14 сәуірде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстанға мемлекеттік сапармен барады. Екі ел президенттерінің кездесуінде «маңызды» құжаттарға қол қойылатыны хабарланған. Сапарда әдеттегідей сауда, әлеуметтік-гуманитарлық мәселелерге қоса көлік-транзит мәселесі де талқыланбақ.
Қазақстанның Өзбекстанмен арадағы тауар айналымы қазір екі миллиард доллардан асады. Тоқаевтың президенттігіне дейін бұл көрсеткішті 2020 жылға қарай бес миллиард долларға жеткізу көзделген.
Бүгінгі сапар екі елдің екінші президенттерінің тұңғыш кездесуі ретінде назар аудартады. Өзбекстанның екінші президенті Шавкат Мирзияевтің Қазақстанға алғашқы мемлекеттік сапары 2017 жылы Наурыз мерекесімен тұспа-тұс келген.
Ал Қазақстанда биылғы наурызда елді 30 жыл басқарған Нұрсұлтан Назарбаев президент ретіндегі өкілетін тоқтатып, Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет басшысы қызметіне кіріскен. Тоқаев өзінің алғашқы шетел сапарын Ресейден бастаған. Бірақ сол сапар «мемлекеттік» деген мәртебеге ие болған жоқ.
ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТТЕРДІҢ ТАШКЕНТТЕГІ СОҢҒЫ КЕЗДЕСУІ
2016 жылы да Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ташкентке тура осы күні, 14 сәуірде сапарлаған екен. Назарбаевтың Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримовпен кездесуінде трансшекаралық өзендер суын пайдалану және осы өзендерде жаңа гидротехникалық құрылыстар салу мәселелері талқыланған. Аралды құтқару және Ауғанстандағы бейбітшілікке ат салысу мәселесі де сөз болған.
Өзбекстанды 27 жыл бойы үздіксіз басқарған Ислам Каримов қайтыс болғаннан кейін Нұрсұлтан Назарбаев ТМД елдері арасындағы Совет одағынан бері билікте отырған бірден бір басшы болып қалды. Ал Ислам Каримовтің тұсында Қазақстан-Өзбекстан қатынасы қазіргі деңгейде дамыған жоқ.
Алайда Шавкат Мирзияев билікке келген соң Қазақстан мен Өзбекстан басшыларының кездесуі жиілеген. Ресми кездесулердің өзін айтпағанда, Назарбаев ел оңтүстігіне сапарлағанда Мирзияевтың Қазақстанға жұмыс сапарымен келген кездері болған. Ал былтыр екі ел президенті 15 наурызда Астанада кездескеніне қарамастан, арада бір апта өтер-өтпесте қайтадан Самарқандта бас қосты.
ТАШКЕНТТЕГІ «НАУРЫЗ САММИТІ» НЕГЕ ӨТПЕЙ ҚАЛДЫ?
Екі күндік Ташкент сапарында президент Тоқаев Қазақстанның Өзбекстандағы жылының ашылуы рәсіміне де қатыспақ. 2018 жылы Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзияев Орталық Азия елдерінің Қазақстан астанасындағы консультативтік жиынына қатысып, Өзбекстанның Қазақстандағы жылының ашылу рәсімі болған. Жиын Наурыз мерекесіне орайластырылғандықтан бейресми түрде «Наурыз саммиті» деп те аталды. Бұл жиында Орталық Азия елдері басшылары тоғыз жылдық үзілістен кейін бас қосқан еді. Түркіменстаннан басқа елдердің басшылары жиналған Астана кездесуінде биылғы «Наурыз саммиті» Өзбекстанда өтетін болып келісілген.
Тиісінше, Қазақстанның Өзбекстандағы жылының да Орталық Азия елдері басшыларының Ташкент кездесуінде ашылуы күтілген еді.
Алайда Совет одағы кезінен бергі Орталық Азияның дәстүрлі орталығы Ташкентте биыл «Наурыз саммиті» өтпей қалды. Шараның өтпеу себебі ресми хабарланбаған. Алайда Наурыз мерекесі қарсаңында Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің президенттік өкілетін тоқтатып, Тоқаев президент қызметіне кіріскен. Ресей президенті Владимир Путин де наурыз айында Қырғызстанға мемлекеттік сапармен бара қалған.
Жалпы, Орталық Азия елдері өз арасында әрқандай бір шара өткізсе, Ресей аталмай қалмайды. Былтыр Астанада өткен Орталық Азия елдері басшыларының саммитін кейбір сарапшылар Ресейсіз өткізілген кездесу ретінде сан-саққа жүгірткен. Ал биыл Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан президенті ретіндегі тұңғыш сапары да Ресейден басталған. Бұрынғы басшы Нұрсұлтан Назарбаев президенттік өкілетін тоқтатар алдында Путинмен де, Мирзияевпен де телефон арқылы сөйлескен. Алайда Назарбаев президент қызметіндегі соңғы күні Қытайдың Қазақстандағы елшісін қабылдаған. Кейін елші Чжан Сяо президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен және сенат спикері Дариға Назарбаевамен кездескен.
ТАШКЕНТ САПАРЫ АЛДЫНДА
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстанға мемлекеттік сапары алдында қазақ-өзбек шекарасындағы жүк көліктерінің кезегі азайғаны хабарланды. Оның алдында шекараның Өзбекстан жағында «жол жөндеу жұмыстарына байланысты» көліктер қозғалысында кідіріс пайда болған.
Қазақстан басшысы Ташкентке барар алдында Өзбекстан және Түркіменстанмен шектесетін Маңғыстау облысына сапарлады. Алайда бұл шекарада Өзбекстан үшін саяси қыры басым Қарақалпақстан республикасы орналасқан. Есесіне, Қазақстанның Түркістан облысы Өзбекстанмен негізгі қатынас жолы ретінде ерекшеленеді. Тоқаевтың президент қызметіне кіріскенде бірінші сапарлағаны Түркістан облысы болды.
Президент Тоқаев сәуір айының басында Қазақстан-Өзбекстан арасындағы энергетика саласындағы ынтымақтастық туралы негіздемелік келісімді ратификациялау туралы заңға қол қойған. Осы заң жобасы Қазақстан сенатында талқыланған кезде Тоқаев сенат спикері болатын.
Заңды талқылау кезінде Өзбекстанның Қазақстан оңтүстігін газбен қамтамасыз етуі есебінен Қазақстанның шикі мұнайының Өзбекстанға жеткізіліп өңделуіне қатысты мәселелер айтылған. Былтыр Өзбекстан қабылдаған қазақ мұнайының мөлшері 260 тоннадан асқан.
Бұған қоса Өзбекстан Ресейден бір миллион тонна мұнай алуға ниеттеніп отыр. Ресей мұнайын Өзбекстанға жеткізіп беретін Қазақстан мұндайда транзит қызметін атқарады. Қазақстан - Өзбекстан газының Ресейге тасымал жолында да транзит. Өзбекстан болашақта Қазақстаннан жылына – екі миллион тонна, Ресейден үш миллион тонна мұнай тасуды көздеп отыр.
Сәуір айының басында Өзбекстан Қазақстан – Түркіменстан – Иран теміржолы дәлізіне қосылды. Әуелде Түркіменстандағы осы темір жол салынбай тұрып Қазақстан Иранға Өзбекстан арқылы қатынауға мүдделі болған еді. Алайда бұл ұсыныс Ислам Каримов тұсында қолдау таппаған. Тіпті Алматы-Тегеран жолаушылар пойызы сынақ үшін Өзбекстан жерімен Иранға да барып қайтқан. Дегенмен кейіннен осы бағыттағы жүк тасымалы жолға қойылды. Ал Түркіменстан арқылы Иранға салынған темір жол дәл қазіргі жағдайда Тегеранның санкция құрсауында қалуына байланысты тиісті мүмкіндігі толық жүзеге аспаған жоба күйінде тұр.
Орталық Азиядағы негізгі мәселе су ресурстарын игеруге қатысты болып келеді. Арал теңізін құтқаруда да бір ғана Қазақстан мен Өзбекстанның қадамдары жеткіліксіз, оған тұтас аймақтың жұмылуы әзірге күткен деңгейден көрінген жоқ.
Ал Арал жағасындағы Қарақалпақстанның мәселесі Өзбекстанды алаңдатқанымен, осы аймақтан Қазақстанға көшкендердің саны нақты айтылмайды. Мұның сыртында екі елдегі диаспора да Нұр-Сұлтан мен Ташкент арасындағы байланыстың даму көрінісін нақты өмірден көргісі келеді.
Қазақстанның екінші президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстанның екінші президенті Шавкат Мирзияевпен осындай жағдайда кездеседі.
(Мақаладағы пікір Азаттық радиосының көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін)
ПІКІРЛЕР