Accessibility links

Бір бала көз жұмып, бірнешеуі ауыр халде жатыр. Қарағандыдағы арнаулы орталықта не болды?


Балалар жаппай уланған арнаулы орталықтың аумағына кіретін қақпа. Қарағанды, 1 тамыз, 2023 жыл.
Балалар жаппай уланған арнаулы орталықтың аумағына кіретін қақпа. Қарағанды, 1 тамыз, 2023 жыл.

Қарағанды облысының балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығындағы 14 бала белгісіз заттан уланып қалды. Бір бала көз жұмды, алтауы жансақтау бөліміне жатқызылды. Тағы екі бала зардап шеккені 1 тамызда мәлім болды. Азаттық тілшісі балалардың ата-аналарымен сөйлесті. Орталық өкілдері ештеңе айтпай отыр.

– Басшылыққа кіргізіңіз! Сіздердің салғырттығыңыздың кесірінен балам қазір ауруханада жатыр. Бізді ішке қарай өткізіңіз, мән-жайды анықтағымыз келеді, – деді ашулы әйел арнайы орталыққа кіреберіс есікте тұрған адамға.

– Неге есікті жауып тастадыңыз? – екінші әйел де наразылық білдірді.

– Бұл жабық мекеме, – деп есік көзінде тұрғандар қысқа жауап қатты.

Қарағанды облысының балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының аумағы биік дуалмен қоршалған, кіреберісіндегі үлкен темір қақпаның жанында ішке кіріп-шыққандарды өткізетін орын бар. Ол жердегі күзетшілер мекеменің аумағына балалардың ата-аналарын да, журналистерді де кіргізбей тұр. Сыртта тұрған адамдарға іш жақтан ешкім шықпады.

Бір кезде қақпа алдына екі автокөлік келіп тоқтады. Бірінен түскен әйел адам күзетшілерге: "Тексерушілер келді. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл. Есікті ашыңыз" деді өктемдеу сөйлеп.

Тексерушілер мінген жеңіл көліктер Қарағанды облысының балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы аумағына кіріп бара жатыр. 1 тамыз, 2023 жыл.
Тексерушілер мінген жеңіл көліктер Қарағанды облысының балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы аумағына кіріп бара жатыр. 1 тамыз, 2023 жыл.

Қақпа ашылып, жаңағы келген көліктер мекеменің ішкі жағына кідірместен кіріп кетті. Іле-шала темір қақпа қайта жабылып, жаяу адам өтетін орын да есігін тарс жауып алды.

Сырттан келген адамдарды жолатпай қойған бұл мекеме қазір мұқым Қазақстанға атышулы болып отыр – ондағы балалар жаппай уланып, біреуі бақилық болған.

Қазірге дейінгі ақпаратқа сүйенсек, барлығы 14 бала зардап шеккен, алтауының жағдайы ауыр, біреуі көз жұмған. Кейінірек Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният балада "улану" мен "тынысы тарылу" белгілері болғанын айтты.

Зардап шеккендер – 11 мен 18 жас аралағындағы балалар. Олардың алтауы – жетім балалар, төрт баладан ата-анасы бас тартқан, төрт баланың үй-іші бар. Көз жұмған 13 жасар ерекше баланың да отбасы бар.

Азаттық тілшісін арнаулы орталық аумағына кіргізбей қойды, журналиспен сөйлесуге мекемеден ешкім шықпады. 1 тамыз, 2023 жыл.
Азаттық тілшісін арнаулы орталық аумағына кіргізбей қойды, журналиспен сөйлесуге мекемеден ешкім шықпады. 1 тамыз, 2023 жыл.

АРНАУЛЫ ОРТАЛЫҚ ПЕН ОНДАҒЫ БАЛАЛАР

Қарағанды облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасына қарасты арнаулы орталық Қарағанды қаласының шеткері ауданы Майқұдықта, жеке меншік үйлерге жапсарлас орналасқан. Мекемедегі балалардың көбі сол жерде тұрады. Бұрын ол балаларға арналған психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекеме деп аталатын.

Осы мекемедегі екі ұл бала 30 шілде күні кешке ауруханаға түскен. Содан кейінгі үш күнде әлденеден уланған балалар көбейе берген. 31 шілде күні ауруханаға тағы 10 бала түскен. Олардың бәрі бір топтан. 1 тамыз күні басқа топтағы екі бала іші ауырғанын айтқан.

Дәрігерлер алты баланың жағдайы өте ауыр екенін, олар жансақтау бөліміне жатқызылып, өкпені желдету аппаратына қосылғанын хабарлады.

– Вирус пен бактериялар әлде басқа бірдеңелер жұққан-жұқпағанын анықтау үшін зерттеуге қажет барлық биологиялық сұйық заттар алынды. Тексеру жүргізіліп жатыр, не болғаны соның қорытындысы бойынша айқындалады. 10 мен 15 жас аралығындағы бес науқастың жағдайы орташа ауыр дәрежеде, – деді облыстық клиникалық аурухананың жұқпалы аурулар орталығының жетекшісі Ержан Жүнісов.

Денсаулық сақтау министрінің орынбасары, бас санитар дәрігер Айжан Есмағамбетова балалардың неден уланғаны әзірге белгісіз екенін айтты.

1 тамызда Қарағанды облысына Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният келді. Ол жергілікті билік ұйымдастырған жарты сағаттық баспасөз брифингіне қатысты.

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният (оң жақтан төртінші) Қарағандыдағы арнаулы орталықта балалардың жаппай улануына байланысты баспасөз брифингін өткізіп отыр. Қарағанды, 1 тамыз, 2023 жыл.
Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният (оң жақтан төртінші) Қарағандыдағы арнаулы орталықта балалардың жаппай улануына байланысты баспасөз брифингін өткізіп отыр. Қарағанды, 1 тамыз, 2023 жыл.

Министр зардап шеккен бес баланың ем қабылдағаннан кейін жағдайы жақсара бастағанын, балалардағы улану белгісі ішек ауруына "ұқсамайтынын" айтты.

– Балалардың дерті интоксикация және тынысы тарылуымен ауыр болып тұр. Неліктен және не себепті осындай ауыр күйге түскенін дәрігерлер анықтап жатыр. Алдын ала анализ қорытындылары ішек жұқпалы ауруы жоғын көрсетті. Қазір [аурудың] себебін анықтайтын талдау қорытындысын күтіп отырмыз. Егер республика тарапынан көмек қажет болса, біз барлығын ұйымдастырамыз, – деді Ажар Ғиният.

"Улану себебі әзірге анықталмағандықтан" мекемеде карантин жариялау қажет емес деп ұйғарылғанын хабарлады билік өкілдері сейсенбіде Қарағанды өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде. Зардап шеккен балалар болған топта ғана шектеулер енгізілген. Кілең ұлдан тұратын ол топта қазір 20 шақты бала қалған. Ал мекемеде барлығы 160 бала бар, олардың жартысынан астамы – ұлдар.

Брифингіде Қарағанды облысының балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Айман Жағыпарова 24 шілдеден бері еңбек демалысында екені, оның міндетін атқарушы мен 12 қызметкер жаппай улану оқиғасының жай-жапсары анықталғанға дейін жұмыстан уақытша шеттетілгені айтылды. Орталыққа басқа қызметкерлер жұмысқа жіберілген.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев "бұл төтенше оқиға із-түссіз қалмайды" деп мәлімдеді.

– Кінәлілер заң бойынша қатаң жазаланады. Бізге қазір бәрінен бұрын балалардың өмірін сақтап қалу керек. Кеше сол жаққа бардым, полиция департаментінің бастығына өзім қоңырау шалып, қылмыстық іс қозғау туралы айттым. Қазір толық түсінгеннен кейін, БАҚ-қа тиісті ақпаратты бердік, – деді облыс әкімі.

Азаттық тілшісі бұрын балалары осы орталықта болған кейбір ата-анамен сөйлесті. Өз аты-жөні аталғанын қаламаған олар өздері куә болған жайттар жөнінде айтып берді. Бұрын осы мекемеге балаларын берген әйел орталықтағы жағдай өзіне ұнамай, екі аптадан соң балаларын ол жерден шығарып алыпты.

– Балаларым ол жаққа бармаймыз деп азар да безер болып жылайтын. Әуелде үйренгенше сөйтер деп ойлағам. Бірақ бірде орталыққа ерте уақытта салып жетіп бардым, өйткені олар үнемі үйге жаялығы толып келетін. Барсам, балалар арбада қолы байланған күйі отыр. Жалғыз менің емес, басқа балалар да солай. Неліктен деп сұрасам, балалар агрессия танытады, бір-бірін тістеп, ұрады деді. Соған дейін денесінде тістеген із қалғанын бірнеше рет байқағам. Менің балаларымның ақыл-есі бар, олар агрессия танытпайды, барлығын ұғып-түсінеді. Неліктен оларға осылай жасадыңдар деп сұрап едім, жауап бере алмады. Сондықтан заттарын жинап, балаларымды ол жерден алып кеттім, – деді аты-жөнін атамауды өтінген әйел Азаттыққа.

Ата-аналар орталықта балалар дезинфекциялық сұйық зат қосылған судан уланған болуы мүмкін деп топшылайды. Бұған дейін, шілде айында Қарағандыдағы бір балабақшада сондай оқиға болған: ыдыстың татын кетіретін сұйық зат құйылған шәйнектегі судан бүлдіршін уланып қалған.

Мұндай болжам 1 тамызда Қарағандыда өткен брифинг кезінде айтылды.

"Уланудың барлық себебі қарастырылады" деді министр Ғиният. Оның сөзінше, сараптама екі аптадан бір айға дейін созылуы мүмкін.

1 тамызда бас прокуратура "Ауыр салдарға әкеп соққан санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын мәлімдеді.

Прокуратура дерегінше, Қазақстанда балаларға, соның ішінде жетімдерге және мүгедектігі бар балаларға медициналық-әлеуметтік көмек көрсететін 84 мекеме бар. Бас прокуратура елдегі осындай мекемелерді "кешенді тексеру" ұйымдастырылатынын хабарлады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG