Accessibility links

Алматыда Жаңаөзен құрбандарын еске алды


Тәуелсіздік ескерткіші алдына қойылған гүл шоқтары мен талап-жазу. Алматының орталық алаңы, 6 қаңтар 2012 ж.
Тәуелсіздік ескерткіші алдына қойылған гүл шоқтары мен талап-жазу. Алматының орталық алаңы, 6 қаңтар 2012 ж.

Қаңтардың 6-сы күні Алматыда Жаңаөзен мен Шетпедегі оқиғаларға байланысты құрылған қоғамдық комиссия мүшелері мен жұртшылық өкілдері сол оқиғаларда құрбан болғандарды еске алып, халыққа оқ атқандарды жауапқа тарту туралы талап қойды.

Алматының орталық алаңындағы тәуелсіздік ескерткішінің маңына жиналған ондаған адам қаза болғандардың рухына құран бағыштап, гүл шоқтарын қойды.

Еске алу шарасына қатысқандардың арасында 2011 жылы желтоқсанның 16-17 күндері Маңғыстау облысында болған оқиғаларға байланысты құрылған қоғамдық комиссия мүшелері - «Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының теңтөрағасы Болат Әбілов, партияның бас хатшысы Әміржан Қосанов, «Гүлжан.орг» сайтының бас редакторы Гүлжан Ерғалиева, сондай-ақ саясаткер Жасарал Қуанышәлин, жазушы Софы Сматаев, ақын Мұхтар Шаханов, «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбай және басқалар болды.

«25 жыл бұрын дәл осы алаңда қайғылы желтоқсан оқиғасы болды. Әлі күнге дейін шындық ашылған жоқ. Не болды? Жастарды таратуға кім бұйрық берді? Қанша адам құрбан болды? Қанша адам қудаланып, қанша адам түрмеге отырғызылғанын біз әлі
Саясаткер Болат Әбілов тәуелсіздік ескерткіші алдында сөйлеп тұр. Алматы, 6 қаңтар 2012 ж.
Саясаткер Болат Әбілов тәуелсіздік ескерткіші алдында сөйлеп тұр. Алматы, 6 қаңтар 2012 ж.
анық білмейміз. Сондықтан бүгінгі күні, 21-ші ғасырда, біз шындықты білуге құқылымыз. Президент ешқашан енді халқына оқ атпайтыны туралы серт берсін деген талап қойдық», - деді жиналғандар алдында сөйлеген саясаткер Болат Әбілов.

Ол Жаңаөзендегі оқиғаларда құрбан болғандар туралы ресми деректерге күмін келтірді.

- Біз 16 адамның қаза болғаны туралы ресми ақпаратқа сенбейміз. Және 100 шақты адамның жараланғаны туралы ресми деректерге де иланбаймыз. Біз бұдан әлдеқайда көп деп санаймыз. Сол себепті біздің комиссияны Жаңаөзенге жібермей отыр. Сондықтан да президент ондағы төтенше жағдай тәртібінің мерзімін ұзартты. Қандай қажеттілігі бар еді? Олар қалада автобустар жүріп, мекемелер, дүкендер жұмыс істегені туралы теледидардан көрсетіп жатыр. Қоғамдық өмір қалпына келді, оған ешқандай қауіп-қатер төніп тұрған жоқ қой, - деді Болат Әбілов.

Жұма күні Алматыдағы алаңға келгендер ақ қағазға қолдан жазылған: «Халыққа оқ атқан билік жазалансын», «Жалған сайлауларға - байкот» деген сөздер ұстап тұрды. Олардың ішінде дәл осы алаңда 1986 жылы Желтоқсан оқиғасына қатысқандардың бірі Шәкім Уәлиева де бар еді.

- Біз бүгін мұнда Жаңаөзенде халыққа оқ атқандар жазалансын деген талаппен келіп тұрмыз, себебі, халықтың билікке өз наразылығын білдіруге құқығы бар. Жаңаөзенде әлі репрессия жүріп жатыр, өкімет төтенше жағдай жаиялап қалаға ешкімді кіргізбей жатыр. 1986 жылғы сияқты Жаңаөзенде жазықсыз адамдар түрмеде отыр, билік соларды босатып, халықтың талабын тыңдауы керек, - деді Шәкім Уәлиева.

Ал «Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының бас хатшысы Әміржан Қосанов қазіргідей жағдайда сайлауды кейінге шегеру қажеттігін айтты.

- Жаңаөзенге барып, сайлау туралы «бізге дауыс бер» деп айтудың өзі күнә. Ол ғайбат сөз. Жұрт кімнің қаза тапқанын білмей жатыр. Әлі қырқын берген жоқ. Ол жаққа барып, «Нұр Отанды» болсын, бізді партиямызды болсын, мақтаудың өзі ұят. Біз ондай қадамға бармаймыз, - деді Әміржан Қосанов.

Қаңтардың 5-сі күні «Халық майданы» қозғалысы елдегі саяси партияларға үндеу жасап, кезектен тыс парламент және жергілікті мәслихат сайлауларына байкот
Жаңаөзен мен Шетпедегі оқиғаларда құрбан болғандарды еске алып, олардың рухына тағзым етуге келген жұртшылық өкілдері. Алматы, 6 қаңтар 2012 ж.
Жаңаөзен мен Шетпедегі оқиғаларда құрбан болғандарды еске алып, олардың рухына тағзым етуге келген жұртшылық өкілдері. Алматы, 6 қаңтар 2012 ж.
жариялауға шақырған еді. «Азат» ЖСДП бас хатшысы Әміржан Қосанов бұл мәселені әлі партия болып талқыламағанын айтты.

- Біз қоғамдық комиссияның атынан мәлімдеме жасап, осындай қазалы күндері сайлауды кейінге қалдыруды ұсындық. Өкінішке қарай, билік мұны жасамай отыр. Жеке азамат ретінде, саясаткер ретінде мен сайлауға байкот жариялау ұсынысын қолдаймын. Бірақ бізде партия бар. Партиямыз 500 делегаты қатысқан съезде сайлауға қатысу туралы шешім қабылдады. Қазір біз тосқауылдарға қарамастан үгіт-насихат жұмыстарын белсенді түрде бастап кеттік. Бірақ уақыт әлі бар. Оны талқылау керек. Шешім бүкіл партия қабылдауы керек, - деді Әміржан Қосанов жұма күні Алматыдағы тәуелсіздік ескерткіші маңында журналистерге.

Жаңаөзен қаласында 2011 жылы желтоқсанның 16-сында мұнайшылар мен полиция қақтығысып, артынан қарусыз адамдарға қарсы оқ атылды. Билік 2011 жылғы желтоқсанның 17-інен 2012 жылғы қаңтардың 5-іне дейінгі мерзімге Жаңаөзен қаласының аумағында төтенше жағдай жариялап, қалада түнгі 11-ден таңғы 7-ге дейін коменданттық сағат тәртібі енгізілді.

Ресми орындар Маңғыстау облысындағы оқиғалар салдарынан 17 адамның қаза болғанын хабарлады.

Қаңтардың 4-і күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласындағы төтенше жағдай мерзімін қаңтардың соңына дейін ұзарту туралы жарлық шығарды.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG