Accessibility links

Түркиядағы президент сайлауы. Кандидаттар екінші турға көне ме?


Президент пен парламент сайлауына дауыс беру аяқталғаннан кейін теледидардан сайлаудың нәтижесі туралы алдын ала деректерді қарап тұрған адамдар. Түркия, Стамбұл, 14 мамыр, 2023 жыл
Президент пен парламент сайлауына дауыс беру аяқталғаннан кейін теледидардан сайлаудың нәтижесі туралы алдын ала деректерді қарап тұрған адамдар. Түркия, Стамбұл, 14 мамыр, 2023 жыл

Түркиядағы президент сайлауынан кейін бюллетеньдердің 98,38 пайызы саналып, елдің қазіргі президенті Режеп Тайып Ердоған 49,34 пайызбен алда келеді. Оның негізгі бәсекелесі – "Халық альянсы" оппозициялық бірлестігінен сайлауға түскен Кемал Қылышдароғлы 45 пайыз дауыс жинап екінші орында тұр. Ал "Ата альянсы" саяси блогының кандидаты Синан Оған 5,23 пайыз дауыс жиған. Бұл туралы TRT Haber хабарлады.

Дауыс түгел саналмайынша, сайлау қорытындысы жарияланбайды. Оған бірнеше күн кетуі ықтимал. Бірақ сарапшылар да, сайлауға түскен саяси күштер де екінші тур болады деп отыр. Екінші тур болады деген болжам сайлауға дейінгі сауалнамалар қорытындысы бойынша да жасалған.

Дауыс санау басталғаннан кейін көп ұзамай мемлекеттік "Анадолы" ақпарат агенттігі алғашқы нәтижені жариялап, Ердоған едәуір алда келеді деп хабарлады. Ал бұған жауап ретінде Кемал Қылышдароғлы өз партиясының есебіне сүйеніп, "алдамыз" деп жазды.

Түркиядағы президент пен парламент сайлауы. Дауыс санап жатқан адамдар. Анкара, 14 мамыр, 2023 жыл
Түркиядағы президент пен парламент сайлауы. Дауыс санап жатқан адамдар. Анкара, 14 мамыр, 2023 жыл

Дауыс санау әлі жалғасып жатыр. Егер Ердоғанға берілген дауыс түбі 50 пайыздан асып түссе, ол президент қызметінде қала бермек. Ал егер ешбір кандидат 50 пайыздық межеге жете алмаса, 28 мамырда сайлаудың екінші кезеңі өтеді.

Жексенбі, 14 мамырда Түркияда президент сайлауымен қатар парламент сайлауы да өткен. Онда бюллетеньдердің 99,55 пайызы саналған. Оның нәтижесі бойынша, Режеп Тайып Ердоғанның Әділдік және даму партиясы бастаған "Республикалық альянс" 49,3 пайыз жинап, парламенттегі 600 орынның 322-сіне ие болмақ.

Ал "Халық альянсы" дейтін оппозиция одағы 35,19 пайызбен 212 мандат алуы мүмкін. Бұл туралы Түркия орталық сайлау комиссиясына сілтеген TRT телеарнасы хабарлады. "Халық альянсы" одағын Кемал Қылышдароғлының Республикалық халық партиясы бастап отыр.

Түркия президенттігіне кандидат Режеп Тайып Ердоған әйелі Әмине Ердоғанмен бірге сайлау штабында тұр. Анкара, 15 мамыр, 2023 жыл
Түркия президенттігіне кандидат Режеп Тайып Ердоған әйелі Әмине Ердоғанмен бірге сайлау штабында тұр. Анкара, 15 мамыр, 2023 жыл

Ердоған Түркияны әуелі премьер-министр ретінде, кейін президент ретінде басқарып келе жатқанына 20 жылдан асты. Осы сайлау ол үшін ең тартысты додаға айналды. Мұның алдындағы сайлауларда ол басымдықпен жеңіске жеткен.

Ал биылғы сайлаудың алдында әлеуметтік сауалнамалар Кемал Қылышдароғлы Ердоғаннан аздап озады, бірақ екінші тур болады деп болжаған.

Қылышдароғлы сайлауға Республикалық халық партиясынан түсіп отыр. Бұл партия Түркия зайырлы мемлекет болып қалғанын қолдайды. Ол жемқорлықты айыптап, Түркияның Еуропа бағытында дамығанын мақсат тұтады.

Қылышдароғлыны "Халықтық альянсқа" біріккен алты оппозициялық партия ұсынған.

Түркия президенттігіне кандидат Кемал Қылышдароғлы Республикалық халық партиясының штаб-пәтеріне келе жатыр. Анкара, 15 мамыр, 2023 жыл
Түркия президенттігіне кандидат Кемал Қылышдароғлы Республикалық халық партиясының штаб-пәтеріне келе жатыр. Анкара, 15 мамыр, 2023 жыл

Бұл екеуімен бірге президент сайлауына "Ата альянсы" саяси блогынан Синан Оған да түсіп отыр.

Дауыс беруге санаулы күн қалғанда Отан партиясының үміткері Мұхаррем Инже сайлауға қатысудан бас тартты. Мұның себебі ретінде ол сайлау науқаны кезінде өзіне қарсы компроматтар жиі жарияланып кеткенін атады. Саясаткердің сөзінше, кейінгі 45 күнде түрік баспасөзінде "оның абырой-беделіне нұқсан келтіретін жалған суреттер тараған, ал құқық қорғау органдары бұл жайттарды тергемеген". Инже өзін мысал етіп, "Түркия мемлекеті азаматының және президенттікке үміткерінің беделін қорғай алмады" деп мәлімдеді.

Associated Press агенттігінің хабарлауынша, 69 жастағы Ердоған дауыс беру аяқталғаннан кейін жақтастарының алдында сөз сөйлеп, сайлаудың бірінші турында-ақ жеңіске жетуі мүмкін екенін, бірақ халық екінші турды қаласа, құрметпен қарайтынын мәлімдеген.

"Біз сайлау бірінші турда шешілер-шешілмесін әлі білмейміз... Егер халқымыз екінші турды қаласа, хош..." деді Ердоған шетелдегі Түркия азаматтарының дауысы әлі саналмағанын ескертіп.

2018 жылғы сайлауда шетелде жүрген түрік азаматтары арасында ол 60 пайыз дауыс алған. Биылғы сайлауда күн тәртібіне негізінен елдің ішкі мәселесі шықты. Олардың қатарында әлсіреген экономика, адам құқықтары және ақпанда 50 мыңнан астам адамның өмірін қиған зілзала бар.

Президент пен парламентті сайлауға дауыс беріп жатқан адам. Түркия, Стамбұл, 14 мамыр, 2023 жыл
Президент пен парламентті сайлауға дауыс беріп жатқан адам. Түркия, Стамбұл, 14 мамыр, 2023 жыл

Сарапшылардың айтуынша, ел ішіндегі қордаланған мәселелердің бас тақырыпқа айналуы Ердоғанға қолайсыз тиген. Әдетте ол өзін Батысқа қарсы тұра алатын, халықаралық деңгейде Түркияның мүддесін қорғай алатын қайраткер ретінде көрсетуге тырысатын.

Басында мемлекеттік ақпарат агенттігінің сайлаудың алғашқы нәтижесі туралы мәліметін даулаған Қылышдароғлы да екінші турға көнгендей. Дүйсенбі, 15 мамырға қараған түні журналистер алдына шыққан саясаткер "Халқымыз екінші тур десе, екінші турда міндетті түрде жеңіске жетеміз. Қоғамда өзгеріске деген сұраныс 50 пайыздан асады" деді.

85 миллион халқы бар Түркияда сайлаушылардың 90 пайызы дауыс беріп үлгерген.

Сарапшылар Ердоғанның тұсында Түркияның әскери және геосаяси салмағы артты дейді. НАТО-ға мүше Түркия Сирия мен Украинадағы соғыста ықпалды ойыншыға айналып, Швецияның НАТО-ға кіруіне тосқауыл жасады. Түркия – Еуроодаққа мүше болуға үміткер, бірақ Ердоған өзін Батыс өркениетіне қарсы қойып, ондағы лидерлермен қарым-қатынасына сызат түсірді. Халықаралық саясатта беделі бар Ердоған елдің ішкі мәселесінде сынға ұшырап отыр. Ұлттық валюта – лираның құны кейінгі жылдары бірнеше есе кеміді. Сарапшылар бұған Ердоған үкіметінің ақша айналымы саясатына қатты араласқаны түрткі болды деп есептейді. Ақпандағы алапат зілзаладан кейін құтқару жұмысына көңілі толмаған жұрт та Ердоғанды айыптайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG