"АТУ ЖАЗАСЫНА ДА КЕЛІСЕМІН"
"Бүкіл ел отыр, тергеу изоляторында орын жоқ", – деді 2024 жылдың ақпанында бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы "пара алуға оқталғаны" үшін соттап жатқан кезде. Бұл экс-министрге тағылған екінші айып, түрмеде отырғанда ол әйелі мен адвокаты арқылы Астанадағы "Дипломат" қонақүйін меншігіне алып қалғысы келген.
2023 жылы Мұхамедиұлы сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін 8 жылға сотталды – мемлекеттік айыптаушы экс-министрдің "Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі" халықаралық көрмесін өткізуге бюджеттен бөлінген жүздеген миллион теңгені жымқырғанын дәлелдеді.
Мұхамедиұлы кінәсін мойындамай, соңғы сөзінде: "Кез-келген жазаға, тіпті ату жазасына да келісемін, тек жемқорлық емес", – деді. Сот үкімімен Мұхамедиұлы 11 жылға бостандығынан айырылды.
Қазақстанның бұрынғы мәдениет министрі кейінгі жылдары сотталған алғашқы шенеунік емес. Елдің бұрынғы күштік құрылым басшыларының барлығы дерлік қазір түрмеде отыр. Олар 2022 жылы, ресми мәлімет бойынша 238 адам қаза тапқан Қаңтар оқиғасынан кейін шетінен ұстала бастаған.
Алдымен қорғаныс министрі Мұрат Бектанов тұтқындалды. Оны қанды Қаңтар оқиғасынан кейін екі апта өткен соң отставкаға жіберіп, бір айдан кейін "әрекетсіздік" бабы бойынша айып тағып, қамауға алды.
Бектанов ісі бойынша сот жабық өтіп, журналистерді де, құқық қорғаушыларды да кіргізбеді. Сот процесі 2023 жылы аяқталды, ол 12 жылға түрмеге қамалды. Сотталушының қарындасы әлеуметтік желілерде туыстары аталған үкімге келіспейтінін мәлімдеді.
"Ол өзіне тағылған айыпқа қатты таңғалды. Оның үстіне алдымен "Әрекетсіздік" бабымен айып тағып, кейін оны "Билігін асыра пайдаланды" деген бапқа ауыстырып жіберген. Сонда қалай, әуелі ол ештеңе істемеген дейді де, одан кейін ойлана келе, бәрін бүлдірген осы деп ұйғарған ба? Мүлдем ақылға сыймайды", – деп жазды Айгүл Бектанова.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов пен оның үш орынбасарының да соты жабық өтті. Мәсімов 20 жылдан астам уақыт Қазақстан үкіметінде жоғары лауазымдар атқарған.
ҰҚК басшысын 2022 жылдың 6 қаңтарында қызметінен алып тастап, 2023 жылдың 24 қаңтарында "мемлекетке опасыздық жасады", "билікті басып алуға оқталды" және "қызмет өкілетін асыра пайдаланды" деп айыптап, 18 жылға қамауға үкім шығарды. Қорғаушылары бұл процестің саяси астары бар деп мәлімдеді. 2023 жылдың шілдесінде Мәсімовті терроризмді қаржыландыруға қатысы бар тұлғалар тізіміне қосты.
"МАҒАН ЖАЛА ЖАПТЫ"
"Түрмедегі үкімет мүшелері" қатарына ІІМ басшысы қосылуы мүмкін. Биыл 30 сәуірде Қазақстанда тағы бір атышулы оқиға болды: бұрынғы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев қамауға алынды. Оны 2022 жылы қызметтен шеттеткен еді. Ал биыл, екі жыл тергеуден соң генерал-лейтенанттың да Қаңтар оқиғасына қатысы бар деген қорытынды шығарыпты.
Сондай-ақ Қаңтар оқиғасынан кейін қызметінен алынған әділет министрі Марат Бекетаев та ұсталды. Ол "мемлекетке аса ірі көлемде шығын келтірді" деген күдікке ілікті. Тергеу нұсқасына сүйенсек, министр үлестес компаниялардың мүддесіне лобби жасап, олармен қажетсіз қызметтер үшін келісім шарт жасасқан.
Индустрия және инфрақұрылымды дамыту вице-министрі Тимур Тоқтабаев та түрмеде отыр. Ол 2023 жылы барлау жұмыстарына қатысты келісімшарт жасасқаны үшін жеті жылға сотталған. Ал, негізі, айыптаушы тараптың айтуынша, пайдалы қазбаларға қатысты келісімшарттар аукционсыз жасалуы керек.
Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов та дәл сондай 7 жыл мерзімге сотталды. 2023 жылы онымен бірге утильалымды бақылаған "Оператор РОП" компаниясының үш жетекшісі де түрмеге жабылды. Олардың бәрін "пайдаға аспай қалған көлік құралдарын утильдеу бойынша үлестес компания қызметтеріне негізсіз ақы төлеу" арқылы ұрлық жасағаны үшін соттады. Пірімқұлов президентке хат жазып, өзіне шығарылған үкімге келіспейтінін айтты.
"Сізден басқа жүгінер ешкімім жоқ, осыған араласуыңызды сұраймын. Өйткені істің саяси астары барын желеу еткен прокуратура мен сот айқын дәлелдерге қарамастан мені 7 жылға бостандығымнан айырды, жала жауып, жемқор деп атады", – деп жазды вице-министр.
"ПРЕЗИДЕНТ САНКЦИЯСЫМЕН"
Жоғары лауазымды шенеуніктерге қатысты қылмыстық істің бәрі президент санкциясымен қозғалады деп есептейді саясаттанушы Димаш Әлжанов.
– Себеп әртүрлі болуы мүмкін. Біреуі президент маңайындағылардың мүдде таласына байланысты қамалса, енді бірінікі – жаза мен интрига нәтижесі, ал үшіншісін сыбайлас жемқорлықпен күресіп жатқанын көрсету үшін қамайды, – дейді Димаш Әлжанов.
Бұған қоса ол мемлекеттік аппаратта саяси амбициясы бар тұлға қалған жоқ, өйткені бірінші дәрежелі басшыларды президент тағайындайтын болған дейді. Бұрынғы сот үкімдерінің ішінде Әкежан Қажыгелдинге, Мұхтар Әблязовқа, Алтынбек Сәрсенбайұлына және Ғалымжан Жақияновқа қатысты сот істерінің саяси астары бар деп есептейді.
– Қазіргілердің деңгейі ресурстар мен бюджет үшін таластан аспайтын болған, – дейді сарапшы.
Нұрсұлтан Назарбаев президент болған кезде үкімнің салмағы сотталушының кім екеніне байланысты болатын. Оларды "біздікі" немесе бөтен деп бөлетін дейді саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедов. Ол "елбасизм" кезеңі аталды.
– "Біздікілер" қылмыс жасаса, жаза жеңілдеу болды немесе тіпті жауапкершілік алып, босап шығатын, – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, президент ауысқаннан кейін үкімдер объективті көрініс ала бастаған.
– Қазір жемқорлықпен күрес жүріп, мемлекет институтына басқаша көзқарас қалыптастаса бастаған, – деп есептейді Нұрмұхамедов.
Қазақстанда 2000 жылдан бастап кем дегенде 51 жоғары лауазымды тұлға сотқа тартылды. Түрме жазасын бәрі бірдей өтеген жоқ. Бостандығы шектелгендер, айыппұл салынғандар, тіпті ақталып шыққандар болды. Сот қылмыс құрамы жоқ деп, энергетика вице-министрлері Ғани Садықовты, Бақытжан Жақсалиевті және Анатолий Шкарупаны (2021 жыл) ақтады. Шкарупа тіпті мемлекетпен соттасып жүріп, 10 млн теңге өндіріп алды.
Бас еркіндігінен айырылған шенеуніктердің көпшілігі түрмеден сот кескен мерзімінен бұрын босап шықты.
Сотталғандардың ішінде екі премьер-министр болды. Біріншісі – Әкежан Қажегелдин (1994-1997), Екіншісі – Серік Ахметов (2012-2014).
Қажыгелдинге 2001 жылы 10 жыл түрме жазасын кесу туралы үкім шығарып, халықаралық іздеу жариялады. Бір жылдан кейін Интерпол бас хатшысының шешімімен үкім туралы барлық ақпарат Интерпол жүйесінен алынып тасталды. Нұрсұлтан Назарбаевтың сыншысы сол күні Еуропарламент сессиясында саяси себептермен қудаланған оппозициялық қайраткерлерге берілетін құрмет белгісі – "Бостандық паспортын" алды. Ол осы "төлқұжаттың" 27-иегері атанды.
Екінші премьер-министр Серік Ахметовтің жағдайы бұған қарама-қайшы. Ол 2015 жылы Қарағанды облысының әкімі болып тұрған кезде сыбайлас жемқорлыққа жол берді деген айыппен 10 жылға бостандығынан айырылды. Дәл сондай айып Қарағанды облысының әкімі Бауыржан Әбдішевке де тағылды, сот оны да кінәлі деп тауып, бес жылға түрмеге жапты. Ахметовке Қарағанды облысындағы индустриалды аймақта нысандар салатын компаниядан 2,5 миллион доллар ақша алды, ұрлық жасады, жұмыс құнын көтерді және басқа да бірқатар қылмыс жасады деген айып тағылды.
Экс-премьер соттағы соңғы сөзінде өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын мәлімдеді, бірақ сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтан кешірім сұрады. Бұл осы уақытта жиі кездесетін жағдай еді.
"Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтан сенімін ақтай алмағаным үшін кешірім сұраймын. Қарағанды облысында осындай ахуал қалыптасқаны, мемлекет басшысының бұл туралы ойлауға және уайымдауға мәжбүр болғаны менің кесірім екенін түсінемін және мойныма моральдық жауапкершілік аламын", – деді Ахметов.
Дегенмен кешірім сұрағаны оған көмектескенге ұқсайды. Ахметов апелляцияға шағым бергеннен кейін үкімі жеңілдеп, жазасы 10 жылдан 8 жылға азайды. 2015 жылғы 11 желтоқсанда сотталған ол 2017 жылдың қыркүйегінде бас еркіндігінен айыру жазасы бостандығын шектеу жазасына ауысып, түрмеден босап шықты. Соның алдында рақымшылыққа ілігіп, жаза мерзімі бір жылға қысқарған еді.
2022 жылы БАҚ-қа берген сұхбатында Ахметов өзін кінәлі санамағанын және санамайтынын, "сот біржақты шешім шығармайды деп үміттенгенін" және неліктен оған "бұлай істегенін" түсінбейтінін айтты.
Айтқандай, ауыл шаруашылығы вице-министрі Мүсілім Өміраевқа да рақымшылық жасалды. Ол 2014 жылы 10 жылға бостандығынан айырылып, 2017 жылы рақымшылыққа ілігіп, үйіне оралды. Оған аса ірі мөлшерде пара алды деген айып тағылған-ды. Өміряев тағылған айыпты мойындамай, куәгерлерге қысым жасалды деп мәлімдеді.
"Әлдекімнің қалауымен немесе әлдебіреудің қысастығы кесірінен өзің істемеген қылмыс үшін жазаға тартылатыныңды түсінгеннен артық өкініш пен азап жоқ екен", – деді вице-министр сотта.
ШЕНЕУНІКТІ ШАРТТЫ ТҮРДЕ МЕРЗІМНЕН БҰРЫН БОСАТУ – КЕҢ ТАРАЛҒАН ТӘЖІРИБЕ
Жоғары биліктегі шенеуніктердің көбі тағайындалған жазасының жартысын өтеп, шартты түрде мерзімінен бұрын босап шығады. Сот кескен он жылдың екі жылын ғана өтеп шыққан бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев пен 14 жылдың 11 жылында түрмеде болып, денсаулығының нашарлауына байланысты босап шыққан "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевтен басқасы.
Жәкішевтің қорғаушысының айтуынша, оның шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шығу туралы өтінішін бірнеше рет қабылдамаған.
Бишімбаев қайта түрмеге түсті. Ол әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген айыппен биыл мамырда 24 жылға түрмеге қамалды. Сот процесін тікелей эфирден барша әлем жұртшылығы көрді.
2012 жылы сотталған кедендік бақылау комитетінің төрағасы және ІІМ бұрынғы басшысы Серік Баймағанбетов тағайындалған он жылдың үш жылын ғана колонияда өтеді. Ол басқармадағы бір лауазым үшін 80 мың доллар пара алған деген айыппен қамалған еді. Босап шығар алдында Баймағанбетов колония қызметкерлері азаптады деп мәлімдеді.
Қазақстан қорғаныс министрлігінің қару-жарақ бас басқармасының бастығы Алмаз Әсенов те сот кескен 11 жыл жаза мерзімінің үш жылын ғана колонияда өткізді. Ол 2013 жылы әскери өнім экспортымен және импортымен айналысатын Украина мемлекеттік әскери компаниясы қызметкерлерінен 200 мың доллар пара алды деген айыппен түрмеге түскен еді.
2020 жылы ҰҚК-нің бұрынғы басшысы Нартай Дүтбаев та шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шықты. Ол 2017 жылы мемлекеттік құпияны жариялағаны және қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін 7,5 жылға бостандығынан айырылған еді, ал 2018 жылы сот "қаржы жымқыру және жылыстату" айыптарымен Дүтбаевтың жаза мерзімін 12 жылға көбейтті. Бірақ бір жылдан кейін кассациялық сот шешімімен жаза мерзімі 11 жылға азайды. Процесс жабық өтті. ҰҚК-нің экс-басшысы өзіне тағылған айыпты мойындамады.
Бұл іспен қатар экс-банкир және оппозиция өкілі Мұхтар Әблязовтің де ісі тыңдалды. Оған Дүтбаев та куәлік етті. Нартай Дүтбаев 2011 жылдан 2006 жылға дейін, яғни оппозициялық саясаткерлер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен Заманбек Нұрқаділов қаза тапқан уақытта қауіпсіздік қызметін басқарқан.
Ресми мәліметтерде Нұрқаділов өз-өзін атып өлтірді десе, Алтынбек Сәрсенбайұлы кісі қолынан қаза тапқаны дәлелденді. Оны өлтіруге тапсырыс бергенін парламент сенаты аппаратының басшысы Ержан Өтембаев өз мойнына алды. Ол 2014 жылы шартты түрде мерзімінен бұрын босап шықты. Өтембаевтың өлтіруге тапсырыс бергеніне сенбеген Алтынбек Сәрсенбайұлының туыстары оның мерзімінен бұрын бостандыққа шыққанына қарсы болды.
"ТҮК ЕТПЕЙДІ, БІР-ЕКІ ҚАМАП БОСАТАДЫ…"
2021 жылы Ақордада өткен жиында президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке сыбайлас жемқорлыққа қарсы алдын-алу жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Сол кезде президент 2020 жылы әртүрлі деңгейдегі 7 әкім мен олардың орынбасарларының, сондай-ақ облыстық басқарма басшысы мен олардың орынбасарларының 14-і қылмыстық жауапқа тартылғанын айтты. Сонымен қатар президент сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет "өзіне жүктелген міндетке сергек қарағаны жөн" деп ескертті.
– Егер мемлекеттік қызметші бюджет қаржысын жымқыруды немесе пара алып баюды көздемей, шешім қабылдау кезінде қателікке жол берген болса, онда ол қылмыстық жауапкершілікке тартылмауы керек. Әйтпесе, мемлекеттік аппараттың берекесін кетіреміз, – деп мәлімдеді Тоқаев.
Бір жылдан кейін осындай жиындардың бірінде Тоқаев сыбайлас жемқорлықпен күрес шараларының "оң нәтиже бергенін, бірақ түбегейлі өзгеріс әкелмегенін" айтты.
– Азаматтарымыз әлі де күнделікті өмірде сыбайлас жемқорлық жағдайларымен бетпе-бет келіп отыр, – деп мәлімдеген Тоқаев сыбайлас жемқорлықпен күрес терең зерттелмей, тек парақорларды пара алу үстінде ұстаумен шектеліп келгенін айтты. Сол жиында президент кеден саласы, құрылыс, білім мен денсаулық сақтау жүйесі сынды салалардағы сыбайлас жемқорлықпен күресуге "баса мән беруді" тапсырған еді.
Сотталған жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлердің ешқайсының іс жүзінде кінәсін мойындамағанын айта кеткен жөн. Сотталғандардың өзі процестің саяси астары бар дегенді айтады.
11 жылға бас еркіндігінен айырылған бұрынғы қорғаныс министрінің орынбасары Қажымұрат Маерманов 12 жылдан кейін "Караван" газетіне берген сұхбатында өзін "әйелі мен қызыңның өміріне қауіп төндіреміз" деп бопсалап, кінәні мойындауға мәжбүрлегенін айтты.
"Ал, Даниал Ахметов [сол кездегі қорғаныс министрі] ҚР ҚМ аппаратының мәжілісінде "түк етпейді, Қажымұрат Нұрғалиұлын бірнеше ай қамап, босатады" деген көрінеді. Содан кейін оны көрген де, ол туралы естіген де жоқпын. Сол кезде мені қорғап, салмақты пікір айтса да болар еді. Бірақ ол ештеңе айтпады. Үнсіз қалды", – дейді Маерманов сұхбатта.
Саясаттанушы Ғазиз Әбішев сыбайлас жемқорлыққа қатысты іс болсын, «саяси астары бар» іс болсын, шенеуніктерге қатысты үкімде сот тәуелсіздігі мәселесін көтереді.
– Соттар мемлекеттік айыптау мен атқарушы биліктен қаншалықты тәуелсіз, саяси қызметкерлерге қатысы бар іске объективті түрде қарап, кез келген күмәнді дәлелдеп, оларға болысуға шамалары жете ме? Саяси аппарат тікелей немесе жанама түрде – үгіт-насихат және бейресми байланыс арқылы – сот жүйесіне қаншалықты ықпал етуі мүмкін? Бұл жерде БАҚ-тың көбі әлдебір процесс туралы хабар таратқанда мемлекеттің ақпараттық тапсырысымен шектелетіні түсінікті. Осындай жағдайда құқық қорғаушылар алдына нақты тапсырма қойылса, істі жіті қадағалап, кез келген немесе әйтеуір бір шенеунікті жауапқа тарта алады, – дейді ол.
Transparency International халықаралық қоры 2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанды жемқорлық белең алған елдердің қатарына жатқызады. Бұл тұста сыбайлас жемқорлықты түсіну индексі бойынша Қазақстан позициясы 180 елдің ішінде 92-орынға көтерілді. 2022 жылы 101-орында болған.
– Қазақстан құқықтық реформалар жүргізу мен ұрланған активтерді қайтару арқылы 39 балмен сыбайлас жемқорлықпен күресте нақты жетістікке жетіп отыр. Алайда сот жүйесі жеткілікті түрде ашық және тәуелсіз болмаған мұндай авторитар режим жағдайында бұл күш-қайрат жоқпен пара-пар. Ықпалды саяси элита тарапынан жасалған тоқтаусыз қысымды қоса алғанда, бұл түгелдей дерлік сыбайлас жемқорлықтың тамыр жаюына қолайлы жағдай тудырып отыр, – деп мәлімдеді қор.
"Қазақстанға даму үшін жан-жақты, ашық және саясаттың қысымынан ада сыбайлас жемқорлыққа қарсы бастама, сондай-ақ ауқымды демократиялық реформалар қажет", – деп қорытындылады Transparency International қоры.
ПІКІРЛЕР