Украина күштері: Ресей сапында қаза тапқан сарбаздар саны 20 мыңнан асты
Украина қарулы күштері күнделік баспасөз хабарламасында Ресей әскерінің қаза тапқан сарбаздары мен жойылған техникалары туралы ақпаратын жаңартты. Олардың сөзінше, соғыстың 51 күнінде Ресейдің 20 мыңнан астам сарбазы мерт болған. Жойылған техникалар:
- 756 танк
- 1976 бронтехника
- 366 артиллериялық жүйе
- 122 дүркіндетіп ату реактив жүйесі
- 66 әуеден қорғану жүйесі
- 164 ұшақ
- 144 тікұшақ
- 135 әскери дрон
- 8 кеме
Ресей күштері құрсаудағы Мариупольге жылжымалы крематорийлер әкелді
Бұл туралы қаланың мэрі Вадим Бойченко мәлімдеді. Ресей күштері осылайша өз қылмысын жасырғысы келеді дейді Бойченко.
"9 наурыздан бастап екі апта бойы қаланы жүйелі түрде қатты бомбалады. Адамдарда қаза тапқандарды жерлеуге мүмкіндік болмады, олар мұны үйінің алдында істеді. [Ресей күштері] қазір мәйіттерді жинау орталықтарына әкетіп жатыр" деді Бойченко Ресей әскерінің мәйіттерді сол крематорийлерде өртеуі мүмкін екенін айтып.
Мұның алдында Мариуполь қалалық кеңесі Ресей әскері үй алдында жерленген мәйіттерді қазып алып жатыр деп хабарлады.
Ақпанның басында Украинаның Буча қаласы Ресей әскерінен азат болып, қала көшелерінде, үйлердің алдында ондаған бейбіт адамның мәйіті қараусыз жатқаны мәлім болды. Бауырластар зираты да анықталды. Украина билігі Буча қаласы Ресей күштерінің бақылауында болғанда қалада 400-ден астам бейбіт азамат қаза тапқанын мәлімдеді. Осыдан кейін әлемдік қауымдастықтың Ресейге деген наразылығы күшейді.
Соғыс кезінде мұндай ақпаратты тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру қиын.
Ресей қорғаныс министрлігі Чернигов облысында Украинаның Ми-8 тікұшағын құлатқанын мәлімдеді. Мекеменің айтуынша, Ресей тікұшақты C-400 жүйесімен атып құлатқан. Министрлік бұл тікұшақ Ресейдің Брянск облысындағы елдімекенге шабуылдаған деп отыр.
"Украина күштерінің Ресей аумағындағы диверсияларына жауап ретінде Киевтегі объектілерге бағытталған ракеталық соққылардың ауқымы мен саны арта береді" деп мәлімдеді Ресей қорғаныс министрлігі.
14 сәуір күні Ресейдегі Брянск облысының билігі Климово елдімекені атқылауға ұшырағанын мәлімдеді. Олардың сөзінше, атқылау салдарынан жеті адам зардап шеккен, жүзге тарта үй бүлінген.
Ресей тергеу комитеті елдімекенге "Украинаның екі әскери тікұшағы" шабуылдады деді.
Украина Брянск облысындағы оқиға жөнінде пікір білдіріп, Ресейдің арнайы қызметтерін айыптады, оқиғаны "Украинаға қарсы байбаламды күшейту үшін" жасалған теракт деп бағалады.
Соғыс кезінде мұндай ақпаратты тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру қиын.
Ресей маңызды әскери кемелерінен айырылды. 14 сәуір күні "Мәскеу" крейсері, 24 наурыз күні "Саратов" десант кемесі суға батты. Бұл – Ресейді Қара теңіздегі позициясын өзгертуге итермелейді дейді Ұлыбритания барлау қызметі.
Украина бас прокуратурасы: Соғыс басталғалы 198 бала қаза тапты
Ресей басып кіргелі Украинада 198 бала мерт болып, 355 бала жарақат алды. Бұл туралы Украина бас прокуратурасы хабарлады.
Прокуратура қаза тапқан және жарақат алған балалардың саны әлі нақтыланып жатқанын ескертті. Басып алынған аумақтардағы деректер әлі толық емес дейді мекеме.
Қаза тапқан және жарақат алғандар арасында Донецк, Киев және Харьков облыстарының балалары көп.
Соғыс кезінде мұндай ақпараттарды тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру қиын.
ПІКІРЛЕР