Accessibility links

Еуроодақ ресейліктерге виза беруге тыйым салу мәселесін қарастырып жатыр


Эстониямен шекарадағы кеден бекетінде тұрған адамдар. Эстония билігі 2022 жылғы 18 тамыздан бастап бұған дейін эстон консул қызметі Шенген визасын берген ресейліктерді елге енгізуді доғаратынын мәлімдеген. Ресей, Ленинград облысы, Ивангород. 18 тамыз 2022 жыл.
Эстониямен шекарадағы кеден бекетінде тұрған адамдар. Эстония билігі 2022 жылғы 18 тамыздан бастап бұған дейін эстон консул қызметі Шенген визасын берген ресейліктерді елге енгізуді доғаратынын мәлімдеген. Ресей, Ленинград облысы, Ивангород. 18 тамыз 2022 жыл.

Еуроодақ елдерінің кейбірінде дау-дамай мен пікірталас өршіп тұр. Олар "Ресей азаматтарына виза беруге тыйым салып, Украинаға басқыншылық жасағаны үшін Кремльді жазалау керек пе?" деген сұраққа жауап іздейді.

Ресейлік Вадим Кобзев Германияға гуманитарлық виза алу оңай болады деп ойлаған.

Вадим Ресейде оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың Ростов қаласындағы үйлестірушісі болып жұмыс істеген. Жылдар бойы қысым мен қудалау көрген соң, биыл сәуірде Грузияға кеткен.

25 жастағы Кобзев Германияның Тбилисидегі елшілігі "Грузия ресейліктер үшін қауіпсіз ел" деген уәжбен виза беруден бас тартқанда таң қалған.

Еуропада депутаттар мен саясаткерлер ресейлік туристерге виза беруді доғарып, Кремльді Украинаға басқыншылық жасағаны үшін жазалау мәселесін көтеріп жүр. Кобзев соған алаңдап отырғанын айтады.

"Соғысты тоқтатуға септігін тигізетін кез келген лайықты шешімді қолдаймын. Бірақ мыңдаған ресейлік белсендінің қамауға алынуы қалай көмектесе алады?" деді ол Азаттыққа.

"Қазір Ресейде қылмыстық қудалауға ұшыраған оппозиция мүшелері үшін бұл азаптаулар мен түрмеден құтылудың бір жолы" деді ол. "Соған қарамастан, Еуропа лидерлері виза берудің гуманитарлық шаралары тоқтатылды дейді. Менің ісімнен бұл бағдарламаның жұмыс істемейтінін көріп отырсыздар".

"Еуроодақ ресейлік туристерге немесе Ресей азаматтарына виза беруге тыйым салып, Кремльді Украинаға басқыншылық жасағаны үшін жазалауы керек пе?". Еуропадағы кейбір елдерде осы мәселе туралы пікірталас қызып тұр. Кобзевтің жағдайы соның бір белгісіндей.

"БҰЛ ДҰРЫС ЕМЕС"

Бұл позицияны Еуроодаққа мүше емес Украина қолдап отыр. Ел президенті Владимир Зеленский тамызда The Washington Post газетіне сұхбат беріп, осындай қадамға шақырды.

"Олар [оны] құрметтеп үйренбейінше, халықаралық шекараны кесіп өту құқығынан айырылуы тиіс" деді 10 тамызда Украина сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба.

Бұл ұсынысты Еуроодаққа мүше Балтық елдері мен Финляндия қолдағандай болды. Ресейге жақын орналасқандықтан, сонымен қатар ірі әуе компанияларының көбі ұшақ қатынасын тоқтатқандықтан, Еуропаға саяхат жасайтын туристердің көбі алдымен осы елдерге барады.

9 тамызда Эстония премьер-министрі ресейліктерге турист визасын беруге тыйым салуға үндеді. Латвия ресейліктерге турист визазсын беруді уақытша тоқтатты. Финляндия сыртқы істер министрі виза беруді 90 пайыз азайтатынын мәлімдеді.

"Ресей Еуропада қатыгез әрі басқыншылық соғыс жүргізіп жатқанда, орыстардың жайбарақат өмір сүріп, Еуропаға саяхаттап, турист болып жүруі дұрыс емес. Бұл дұрыс емес" деді Финляндия премьер-министрі Санна Марин Yle News телеарнасына.

Дания сыртқы істер министрі бірлесіп әрекет етуді қолдайтынын, бірақ жалғыз өзі шешім қабылдауға да дайын екенін мәлімдеді.

"Украина қалаларын адам танымастай етіп бомбалап жатқанда, ресейлік туристердің Еуропаның оңтүстігінде күнге қыздырынып, сән-салтанатпен өмір сүріп жүргенін ұят санаймын" деді Йеппе Кофод Ritzau ақпарат агенттігіне.

Еуроодаққа мүше ірі мемлекеттер, әсіресе, Украинаға басқыншылық жасаған Мәскеуге қарсы қатаң шаралар енгізуге құлықсыз Германия бұл ұсынысты қабылдауға құлшына қоймады. Еуроодақ сыртқы істер министрлері бұл идеяны тамыздың аяғында Прагада өтетін кездесуде талқыламақ.

Пікірталас "Ресейліктер президент Владимир Путиннің, үкімет пен армияның әрекеті үшін қаншалық жауапты?" деген сұраққа байланысты өрбіп отыр.

"Бұл – Путиннің соғысы. Сондықтан виза беруге тыйым салып, қарапайым ресейліктерді жазалау идеясын қабылдау өте қиын" деді Германия канцлері Олаф Шольц Берлинде журналистерге.

Бұл мәселені Шенген жүйесі одан сайын қиындатып отыр. Бұл – Еуроодаққа мүше бір елден виза алып, басқа мемлекеттерге еркін кіруге мүмкіндік беретін виза.

ҚОҚАН-ЛОҚЫ

Мәскеу Еуропа елдерінің виза беруге тыйым салу немесе шектеу мәселесін көтеріп жатқанына ашу танытты.

"Достық пейілі болмағандықтан, бұл елдердің көбі санасынан айырылды. Осылайша сексен жыл бұрын Еуропаның кей елдерінен естіген мәлімдемелерге қайта оралып отырмыз" деді 9 тамызда Кремльдің ресми өкілі Дмитрий Песков ресейлік журналистерге.

18 тамызда Ресейдің бұрынғы президенті Дмитрий Медведев осы ұсыныс туралы жазба жариялап, Еуропаға газ беруді тоқтатамыз деп сес көрсеткендей болды. Ол "Еуропа елдерінің басшылары Ресеймен байланысты үзгісі келгенімен, халық мұны қаламайды" деп жазды.

"Үнсіз қалмаңыздар. Ақымақтарды жауапқа тартыңыздар. Сонда біз сіздерге құлақ асамыз" деп жазды Медведев еуропалықтарға қарата. "Пайдасы анық: қыста газ плита өшіп, суық батареямен жалғыз отырғанша, Ресеймен бірге болу жылы және ыңғайлы ғой".

Бұл пікірталасқа орыс интеллиегенциясы мен Facebook, VK, Telegram желілеріндегі сөзге үйір жұрт та, Ресейде қалғандар мен елден кеткендер де қосыла кетті.

Саяси шолушы, Карнеги қорының сарапшысы Андрей Колесников қарапайым халықтың Еуропада демалуына тыйым салу Путиннің үкіметіне әсер ете қояды деуге келмейді дейді.

"Визаға тыйым салып, ресейліктерді Путинге қарсы қоюға болады деген идея негізсіз" деді ол 12 тамызда жарияланған сөзінде.

"Бұл батысшыл немесе либерал емес адамдарды Путинді одан сайын қолдауға итермелесе, демократиялық ұстанымда режимге қарсы шығып жүргендерді тығырыққа тірейді: бір жағынан оларды Путин күштері қудаласа, екінші жағынан Батыс оларды тағдыр тәлкегіне тастайды" деді ол. "Күштері" деген термин кең мағынада Ресей қауіпсіздік органдарының, әскерилері мен құқық қорғау органдарының жоғары лауазымды тұлғаларына қатысты айтылып отыр.

"Соғысқа қарсы комитет" деп аталатын ұйым да бұл идеяны сынады. Ұйымға ең танымал саяси диссиденттер мен қудалауға ұшыраған эмигранттар кіреді. Олар "Ресей азаматтарының, оның ішінде соғысқа қарсы шығып жүрген, түрмеге қамалуы мүмкін адамдардың виза алуына тыйым салуға шақыру Кремльдің қолайын жағары анық" дейді.

Кремль Ресейді Еуропадан алшақтатып жатыр. Виза алуға тыйым салу туралы айтып, оларға жақсы мүмкіндік беру негізсіз болды дейді саясаттанушы, Мәскеу экономика жоғары мектебінің бұрынғы профессоры, Азаттықтың Орыс қызметінің тұрақты авторы Сергей Медведев.

"Отызыншы жылдардың аяғында ресейліктер Еуропаны өз үйіндей көргенін айтып отырмыз" деп жазды ол Facebook-те. "Орыс еуропалықтар мен Шенген визасының тағдыры туралы жылаудың орнына, литвалықтар сияқты бірігіп, "Байрактар" сатып алған жақсы". Ол Украина қорғанысын күшейтуде маңызды рөл атқарған түрік дрондарын айтып отыр.

Кей ресейліктер Еуроодақ елдерінің ұсынысын қате деп ойлайды. Ресейліктердің ашуы тікелей Кремльге бағытталуы керек деді Альфред Кох. Ол 1990 жылдары Ресей премьер-министрінің орынбасары, Еуропаға хакерлік шабуыл, саботаж жасау және адам өлтіру істеріне қатысы бар деп айтылатын Ресей арнайы қызметінің мүшесі болған.

"Еуропаның басқа амалы жоқ" деп жазды Кох Facebook-те.

"Флоренциядағы Сеньории алаңына немесе Париждегі Орсе музейіне тағы барғыңыз келсе, Украинаның Путин әскерін жеңгенін, Украинада бейбітшілік орнағанын, жерін оккупанттардан азат еткенін бар жан-тәніңізбен тілеңіз" деді қазір Еуропада тұрып жатқан Кох.

Саясаттанушы Александр Кынев Еуроодақтың виза алуға тыйым салу ұсынысы жайлы басқаша пікірде. Ол мұны Балтық елдеріндегі сайлау алдындағы радикал ұлтшылдардың амалы дейді. Оның сөзінше, мұндай тыйым Кремльге пайдаға асып, ресейліктерге Еуропаны жаманатты қылуға септігін тигізеді.

"Мұның ұзақмерзімді жағымсыз геосаяси салдары болады" деді ол the Moscow Times басылымына. "Ресейде өкпе-реніш ұлттық деңгейге жетіп, қоғамның еуропашыл бөлігін күйрете береді".

Латвия астанасы Ригада тұратын әйел Украина шенеуніктерінің Еуроодақты Ресей азаматтарына виза беруді доғару ұсынысын құптайды. Орыс тілін білетін ол мұны "Настоящее время" телеарнасына айтты.

"Орыстар өз дүниетанымын әлемге таңбауы үшін, оларды оқшаулау керек" деді ол. Аты-жөнін атамауды сұраған әйел Украинада өскенін айтады. "Олардың әлемі соншалық жақсы болса, сол жақта өмір сүрсін. Еуропаға ренжудің қажеті жоқ. Бәрі Еуропада білім алып, емделіп, дем алғысы келеді, бірақ Еуропаға ашуланады".

"Бұл жерде ұжымның да жауапкершілігі бар" деді ол.

Саяси белсенді Кобзев Германия елшілігі шешімін өзгертеді деп үміттенеді. Сондай-ақ ол ресейліктердің иммиграциялық құқықтары туралы пікірталастарды да қолдайтынын айтады.

Ол өзін Нобель сыйлығының лауреаты Иван Бунин, классик композитор Сергей Рахманинов секілді адамдармен салыстырады. Олар жиырмасыншы ғасырдың басында азамат соғысы мен большевиктер революциясынан кейін Ресейден көшіп кеткен.

"Бұл адамдар өмірін Еуропада жалғастырып, ғылыми және мәдени жаңалықтар ашты" деді ол Азаттыққа.

Кейінгі кездері елден кеткен ресейліктердің көбі шетелде жүріп саяси қызметін доғарған жоқ дейді ол.

"Олар саяси қызметпен айналысуын жалғастырып жүр. Соғысқа қарсы акцияларға қатысады, Украина босқындары мен еріктілеріне гуманитарлық көмек жинайды" деді ол. "Олар Еуроодақ елдеріне қауіп төндірмейді. Олардың көбі жоғары білім алған белгілі бір сала мамандары. Шет тілдерін біледі, Еуропа мәдениетін ұстанады. Олар оңай кірігіп, пайдасын тигізе алады".

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG