Accessibility links

Билік ауруханадағы Арон Атабектің жағдайын айтпай отыр


15 жыл қамауда отырған диссидент ақын Арон Атабектің қазіргі бейнесі. Павлодар, 18 тамыз 2021 жыл.
15 жыл қамауда отырған диссидент ақын Арон Атабектің қазіргі бейнесі. Павлодар, 18 тамыз 2021 жыл.

Түрмеде отырғанына 15 жылдан асқан диссидент Арон Атабектің Павлодар ауруханасында жатқанын құқық қорғаушылар хабарлады. Тұтқынның хал-жағдайын аурухана әкімшілігі де, қылмыстық атқару комитеті де айтпай отыр. 68 жастағы дімкәс ақынды босатуды сұраған 2,5 мыңнан астам адам қол қойған хат жуырда Қазақстан президентіне жолданған. Әзірге жауап жоқ.

"АУРУХАНАҒА ЖАТҚЫЗЫЛҒАНЫН КЕЗДЕЙСОҚ ЕСТІДІМ"

Павлодарлық құқық қорғаушы Елена Семенова тұтқын Арон Едігеевтің (Атабек – әдеби лақап есімі) бір жұмадай уақыттан бері қаладағы №1 ауруханада жатқанын 27 қыркүйекте түрмеге хабарласқан кезде бір-ақ білгенін айтады.

2006 жылы Алматыда болған "Шаңырақ оқиғасынан" кейін "тәртіпсіздікті ұйымдастырушы" деген айыппен 18 жылға сотталған Атабек 2014 жылдың сәуірінен бері Павлодар облысындағы АП-162/1 мекемесінде жалғыз кісілік камерада отыр. Семенова тұтқынның хал-жағдайын жиі біліп тұрады. Бұған дейін онымен түрмеде бірнеше рет кездескен.

Павлодар түрмесінде отырған ақын, диссидент Арон Атабек (оң жақта) және онымен кездесуге барған құқық қорғаушы Елена Семенова. 26 шілде 2019 жыл.
Павлодар түрмесінде отырған ақын, диссидент Арон Атабек (оң жақта) және онымен кездесуге барған құқық қорғаушы Елена Семенова. 26 шілде 2019 жыл.

– Ол бұған дейін емделуге үзілді-кесілді қарсы болып келген. Оған "ауруханаға жатпасаңыз, сал боласыз, өмір бойы арбаға таңыласыз" деп батырыңқырап айтып, ескерткенмін. "Тым болмағанда, аяқ-қолға қарапайым массаж жасату үшін барыңыз" дедім. Қазір шамалы қозғалыс бар сияқты. Толық тексеруден өтіп жатыр. Негізінен витаминдер қабылдайды. Тексеруден өтіп, анализдерін тапсырғаннан кейін қандай да бір ем көрсететін шығар, – деді Семенова 28 қыркүйекте Азаттыққа.

Құқық қорғаушы ауруханадағы тұтқынның қазіргі хал-ахуалы жайлы бұдан өзге ештеңе білмейтінін айтты. Семенова билік Атабекті ауруханада тексеріп болғаннан кейін қайтадан тергеу абақтысына ауыстыратын шығар деп топшылайды.

Азаттық тілшісі Павлодардағы №1 ауруханаға хабарласқан еді. Аты-жөнін айтудан бас тартқан мекеме өкілі "Атабек осы ауруханада жатыр ма?" деген сұраққа тоқетер жауап қатпады.

Қылмыстық атқару жүйесі комитеті Азаттыққа Арон Атабектің хал-жағдайы жөнінде түсініктеме беруден бас тартты. Павлодардағы Атабек жазасын өтеп жатқан АП-162/1 түзету мекемесі басшысы Азаттық тілшісіне телефон арқылы жауап бере алмайтынын, "жазбаша ресми сауалхат жіберу қажетін" айтты.

ПРЕЗИДЕНТКЕ ҮНДЕУ

15 жылдан астам уақыт түрмеде отырған, құқық қорғаушылар "саяси тұтқын" деп таныған диссидент Арон Атабектің кейінгі кезде денсаулығы нашарлап кеткеніне қоғам өкілдері алаңдап отыр. Биыл жазда Атабекке арнайы барып жолыққан Қазақстандағы Ұлттық алдын алу тетігі (ҰААТ) қатысушылары тұтқынның халі нашар екенін хабарлап, Атабектің қатты жүдеп, шау тартқан суретін жариялаған еді.

"Екі қолымды көтере алмаймын, бүгілмейді, қаламсап ұстаудың өзі қиын. Аяғым да ауырады, камера ішінде ғана жүремін, серуенге шығудан бас тарттым. Таксофонға арбамен барамын. Этапта ұрып-соққанның салдары болса керек. Толық (медициналық – ред.) тексеруден өтуді ұсынды, бірақ бас тарттым. Себебі менің жасымда сәуле алу қауіпті деп есептеймін" деп келтіреді Атабектің сөзін ҰААТ өкілдері. Қамауда отырған ақынның әлсіреп бара жатқанын құқық қорғаушы Елена Семенова да айтып жүрген.

ҰААТ хабарынан соң азаматтық белсенділер Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан рақымшылық жасап, қарт ақынды түрмеден босатуды сұраған үндеуге қол жинады. Үндеу авторлары президенттің сотталған адамға өз қалауымен рақымшылық жариялай алатынын айтып, Тоқаевтан сол құқығын пайдаланып Атабекті босатуды өтінген.

Арон Атабекке рақымшылық сұраған петиция президентке жолданды
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:12 0:00

Бес күн ішінде үндеуге 2,5 мың адам қол қойған. 20 қыркүйекте құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина хатты президент Тоқаевқа жолдағанын хабарлады.

Қазақстан билігі әзірге үндеуге ешқандай реакция білдірген жоқ.

Әдетте билік оппоненттері мен саяси тұтқындар мәселесіне келгенде бойын аулақ салатын парламенттен де бірнеше депутат Арон Атабекті түрмеден босатуды қолдап сөйледі.

Биыл ақпан айында Мұрат Әуезов, Ұлықбек Есдәулет, Олжас Сүлейменов, Бақыт Беделхан, Амантай Асылбек, Гүлжан Ерғалиева, Талғат Айтбай сынды бір топ ақын-жазушы мен журналист президент Тоқаевтан ақын Арон Атабекті босатуды сұрап хат жазған.

"ТОЛЫҚ АҚТАУДЫ ТАЛАП ЕТЕМІН"

Қоғамда биліктен Атабекке рақымшылық жариялауды сұрап, өтініш айтуға қарсы пікір білдіргендер де болды. Олар түрмедегі ақынның тағылған айыпты мойындамайтынын, "өзін нақақ жазалаған биліктен оны толық ақтауды талап ететіні" туралы бұған дейінгі мәлімдемелерін алға тартқан.

Қазақстанның адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюросы (Bureau.kz) тамыз айында ҰААТ қатысушылары түрмеде Атабекпен кездескеннен кейін жариялаған ақпаратта оның "мерзімінен бұрын босатуға өтініш жазбайтынын, үш жылдан кейін бостандыққа шыққан соң толықтай өтемақы төлетуге шағымданатынын жеткізгені" айтылған.

2006 жылы 14 шілдеде Алматының іргесіндегі Шаңырақ ауылына "жерді заңсыз иеленіп" алғандардың үйін сүруге келген билік өкілдеріне жергілікті халық қарсылық көрсеткен. Қақтығыс кезінде полиция қызметкеріне әлдекімдер от қойып, қатты күйіп қалған офицер бірнеше күннен кейін ауруханада көз жұмған.

2007 жылы күзде Алматы соты "Шаңырақ ісі" бойынша айыпты деп тапқан 25 адамның арасында Атабекке ең ауыр жаза кесті: "тәртіпсіздікті ұйымдастырған" деп танылған диссидент 18 жылға түрмеге қамалды.

Арон Атабек сотта өзіне тағылған айыптарды үзілді-кесілді жоққа шығарды.

Қазақстандық құқық қорғаушылар 2013 жылдан бері тұрақты жүргізіп келе жатқан саяси тұтқындар тізімінде Арон Атабектің аты-жөні алғашқы күннен енгізілген. АҚШ мемлекеттік департаментінің Адам құқықтары жөніндегі биылғы есебінде Қазақстанда саяси астары бар іспен қамауда отырған 20-дан астам адамның арасында Арон Атабек те аталған.

Биыл ақпанда Еуропарламент Қазақстандағы адам құқығы ахуалы туралы қабылдаған қарарында Нұр-Сұлтанды елде түрмеде отырған саяси тұтқындарды босатуға үндеген. Еуропарламент депутаттары олардың арасында Арон Атабекті де атаған.

"Елде саяси тұтқын жоқ" дейтін Қазақстан билігі бұған дейін еуропалық құқық қорғаушылар мен депутаттарға түрмеде отырған Арон Атабекпен кездесуге рұқсат етпеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG