Accessibility links

Соғыс мемлекеттік БАҚ үшін неліктен жабық тақырыпқа айналды?


Қазақстанның мемлекеттік ақпарат құралдары Украина қарулы күштерінің Курск облысындағы операциясы туралы үнсіз қалды. Мемлекет бюджетінен қаржыландырылатын БАҚ көптен бері Ресей – Украина соғысы жайлы жазбайды. Бұған не себеп және оған сыртқы фактордың әсері бар ма?

МЕМЛЕКЕТТІК ГАЗЕТТЕРДІҢ СОҒЫС ЖАЙЛЫ ҮНСІЗДІГІ

"Егер менде "Правда" газеті болса, әлем еш уақытта Ватерлоода жеңілгенімді білмес еді!". Бұл Совет одағында кең таралған, Наполеон елдің басты пропаганда құралы туралы айтты делінетін анекдот. Күнделікті ақпаратты тек қана мемлекеттік "Егемен Қазақстан" мен "Казахстанская правда" газеттерінен алып отырсаңыз, елден бірнеше мың шақырым жерде қантөгіс соғыс жүріп жатқанын білмей қаласыз. Бірақ бұл әсте анекдот емес.

Ресей аумағына Екінші дүниежүзілік соғыстан бері алғаш рет шетел әскері басып кіргенін әлем басылымдары 6 тамыздан бері жазып жатты. Украина Ресейдің Курск облысындағы жүздеген шақырым жерді Мәскеудің шабуылына жауап ретінде басып алды. Бірақ "Егемен Қазақстан" мен "Казахстанская правда" басылымдары бұл туралы тіс жармады.

"Егемен Қазақстан" газетінің нөмірлері. Азаттық архивіндегі фото.
"Егемен Қазақстан" газетінің нөмірлері. Азаттық архивіндегі фото.

Соғыс туралы жыл басынан бері ләм-мим демеген "Казахстанская правда" газетінің сайты 11 тамыз күні Ресей төтенше жағдайлар министрлігіне сүйеніп, Курск облысынан 76 мың тұрғын қауіпсіз жерге көшірілгені жайлы жаңалық берді. Жаңалықта тұрғын үйге Украина зымыраны түскені ғана айтылды. Жаңалық жауаптан гөрі сұрақ тудырады: 8 абзацтың ішінде Украина әскерінің Ресейдің Курск облысына шабуылы нәтижесінде ондаған елдімекенді бақылауға алғаны жайлы бірде-бір сөз жоқ.

Араға үш күн салып басылым сайты Қазақстан сыртқы істер министрлігінің "Курскідегі ахуалға" қатысты ресми мәлімдемесін жариялады. Жаңалықта "бүкіл әлем Ресейдің Курск облысы жекелеген аудандарындағы ахуалды алаңдаушылықпен бақылап жатқаны, Қазақстанның мемлекеттер арасындағы конфликтіні бейбіт жолмен реттеуді қолдайтыны" айтылған. Министрліктің Курскідегі қандай ахуалға және қандай конфликтіге байланысты мәлімдеме жасағаны түсіндірілмеді.

Аптасына бес рет шығатын, 80 мың тиражы бар "Егемен Қазақстан" газеті Курскідегі Украинаның операциясы туралы мүлде жазбады. 6 тамыздан бері газет сайтында Украина жайлы тек бір жаңалық жарияланды. Оның өзі Ресей – Украина соғысына қатысы жоқ: "Украина энергетика министрінің орынбасары жарты миллион доллар пара алу кезінде ұсталды" деп жазды басылым.

"Егемен Қазақстан" сайты жыл басынан бері соғысқа жанама қатысы бар тек жалғыз жаңалық берген: "АҚШ Украинаға көмек беруді тоқтататынын жариялады". Төрт абзац жаңалықта Ресейдің Украинаға басып кіргені мен соғыс жүріп жатқаны мүлде айтылмады.

Биліктегі "Аманат" партиясы иелік ететін қазақ тіліндегі "Айқын" мен орыс тіліндегі "Литер" газеттері де өз оқырмандарын Курскідегі оқиғадан беймәлім қалдырған.

Украинаның Курск облысындағы операциясы басталғалы 9 күн өткенде "Айқын" газетінің сайты "Украина Ресейдің бір облысына басып кірді" деген тақырыппен Қазақстан сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесін берумен шектелді. Бұл жаңалықта Украина Ресейдің жеріне қарымта қадам ретінде басып кіргені сөз етілмейді.

Газет 17 тамыз күнгі санында "Қару-жарақ жарысы күшейіп келеді" деген көлемді материалдың соңғы абзацында Курскідегі операцияға бірнеше сөйлем арнаған: "Украиналықтар Ресейдің Курск облысына шабуыл жасады. Осылайша, 1941 жылдан бері өзге елдің әскері кірмеген Ресей жерінде шайқас басталды. Екі жақтың да шығыны бар. Әрі Курск жеріндегі ұрыстың нәтижесі қалай болары белгісіз. Болжам жасау қиын. Биылғы жазды "ысытып" жіберген оқиғалардың бірі – осы". Бұл мақалада да Украинаға алдымен Ресейдің басып кіргені айтылмайды.

"МЫЗҒЫМАСТЫҚ КИІЗ ҮЙЛЕРІНЕН КЕЙІН СОҒЫС ТУРАЛЫ АҚПАРАТ ТАРАТУ САП ТЫЙЫЛДЫ"

Бюджеттен қаржыландырылатын Qazaqstan ұлттық арнасының көрермені болсаңыз, қорытынды жаңалықтардан 14 мың шақырым жердегі Боливиядағы өрт, 11 мың шақырымда жатқан Пуэрто-Рико тұрғындарының жарықсыз қалғаны, 7 мың шақырым жердегі Конгода маймыл шешегінен жүздеген адам қайтыс болғанын білесіз. Бірақ Қазақстанмен құрлықтағы ең ұзын шекараны бөлісетін, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына кіретін іргедегі Ресейде Украинаның операциясы жүріп жатқанынан хабарсыз қаласыз.

Тамыз айындағы қорытынды жаңалықтарда Бангладеш, Бразилия, Босния мен Герцоговина және Йемен тәрізді алыс елдердегі оқиғаларды қамтыған 24.kz арнасы да Курскідегі оқиғаны мүлде сөз етпейді. Осы ақпарат құралымен иесі бір "Хабар" телеарнасы да жаңалықтардан Курскіге орын бермеген.

Мемлекеттік арналардың бірінде жұмыс істейтін, аты-жөнін атамауды сұраған фрилансер журналист мемлекеттік арналар Украинада қазақ бизнесмендері 2023 жылдың басында тіккен "Мызғымастық киіз үйлерінен" (Юрты незалежности) кейін соғыс жайлы хабар беруді сап тыйғанын айтады.

– "Мызғымастық киіз үйлері" жайлы сюжет берген соң, Украина туралы жаңалық берілмесін деген тапсырыс түскен болуы мүмкін. Тапсырма Мәскеуден, Кремльден түсті деп ойлаймын, – деді фрилансер журналист.

Ресей Украина қалаларына атқан зымырандар мен дрондар шабуылы кесірінен жарықсыз қалған жұртқа көмектесу үшін қазақстандық кәсіпкерлер Киев, Буча, Одесса, Харьков, Днепр қалаларында "Мызғымастық киіз үйлерін" тікті. Жылусыз қалған тұрғындар киіз үйде бой жылытып, жүрек жалғап, ұялы байланыс құралдарын қуаттандыра алды. Бұл бастама Мәскеудің ашуын туғызып, Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова Қазақстаннан бұл іске қатысы жоқтығы туралы "ресми түсініктеме" талап етті. Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров бұл жеке бастама екенін, бұдан ешқандай мәселе көріп тұрмағанын мәлімдеді.

"Киіз үй қойылды. Бұдан қандай проблема туындады? Көмек көрсетілді. Бұл – қазақстандық жеке компаниялардың бастамасы. Өздері жинап, өздері апарып, өздері көмектесіп жатыр" деді Айбек Смадияров.

"НҰСҚАУ ТҮСКЕН ЖОҚ". МЕМЛЕКЕТТІК БАҚ НЕ ДЕЙДІ?

Мемлекеттік ақпарат құралдары Ресей Украинаға басып кірген жылы соғыс туралы хабар таратқанымен, 2023 жылдан кейін соғыс жайлы жазуды күрт азайтты. БАҚ соғыс туралы жазбау жөнінде жоғарыдан нұсқау алғанын теріске шығарды.

"Хабар" арнасының директоры Жайнагүл Төлемісова мен 24.kz арнасының директоры Жасын Биркенов Азаттыққа жолдаған мәтіні бірдей жауапта "Қақтығыс аймағынан келетін хабарлардың растығына көз жеткізу қиын" екенін, "Украинада меншікті тілшінің жоқтығы сенімді дерек көздерден тексерілген ақпарат алуға мүмкіндік бермей отырғанын" айтқан.

Азаттық Ресей – Украина соғысы жайлы жаңалықтар эфирден неге көрсетілмейтінін сұрап, Qazaqstan телеарнасының басшысы Ләззат Танысбайға ресми сауал жолдаған. Мақала шыққанға дейін телеарнадан жауап келмеді.

"Казахстанская правда" басылымы. Азаттық архивіндегі фото.
"Казахстанская правда" басылымы. Азаттық архивіндегі фото.

Ал "Казахстанская правда" газетінің бас редакторы Сәбит Малдыбаев Курскідегі оқиға мен соғыс жайлы материалдар басылым бетінде көп көрінбеуін бейтарап ұстаныммен түсіндірді.

"Екі мемлекет те бізге бөтен емес, бауырлас. Біз соғысқа қарсымыз. Бұл менің жеке газетім емес, мемлекеттік басылым. Сондықтан осы тақырыпқа тиіспеуге тырысамыз. Бұл тақырыпты бейтарап береміз. Өз көзқарасымызды бермейміз. Сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жасаса, оларды береміз" деді Малдыбаев.

Газет 2023 жылдан бері неге соғыс жайлы жазбайды деген сұраққа Малдыбаев "соғыста айтарлықтай өзгеріс жоқ" деп жауап берді. "Бір шақырым анда, бір шақырым мында жылжыса, оны ақпараттық ілік деп есептемеймін. Біз Қазақстандағы оқиғаларға мән береміз. Халықаралық маңызды оқиға болса, оны бір бағанға береміз. Біз мемлекеттік тапсырыс орындаймыз, Қазақстандағы оқиғалар мен проблемалар туралы хабар таратамыз. Украина тақырыбына жазатын, талдайтын, хайп қуатындар бізсіз де жетеді" деді ол.

"Егемен Қазақстан" газеті неліктен соғыс туралы жазбайтынын бас редактор Ғабит Іскендірұлынан сұрап хабарласқанымызда, ол кейінірек телефон соғуды сұрады. Бірақ содан кейін телефон қоңырауларына жауап бермеді. Азаттық бұл сұрақты "Егемен Қазақстан" мен "Казахстанская правда" басылымдарының меншік иесі "Қазақ газеттері" ЖШС-ның бас директоры Дихан Қамзабекұлының сайтта көрсетілген электронды поштаға жолдады. Мақала шыққанға дейін одан жауап келген жоқ.

"Литер" газетінің бас редакторы Жанна Ойшыбаева іссапарда жүргендіктен сұрақтарға жауап бере алмайтынын айтты.

"Айқын" газетінің бас редакторы Амангелді Құрметұлы басылымның қақтығыс аймағында тілшісі болмағандықтан, "ол тақырыпты сиретіп беріп жатқанын" айтты. "2022 жылы ол тақырыпқа неге көбірек назар аудардық дегенде, ол кезде тұтас мемлекеттің позициясынан бастап белгілі еді. Сол кезде біз көп жаздық. 2023 жылы бір-екі рет жаздық, одан кейін шынын айтқанда, қазір редакцияда бұл тақырыпты мен ғана жазамын. Қайта-қайта жылтыңдап шыға берсем оқырманнан ұят па деген жеке көзқарасым бар" деді Амангелді Құрметұлы.

СЫРТҚЫ ФАКТОРДЫҢ ӘСЕРІ БАР МА?

Қазақстан Ресейдің Украинадағы соғысын сынаған да, қолдаған да жоқ. Сыртқы істер министрлігі өз мәлімдемесінде үнемі мемлекеттердің аумақтық тұтастығы белгіленген БҰҰ жарғысын қолдайтынын айтып жүр.

Мәдениет және ақпарат министрлігі ақпарат комитетінің төрағасы міндетін атқарушы Ілияс Есмағұл Азаттыққа жолдаған жауапта "БАҚ өз телеарналарында, баспа басылымдарында және интернет ресурстарында қандай тақырыптарды жариялау немесе жарияламау туралы өз бетінше шешім қабылдайды" деді.

Medianet халықаралық журналистика орталығының директоры Әділ Жалилов мемлекеттік ақпарат құралдарының Ресей – Украина соғысы жайлы хабар таратпауына бірнеше себеп түрткі болуы мүмкін деді.

Medianet халықаралық журналистика орталығының директоры Әділ Жалилов
Medianet халықаралық журналистика орталығының директоры Әділ Жалилов

"Біріншіден, ол жоғарыдан түскен нұсқау болуы мүмкін. Ресейдегі серіктестердің, Ресей сыртқы істер министрлігінің шамына тиюі мүмкін тақырыпты көтермейік дегенді көздеуі ықтимал. Тағы бір себеп Ресей сыртқы істер министрлігі осы тақырыпты белгілі бір қырынан бермеуді сұраған болуы мүмкін. Қазақстан билігі оқырман мен көрермен бұл тақырыпты қандай да бір дұрыс емес қырынан көріп қалмасын деп сол өтінішті орындауға тырысып жатуы ықтимал".

Ресей – өңірдегі негізгі ойыншылардың бірі. Былтыр екі елдің арасындағы сауда айналымы 26 миллиард долларға жетті. Қазақстан өз мұнайының 80 пайызын Ресей аумағы арқылы Еуропаға тасымалдайды.

Жалилов құрлықта ең ұзын шекараны бөлісетін, экономика солтүстік көршіге тәуелді болғандықтан, қазақстандықтар іргелес елдегі соғыс жайлы білуге ынтық екені сөзсіз дейді.

"Кез келген есі дұрыс БАҚ онда не болып жатқанын бақылайды. Себебі соғыстағы жағдай Қазақстанның саяси және экономикалық болашағын айқындайды. Егер басылымдар бұл тақырыптан қашса, демек, редакцияға бұл тақырыпты көтеруге тыйым салған және редакция саясатына араласатын сыртқы фактор бар. Немесе әу бастан "бейтараппыз" деген ішкі цензурасы бар. Бірақ біз ҰҚШҰ-ға кіреміз, бейтарап ел емеспіз" деді Жалилов.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Qazaqstan телеарнасына сұхбат беріп отыр. Президенттің баспасөз қызметі жариялаған сурет.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Qazaqstan телеарнасына сұхбат беріп отыр. Президенттің баспасөз қызметі жариялаған сурет.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев журалистермен кездесулердің бірінде шетелде және төңіректе болып жатқан оқиғалар маңызды екенін айтқан.

"Елдің идеологиялық егемендігін тек мықты, кәсіби және дербес масс-медиа қалыптастыра алады. Сондықтан жаңалықты жай ғана жариялап қоймай, оқиғалар мен құбылыстардың өзара байланысын көрсету, ұлттық мүддемізді көздейтін сапалы талдау жасау маңызды. Шетелде және біздің геосаяси төңірегімізде болып жатқан оқиғаларды объективті түрде жариялап көрсету бойынша отандық журналистердің алдында жауапты міндет тұр. Бұл міндетті сәтті орындау сіздердің қолдарыңыздан келеді" деген еді президент.

Ол нағыз журналист кәсіби маман ғана емес, жауапты азамат болуы керек деп сенеді.

"Бүгінде Қазақстан Орталық Азия аймағында көшбасшы мемлекетке айналды. Енді отандық БАҚ-қа халықаралық деңгейде өзін танытатын кез келді. Бұл үшін жаңа сапалы медиа-менеджмент, шетелден хабар тарататын кәсібилігі жоғары мамандар және озық технология мен инфрақұрылым қажет. Бұл ретте әлемдік медиа корпорациялардың да тәжірибесін ескеру керек" деді Тоқаев.

Баспасөз еркіндігін қорғайтын ұйымдар Қазақстанда сөз бостандығы тарылып жатқанын айтып отыр. "Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымы жыл сайын әзірлейтін Баспасөз еркіндігі индексінде Қазақстан сегіз саты төмендеп, 134-орыннан 142-ге сырғыған. Биыл жарияланған есепте Қазақстан рейтингте Эфиопия мен Ливия арасында тұр.

"Шекарасыз тілшілер" елде ресми түрде цензураға тыйым салынғанымен, ол "әлі бар" деп жазды. "Қазақстан үкіметі ақпарат кеңістігіне, соның ішінде интернетке бақылауды күшейтуге тырысқан. Қазақстан билігі 1997 жылдан бері жүргізіп келе жатқан "репрессияшыл реформалар" кесірінен елде пропаганда қанат жайып, санаулы ғана тәуелсіз БАҚ қалған. Интернет − тәуелсіз қазақстандық басылымдар ойын еркін білдіре алатын жалғыз орын".

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG