Accessibility links

"Z" таңбасы бар әскери техника. Мариуполь қаласы, 16 сәуір 2022 жыл.
"Z" таңбасы бар әскери техника. Мариуполь қаласы, 16 сәуір 2022 жыл.

Украинадағы соғыста 11-17 сәуір арасында не болды?

Украинадағы соғыс жайлы барлық ақпаратты осы парақшадан таба аласыз.

17 сәуір - Украинадағы соғыстың 53-күні. Негізгі ақпараттар:

  • Ресей әскері Украина қалаларын атқылауды доғармады. Украина қарулы күштерінің хабарлауынша, Ресей Харьков маңындағы әскерін көбейтуге тырысып жатыр. Жаңадан түсірілген спутник суреттері әскери техникалардың Харьков облысы Липчановка елді мекенінде шоғарланғанын көрсеткен. Техниканың біраз бөлігі Изюм қаласына қарай жол тартқан.
  • Ұлыбритания қорғаныс министрлігі Ресей Украинадағы соғыста тактикасын өзгерткенмен мақсатын өзгерткен жоқ деп мәлімдеді.
  • Қоршауда қалған "Мариупольдегі украин күштерінің қазасы Ресеймен келіссөзге нүкте қоюы мүмкін". Украина президенті Владимир Зеленский осылай деп мәлімдеді.
  • Ресей Мариупольдегі украин күштеріне берілуді ұсынды.
  • Журналистер "Москва" крейсерінде қаза болған теңізшінің аты-жөнін анықтады.
  • БҰҰ мәліметінше, соғыс басталғалы бері 5 млн адам Украинадан босып кеткен. ​
  • Украина президенті Владимир Зеленский CNN арнасына берген сұхбатында Ресей басқыншылығы басталғалы бері шамамен үш мың украин жауынгері опат болып, он мыңы жараланғанын айтты.
  • Ресей Ұлыбританияның бірқатар саясаткерлеріне елге кіруге тыйым салды.
  • Пентагонның айтуынша, ресейлік "Мәскеу" крейсері Украинаның екі зымыраны түскеннен кейін суға батқан.

Украинада "Путинге жақын" депутат Виктор Медведчук ұсталды. Саясаткер ақпанда үйқамақтан қашып кеткен

Украинада "Путинге жақын" депутат Виктор Медведчук арнайы операция барысында ұсталды. Бұл туралы Украина президенті Владимир Зеленский хабарлады. Ақпанның соңында ресейшіл саясаткер үйқамақтан қашып кеткен.

Виктор Медведчук.
Виктор Медведчук.

"Украина қауіпсіздік күштері арнайы операция өткізді! Жарайсыңдар" деп жазды Зеленский. Украина президенті саясаткерді қалай ұстағаны туралы мәлімет кейінірек жарияланатынын ескертті.

Кремль спикері Дмитрий Песков Медведчуктің ұсталғанына қатысты суретті көргенін, бірақ оның қаншалықты рас екенін айта алмайтынын ТАСС агенттігіне мәлімдеді. Песков суретті тексеру керек деп есептейді.

"Оппозиционная платформа – За жизнь" партиясы саяси кеңесінің төрағасы Виктор Медведчук – Ресей президенті Владимир Путинмен тығыз байланыс орнатқан украин саясаткері. 2004 жылы Владимир Путин Медведчуктің кіші қызы Дарияға өкіл әке атанған.

19 ақпанда Медведчук пен оның әйелі Оксана Марченконың мүлкіне санкция жарияланды.

Медведчук Украинада мемлекеттік сатты деген айыппен тәулік бойы үйқамақта отырған, алайда кейін оны бақылауда ұстау әдісі өзгерген. 26 ақпанда Бас прокуратура Ұлттық полицияға Медведчуктің үймақта бар-жоғын тексеруді тапсырған, алайда саясаткер орнында болмай шыққан.

АҚШ президенті Джо Байден Ресей әскерінің Украинада бейбіт халыққа жасап жатқанын геноцид деп атады

"Мен оны геноцид деп атадым, себебі Путин тіпті украин атану мүмкіндігінің өзін жоюға күш салып жатыр. Оған айғақтар барған сайын көбейіп жатыр" деді президент Байден.

Оның сөзіне қарағанда, геноцид бойынша түпкілікті шешімді заңгерлер қабылдайды.

Осыған дейін Американың ресми тұлғалары Ресейдің Украинадағы әрекетін "әскери қылмыс" деп атап, геноцид сөзін қолданбаған. Өткен аптада президенттің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан Америка үкіметі қолданған анықтама бойынша Украина аумағындағы қылмыс геноцид емес деп түсіндірген.

Буча қырғынынан кейін Ресейге Украина халқына геноцид жасады деген айыптар тағыла бастаған. Бірнеше апта Ресей әскерінің бақылауында болған Буча қаласында орыс әскері кеткеннен кейін бейбіт тұрғындардың мәйіттері табылған. Буча мэрінің сөзіне қарағанда, 12 сәуір күнгі мәлімет бойынша қаладан 403 мәйіт табылған. Әзірге толық емес мәлімет бойынша, олар Ресей әскерінің қолынан қаза болған.

13 сәуір. Түске дейін болған негізгі ақпараттар:

  • Дәл қазір Украинаның Донецк, Луганск, Харьков және Херсон облыстарында күні-түні шайқас болып жатыр.
  • Украина қарулы күштерінің бас штабы "Ресей әскерилері Мариупольге шабуылды жалғастырып жатыр және "Азовсталь" металлургиялық кешені мен теңіз портына қарай беттеп барады" деп мәлімдеді.
  • Мариуполь қаласының басшылығы соғыстан қалада 21 мың бейбіт тұрғын қаза болғанын, әлі 100 мың адам эвакуация күтіп отырғанын хабарлады.
  • Украина ұлттық журналистер одағы соғыс басталғалы Украинада кемі 20 журналист қаза болғанын мәлімдеді.
  • Украинаның адам құқығы жөніндегі уәкілі Людмила Денисованың сөзінше, соғыстан елде 191 бала қаза болып, 350 бала жараланған.
  • Польша, Литва, Латвия және Эстония президенттері Украина келді, олар Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездеспек.
  • АҚШ президенті Джо Байден Ресей әскерінің Украинадағы әрекеттерін "геноцид" деді. Зеленский Байденнің бұл сөзін "шын лидердің шынайы сөзі" деп бағалады.
  • АҚШ басылымдары "Ақ үй Украинаға құны 750 млн доллар болатын қару-жарақтар беруге дайындалып жатыр" деп хабарлады.
  • Байден мен Британия премьері Борис Джонсон телефон арқылы сөйлесіп, Ресейге экономикалық қысымды күшейтуді және Ресейдің газы мен мұнайынан бас тарту мәселесін талқылады.
  • Украина мен Ресей әскерін Донбасс аумағына жинап, соғыстың кезекті фазасына дайындалып жатыр.

Соғыс уақытында адам шығыны, әскери шабуылдар жайлы ақпараттарды тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру қиын.

Ресей Мариупольде украиналық 1026 әскери берілді дейді. Киев мұны жоққа шығарады

Ресей қорғаныс министрлігі Мариупольде Украинаның теңіз әскерінің 36-бригадасындағы 1026 әскери қаруларын тастап, берілді деп мәлімдеді. Ведомство "берілгендер арасында 162 офицер мен 40 әйел бар" деп отыр.

Ал Украина президентінің кеңесшісі Алексей Арестович Мариупольдегі теңіз әскерінің 36-бригадасы жолын тауып "Азов" бригадасына қосылды, осылайша қаланы қорғаушылардың позициясы күшейді дейді.

Соғыс уақытында мұндай ақпараттарды тәуелсіз дереккөздерден тексеру қиын.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG