміткерлер мүмкіндігі талқыланды. Хабар қонағы - саясаттанушы Айдос Сарым.

Сәуірдің 28-і күні кешке Қазақстандағы кезектен тыс президент сайлауына үміткер ұсыну аяқталды. ОСК мәліметінше, сайлау өтетіні жарияланғалы бері тоғыз үміткер құжаттарын ұсынған, бірақ кейін біреуі құжаттарын қайтарып алған.

Олар: Сәдібек Түгел - "Ұлы дала қырандары" ұйымынан, Қасым-Жомарт Тоқаев – "Нұр Отан" партиясынан, Амангелді Таспихов – Қазақстан кәсіподақтар федерациясынан, Дания Еспаева – "Ақ жол" партиясынан, Төлеутай Рахымбеков – "Ауыл" партиясынан, Жамбыл Ахметбеков – Қазақстан халық коммунистері партиясынан, Әміржан Қосанов - "Ұлт тағдыры" қозғалысынан, Талғат Ерғалиев - "Қазақстанның құрылысшылар одағы" республикалық бірлестігінен (кейін үміткер құжаттарын қайтарып алған), Жұматай Әлиев – "Халық демографиясы" ұйымынан.

Енді президенттіктен үміткерлер сайлаушылардың қолын жинауы тиіс. Орталық сайлау комиссиясының дерегінше, Қазақстанда 11 814 019 азаматтың дауыс беруге құқығы бар.

Заң бойынша, президенттіктен үміткерді сайлаушылардың кемінде бір пайызы қолдауы тиіс, яғни, әр кандидат 118 140 сайлаушыдан қол жинап өткізуі керек. Олардың қол жинауға 11 мамырға дейін уақыты бар. Кандидаттарды тіркеу мамырдың 11-і күні сағат 18:00-ге дейін жалғасады. Кандидатты тіркеу кезеңі аяқталған соң үгіт-насихат кезеңі басталады және сайлауға бір күн қалғанда аяқталады.

Дерек бойынша, сайлау өткізуге бюджеттен 9,4 миллиард теңге бөлінеді. Бұл қаражат республика бойынша ашылатын 10 мыңға жуық сайлау учаскесінің жұмысын ұйымдастыруға жұмсалады. Учаскелерде 70 мыңға жуық адам жұмыс істейді.

Қазақстанды отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев биыл наурыздың 19-ы күні президенттік өкілетін тоқтататынын кенеттен мәлімдеп, сол кезге дейін сенат спикері болған Қасым-Жомарт Тоқаевты орнына уақытша президент етіп қалдырған. Ал сәуірдің 9-ы күні Тоқаев Қазақстанда биыл маусымның 9-ы күні кезектен тыс президент сайлауы өтетінін жариялаған.

Қазақстанда президент сайлаулары 1991, 1999, 2005, 2011 және 2015 жылы өткен. Олардың үшеуі кезектен тыс болды. Барлығында елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев жеңген. Батыс бақылаушылары Қазақстандағы президент сайлауларының ешқайсысын халықаралық стандартқа сәйкес өтті деп таныған жоқ.

  • 16x9 Image

    Қасым АМАНЖОЛ

    Қасым Аманжол – Азаттық радиосының тв-продюсері. 1977 жылы Шығыс Қазақстан облысында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін, Жүргенов атындағы Өнер академиясының кино және телевидение факультетін аяқтаған. 20 жылдан астам Қазақстанның телевизия саласында істеп келеді. Авторлық бағдарламалардың, деректі фильмдердің авторы. «Шынның жүзі» сұхбаттар циклын, «Анық Абай» деректі сериалын, саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы жайлы фильмдерді, 2014 жылы Шығыс Украинадағы соғыс пен Қырым туралы фильмдер түсірген. 2015 жылдан бері Азаттықта тікелей эфирлер жүргізіп, тележобалар жасайды. Телетоптың жұмысына продюсерлік істейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG