Украинадағы соғыстың жетінші аптасы. Негізгі ақпарат:
- Украина билігі Киев облысы Бузовая ауылында ондаған бейбіт адам жаппай көмілген жер табылғанын хабарлады. Өңірден таяуда ғана Ресей әскері кеткен.
- Облыс басшысы Тарас Дидыч Бузоваядан өтетін негізгі жолда қалған ондаған мәшине ішінде де мәйіттер жатқанын айтты.
- Украина қарулы күштері Ресей сарбаздары көмілген жер Харьковтен сегіз шақырым жердегі Ольховка селосынан табылғанын хабарлады. Бұл ақпаратты растау, я болмаса терістеу соғыс жағдайында мүмкін емес.
- Украина бас прокуратурасы Ресей басып алған Киев облысында 1222 бейбіт адам қаза болғанын растады.
- Өткен аптада зымыран шабуылы жасалған Краматорск теміржол вокзалында қаза болғандар 52 адамға жетті.
- БҰҰ босқындар ісі жөніндегі агенттік соғыс басталғалы бері Украинадан 4,3 млн адам босып кеткенін мәлімдеді.
Дүниежүзілік банк: Украинадағы соғыс пен Ресейге салынған санкция Қазақстанға да әсер етеді
Украинадағы соғыс пен Батыс елдерінің Ресейге салған санкциялары күллі әлем экономикасына қиын тиіп жатыр. Ол әсіресе Еуропа пен Орталық Азиядағы дамушы елдерге қатты соққы болды. Бұл туралы Дүниежүзілік банктің осы аймақтағы елдердің экономикасы жайлы жаңартылған шолуында айтылған.
Дүниежүзілік банк Ресей басқыншылығы салдарынан Украина экономикасы шамамен 45,1 пайызға дейін қысқарады деген болжам жасаған.
Импорт тауарларының 40 пайызы Ресейден келетін Қазақстанда 2022 жылы жалпыұлттық ішкі өнімнің ұлғаюы 1,5 – 2 пайызға дейін бәсеңдейді деп болжайды халықаралық ұйым.
Ал Ресейдің жалпыұлттық ішкі өнімінің көлемі биыл 11,2 пайызға дейін төмендейді дейді Дүниежүзілік банк.
Киев облысында бейбіт адамдар жаппай көмілген жер табылған
Украина Киев облысының Бузовая селосында ондаған бейбіт адам жаппай көмілген жер табылғанын хабарлады. Бұл өңірден таяуда ғана Ресей әскері кеткен.
Сол өңірдің басшысы Тарас Дидыч Украина телемарафонында сөйлеген кезде адам көмілген жер жанар май бекетіне таяу тұстан шыққанын хабарлаған. Бузоваядан өтетін негізгі жолда қалған ондаған мәшине ішінде де мәйіттер жатқанын айтқан. Reuters агенттігі әзірге бұл ақпаратты нақтылай алмаған.
Украинаның әскері де Ресей солдаттары жаппай жерленген жерлерге кез болғанын мәлімдеді. Украина Қарулы күштерінің стратегиялық коммуникация басқармасы Ресей солдаттары көмілген жер Харьковтен сегіз шақырым қашықтағы Ольховка селосынан табылғанын фотосуреттермен көрсетті. Бұл ақпаратты растау, я болмаса терістеу соғыс жағдайында мүмкін емес.
Бірнеше апта бойы Киевті қоршауға алуға талпынған Ресей әскері таяуда ғана шегінген. Олар кеткеннен кейін Буча қаласының көшелерінде бейбіт адамдардың мәйіті шашылып жатқаны белгілі болған. Украина мен Батыс елдері мұны Ресейдің әскери қылмысы деп айыптады, Мәскеу теріске шығарды.
Украина Бас прокуратурасы Ресей басып алған Киев облысында 1222 бейбіт адам қаза болғанын растады.
Украина Бас штабы негізгі ұрыс қимылдары Украинаның шығыс және оңтүстік өңірінде жүріп жатқанын хабарлады. Кейінгі тәуліктегі белсенді ұрыс қимылдары Донецк облысында болған.
Австрия канцлері Карл Нехаммер дүйсенбі, 11 сәуір күні Мәскеуге барады. Бұл туралы Kronen Zeitung басылымы хабарлады. Басылымның жазуынша, сапар кезінде Нехаммер "бейбітшілікке сәл де болсын жақындау үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға" ниетті. Канцлер мұндай мақсатқа қол жеткізу үшін телефоннан гөрі жеке кездесу қажетірек деп санайды дейді басылым.
9 сәуір күні ол Киевте болып, Владимир Зеленскиймен кездескен. Сондай-ақ ондаған бейбіт азаматтың мәйіті табылған Бучаға барған.
ПІКІРЛЕР