Accessibility links

"Өлі-тірісін білмейміз". Наразылықтан соң із-түзсіз жоғалғандарды іздеп жатыр


Наразылық кезінде бүлінген терезені суретке түсіріп тұрған жігіт. Алматы, 5 қаңтар 2022 ж.
Наразылық кезінде бүлінген терезені суретке түсіріп тұрған жігіт. Алматы, 5 қаңтар 2022 ж.

Қазақстан билігі қаңтар оқиғаларынан кейін елдегі мәйітханаларға өлген 225 адам жеткізілгенін хабарлады. Марқұмдардың аты-жөні жарияланған жоқ. Көп азамат әлі күнге жаппай наразылықтан кейін жоғалып кеткен туыс-жақынын таба алмай жүр.

ЖАҚЫНЫН ІЗДЕГЕНДЕР

"Анам Бибігүл Қоқанбекова 5 қаңтарда [Семей қаласындағы] митингіге кеткен. Өзі белсенді еді. Әлі күнге анамнан хабар ала алмай отырмыз. 102, 1424 желілеріне, полиция бөлімшелеріне хабарласып көрдік. Әр күні әртүрлі ақпарат береді. Біресе ұсталды, біресе босатылды дегенді айтады. Ертеңіне "анаңыз жоқ" дейді. Семей қаласының прокуратурасына арыз жаздым, әлі жауап жоқ".

Бұл хабарламаны Азаттыққа 14 қаңтарда Саяжан есімді қыз жіберді. Семейлік бойжеткен 10 күн бойы анасының қайда жүргенін, өлі я тірі екенін біле алмай отыр.

– Өлі-тірісін білмеймін. Митингте болған куәгерлердің айтуынша, полиция не арнаулы жасақтың бірі анамның басын жарған. Сіздерден көмек сұраймын. Қайда барарымды білмеймін. Ешкім жауап бермейді, – дейді шарасыздықтан қажыған Саяжан.

4 қаңтарда Қызылорда облысында түсірілген видеода жасыл күртеше киген ересек адамның әкімшілік ғимараты алдындағы шағын акцияға келген прокуратура қызметкеріне бірнәрсе түсіндіріп тұрғаны көрінеді.

– Әкем "Бұл – бейбіт митинг, одан ешкімге қауіп жоқ" деп түсіндіріп тұр. 5 қаңтарда әкемді көз алдымда алып кетті. Қармақшы ауданында тұрамыз. Әкемді ауылдан облыс орталығы Қызылорда қаласына апарған. Үйіміздің алдында біраз уақыттан бері полиция жүрді. Олар митинг болған сайын үйге келіп, қарауылдап жүруді әдетке айналдырған. Содан бері әкеммен байланыс үзілді. 5 қаңтарда қалада тәртіпсіздіктер болды, 6-на әкем хабарласпады, 7 күні Қызылордаға бардым. Полиция ешқандай ақпарат бермеді, – дейді наразылық акциясына қатысқан белсендінің баласы Артур.

Айтбай Әлиев. 2022 жылғы 4 қаңтарда түсірілген видеодан скриншот
Айтбай Әлиев. 2022 жылғы 4 қаңтарда түсірілген видеодан скриншот

Аудандық белсенді Айтбай Әлиевті іздестіру жұмыстары бірнеше күнге жалғасып, жексенбі күні аяқталған. Белсендінің денесі мәйітханадан табылған.

– Дәрігерлер қарсыласпай, кіргізді. Денесін көрдім, басында үлкен жарақаты бар екен. Әкем полициядан осындай күйде жансақтау бөліміне түскен, кейін мәйітханаға жеткізген. Әкем билікке қарсы болғанымен, бейбіт адам еді. Өмірінде қолына таяқ ұстап көрген емес! Үйі, немерелері бар қарапайым адам болатын, шаруашылықпен айналысатын, әділдікті жақтайтын, – дейді Артур.

Артур басқа жүздеген қазақстандық сияқты әкесін өз бетінше іздеген. 15 қаңтарда билік бірінші рет қаңтар оқиғасы салдарынан қаза тапқан бейбіт тұрғындар туралы ақпарат берген: бас прокуратура елде болған тәртіпсіздіктер кезінде мәйітханаларға өлген 225 адам жеткізілгенін мәлімдеген. Бірақ мемлекеттік органдар жоғалған, ұсталған, өлтірілген азаматтардың тізімін жариялаған жоқ.

– Ол 6 қаңтардан бастап мәйітханада жатқан. Бірақ полициядан бір де бір адам хабарласып айтқан жоқ. Полицейлер "сараптама жүргіземіз" деп, әлі күнге әкемнің күртешесі мен етігін бермей отыр. Киімі полиция бөлімшесінде жатыр, – дейді Артур.

13 қаңтарда 62 жастағы Айтбайдың аты-жөні қаңтар наразылығын күштеп басу кезінде қайтыс болған бейбіт тұрғындар тізіміне енген. Алматылық құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина дайындаған құжатта қаңтардың бесі мен он бірі аралығында Алматы және өзге де қалаларда қаза тапқан ондаған азаматтың аты-жөні бар.

ЖОҒАЛҒАН, ҰСТАЛҒАН ЖӘНЕ ӨЛТІРІЛГЕН АЗАМАТТАР ТІЗІМІ

"Ар.Рух.Хақ" үкіметтік емес ұйымының басшысы Бақытжан Төреғожина қаңтарда елде болған тәртіпсіздіктер кезінде жоғалған, ұсталған, өлтірілген азаматтардың тізімін 12 қаңтарда жасай бастаған. Еріктілер жасаған платформадағы тізім күн сайын толығып жатыр. Қазір тізімде 500 адамның аты-жөні бар. Ондаған адамның жанына "із-түзсіз жоғалған" деп жазылған.

Ар.Рух.Хақ" қоғамдық қорының жетекшісі, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина.
Ар.Рух.Хақ" қоғамдық қорының жетекшісі, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина.

– Полицияда жатқан азаматтардың тізімі жарияланған жоқ, тек саны ғана айтылды. Көбіне ұсталған азаматтардың туыстары олардың тергеу изоляторында жатқанын білмейді. Қамауда отырған азаматтар туралы деректі таныс арқылы ғана білуге болады. Мәйітханада жатқандар да жоғалғандар санатына жатады. Көбі жақынын іздеп, мәйітхана аралап жүр. Алматыда жағдай қиын. Ұсталған, жоғалған азаматтар көп. Куәгерлердің айтуынша, мәйітханаларда орын жоқ, – дейді Бақытжан Төреғожина.

Қазір құқық қорғаушы күш құрылымдарынан ақпарат беруді талап етіп, хат жолдап жатыр.

"Енді қайдан іздеймін?" Дүрбелең кезінде қаза болғандар дерегі әлі жарияланбады

"Енді қайдан іздеймін?" Дүрбелең кезінде қаза болғандар дерегі әлі жарияланбады
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:20 0:00

Үкіметпен байланысы бар BTS Digital компаниясы да жоғалған азаматтар туралы ақпарат жинауға кіріскен. Олар деректерді Aitu қосымшасы арқылы алады. Қосымшаға түскен өтініштер автоматты түрде 1414 колл-орталығы қызметкеріне кетеді.

Алматылық белсенді Александра Ушакованың айтуынша, жоғалғандар туралы ресми ақпарат болмағандықтан, жақынын іздегендер мәйітхана аралауға мәжбүр болып отыр.

– Кей азаматтарға мемлекеттік органдардан туысының денесін алып кету керегі жөнінде хабарлама келеді. Бірақ көбі өз бетінше іздеп жатыр. Қаладағы мәйітханаларда оқ тиіп, мерт болған адамдар көп кездеседі. Оларды кім өлтіргенін анықтау мүмкін емес, – дейді ол.

Қазір белсенді жаппай тәртіпсіздіктер кезінде жоғалған азаматтардың аты-жөні қамтылған үш қоғамдық тізімнің бірін жүргізеді. Онда іздеудегі азаматтың аты-жөні мен оның жоғалуына қатысты ақпарат беріледі. Мысалы, "көшеге шығып кетіп, қайта оралған жоқ" деп жазылады. Кей адамдардың тұсына кейінірек "табылды", "өлтірілген" деген белгілер қойылады.

– 7-9 қаңтар аралығында комендант сағаты жарияланғаннан кейін түнде көшеде оқ дауысы тыншыған жоқ. Әскерилерге ескертусіз оқ атуға бұйрық берілді. Кешке комендант сағаты кезінде олар туысының үйінен қайтып келе жатқан, дәріханаға шыққан, дүкеннен үйіне қарай жүгірген адамның бәріне оқ ата берген. Арасында шын содырлар мен мародерлар да болды, атыс кезінде олардың әскерилерге қарсы оқ атқаны естілді. Бірақ негізсіз оққа ұшқан бейбіт тұрғын да көп. Болашақта осындай әр жағдайды жіті тексеруден өткізу керек, – дейді құқық қорғаушы, "Либерти" қоғамдық қорының президенті Ғалым Ағелеуов.

Құқық қорғаушы Ағелеуов азаматтарға негізсіз оқ ату фактісін анықтаудың қиындығын түсіндіру үшін ақпарат құралдарында жарияланған мына бір оқиғаны мысалға келтірді: 5 қаңтарда Алматыда 12 жастағы жасөспірім кешкісін анасымен бірге дүкенге шыққан. Ол оқ дауысын жаңажылдық отшашу деп ойлап, видеоға түсірмек болған. Телефонындағы жарықты қоса бергенде, снайпер баланы қақ желкеден атып түсірген. Кішкентай бала сол жерде мерт болған.

– Полиция "Бала түнгі 11-ден кейін далада жүрді, яғни комендант сағаты кезінде әскерилерде оқ атуға негіз болды" дейді. Бірақ жас баланың кешкі сағат 8-де қаза тапқанын, ол кезде комендант сағаты әлі басталмағанын білеміз, – дейді Ағелеуов.

"86 жылы алаңнан тірі қайтып еді..." Оққа ұшып, өртеніп қаза болған желтоқсаншылар

"86 жылы алаңнан тірі қайтып еді..." Оққа ұшып, өртеніп қаза болған желтоқсаншылар
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:39 0:00

Александра Ушакованың тізімінде бір адамдар туралы екі-үш ауыз сөз ғана жазылса, кей азаматтардың хикаясы толық баяндалған:

"Әзиз Мұсаев, Қырғызстан азаматы, 6 қаңтарда Алматыдағы Республика алаңының маңында әпкесінің үйінен қайтып келе жатқан кезінде көз жұмған. Оны жаралы адамға көмектесуге тырысқаны үшін белгісіз адамдар атып кеткен".

"The Village Казахстан" басылымының редакциясы да осындай тізім жүргізіп жатыр. Мұнда ақпарат көп, тізімге қаңтардың төрті мен бесінде митингіге қатысқан немесе бейбіт жиын өткен аумақта жүрген, Алматының орталығын "террористерден тазарту" операциясына ілігіп кеткен немесе содан кейін жоғалған азаматтардың аты-жөні қосылған.

Бірнеше жазбаны мысалға келтірейік:

"Оспан Азат Қайратұлы, 1992 жылы туған, соңғы рет 5 қаңтарда кешкі сағат 5-тер шамасында Алматыдағы Республика алаңының маңында болған, содан бері байланысқа шықпаған".

"Никифоров Семен Николаевич, 32 жаста, 7 қаңтарда жұмыстан шығып, жоғалып кеткен. Бойы 180 сантиметр, арық денелі, қой көзді, шашы қою сары түсті, оң иығында "XXL" деген тату, денесінде соқырішек отасынан қалған тыртық бар". Күнделікті өмірде түкке қажеті жоқ тыртық осындайда адамды көптің арасынан ерекшелейтін белгіге айналып шыға келеді.

"Ибраев Шорағазы Төребекұлы, 58 жаста, 5 қаңтарда митингіге барған. Иығына резеңке оқ тиіп, ауруханаға түсіп, сол жақтан жоғалып кеткен".

"Әділбеков Саят Әділбекұлы, 31 жаста, 5 қаңтарда дәріханаға шығып, жараланып, 7 қалалық ауруханаға түскен. 8 қаңтарда құқық қорғау қызметкерлері ауруханадан алып кеткен".

"Қаза болғандардың тізімін жариялаңыздар". Құқық қорғаушы Тоқаевқа қайырылды

"Қаза болғандардың тізімін жариялаңыздар". Құқық қорғаушы Тоқаевқа қайырылды
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:15 0:00

Құқық қорғаушылардың айтуынша, күш құрылымдарының өкілдері наразылық басылғаннан кейін оқ жарақатымен түскен азаматтарды белгісіз жаққа алып кеткен. Олар да жоғалғандар тізіміне кіреді.

– Полиция ауруханаларды аралап, оқ тиген науқастарды, бірінші кезекте, қаңтардың жетісіне қараған түні, яғни, Республика алаңындағы наразылар күштеп таратылғаннан кейін және "террористердің көзін жою операциясы" кезінде жарақатпен түскен азаматтарды ұрлап әкете бастаған, – дейді Ғалым Ағелеуов.

Бұл сөзге Александра Ушакова да қосылады.

"Осындай отыз адамды ауруханадан алып кеткенін білемін, олардың қайда екені белгісіз" дейді ол.

– Ұсталған азаматтарды аяусыз ұрып-соғады. Біразы соққыдан өліп кететін шығар. Олардың қатарында дүкен тонап жатып қолға түскен бұзақылар немесе арандатушылықпен айналысқан жастар да бар. Ұсталғандардың көбі – бейбіт демонстранттар, әскерилердің түнгі операциясы мен атыс құрбандары, әдейі көздеп атылған немесе қаңғыған оқтан қаза тапқан азаматтар. Он жыл бұрын Жаңаөзенде болған жағдай қайталанып, билік митингіге шыққан азаматтардың бәрін бұзақы етіп көрсетуге тырысып жатыр. Биліктің бейбіт тұрғын, арандатушы мен мародердің ара-жігін ажыратуға тырыспай, бәрін бірдей жазалауға кіріскені қынжылтады, – дейді Ғалым Ағелеуов.

АҚПАРАТТЫҚ ВАКУУМ

Көп өңірде полиция төтенше жағдай режимін сылтауратып, журналистерге жекелеген азаматтардың ұсталуы жөнінде ақпарат бермей отыр.

Алматылық құқық қорғаушы, адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюроның директоры Евгений Жовтис полицияның ақпарат бермеуіне бірнеше себеп бар деп есептейді. Біріншіден, полицейлер ызалы ("полиция біраз қызметкерінен айырылды, қазір олар адамдарға жау көргендей қарайды"); екіншіден, мәйттің түр-тұлғасын анықтау процесі ұзаққа созылуы мүмкін; үшіншіден, уақытша ұстау мекемелерінде заңбұзушылықтарға жол беріліп жатқан болуы мүмкін.

– Осындай қайғылы оқиғалардан кейін ұсталған азаматтарды ұрып-соғып, азаптап ақпарат алуға тырысып жатқан шығар деп қорқамын. Қырғызстаннан келген музыканттың хикаясы да осыны дәлелдейді: полиция шетелдік азаматтың құқығын бұзып, істемеген ісін мойындатқан. Сондықтан қазір қамауда отырған азаматтардан ақпарат алуға немесе оларды қағаздарға қол қоюға мәжбүрлеп жатқан болуы мүмкін. Сондықтан ақпарат бермей отыр, – дейді Жовтис.

Бақытжан Төреғожинаның айтуынша, полиция ақпарат бермеу себебін төтенше жағдай режимімен түсіндіреді.

"Олар ұсталған азаматтардың туыстары мен адвокаттарына жауап бермеуге құқылымыз деп ойлайды" дейді Төреғожина.

Евгений Жовтис ұсталған азаматтардың туыстарына ақпарат бермеу заңсыз екенін айтады. "Төтенше жағдай режимі полицияны азаматтардың процессуалды құқықтарын сақтау міндетінен айырмайды" дейді Жовтис.

14 қаңтарда құқық қорғаушылар президентке, омбудсмен мен бас прокуратураға хат жолдап, күш құрылымдарының ұсталған, жоғалған азаматтар туралы ақпарат бермей отырғанын жазған. Хатқа қол қойғандардың бірі Евгений Жовтис әріптестерімен бірге ұсталған және қаза тапқан азаматтар туралы ақпараттың ашық болуын талап етіп жатыр.

Мақаланы дайындағанда "Сибирь.Реалии" жобасының материалдары пайдаланылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG