Accessibility links

Түрмеге жабылу қаупі төнгенін айтқан Шыңжаңдағы қазақ журналист жәрдем сұрайды


Қытайдың Шыңжаң өңірінде тұратын қазақ журналист Жанаргүл Жұматай
Қытайдың Шыңжаң өңірінде тұратын қазақ журналист Жанаргүл Жұматай

Қытайдың Шыңжаң өңірінде тұратын миллионнан астам мұсылман 2016 жылдан бері "қайта тәрбиелеу лагеріне" қамалған. Солардың бірі, ұлты қазақ Жанаргүл Жұматай тағы та түрмеге түсуі мүмкін екенін мәлімдеп, көмек сұрайды. Ол Қазақстанға оралғысы келетінін айтады.

Қытайдың қатаң авторитарлық полиция режимі орныққан өңірі саналатын Шыңжаңда халықаралық қауымдастықтың назарын аудару мақсатында көрші елге кетуге талпыну түгілі, пікіріңді көпшілікке жариялаудың өзі қиын. Бірақ аймақ орталығы Үрімжіде тұратын ұлты қазақ журналист, музыкант Жанаргүл Жұматай батылдық танытып, Қазақстанға қоныс аударғысы келетінін ашық айтып, басын бәйгеге тігіп отыр.

47 жастағы Жұматай өткен аптада жергілікті қауіпсіздік қызметі өзіне қысым көрсетіп жатқанын мәлімдеді. Жанаргүл АҚШ-та тұратын танымал қазақстандық белсендімен сөйлескені үшін қайтадан лагерьге жабылу қаупі төнгенін, түрмеден құтылғың келсе "өз еркіңмен психиатриялық ауруханаға жат" деген сөз естігенін айтты.

Қазақ әйел қазір халықаралық қауымдастықтың қолдауына үміт артып отыр. Ол бұрын өзіне "Қазақстан" мемлекеттік арнасында жұмыс істеп, елде тұруына рұқсат берген Қазақстанға оралғысы келеді.

"Алда-жалда із-түзсіз жоғалып кетсем я өліп қалсам, бүкіл әлем бұған кім жауапты екенін білсін" деген Жұматай 2 қаңтарда даниялық академик, Шыңжаң бойынша сарапшы Рун Стинбергпен телефонмен сөйлескенде.

"ӨЛІМНЕН БАСҚАНЫҢ БӘРІН КӨРДІМ"

Қытайдың солтүстік-батысындағы Шыңжаң өңірі әлем бойынша үкімет аса қатаң бақылауда ұстап отырға аймақтардың бірі.

Кейінгі жылдары бұл өңір миллионнан астам түркітілдес және мұсылман адамды (бейресми деректер бойынша, жапа шеккендер саны бұдан екі есе көп) ұстап, жабық мекемелерге мәжбүрлеп жабуымен атышулы болған. Пекин ол жабық мекемелерді "кәсіби оқыту орталықтары" деп атайды.

Шыңжаңдағы "қайта тәрбиелеу лагерлерінің" бірі. Қытай, 2 маусым 2019 жыл
Шыңжаңдағы "қайта тәрбиелеу лагерлерінің" бірі. Қытай, 2 маусым 2019 жыл

Ал куәгерлердің сөзіне қарағанда, әлем елдеріне "қайта тәрбиелеу лагерьлері" деген атаумен белгілі бұл мекемелерде тұтқындарды азаптаудың жан түршігерлік небір сұмдық әдіс-тәсілі қолданылған. Оны көзімен көргендердің арасында қазақтар да бар.

Жанаргүл де бұрын осындай лагерьде тұтқында болғанын айтады. Оның сөзін Қытай полициясының әшкере болған құжаттары да растайды. Онда Жұматайдың 2017 жылы қамауға алынғаны жазылған.

Чехияның Оломоуц қаласында орналасқан Палацкий университеті қызметкері Стинберг Азаттыққа Жанаргүл Жұматаймен 2 қаңтардан бастап күнде сөйлесіп жүргенін айтты.

Антропологтың сөзінше, Шыңжаңда адамды телефонына шетелдік қосымша орнатқаны үшін де түрмеге жабуы мүмкін. Сондықтан өңір тұрғындары арасында мемлекеттен көрген қысымын айтып, халықаралық аудиторияға шағынатындар өте сирек кездеседі. Бұрын тарихи отанында "Қазақстан" ұлттық телеарнасында жұмыс істеген Жанаргүл де шетелдік ғалыммен сөйлескені үшін басына қандай қауіп төнетінін өте жақсы біледі, әйтсе де тәуекелге барған.

Қытай полициясының әшкере болған құжаттарына сүйеніп жасалған Шыңжаң құрбандарының деректер базасындағы мәліметке сәйкес, 2017 жылы Жанаргүлді тұтқындауға телефонындағы "әдеттегіден бөлек" қосымша мен журналистің Қазақстанға сапары себеп болған.

Жұматай Стинбергке Үрімжіде өзіне жергілікті билік өкілдері "АҚШ-та тұратын қазақстандық белсенді Серікжан Біләшпен байланысың үшін түрмеге жабыласың” деп қорқытқанын айтқан.

Жанаргүлдің айтуынша, билік өкілі оған "Түрмеге түскің келмесе, бүгін кештен қалмай өз еркіңмен психиатриялық ауруханаға барып жат" деген.

Жанаргүл екі жыл лагерьде болғанда "өлімнен басқаның бәрін көргенін", басынан өткен сұмдықтарды ұмыта алмай, әлі күнге болмашы нәрсеге жүрегі дүрсілдеп кететінін айтады.

Жұматай мен Стинбергтің алғашқы әңгімесінің стенограммасы Қытай үкіметінен зардап шеккен азаматтар жайлы ақпарат жинақталған Шыңжаң құрбандарының деректер базасында жарияланды. Стинберг стенограммада жазылған әңгіме болғанын растады.

Үрімжідегі қамау орталықтарының бірінің алдында тұрған полиция қызметкерлері. Шыңжаң, Қытай, 23 сәуір 2021 жыл
Үрімжідегі қамау орталықтарының бірінің алдында тұрған полиция қызметкерлері. Шыңжаң, Қытай, 23 сәуір 2021 жыл

Жұматай биыл 5 қаңтарда Қазақстанның Пекиндегі елшілігіне хабарласқанын Стинбергке айтып берген. Азаттыққа мұны Стинбергтің өзі жеткізді.

"Елшілік өкілдері Жанаргүлге "Қазақстанға кіруге рұқсат қағазын береміз" депті. Жанаргүл қуанып отыр, бірақ әлі де көңілі күпті. Ол [Қытайдың қоғамдық қауіпсіздік бюросы] немесе жергілікті билік өзін ұстап әкетуі мүмкін деп қорқады", – деді Стинберг.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі Жанаргүл Жұматайға байланысты сұрақтарға жауап берген жоқ.

"Кейінгі күндері Жанаргүл анасының пәтерінен шықпай отыр. Әпкесі оған азық-түлік жеткізіп тұрады екен", – деді Стинберг.

АСТАНА ҮШІН ҚИЫН МӘСЕЛЕ

Қытайдағы аз ұлттар ішінде ұйғырлардан кейін ең көп кездесетіні – қазақтар. Шыңжаңда мұсылман ұлт өкілдерін қудалау басталғанда Қазақстан халқы жиі наразылыққа шығып, Қытай саясатын сынаған. Бұл Пекинмен сауда қатынасын дамытып, әріптестігін нығайтуға мүдделі Қазақстан билігін қиын жағдайда қалдырды.

2019 жылдың басында Астана Шыңжаң мәселесіне назар аударғандай болып, Қытайда тұратын екі мыңнан астам қазақты елге көшіргенін хабарлады.

Бірақ Қазақстан үкіметі халықаралық деңгейде Қытайдың Шыңжаңдағы саясатын сынайтын мәлімдемелер мен резолюцияларға қосылған емес. Қазақстанның сол кездегі сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Қытайдың "қайта тәрбиелеу лагерьлерінде қазақ жоқ" деген сөзін алға тартқан еді.

Шыңжаң құрбандары деректер базасының (тізімде Қытайдағы қуғын-сүргіннен зардап шеккен 50 мың адамның аты-жөні бар) негізін қалаған Джин Бунин Қытайдың бұл мәлімдемесі шындыққа жанасатын сияқты деп есептейді.

Алайда ол лагерьден босап шыққандардың көбі қазір "күмәнді айыптар бойынша көп жылдық түрме жазасын өтеп жатқанын" я үйқамақта, қатаң бақылауда отырғанын айтады. Бунин жаппай лагерьге жабу науқаны бәсеңдегенімен, кез келген адамды жөн-жосықсыз ұстап әкету тәжірибесі жойылмағанына назар аударады.

Қытайдан көшіп келген қазақ Оңғарбек Үсіпұлы халықаралық қауымдастықты Шыңжаң қазақтарын қолдауға үндеп акция өткізіп тұр. Алматы, 9 желтоқсан 2022 жыл
Қытайдан көшіп келген қазақ Оңғарбек Үсіпұлы халықаралық қауымдастықты Шыңжаң қазақтарын қолдауға үндеп акция өткізіп тұр. Алматы, 9 желтоқсан 2022 жыл

Қазақстан билігі Қытай саясатына қарсы белсенділікті басып тастауға тырысады. Қыркүйекте Қытай президенті Си Цзиньпиннің Қазақстанға сапары қарсаңында жергілікті полиция Шыңжаңда қамауда отырған туыстарының тағдырына алаңдайтынын айтып, шу көтерген екі азаматты ұстап әкеткен.

Он жыл бұрын Қытайдан тарихи отанына қоныс аударып, Шыңжаңда қудалауға ұшыраған адамдарды қолдаумен айналысқан белсенді Серікжан Біләш Қазақстаннан кетуге мәжбүр болды. Қытайдың да, Қазақстанның да билігіне жақпайтын белсенді құрған "Атажұрт" еріктілер қоғамдық ұйымы Шыңжаңдағы лагерьде болған адамдардың сұхбатын жариялап, Пекиннің жүргізіп отырған саясатын әшкерелеуге зор үлес қосты.

Бірақ 2019 жылы Қазақстан билігі Серікжан Біләшті "әлеуметтік араздық туғызды" деген айыппен ұстады. Бұл қоғамдық резонанс туғызып, халықаралық басылымдардың назарын аударғаннан кейін белсендіні қамаудан босатты.

Сауда орталығы алдындағы үлкен экраннан Қытай президенті Си Цзиньпиннің Шыңжаңға сапары туралы жаңалық көріп тұрған адамдар. Пекин, 15 шілде 2022 жыл
Сауда орталығы алдындағы үлкен экраннан Қытай президенті Си Цзиньпиннің Шыңжаңға сапары туралы жаңалық көріп тұрған адамдар. Пекин, 15 шілде 2022 жыл

Азаттыққа телефонмен берген сұхбатында Серікжан Біләш Жанаргүл Жұматайды Шыңжаңдағы қазақ малшылардың құқын қорғағаны үшін жазалап жатқан болуы мүмкін деп айтты. Оның сөзінше, екеуі бұл тақырыпты талқылаған.

Біләш Жұматайдың жағдайын Қытайдан Қазақстанға қашып, шекараны заңсыз кесіп өткені үшін жауапқа тартылған сот отырысында Қытай лагерьлерінде көрген сұмдығын көпшілікке ең алғаш жария қылған қазақ Сайрагүл Сауытбайдың ісімен салыстырады. Қазақстан билігі Сайрагүлді Қытайға бермей, елде алып қалғанымен, оған азаматтық беруге де құлық танытпады. Сауытбай қазір отбасымен бірге Швецияда тұрады.

"Бір ғана айырмашылық: Сайрагүл Қазақстанда мәлімдеме жасады, ал Жанаргүл Қытайда отырып айтты", – дейді Біләш.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG