Вашингтон Үндістанмен Украинадағы соғысты талқылайды
АҚШ президенті Джо Байден бүгін, 11 сәуір күні Үндістан премьер-министрі Нарендра Модимен видео конференция арқылы сөйлесіп, Ресейдің Украинадағы басқыншылық соғысы мен оның ғаламдық экономикаға салдарын талқыламақ. Бұл туралы Ақ үй хабарлады.
Reuters агенттігінің жазуынша, АҚШ Үндістанның Ресей энергетикасын импорттауды күшейткенін қаламайтынын ашық білдірмек. Ресей Украинаға басып кіргелі Үндістан Ресейден кемі 13 миллион баррель мұнай сатып алған. Батыс Ресейге қарсы санкцияларын күшейткен тұста Ресей Үндістанға мұнайын жеңілдікпен сатқан.
Reuters агенттігінің дерегінше, былтыр Үндістан 16 миллион баррель мұнай сатып алған.
Зеленский: Мариупольде ондаған мың адам қаза болды
Украина президенті Владимир Зеленский Ресей әскерінің қоршауында қалған Мариуполь қаласында соғыс басталғалы ондаған мың адам қаза болды деді. Ол бұл сөзін Оңтүстік Корея парламентіндегі мәлімдемесінде айтты.
Зеленский Ресей ондаған мың әскерімен жаңа шабуыл жасауға дайындалып жатқанын да жеткізді.
Ресей әскері Мариуполь қаласын наурыздың басында қоршауға алған. Жергілікті билік қаладағы 80-90 пайыз инфраструктура қирады деп мәлімдеген. Ал 7 сәуірде Мариуполь мэр Вадим Бойченко қалада кемі 5 мың адам қаза болды деген.
Соғысқа дейін Мариуполь қаласында 430 мың адам тұрып жатқан. Бойченконың сөзінше, сәуірдің басында қалада 100 мыңдай адам қалған.
Ресейдің "Первый канал" арнасының тікелей эфиріне "соғысқа жол жоқ" деген плакат ұстап шыққан редактор Марина Овсянникова германиялық Die Welt газетіне тілші болып орналасты. Бұл туралы Welt Group бас редакторы Ульф Пошардт хабарлады.
"Овсянникова мемлекет тарапынан репрессияға қарамастан эфирдегі наразылығы арқылы журналистика этика принциптерін қорғады" деді.
Еуропа одағы ресейлік "Аэрофлот", S7, "Победа", UTair, Nordwind Airlines, "Уральские авиалинии" әуе компанияларын қара тізімге қосты. Бұл әуе компаниялар Еуропаға ұша алмайды.
ПІКІРЛЕР