Accessibility links

"Оқ үйге тесіп кірді". Алматыда көшедегі атыстан көп пәтер бүлінді


Тәртіпсіздіктер кезінде өртенген қала әкімдігі ғимаратына Тәуелсіздік ескерткішінің жанынан қарап тұрған адамдар. Алматы, 11 қаңтар 2022 жыл.
Тәртіпсіздіктер кезінде өртенген қала әкімдігі ғимаратына Тәуелсіздік ескерткішінің жанынан қарап тұрған адамдар. Алматы, 11 қаңтар 2022 жыл.

Алматы тұрғындары қаңтардағы дүрбелең кезінде Республика алаңы мен президент резиденциясына жақын маңдағы пәтерлердің көбі бүлінгенін айтты. Кей адамдар өлім аузынан қалған.

Алматыдағы Республика алаңына жақын тұрған бір үйде компьютер қарап отырған ұл бала оқыстан оққа ұша жаздаған: жарқырап ұшатын оқ оның басынан бірнеше сантиметр жерден өте шыққан.

Бұл күш құрылымдарының Республика алаңын демонстранттардан тазартуға кіріскен кезі болатын. Оқ траекториясына қарағанда, оны әлгі үйден 500 метр жердегі президент резиденциясы жақтан атқанға ұқсайды.

Осы оқиғадан кейін Бақтияр Нұрмағамбетовтың ұлы бірнеше күн бойы бөлмесіне кіре алмай, қорқып жүрген.

"Атыс жақыннан естілді. Бөлмесінен атып шыққан ұлым, қаққан қазықтай бір орнында тұрды да қалды. "Не болды?" деп сұрасақ, үндемейді. Бөлмесіне кірген кезде барып оқ тесіп кіргенін көрдік" дейді Бақтияр Нұрмағамбетов.

"Настоящее время" видеосы (орысша)

Көшедегі атыс ошағына жақын орналасқан тағы бір тұрғын үй кешенінде қаңғыған оқ бірнеше пәтерге кірген, әйтеуір абырой болғанда, адамдар аман. Қатты шошыған тұрғындар ортақ чатқа бір-біріне фото жіберіп, мұндай жағдайда қайда хабарлау керегін білмей, есі шығып қалған.

"Үйімізге оқ жауып кетті. Бір ер балконға темекі тартуға шыққанда атыпты, сірә, темекі шоғын көздесе керек. Қысқасы, ол адам оққа ұша жаздады. Кейін ол оқты көрсетіп, "Құдай сақтап, қасымнан өте шықты" деп айтты" дейді Мәдия Төребаева.

Дүрбелең барысында Алматыда барлығы 37 пәтерге нұқсан келген. Қала әкімдігінде өткен аппарат жиынында осындай дерек айтылды.

Кей жағдайда тұрмыс техникасы мен жихазы бүлінген, бірақ адам қазасы туралы әзірге ақпарат жоқ. Билік органдары келген зиянның барлығы жергілікті бюджет есебінен өтеледі деп айтқан.

Сәтбаев көшесіне жетпей, Назарбаев даңғылы бойында көп оқ тиіп, талға соғылып тоқтаған жеңіл автокөлік. Алматы, 7 қаңтар 2022 ж.
Сәтбаев көшесіне жетпей, Назарбаев даңғылы бойында көп оқ тиіп, талға соғылып тоқтаған жеңіл автокөлік. Алматы, 7 қаңтар 2022 ж.

"37 пәтер бойынша қазір жұмыс істеліп жатыр, тиісті мамандар жұмыс көлемін анықтайды. Бұған бірнеше күн кетеді, бірақ әзірге кірісе алмай отырмыз, оны тұрғындарға да, пәтер иелері кооперативіне де айтып ескерттік, себебі алдағы екі күнде жедел тергеу шаралары аяқталуы тиіс. Бірақ біз қосымша жұмыс істей береміз" деді Алматы әкімінің орынбасары Мұхит Әзірбаев.

Бұдан былай 7 қаңтар Нұрмағамбетовтер отбасындағы үлкен ұлдың екінші туған күні іспетті болмақ. Ата-анасы оқыс оқиғадан кейін Алдиярдың бірталай уақыт өз-өзіне келе алмай, төсегін терезеден барынша алысырақ жылжытқаннан кейін ғана жатын бөлмесіне кіруге келіскенін айтады.

Отбасы ең зор нұқсан – жасөспірім ұлдың психикасына түскен жан жарасын емдеп, жазу оңай болмайтынын айтады.

Алматының орталық алаңында жүрген қарулы сарбаздар мен әскери техника. 6 қаңтар 2022 жыл.
Алматының орталық алаңында жүрген қарулы сарбаздар мен әскери техника. 6 қаңтар 2022 жыл.

22 қаңтарда индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі елде қаңтар оқиғасы барысында 351 жылжымайтын нысан, соның ішінде 45 мемлекеттік орган ғимараты мен 306 коммерциялық нысан бүлінген деп хабарлады.

Министр Қайырбек Өскенбаев Алматы мен Шымкент қалаларында, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарында ғимараттар бүлініп, қиратылғанын айтты.

Әкімдіктердің алдын ала есебі бойынша, бүлінген ғимараттың барлығын қалпына келтіру және жөндеу шығыны – 28,8 млрд теңге. Бұған Алматыдағы президент резиденциясы кірмейді, оны президенттің іс басқармасы өз есебінен жөндемек. Ғимаратқа келген нұқсан көлемі әлі анықталып жатыр деп хабарлады министрлік.

Жалпы Қазақстан бойынша, ғимараттарды жөндеу шығынына қоса бүлінген дүние-мүліктің барлығын есептегенде 136,8 млрд теңгенің зияны келген дейді министрлік.

Митингіде сөйлеген кей адамдар "Президент кетсін!", "Парламент тарасын!", "Әділ сайлау өтсін!" деп ұран тастап, халық оларды қызу қолдады. Ақтау, Маңғыстау облысы. 4 қаңтар 2022 ж.
Митингіде сөйлеген кей адамдар "Президент кетсін!", "Парламент тарасын!", "Әділ сайлау өтсін!" деп ұран тастап, халық оларды қызу қолдады. Ақтау, Маңғыстау облысы. 4 қаңтар 2022 ж.

Қаңтардың басында Қазақстанның басым бөлігін қамтыған бейбіт митингіге шыққан азаматтар халықтың әлеуметтік жағдайы нашарлап, қымбатшылық құсқанына наразылық білдірді. Жаппай наразылық акцияларында елде билікті жаңарту, әкімдерді сайлау жүйесін енгізу және әділ сайлау өткізу жайлы талаптар айтылды. Бірнеше қалада белгісіз адамдар әкімшілік және өзге ғимараттарды, автокөліктерді өртеп, қиратқан.

5 қаңтардан бастап билік "деструктивтік күштерді" желеу етіп, халыққа қарсы қару қолдана бастады.

Ресми мәлімет бойынша, қаңтар оқиғасы кезінде кемі 227 адам мерт болған, оның 19-ы – күш құрылымдары өкілдері. Билік қаза тапқандардың бір бөлігі "қарулы бандиттер" мен "террористер" деп мәлімдеді. Қоғам өкілдері бірнеше рет талап еткенімен, үкімет қанша бейбіт адам қаза болғанын айтпай отыр.

Жергілікті және халықаралық құқық қорғаушылар билікті бейбіт шеруге қатысқан, пікірін айту құқығын жүзеге асырғысы келген азаматтарды қудаламауға, оларды дереу босатуға шақырған.

22 қаңтарда Қазақстан бас прокуратурасы қаңтар оқиғасына байланысты 819 қылмыстық іс қозғалып, 970 күдікті қамауға алынғанын хабарлады. Сол күні күш құрылымдары өкілдерімен жиын өткізген президент Тоқаев қаңтар оқиғасында қаза болған әрбір адамның өлімін мұқият зерттеу қажеттігін айтты.

Полиция ауруханадан жаралыларды қалай әкетті?

Полиция ауруханадан жаралыларды қалай әкетті?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:22 0:00

Халықаралық ұйымдар Қазақстан билігінің халыққа күш қолдануын айыпады. Еуропарламент Қазақстанда қаңтарда болған оқиғалар жөнінде қабылдаған қарарында бейбіт наразылықтан кейін өрбіген жаппай зомбылықты айыптап, ресми Нұр-Сұлтанды "терроризм" айыбын оңды-солды тақпауға үндеген. 27 тармақтан тұратын құжатта Қазақстан билігін азаматтар мен қоғамдық ұйымдарды саяси себеппен қудамалауға, адамдардың бейбіт жиналуына кедергі келтірмеуге, жөн-жосықсыз ұстау мен азаптауды доғаруға шақырған. Бұған қоса Еуропарламент депутаттары "2022 жылғы қаңтардағы наразылықтар кезінде адам құқығын өрескел бұзуға жауапты Қазақстанның жоғары лауазымды тұлғаларына жеке санкция салынуы" мүмкін екенін де ескерткен.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі "біржақты сипаттағы" және "объективті емес тұжырымдарға негізделген" құжат деп атады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG