Сумы облысында 100-ден аса бейбіт тұрғын қаза болғаны айтылды
Сумы облысы әкімшілігінің басшысы Дмитрий Живицкий аймақта Ресей әскерилерінің қолынан 100-ден аса бейбіт тұрғын мерт болғанын мәлімдеді. Ол қаза тапқандар саны әлі де өсуі мүмкін дейді.
"Күнде әр жерден мәйіттер табылып жатыр. Кейбірінің қолы байланған, кейбірінде азаптау іздері бар. Тағы бірін атып тастаған. Бұған қоса, көптеген адамдардың қайда екенін білмейміз. Жолдардан, ормандардан атқыланған көліктер табылып жатыр. Бұл көліктердегі адамдардың қайда екені белгісіз" дейді ол.
Азаттық редакциясы соғыс уақытында мұндай мәлімдемелерді тәуелсіз дереккөздерден тексере алмайды.
Ресей қорғаныс министрлігі "Москва" ракеталық крейсері өртенгенін мәлімдеді
Министрлік "Қара теңізде "Мәскеу" ракеталық крейсеріндегі өрттен қару-жарақ қоры жарылып, кеме қатты зақымданды" деп мәлімдеді.
Ведомоства экипаж толық эвакуацияланған хабарлады. Зардап шеккендер бар-жоғы белгісіз.
Ал Украина билігі украиналық кемелерге қарсы "Нептун" ракетасы "Москва" крейсеріне шабуыл жасағанын, кеме қатты зақымданғанын айтады.
"Москва" Ресей теңіз флотының Қара теңіздегі флагманы және Қара теңіз флотындағы мықты крейсері саналады.
Киев Мариупольде украиналық теңіз әскерилерінің тұтқынға түскенін растады
Украина президентінің кеңесшісі Алексей Арестович Мариупольде украиналық теңіз жаяу әскерінің солдаттары берілгенін растады. Оның сөзінше, теңіз әскерилері артиллериялық шабуылға ұшырап, берілуге мәжбүр болған.
Арестович тұтқынға түскендер саны 1350 адам емесін, одан әлдеқайда аз екенін айтады.
14 сәуірде Ресей қорғаныс министрлігі Мариупольде Украина теңіз әскерінің 1350 солдаты берілді деп мәлімдеген еді.
Бұған қоса, 14 сәуірде Ресей қорғаныс министрлігі Мариупольде тағы 134 украиналық әскери берілгенін мәлімдеді. Киев бұл мәлімдемеге қатысты ештеңе демеді.
Украинаның төрт облысында атыс жалғасып жатыр
Қазір Украинаның Донецк, Луганск және Херсон облыстарында кескілескен шайқас болып жатыр. Ал Харьков облысына да оқтын-оқтын шабуыл жасалып жатқаны да айтылды.
"Украинская правда" басылымы облыс әкімшіліктерінің басшыларына сілтеме жасап хабарлады.
"Мариупольде жағдай өзгеріссіз, қала блокадада, артиллерия және әуеден шабуылға ұшырап жатыр. Ресей қаладан адамдарды жібермей отыр" деп жазды басылым.
ПІКІРЛЕР