Өткен тәулікте Харьков облысын Ресей әскерінің атқылауы салдарынан үш бейбіт тұрғын қаза болған. 31 адам жараланған. Арасында төрт бала бар. Бұл жөнінде Харьков облысы әскери әкімшілігінің жетекшісі Олен Синегубов хабарлады.
Оның сөзіне қарағанда, аумақты Ресейдің кассеталық оқ-дәрілерінен тазарту кезінде үш сапер қаза болған, төрт адам жараланған.
Осыған дейін Украина қарулы күштері Ресей әскері Харьков қаласын жартылай қоршап, атқылап жатыр деп мәлімдеген.
Соғыс жағдайында бейбіт тұрғындардың қазасы жайлы мәліметтерді тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру қиын.
Украинаға "қуатты қару түрлері" келе бастады
Вашингтонның Киевке қауіпсіздігін нығайтуы үшін бөлген 800 млн долларлық көмегі аясында АҚШ жіберген қару-жарақ, оқ-дәрілер Украинаға келе бастады. Бұл жөнінде Америка үкіметіндегі дереккөзге сүйенген CNN телеарнасы хабарлады.
Телеарнаның мәліметінше, АҚШ президенті Джо Байден Украинаға қосымша қару-жарақ пен оқ-дәрі жөнелтуді осы апта басында мақұлдаған.
Вашингтон Киевке қуатты қару түрлерін беруге алғаш рет келісіп отыр. Бірнеше апта бұрын Байден әкімшілігіндегі кейбір шенеуніктер Ми-17 тікұшағының 11 данасы, 18 155-мм гаубица, 300 Switchblade дроны тәрізді қуатты қару түрлерін Киевке беру жағдайды ушықтырып жіберуі мүмкін деген қауіп айтқан.
Жұма күні АҚШ қорғаныс министрлігінің жоғары лауазымды өкілі қару-жарақ пен жабдықтар тиелген алғашқы рейс аймаққа алдағы күндері жеткізіледі деп мәлімдеген.
Украина президенті Владимир Зеленский сенбі күні Украина ақпарат құралдарына берген сұхбатында, АҚШ, Ұлыбритания, Польша және бірқатар мемлекеттер "қазіргі кезде украиналықтарға жақсы дем беріп жатыр" деді.
"Бірақ қаласа, одан да күштірек қолдай алар еді" деді. Оның сөзінен "Украинская правда" сайты үзінді келтіреді.
Украина телеграм-арналары жексенбі күні Харьковке зымыранмен соққы жасалғанын хабарлап, видеолар таратты. Әзірге толық емес мәлімет бойынша, қаза болғандар мен жараланғандар бар.
Харьковте совет қолбасшысы, маршал Георгий Жуковқа арналған ескерткіш сүрілді
Әлеуметтік желілерде ескерткіштің сүрілгені жайлы видеолар тарады.
Кейбір БАҚ-тың хабарлауынша, оны "Азов" батальонының жауынгерлері алған болуы мүмкін.
Харьков облысы әкімшілігі оқиғаға байланысты ешқандай хабарлама таратпады.
ПІКІРЛЕР