Ресей Мариупольде химиялық қару қолданды деген хабар шықты. Әзірге не белгілі?
12 сәуірге қараған түні Украинаның стратегиялық коммуникациялар басқармасы Ресей әскері "Мариупольде әскери және бейбіт тұрғындарға қарсы" химиялық қару қолданды деп мәлімдеді. Мариуполь қорғанысында тұрған "Азов" полкінің ресми каналы "улы зат жаудың пилотсыз басқарылатын ұшу аппаратынан тасталғаны" айтылды. Полк негізін қалаушы Андрей Билецкий "азовшылар" арасында үш адамның зардап шеккенін хабарлады.
Бұл хабарлама тәуелсіз дереккөздер арқылы әлі расталған жоқ. Украина президенті Владимир Зеленский түнгі үндеуінде Батыс Ресейдің химиялық қару қолдануына жол бермеу керек деді, бірақ химиялық қарудың қолданды деп айтпады.
Роскомнадзор "Dead Russians сөзімен Google Ресей азаматтарына қатер төндірді" деп мәлімдеді
Ресей БАҚ-тарын бақылаушы Роскомнадзор Google компаниясынан "Ресейлік қолданушыларға қатер төндіретін" сөз тіркесін алып тастауды талап етті. Бұл жөнінде ведомствоның telegram-арнасы хабарлады.
"Google.Translate сервисінен экстремистік сипаттағы құқық бұзушылық анықталды. Аталған сервис dear Russians ("қымбатты ресейліктер") деген сөз тіркесін орыс тіліне аудару үшін ресейлік қолданушыларға dead Russians ("өлі ресейліктер") деген сөз тіркесін жазуды ұсынған. Өзге ұлттарға келгенде мұндай мәселе жоқ", - дейді Роскомнадзор. 9 сәуірде бірқатар telegram-арналар мен басылымдар осы жайтқа назар аударған еді.
Google "Интерфаксқа" Google.Translate сервисіндегі қателік түзетілгенін хабарлады.
7 сәуірде Роскомнадзор "Ресей заңын бұзатын көптеген құқық бұзушылықтары үшін" Google компаниясына "ақпараттық және экономикалық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын" қолданатыны туралы хабарлаған."Яндекс" пен Mail.ru іздестіру жүйесі Google ресурсын "Ресей заңын бұзатын сайт" деп ескерткен. Ресей билігі Google мен оның ресурстарының жарнамасына тыйым салған.
Роскомнадзор Google иелік ететін YouTube видеохостингі "Украинада әскери операция жүргізіп жатқан Ресей Қарулы күштері туралы жалған ақпарат тарататын негізгі алаңға айналды" деп мәлімдеді.
Мұнан өзге YouTube Украинаның "Правий секторы" мен ұлтшыл "Азов" полкы секілді экстремистік ұйымдар туралы ақпараттарға тосқауыл қоймайды",- деп жазған ведомство видеохостингте 112 мыңнан астам тыйым салынған материал бар" деп санайды.
Еуропа одағы елдері Украинаға қару беруді көбейтеді
Бұл туралы Германия сыртқы істер министрі Анналена Бербок хабарлады.
"Еуропа одағы ретінде, Украинаның досы ретінде қару-жарақ беруді көбейтеміз" деді ол 11 сәуірде Люксембургтегі ЕО елдері сыртқы істер министрлерінің кездесуінен соң.
ЕО бас дипломаты Жозеп Боррель де Украинаға қару-жарақ жеткізу жұмыстары күшейетінін айтты.
Бюррель "қазір Ресейге санкция салғаннан гөрі Украинаның қорғанысына көп көңіл бөлу керек" деді.
Варшава билігі Ресейге тиесілі ғимаратты тартып алды
Польша астанасы Варшава билігі қаладағы Ресейге тиесілі ғимаратты тартып алды. Польша 90 жылдары Совет одағы кезінде салынған бұл ғимаратты украиналықтарға бермек.
Ғимаратта 100-ден аса пәтер бар, мұнда Совет одағы кезінде орыс елшілігінің қызметкерлері тұрған. Қазір бұл жер бос тұрған. 11 сәуірде сот орындаушылары келіп, ғимаратты Варшава билігіне беруді талап еткен.
Ресейдің Польшадағы елшісі Сергей Андреев бұл ресейлік дипломатиялық ғимарат дейді.
Ал Украинаның Польшадағы елшілігі "Бұл үй енді Украина мен украиналықтарға беріледі. Мұнда бәлкім балабақша, мектеп, украиналық орталық я Польшадағы украиналықтар одағының филиалы болуы мүмкін. Алдымен үйдің жағдайын тексеру керек" деп мәлімдеді.
ПІКІРЛЕР