Сумы облысында 100-ден аса бейбіт тұрғын қаза болғаны айтылды
Сумы облысы әкімшілігінің басшысы Дмитрий Живицкий аймақта Ресей әскерилерінің қолынан 100-ден аса бейбіт тұрғын мерт болғанын мәлімдеді. Ол қаза тапқандар саны әлі де өсуі мүмкін дейді.
"Күнде әр жерден мәйіттер табылып жатыр. Кейбірінің қолы байланған, кейбірінде азаптау іздері бар. Тағы бірін атып тастаған. Бұған қоса, көптеген адамдардың қайда екенін білмейміз. Жолдардан, ормандардан атқыланған көліктер табылып жатыр. Бұл көліктердегі адамдардың қайда екені белгісіз" дейді ол.
Азаттық редакциясы соғыс уақытында мұндай мәлімдемелерді тәуелсіз дереккөздерден тексере алмайды.
Путин соғысты 9 мамырда аяқтап, "жеңіске жеттік" деп жариялағысы келетіні айтыла бастады. Бұл мүмкін бе?
АҚШ-тағы соғысты зерттеу институтының сарапшысы Мейсон Кларк "қазір Ресей әскері тығырыққа тірелді, олар бұл тығырықтан қалай шығарын білмейді" деді. Ал кейбір ақпараттарда Кремль соғысты 9 мамырға таман аяқтап, жеңіске жеттік деп жариялағысы келеді деп айтыла бастады. Мариуполь билігі де Ресей қалада 9 мамырда "жеңіс карнавалын" ұйымдастыруды жоспарлайды деп мәлімдеді.
"Настоящее время" телеарнасы ресейлік тәуелсіз әскери сарапшы Юрий Федоровтан "Путиннің соғысты 9 мамырға дейін аяқтау жоспары орындала ма? Соғыс енді қалай өрбиді?" деп сұрады.
— Бұл ақылға сиятын жоспар деп ойлаймын. Бірақ бүгін 12 сәуір (сұхбат осы күні алынған), ал Путин өзін жеңіске жеттім деп жариялайтындай бір жетістігі болуы керек. Кемі Мариупольді я басқа бір ірі қаланы алуы керек. Бірақ ірі қалаға шабуыл жасау – өте қиын әскери операция, қазір Ресейде Харьков пен Днепр сияқты қалаларды алуға күш жоқ. Қалаларға шабуылдау үшін қарсыластың әскерилерінен, техникасынан саны жағынан бірнеше есе көп болуы тиіс. Мәселен, Харьковты шабуылдау үшін кемі 250-300 мың солдат қажет. Бірақ Ресейде мұндай әскери күш жоқ. Меніңше, қалаларды қоршауға алуға да әскери күш жетпейтін сияқты. Яғни, Донбасстағы шешуші операцияда қандай да бір нәтижеге қол жеткізуге болатын жеткілікті солдат жоқ деп ойлаймын. Славянск маңайында да ауыр шайқас болуы мүмкін, себебі Ресейдің мақсаты Славянск қаласын басып алу. Осыдан соң Ресей әскері қайда баратыны да белгісіз. Бәлкім Мариупольге барар, бірақ қазір Мариуполь құлайтындай жағдайды көріп тұрған жоқпын.
Харьков облысын атқылаудан жеті бейбіт тұрғын қаза болып, 22 адам жараланған. Бір күннің ішінде облысқа 53 рет шабуыл жасалған. Бұл туралы облыстың әскери әкімшілігінің басшысы Олег Синегубов мәлімдеді.
Соғыс уақытында мұндай ақпараттарды тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру қиын.
Мариуполь билігі: Ресей қалада 9 мамырда парад ұйымдастыруды жоспарлайды
Мариуполь мэрінің кеңесшісі Петр Анрющенко Ресей 9 мамырда Ресей осы қалада әскери шеру ұйымдастыруды жоспарлайды деп мәлімдеді.
- Бізде бар ақпарат бойынша, Мариупольдің өзін-өзі жариялап алған «мэрі» Иващенко 9 мамырда парад өткізу үшін қаланың орталығын қирандылар мен мәйіттерден тазарту туралы бұйрық алған. Ресейліктер "арнайы операциялары" сәтті аяқталса Мариупольде 9 мамырда "жеңіс карнавалын" ұйымдастыруды жоспарлайтын сияқты, - дейді ол.
ПІКІРЛЕР