Accessibility links

Тәжікстанда электр тапшылығы бизнес пен халықты әбігерге салды


"Отбасым бұл етті бір ай бойы талғажау етер еді. Енді келесі жалақыға дейін бір ай ет жемейміз" дейді жарық сөніп қалғандықтан тоңазытқыштағы тамағы сасып кеткен әйел.
"Отбасым бұл етті бір ай бойы талғажау етер еді. Енді келесі жалақыға дейін бір ай ет жемейміз" дейді жарық сөніп қалғандықтан тоңазытқыштағы тамағы сасып кеткен әйел.

Кейінгі кезде Тәжікстанның көп өңірінде электр тоғы жиі өшіп, шаруалар мен кәсіпорындар жарықсыз қалды. Билік бұған жөндеу жұмыстарын сылтау етеді, бірақ оның қашан бітетінін айтпайды.

"ОТБАСЫМ БІР АЙ ТАЛҒАЖАУ ЕТЕР ЕДІ"

Соғды облысындағы ауылдық ауруханада істейтін Малохатхон Саидмуродова жақында 3 килограмм ет сатып алған. Бірақ адал асы ысырап болды.

– Жексенбіде тамақ істейміз ғой деп, еттің үлкен бөлігін тоңазытқышқа салдым. Қалғанын мұздатқышта сақтадым. Ертеңіне жұмыстан келсем, жарық өшіп қалыпты. Күні бойы тоқ болмаған соң, ет сасып кетіпті, – дейді ол.

Малохатхон етке 275 сомони (25 доллар) жұмсаған. Бұл – ауруханада тазалықшы болып істейтін әйелдің қыркүйекте алған жалақысының үштен бір бөлігіне тең. Осы ақшаны табу үшін Малохатхонға бірнеше күн түнгі ауысымда жұмыс істеуге тура келген. Тәжікстанда көп адамның ет алып жеуге жағдайы жоқ.

– Отбасым бұл етті бір ай бойы талғажау етер еді. Билік жарық болмайды деп ескерткен жоқ. Алдын-ала білсем, етті қуырып қояр едім. Енді келесі жалақыға дейін бір ай ет жемейміз, – дейді Малохатхон.

Кейінгі күндері Тәжікстанның кей өңірінде, оның ішінде Соғды және оңтүстік Хатлон облыстарында, Душанбенің іргесіндегі бірнеше ауданда электр жарығы болмады.

Халық наразылығынан соң, 28 қыркүйекте "Барки Точик" мемлекеттік энергетика компаниясы жарықтың өшуі жөндеу жұмыстарымен байланысты деген мәлімдеме жасады. Алайда билік өкілдері жөндеу жұмыстары қанша уақытқа созылатынын, қай аудандарда қай кезде жарық болмайтынын айтпады.

"ЖАСТЫҢ ДА, КӘРІНІҢ ДЕ ӨМІРІН ҚИЫНДАТТЫ"

Орталық Азиядағы өзендердің жоғарғы жағында орналасқан Тәжікстанда бірнеше қуатты су электр станциясы (СЭС) бар. Солардың бірі – жартылай жұмыс істеп тұрған Рогун СЭС. Халықаралық энергетика агенттігінің дерегінше, Тәжікстан су әлеуеті бойынша әлемде 8-орын алады. Елдің гидроэнергетикалық қуаты 527 терватт-сағатқа тең. Бірақ қазір Тәжікстан өз әлеуетінің небәрі 4 пайызын пайдаланып отыр.

Экономикасы нашар, халқы кедей Тәжікстанда қыс мезгілінде күніне 10 сағат қана жарық беріледі. Билік бұған қыста бөгеттегі су деңгейінің төмендеуін сылтау етеді.

Бұл жолы биліктің ескертусіз жарықты өшіруі қарапайым халық мен кәсіп иелеріне көп шығын келтірген.

Саидназар Әлиевтің Душанбе-Шохамбари тасжолының бойында орналасқан жанармай бекеті бар. Ол 26 қыркүйекте жарық болмай қалғанда жанармай бекетінің жұмысын тоқтатпау үшін генератор пайдаланған.

Тәжікстандық кәсіпкер Саидназар Әлиев
Тәжікстандық кәсіпкер Саидназар Әлиев

Әлиевтің айтуынша, электр генераторы 24 сағатта 15 литр жанармай жейді. Бұл шағын кәсіп иесіне артық шығын. Билік электр жарығы мәселесі қашанға дейін жалғасатынын айтпағандықтан, Әлиев алдағы уақытта шығыны қанша болатынын біле алмай отыр.

– Кеше сағат 22:00-ден таңғы 5:00-ге дейін жарық болмады. Бүгін таңертеңгі 10:00-да тағы да электр қуатынсыз қалдық. Әлі қосылған жоқ, – деді кәсіпкер.

Көрші Тиргарон ауылында жергілікті комитеттің басшысы Хожихолбой Ибрахимов жарықтың өшуі жастың да, кәрінің де өмірін қиындатып жібергенін айтады.

Тиргарон ауылында тұратын Хожихолбой Ибрахимов
Тиргарон ауылында тұратын Хожихолбой Ибрахимов

– Біздің елде жарықтан басқа не бар еді? Енді жарықты да өшіріп тастаңдар, мүлде құралақан қалайық, – дейді қарт ашынып.

Исфара ауданы Ворух ауылында жергілікті халық билік күзгі маусымда әскерге адам жинау үшін жарықты өшіріп, халыққа қысым көрсетіп жатыр деп есептейді. Тәжіктердің көбі әлімжеттік белең алған әскерге барғысы келмейді.

– Қыркүйектің басында шенеуніктер әскерге жасы келетін азаматтар мен олардың ата-анасынан 1 қазанда әскери комиссариатқа барамыз деген қағазға қол қоюды талап еткен. Кей ата-ана бұл талапты орындаудан бас тартқан. Содан кейін олар тұратын аудандарда жарық өшіп қалды, – дейді өзін Мударрис деп таныстырған ауыл тұрғыны.

– Ұлттық әскерде жүрген жігіттерді қолдаймын. Бұл – олардың борышы. Бірақ жарықты өшіріп, бізді жазалаудың керегі не? Әскерге баратын ұлым жоқ. Біздің ауданда жарықты өшіріп тастады. Тоңазытқыштағы тағамның бәрі бұзылып кетті, – дейді Амрибой есімді қария.

Исфара аудандық үкіметінің баспасөз хатшысы Зубайдулло Шомадов ауыл тұрғындарының айыбы негізсіз дейді. Оның сөзінше, Ворух жастары әскерге өз еркімен жазылып жатыр.

2018 жылы Рогун су электр станциясы жартылай іске қосылғаннан кейін Тәжікстанда жұрт электр энергиясы тапшылығы біржола жойылады деп үміт еткен еді.

Станция құрылысы толық аяқталғаннан кейін электр қуаты 3600 Мвт дейін артуы мүмкін. Бұл үш атом электр станциясының қуатымен бірдей. Тәжікстанда бұдан бөлек, Норак, Сангтуда деген шағын су электр станциялары бар.

Азаттықтың Тәжік қызметінің материалдары бойынша әзірлеген – Фарангис Наджибулла.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG