"ҚЫЗЫЛ СЫЗЫҚТАҒЫ" ҮЙЛЕР
Қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы 2023 жылы үкімет бекіткен қаланың бас жоспарына сай, Шымкент көшелерінің шамамен 30 пайызы "қызыл сызыққа" ілінгенін айтады. Атқарушы билік оны қала аумағы кеңейіп, адам саны артуына байланысты қабылданған шешім деп түсіндіреді. Ресми дерек бойынша, қазір қала аумағында 1,2 млн адам тұрады.
Шымкенттегі Елшібек батыр көшесінің кеңеюіне байланысты оң жақ беттегі барлық ғимарат "қызыл сызыққа" түскен. Әкімдік кей тұрғындарға бұл туралы ескерткен, кейбіреулерге хабарламаған. Олар жалғыз баспанасы мемлекет қажетіне деп алынса, далада қаламын ба деп уайымдайды.
Архитекторлар "қызыл сызыққа" түскен үйге мемлекеттен тиісті өтемақы берілетінін, егер сүрілетін мүліктің иесі оның мөлшеріне келіспеген жағдайда сотқа жүгіне алатынын айтады.
Қызыл сызық деген не?
"Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" заңға сәйкес, қызыл сызық – елдi мекендердi жоспарлау құрылымындағы кварталдардың, шағын аудандардың, өзге элементтердiң аумағын көшеден (жолдардан, алаңдардан) бөлiп тұратын шекара. Әдетте қызыл сызық құрылыс салу шекарасын реттеу үшiн қолданылады.
Шымкенттегі Қайтпас-2 ықшам ауданында тұратын 42 жастағы Ержан (есімін өзгертіп көрсетуді өтінді – ред.) екі жыл бұрын көлемі 200 шаршы метрлік 5 бөлмелі жер үйін 28 млн теңгеге сатқан. Одан кейін жақын маңайдан 8 млн теңгеге жер телімін сатып алып, үй тұрғыза бастаған.
Ержан бұрынғы үйі "қызыл сызықта" тұрғанын білген соң сатуға мәжбүр болғанын айтады.
– 2022 жылы ықшам ауданда менікі сияқты үйдің бағасы 35-40 млн теңге еді. Үй "қызыл сызықта" болғандықтан арзанға саттым. Алда жағдай қалай болады деген ой маза бермеді, – дейді ол.
Ержанның сөзінше, 28 млн теңге бұрынғы үйіндей баспана сатып алуға аздық еткен. Ол ақша жер телімін сатып алуға, жаңа үйдің қабырғасын көтеріп, шатырын жауып, есік-терезесін салуға, газ, жарық пен су тартуға жеткен.
– Мен үй салуға кіріскен кезде құрылыс материалдары қымбаттап кетті. Екі жыл дегенде үйдің ішкі құрылысын аяқтадық. Әлі сыртын әрлеп, қоршап, аулаға асфальт төсеуім керек. Мұның бәрі шығын. Егер бұрынғы үйім "қызыл сызыққа" кірмегенде бұлай әуреге түспейтін едім, – дейді ол.
64 ЖЫЛ БҰРЫН САЛЫНҒАН ҮЙДІҢ ТҰРҒЫНДАРЫ
Елшібек батыр көшесінің бойында жағалай орналасқан екі қабатты 8 пәтерлі ескі үйлер де "қызыл сызықта" тұр. Ғимараттардың тозығы жеткені сыртынан байқалады.
Темір есігі мен ағаш терезесі шіріп, іргетасы үгітілген, шұрық-тесік шатырынан іш жаққа сәуле түсіп тұр. Төбесінен өткен судан қабырға сарғайып кетіпті. Әбден тозған едені ішке адам кіріп-шыққан сайын сықырлайды.
Осы үйлер "қызыл сызыққа" кіріпті дегенді естіген кезде жалғыз баспанасынан айырылып, далада қаламыз ба деп уайымдаған тұрғындар әуелде не істерін білмей абдырап қалыпты.
– Бұл үйге көшіп келгенімізге 36 жылдан асты, – дейді Елшібек батыр көшесіндегі 89-үйдің тұрғыны 59 жастағы Райхан Қалдыбаева. – Бұдан 64 жыл бұрын салынған ескі үй, оны жылда әктейміз, сырлаймыз. Бірақ одан пайда жоқ, әбден тозып кеткен. Іргетасы үгітіліп, құбырлары шіріп жатыр.
Райханның айтуынша, бұл пәтер – отбасының жалғыз баспанасы. Көлемі 41 шаршы метр болатын екі бөлмелі пәтерде ұлы мен келіні, немерелерін қосқанда 6 адам өмір сүреді. "Көше кеңейеді, үй қызыл сызыққа түсті, сырылады" дегенді естігенде алғашында қуанған.
– Бұл үйде тұратындардың бірігіп су сорғалайтын шатырды жамауға ақшасы жоқ. Сатайын десек тым арзан. Үстіне ақша қосып үй алуға мүмкіндігіміз жоқ. Сөйтіп бұл жерден кете алмай отырмыз, – дейді Райхан Қалдыбаева.
Ол пәтері "қызыл сызыққа" түссе, мемлекет басқа баспана алуға жететін өтемақы берсе деген үмітпен отыр. Бірақ әкімдіктен әлі ешқандай хабар алмаған. Үй қашан сүрілетінін, қанша өтемақы берілетінін білмеген соң көңілі күпті.
"Күтуден өзге амалымыз жоқ" дейді әйел.
Ал Қалдыбаеваның пәтері орналасқан үйге көрші 93-үйдің тұрғындарына әкімдіктен ресми хабарлама келген. Үй сүріліп, орнына пәтер беріледі деген ұсыныс жасалған. Тұрғандар оған келіскен.
– Көріп тұрсыз ғой, үй ескі. Салынғанына 70 жылдай болды. Осында көшіп келгеніме 24 жыл болыпты. Қазір қарт анаммен бірге тұрамыз. 3 бөлмелі пәтеріміздің орнына дәл сондай жаңа баспана береміз деді. Ойлануға уақыт берді. Әлі келісім шартқа отырған жоқпыз, – дейді 93-үйдің тұрғыны Анатолий.
ШЕНЕУНІК: "ҚЫЗЫЛ СЫЗЫҚҚА" МЫҢҒА ЖУЫҚ КӨШЕ ЕНЕДІ
2023 жылдың қазан айында үкімет Шымкент қаласының 2035 жылға дейінгі жаңа бас жоспарын бекіткен. Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Арман Әбдешов Елшібек батыр көшесі кеңейтіліп, оның бойындағы ғимараттар "қызыл сызыққа" түскенін растады. Ол жердегі 1950-60 жылдары салынған екі қабатты ескі үйлер апатты деп танылған. Бұл үйлер бұзуға, жаңадан салуға жатады деді шенеунік.
– "Қызыл сызықтың" көбеюі халық саны мен қала аумағының өсуімен байланысты. Яғни қала көшелерін кеңейтіп, инфрақұрылым тарту керек деген сөз. Көшелер не үшін кеңейтіледі? Өйткені Шымкент – көне қала. Қала құрылғанда сол заманның талаптарына сай, халық санына шақталып салынған. Көшелердің тарлығы да содан. Ал қазір қалада халық саны да, көлік те көбейді. Кептелістің алдын алу үшін де үлкен көшелерді кеңейту маңызды. Мысалы, қазір көше 3 жолақты болса, алдағы 10 жылда 5 жолақ болады, – деді басқарма басшысының орынбасары.
Арман Әбдешов кеңейтілетін құрылыс нысандарын реттеу жұмыстары қазірден қолға алынып отырғанын айтты. Оның сөзінше, "қызыл сызық" қойылған аймаққа құрылыс салуға тыйым салынады. Егер қазірден бастап шектеу қойылмаса, ертеңгі күні мемлекет бюджетіне артық салмақ түседі деп түсіндірді ол.
– Мысалы, Шымкентте 3500-ге жуық көше бар. Оның шамамен 30 пайызы "қызыл сызыққа" енген. Бес жүзден артық көше ескі қала аумағында орналасқан. "Қызыл сызыққа" кірген аймақта 5 қабатты үйлер, жеке тұрғын үйлер мен коммерциялық нысандар да бар. Бірақ, "қызыл сызық" түсті, бітті, жаппай бұзу керек" деген сөз жоқ. Бұл алдағы уақыттың еншісіндегі мәселе. Бірінші кезекте ескі қаланы жаңа ықшам аудандармен жалғайтын магистралды көшелер реттеледі, – дейді Әбдешов.
"ЖЕР ИЕСІ ҚАРСЫ БОЛСА, ТӨРЕЛІГІН СОТ АЙТАДЫ"
Шымкент қалалық сәулетшілер қауымдастығының төрағасы Асқар Мамырбаев "қызыл сызыққа" түскен ғимараттарды күрделі жөндеуден өткізуге немесе қайта құрылыс жүргізуге рұқсат берілмейтінін айтады. Бүгінгідей урбанизация заманында "қызыл сызыққа" түскен аймақты азайту мүмкін емес, бұл – табиғи процесс деп есептейді ол.
Төрағаның айтуынша, "қызыл сызық" – қаланың бас жоспарымен нақтыланатын, көпшілік пайдаланатын көшелер мен алаңдарды басқа құрылыстардан бөліп тұратын шекаралық сызық. Кімде кімнің үйі не ғимараты, жер телімі "қызыл сызыққа" түсіп, екіге бөлініп қалған жағдайда ешкім ол жерді босатуды талап ете алмайды. Мемлекет қажетіне керек болса мүлік иесіне алдын ала ескертіп, ұсыныс айтылады.
– Айталық, жер телімін басқа жерден беру не сатып алуды ұсынуы мүмкін. Мысалы, жолды кеңейтсе, газ, жарық, су, кәріз желісін тартса мемлекет жерді босатуды сұрайды. Күштеп тартып алмайды. Жер иесі қарсы болса мәселені сот арқылы шешеді. Сот шешіміне сәйкес, "қызыл сызық" өзгеруі де мүмкін. Бұл үшін алаңдаудың қажеті жоқ, – дейді Мамырбаев.
Республикалық маңызы бар қала мәртебесі берілгеннен кейін Шымкенттің бас жоспары өзгерген. Жаңа жоспар бойынша "қызыл сызыққа" ілінген үй көп. Мысалы, жақында Пахтакор ықшам ауданында жүзден аса үй "қызыл сызыққа" кіргені мәлім болып, оған тұрғындар қарсылық білдірді.
ПІКІРЛЕР