Қамаудағы Михаил Саакашвилиді ақпан айынан бері алғаш рет көрген жұрт, түрмеге түскенге дейін бойы 195 сантиметр, салмағы 116 келі болған саясаткердің әбден жүдеп-жадап, құр сүлдері қалғанын айтып жатыр. Биыл ақпанда Саакашвилидің салмағы 67 келі болып қалыпты деген ақпарат тараған.
Грузияның үшінші президенті дүйсенбідегі сот процесіне Тбилисидегі "Вивамед" ауруханасынан видеобайланыс арқылы қосылды. Сот Саакашвилиді ол билік басында болған 2007 жылғы 7 қарашада бейбіт демонстрацияны күшпен тарату ісі бойынша жауапқа тартып жатыр.
Іс-қимылы мен сөзінен әлсірегені байқалатын Саакашвили сотта Грузияның қазіргі билігін қатты сынға алды. Әсіресе парламент төрағасы Шалва Папуашвилиге шүйлігіп, биліктегі "Грузия арманы" партиясы өзінен, отбасынан, Грузия халқынан, Украинадан, Еуропарламент депутаттарынан кешірім сұрауын талап етті.
"Мені босатуды талап еткені үшін Еуропарламент кешірім сұрасын депті. Парламент төрағасы деп жүрген адамға мынаны айтқым келеді – мені осындай халге жеткізгендеріңіз үшін, грузин мемлекеттігінің негізін салған адамды осындай жағдайға түсіргендеріңіз үшін сіздер Еуропарламент депутаттарынан, менен, отбасымнан, Украина мемлекеті мен барша грузиннен кешірім сұрауға тиіссіздер. Папуашвили, маған мұқият қарап ал", – деді үстіндегі шолақ жейденің етегін түріп, денесін жалаңаштап көрсеткен Саакашвили.
Қабырғалары ырсиып, терісі сүйегіне жабысқан экс-президенттің жағдайы қазіргі билік оның көзін құртуді көксейтіндігіне айқын дәлел дейді Саакашвилидің жақтастары. Ал билік партиясының "Саакашвили өтірік науқас болып көрінеді" деген мәлімдемесін бұрынғы президенттің Грузияның саяси өміріне араласам деген уәдесімен байланыстырады.
Оппозициялық "Бірыңғай ұлттық қозғалыс" партиясының төрағасы Леван Хабеишвили Грузия билігін қамаудағы Саакашвилиге еуропалық дәрігерлерді жолықтырмай отырғаны үшін сынға алды.
"Бүгін Грузия халқы Бидзина Иванишвили террорист Путиннің тапсыруымен қамауда ұстап отырған Грузияның үшінші президентінің жағдайы қандай екенін тағы бір рет көрді. Михаил Саакашвилиге Еуроодақ миссиясын жолықтыруды бірнеше айдан бері талап етіп жүрміз. Польша дәрігерлерін айтамын. Сол бірнеше ай бойы Михаил Саакашвилиді қарап, қажет болса оны емдеу процесіне аралассын деген талабымызға құлақ аспай отыр", – деді Леван Хабеишвили.
Әйткенмен Саакашвилидің мәселесіне келгенде Грузия оппозициясының ішінде өзара сын да бар. "Бірыңғай ұлттық қозғалыс" партиясының бұрынғы төрағасы Ника Мелия экс-президенттің жағдайы шұғыл әрекетті қажет етіп отырған шақта, партияның қазіргі басшылығы популистік риторикадан аса алмай жүр деп есептейді. Мелия бұл туралы Facebook әлеуметтік желісіндегі парағына былай деп жазды:
"Михаил Саакашвилиді азат етудің жалғыз амалы – Бидзина Иванишвилиді жеңу деген сөзімді әлі айтамын, ал бұған жауап ретінде Мишаны дереу түрмеден босату керек дегенді естіп жүрмін. Қазір уақыт аз, санаулы сағат қалды. Осындай мәлімдемелердің салдарынан процесс созылып, партияға жік түсіп, әлсіретті. Іске көшудің орнына олар ("Біріккен ұлттық қозғалыстың" қазіргі басшылығы) парламенттік тізім түзіп, болашақ парламенттен өздеріне орын сайлаумен әуре", – деді Мелия.
КИЕВТІҢ ТБИЛИСИГЕ ТАЛАБЫ
Ресей Саакашвилиді грузин билігінің қолымен өлтіріп жатыр деп жазды Украина президенті Владимир Зеленский дүйсенбіде әлеуметтік желіде.
"Грузия билігін Украина азаматы Михаил Саакашвилиді қажет ем-дом алуы үшін Украинаға беруге тағы да шақырамын. Және әріптестерімізді осы жағдайды бей-жай қалдырмай, шешімін табуға үндеймін. Еуропадағы ешбір мемлекеттің адам өлтіруге құқы жоқ, адам өмірі – еуропалық негізгі құндылық", – деп жазды Зеленский.
Украина президенті елдің сыртқы істер министрлігіне Грузияның Украинадағы елшісін шақыртып, Киевтің түбегейлі наразылығын білдіруді және одан 48 сағаттың ішінде Украинадан аттанып, өз басшылығымен кеңесіп қайтуын сұрауды тапсырғанын хабарлады.
Еуропарламент депутаттары да Саакашвилидің тағдырына бей-жай қалмады. Саясаткер Анна Фотыга Twitter-дегі парағына Михаил Саакашвилидің соттағы суретін жариялап, "шошытады" деген жалғыз ауыз сөз жазған.
Еуропарламенттің тағы бір депутаты Петрас Аустревичус еуропалық дәрігерлердің Саакашвилиге жолығып, денсаулық жағдайын білуіне биліктегі "Грузия арманы" қарсы болып отырғанын айтты.
"Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвили бүгінгі сот отырысында. Еуропа одағының медицина сарапшыларына ауыр науқас бұл адамды тексеруге рұқсат бермей отыр" деп жазды Петрас Аустревичус.
Грузиядағы билік партиясы болса үкімет түрмедегі Михаил Саакашвилидің құқығы бұзылмауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр деп мәлімдеді. Экс-президенттің денсаулық жағдайы өзін емдеп жатқан дәрігерлердің берген кеңесіне құлақ асуына байланысты дейді "Грузия арманы" партиясының өкілдері.
Грузия парламенті төрағасының орынбасары Арчил Талаквадзе билікке айтылған айыптауларды үзділді-кесілді жоққа шығарды.
"Екі негізгі шарт бар: Михаил Саакашвили дәрігерлердің кеңесін бұлжытпай орындап, жасаған ем-домын қабылдап, айтқан тағамын ішуі керек. Бұл екі мәселе бір-бірімен тығыз байланысты. Бірін орындамаса, екіншісінің емі болмайды дейді дәрігерлер. Біз мұнда (Саакашвилидің жағдайынан) қандай әсер алғанымызды айту үшін тұрған жоқпыз. Біз билік өкіліміз және қамаудағы азаматтардың құқығын қорғау – міндетіміз", – деді Грузия парламенті төрағасының орынбасары Арчил Талаквадзе.
3 шілде күні Тбилиси қалалық сотындағы процесте Саакашвилидің адвокаттары 2007 жылғы 7 қарашада наразылық шеруін күшпен таратуға оның кінәлі екеніне айғақ-дәлелдерді қайтадан тексеруді талап етті.
Бұған қоса экс-президентке тағы бірнеше қылмыстық іс бойынша айып тағылған. Олардың арасында шекараны заңсыз кесіп өткен, 9 миллион лари қаржыны талан-таражға салған, "Имеди" жеке меншік телеарнасына қысым жасаған және оның бұрынғы меншік иесі, миллионер (марқұм) Бадри Патаркацишвилидің мүлкін заңсыз тәркілеген деген айыптар бар.
- 2004 - 2013 жылдар аралығында Грузия президенті болған Михаил Саакашвили қызмет өкілеті аяқталғаннан кейін шетелге кеткен. 2015 жылы Украина азаматтығын алған Саакашвили Украинаның Одесса облысын басқарды. Кейін ол қызметтен кетіп, сол кездегі Украина президенті Петр Порошенконың билігін сынап, оппозициялық қозғалыс құратынын жариялады.
- 2021 жылы күзде Грузияға жасырын оралған Саакашвили бірден қамауға алынды. Грузия соты оны ел президенті болған тұста өкілетін асыра пайдаланды деп айыптап, алты жылға соттаған. Саакашвили тағылған айыпты мойындамайтынын мәлімдеп, өзін саяси тұтқын деп атаған. Қамаудағы бұрынғы президент 2022 жылдың мамыр айынан бері түрлі дертіне байланысты Тбилисидің "Вивамед" клиникасында емделіп жатыр.
- "Грузия билігі қастандық жасады" деп есептейтін Михаил Саакашвили өзге елде емделуге жіберуді талап етіп келеді. Билік өкілдері "Саакашвили ауырған кейіп танытып, алдап отыр" дейді.