Accessibility links

Журналистер одағының төрағасы бостандыққа шықты


Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев.
Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев.

Қазақстан журналистер одағы төрағасы, "қаржы жымқырды" және "салықтан жалтарды" деген айыппен сотталған Сейітқазы Матаев шартты жазамен түрмеден босап шықты. Оны түрмеден босату туралы сот үкімі қарашаның 16-сы күні шыққан. Матаев енді жазасын шартты түрде өтейді. Ол Алматы облысы Заречный кентіндегі ЛА 155/14 колониясынан дүйсенбі күні түстен кейін босатылды.

Сейітқазы Матаев оны босату туралы шешімге 15 күн ішінде прокурор қарсылық түсірмегендіктен босады. Журналистер одағының төрағасын қарсы алуға Заречный кентіндегі ЛА 155/14 колониясына оның туыстары, көптеген журналистер барды. Түрмеден шыққан сәтінде Сейітқазы Матаев өзіне тағылған айыптардың саяси астары болғанын, бірақ кек алмайтынын және түрмедегі ұлы Әсеттің жағдайына алаңдайтынын айтты.

Алматы облысындағы ЛА 155/14 колониясынан тікелей трансляция:

​Ол түрме алдында өзінің жақтастары мен әріптестеріне алғыс білдірді.

- Алайда соншалықты бір қуанып та тұрғаным жоқ. Өзімді бостандыққа шықтым деп есептей алмай тұрмын. Ұлым әлі түрмеде отыр, - деді Сейітқазы Матаев.

Айтуынша, ұлы Әсет Матаевтың шартты жазамен босау мүмкіндігі ақпан айында басталады. Сейітқазы Матаев өздеріне тағылған айыптарды мойындамаса да, қозғалған іс бойынша шығынды өтейтінін білдірді.

Колония алдында күйеуін күтіп тұрған кезде Сейітқазы Матаевтың жұбайы, сотта қоғамдық қорғаушы болған Баян Рамазанова "Сейітқазы аман-есен шықса, ол ең жақсы, бақытты күн деп санаймыз, бір өкініштісі [түрмеде] Әсет қалып бара жатыр. Екі жылдан бері айтып келе жатырмыз: олардың кінәсі жоқ, ештеңе ұрлаған жоқ. Жемқорлық та, ұйымдасқан қылмыстық топ та жоқ. Сейітқазы тапқан-таянғанын тек жұмысқа, журналистік салаға салды, журналистерге көмектесті... " деді.

Сейітқазы Матаевпен бірге оның ұлы, ҚазТАГ агенттігінің директоры Әсет Матаев та сотталған еді.

Баян Рамазанова Сейітқазы Матаевты шартты түрде мерзімінен ерте босатуға сот кезінде прокурор білдірген қарсылық, яғни "мемлекетке келген 200 миллион теңге шығын өтелмеді" деген уәжге де пікірін айтты. Баян Рамазанова "Сейітқазы мен Әсет (Матаевтар) айыпты мойындаған жоқ. Сондықтан, ол шығынды біз өтемеуіміз керек. Бірақ билікке қарсы бір отбасы күресе алмайды. Біз уақыт өте келе Сейітқазы мен Әсеттің кінәсіз екенін дәлелдейміз деп ойлаймын" деді. Баян Рамазанова баласы Әсет Матаев та мерзіміне ерте босап шығады деген үмітін білдірді.

Баян Рамазанованың пікірі:

​Сейітқазы Матаевты қамаудан босату туралы Қапшағай сотының отырысында прокурор оның "мемлекетке келтірген залалды өтемегенін" айтып, оны босатуға қарсы болған еді. Ал сотта видео байланыс арқылы жауап берген колония дәрігерлері Матаевтың қан қысымы көтеріліп кететінін, түрменің санитарлық бөлімінде тиісті ем-дом ала алмайтынын айтып, оны шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды қолдаған.

2016 жылы қазанның 3-і Астананың Есіл аудандық соты Ұлттық баспасөз клубының жетекшісі Сейітқазы Матаевты жоғарыда аталған айыптармен алты жылға, ал ҚазТАГ агенттігінің директоры Әсет Матаевты "қаржы жымқырды" деген айыппен бес жылға соттаған. Үкім бойынша Матаевтар ақпарат және коммуникация министрлігіне - 169 миллион теңге, "Қазақтелеком" компаниясына 140 миллион теңге қайтаруы тиіс болды. Сот отырыстары кезінде Сейітқазы Матаев «Қазақстан журналистер одағы, Ұлттық баспасөз клубы және ҚазТАГ ақпарат агенттіктеріне тексеру арқылы қысым жасаған адам» ретінде Қазақстан президенті әкімшілігінің бұрынғы басшысы Нұрлан Нығматулинді атаған.

Парламент мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин Сейітқазы Матаевтың өзіне қатысты айыптауына түсінік бермеген.

2016 жылы желтоқсанның 9-ы Астана сотының апелляция алқасы Матаевтардың апелляциялық шағымдарын қанағаттандырудан бас тарта отырып, алдыңғы сот шешіміне болмашы өзгеріс енгізген. Әкелі-балалы Матаевтарға шыққан үкімнің мемлекеттік және коммерциялық ұйымдарда материалдық мүлікті басқаруға қатысты лауазымдарды атқаруға өмір бойы тыйым салу туралы бөлімі ғана өзгертіліп, ол «10 жыл» деп белгіленген. Бұдан өзге, үкімде Матаевтардың жылжымайтын мүліктері (бірнеше пәтер мен жер телімдері), оның ішінде Ұлттық баспасөз клубы мен бірнеше көліктері тәркіленетіні айтылған. Матаевтар өздеріне тағылған айыптарды мойындамайды және істі "тапсырыспен жасалған" деп біледі.

Бұған дейін ЕҚЫҰ, АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі, Халықаралық журналистер федерациясы (IFJ) Матаевтардың сотталуын айыптап, Қазақстан үкіметін азаматтардың ой-пікір еркіндігі және заңды тұрғыдан қорғану құқығын құрметтеуге шақырған.

XS
SM
MD
LG