Ресей әскери күштерін Харьков облысына қарай жұмылдырды
Украина әскерінің бас штабының айтуынша, Ресей Украинаның шығысынан шабуылдауға қамданып отыр. "Алдағы күндері шабуылды қайта жандандыруға тырысуы ықтимал" деді бас штаб.
11 сәуірге қараған түні Украина президенті Владимир Зеленский де осыны айтқан. "Бізге қарсы одан да зымыран мен әуе бомбасын қолдануы мүмкін, бірақ біз олардың әрекетіне дайындалып жатырмыз, қарымтасы болады" деді Зеленский.
Бір күн бұрын Харьков облысы әкімшілігінің басшысы Олег Синегубов Ресей күштері кейінгі тәулікте Харьков қаласы мен облысқа 66 соққы жасады деп мәлімдеді. Оның сөзінше, осы шабуылдың салдарынан екі адам қаза тапқан, тоғыз адам жарақат алған.
Соғыс кезінде қаза тапқан адамдар мен әскердің қозғалысы жөніндегі ақпараттарды тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру қиын.
11 сәуір күні Финляндия Ресей және Беларусь елдерімен пошта қатынасын тоқтатты. Бұл туралы елдің мемлекеттік компаниясы Posti мәлімдеді. Компания бұл шешімді "Әлемдік пошта одағының келісімдеріне сүйене отырып" қабылдағанын айтты.
Пошта қызметіне қажет мекенжайға жеткізе алмаған сауқат пен хаттар жіберушіге қайтарылады. Ал коммерциялық сауқаттар, жүктер мен шұғыл хаттардың жіберілуі 15 наурызда-ақ тоқтатылған деді компания.
Францияның Societe Generale дейтін қаржы конгломераты Ресей нарығынан кетеді. Компания Ресейде 1993 жылдан бері істеп келген
Societe Generale конгломератына қарасты Росбанк пен оның сақтандырумен айналысатын мердігер компаниялары ресейлік олигарх Владимир Потаниннің "Интеррос" компаниясына сатылады.
Росбанк бұрын онсыз да "Интеррос" меншігінде болған. Бірақ 2006-2011 жылдары банктің бақылау пакеті Societe Generale конгломератына өткен.
Сатылым осы аптаның соңында жүзеге асады деп күтіліп отыр. Әзірге бағасы айтылмады. Тараптар монополияға қарсы мекеменің мақұлдауын күтіп отыр.
The Times: Финляндия мен Швеция НАТО құрамына осы жазда кіруі мүмкін
Финляндия мен Швеция НАТО мүшелегіне осы жазда-ақ өтуі ықтимал. Бұл туралы АҚШ-тағы ресми тұлғаларға сілтей отырып The Times басылымы хабарлады.
Вашингтондағы дереккөздеріне сілтеген басылымның жазуынша, өткен аптада НАТО-ға мүше елдердің сыртқы министрлері қатысқан жиналыста қаралған негізгі мәселелердің бірі осы болған. Жиынға Финляндия мен Швеция да қатысқан.
НАТО-да қазір 30 мемлекет бар. The Times басылымының Еуропадағы дереккөздері Финляндия мен Швецияның НАТО-ға кіруі одақтың әлеуетін арттырады деп отыр.
Аталған екі ел осыған дейін бейтарап болып келген. Алайда Ресей Украинаға басып кіргелі НАТО-ға кіру мәселесін қызу талқылай бастады.
ПІКІРЛЕР