Сауытбайға марапатты 4 наурызда Вашингтонда АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео мен АҚШ-тың бірінші ханымы Мелания Трамп табыстады.
Помпео марапаттау рәсімі кезінде "Сайрагүл Сауытбайға бас иеміз. Ол бұрын дәрігер болған. Ол шындықты айтқаны үшін отбасынан ажырап, қамалып, қысым көрді, өлім жазасына кесілуі де мүмкін еді. Ол – Қытайдың Коммунистік партиясының Шыңжаңдағы мұсылмандарға қарсы қысымы жайлы ашық айтқандардың бірі. Сайрагүл Сауытбай қорықпай Шыңжаң лагерьлері туралы ақпараттарды айтты және қазір де лагерьде қамалып шыққандар мен олардың туыстарына қамауда көргендерін ашық айтуға жігерлендіріп жүр" деді.
АҚШ мемлекеттік департаменті бұл сыйлықты бейбітшілік, әділдік, адам құқығы, гендерлік теңдік, әйелдер құқығы үшін күресіп, өмірін қауіпке тіккен әйелдерге береді.
Сайрагүл Сауытбай: "Қытай үкіметінен қуғын-сүргінді тоқтатуды талап етемін!"
Сайрагүл Сауытбайдан бөлек биыл бұл марапатты ауғанстандық құқық қорғаушы, саясаткер Зарифа Гафари; балалар мен әйелдер құқығын қорғап жүрген армениялық Люси Кочарян; билік қуғындаған құқық қорғаушылар мен журналистерді қорғап жүрген әзербайжандық адвокат Шахла Гумбатова; Боливиядағы жемқорлық, демократия мәселесін жазып жүрген журналист Ксимена Галарза; ауыл әйелдерінің құқығы мен бостандығы үшін күресіп жүрген буркино-фасолық белсенді Клэр Уэдраого; діни бостандық үшін күресіп жүрген малайзиялық құқық қорғаушы Сюзанна Лью; Никарагуа билігін сынағаны үшін қамалып шыққан саяси тұтқын Амая Коппенс; әйелдер мен балалар құқығын қорғаушы пәкістандық Жалила Хайдер; Башар Асад режимінің түрмесінде отырып шыққан, Сирияда із-түссіз жоғалып кеткендердің отбасына көмектесіп жүрген Амина Хулани; Йемендегі балалардың соғысқа қатысуына қарсы күресіп жүрген журналист Ясмин әл Кадхи; Зимбабведе әйел теңдігі мен гендерлік теңдік үшін күресіп жүрген құқық қорғаушы Рита Ньямпинга алды.
Жиында сөз алған Мелания Трамп "марапатталған әр әйел басқаларға көмектесу үшін батылдық танытып, өмірін қатерге тікті" деді.
Сайрагүл Сауытбай – АҚШ мемлекеттік департаментінің бұл сыйлығын иеленген екінші қазақ. 2018 жылы "Халықаралық батыр әйелдер" сыйлығына қазақстандық адвокат Айман Омарова ие болған.
Бұл сыйлықты Қырғызстандағы 2010 жылы 7 сәуірдегі оқиғадан соң билікті уақытша қолына алған Роза Отунбаеваға табысталған. Ол бұл сыйлықты 2011 жылы алды.
САЙРАГҮЛ САУЫТБАЙ КІМ?
Сайрагүл Сауытбай Қытайдың Шыңжаң өлкесі Іле қазақ автономиялық ауданында дүниеге келген. Дәрігер мамандығын тәмамдап, Шыңжаңда дәрігер, оқытушы болып жұмыс істеген. 2016 жылы ол отбасымен Қазақстанға көшкісі келгенде Қытай билігі Сайрагүлдің төлқұжатын алып қойған. Сөзінше, 2017 жылдың қарашасынан 2018 жылдың наурызына дейін Қытай билігінің бұйрығымен Шыңжаңдағы қайта тәрбиелеу лагерьлерінде (БҰҰ есебінше, Қытай Шыңжаңдағы лагерьлерде миллионға жуық мұсылмандарды қамаған) мұғалім болып жұмыс істеген. Сауытбай 2018 жылы наурызда Қорғас бекетінен Қазақстанға заңсыз шекара бұзып өткен.
Ол мемлекеттік қызметкер ретінде Қытайдан шыға алмай қалғандықтан шекара бұзуға мәжбүр болғанын айтқан. 2018 жылы тамызда Жаркент қаласындағы сот Сауытбайды "шекара бұзу" айыбымен алты ай шартты жазаға кесіп, елде қалдырды. Судья үкім шығарарда Сауытбайдың отбасымен қауышу мақсатында шекара бұзғанын, күйеуі мен екі баласының Қазақстан азаматы екенін ескерген. Сауытбай Қазақстаннан босқын мәртебесін сұрағанымен, Нұр-Сұлтан оған бұл статусты бермеді. Кейін ол Швецияға кетіп, қазір сонда тұрып жатыр.
- БҰҰ есебінше, 2017 жылдан бастап Шыңжаңда тұратын бір миллионға жуық ұйғыр, қазақ, қырғыз және басқа да мұсылман лагерьге қамалған. Пекин бұл орындарды "терроризммен күрес орталығы" деп атайды.
- Қытай Шыңжаңдағы лагерьлерді "кәсіп үйрететін, жұртты терроризмнен құтқаратын орталық, мұнда оқып шыққандар кәсіп меңгеріп, жұмыс табады" деп мәлімдеген.
- Батыс елдері мен халықаралық ұйымдардың қысымынан кейін Пекин "лагерьде отырғандардың бәрі кәсіп меңгеріп, оқуын аяқтап шықты" деп мәлімдеген.
- Былтырғы жылдың соңында Қытай "қайта тәрбиелеу орталығындағылардың бәрі оқуын аяқтап" шыққанын айтқан.
- Жақында Австралия стратегиялық саясат институты (ASPI) есебінде Қытай билігі лагерьден шыққан мұсылмандарды елдің басқа аймақтарындағы фабрикаларға жұмысқа жіберіп жатқанын мәлімдеген. Қытай мемлекеттік басылымдарында мұны жоққа шығарған.
ПІКІРЛЕР