Қазақстан Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) жеті адамды биыл 9 маусымда өтетін кезектен тыс президент сайлауына кандидат ретінде ресми түрде тіркеді. Әу баста ерте сайлауға саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктерден тоғыз үміткер ұсынылған еді. Олардың біреуі сайлауға түсуден бас тартса, тағы біреуі тіл сынағынан өте алмады.
Мамырдың 6-сы күні ОСК президенттікке кандидат болып ресми тіркелгендер қатарына тағы үш адам қосылғанын хабарлады. Олар:
Төлеутай Рақымбеков - "Ауыл" партиясы;
Жамбыл Ахметбеков - Қазақстан коммунистік халық партиясы;
Әміржан Қосанов - "Ұлт тағдыры" қозғалысы.
58 жастағы Жамбыл Ахметбеков осымен екінші рет президент сайлауына түсіп жатыр. 2011 жылғы өткен сайлауда ол, ресми мәлімет бойынша, 1,36 пайыз дауыс алған.
- [Сайлауға қатысудан] тәжірибем бар. Бұл жолғы сайлауда өзімді таныстырудың қажеті болмас. Халық мені таниды. Бұл жолы әлеуметтік мәселелерге ден қоямыз, - деді Ахметбеков мамырдың 6-сы күні Нұр-Сұлтандағы брифингте.
54 жастағы журналист әрі қоғамдық белсенді Әміржан Қосанов бұрынғы премьер-министр Әкежан Қажыгелдин (соңғы 20 жылдан бері Еуропада тұрып жатыр) жетекшілік еткен үкіметте жұмыс істеген, 1998 жылдан бастап оппозицияға өткен. "Ұлт тағдыры" қозғалысы өзін президенттікке үміткер ретінде ұсынғанда сөйлеген сөзінде Қосанов бұл сайлауда биліктегі "Нұр Отан" партиясынан түсіп жатқан қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевты негізгі бәкеселесім деп санайтынын мәлімдеген.
- Сайлау комиссиясы мені кандидат ретінде тіркейді дегенге үміттен гөрі күдік басым болды. Бірақ бұл күнді [тіркелген күнді айтады - ред.] Тоқаевтың "сайлау әділ өтеді" деген сөзінің нышаны санаймын. Мені кандидат ретінде тіркеуді өзіме берілген аванс деп білемін, - деді Қосанов.
Кей оппозициялық ұйымдар мен жекелеген белсенділер Қосановтың сайлауға қатысуынан "билік сценарийін" көреді. Қосанов оны жоққа шығарады.
Ерте сайлауға "Ауыл" партиясы үміткер ретінде ұсынған 54 жастағы экономика ғылымдарының кандидаты Төлеутай Рақымбековтің мамандығы - инженер-механик және заңгер. Әр жылдары Сәтпаев қаласы әкімі, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары, ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары қызметін атқарған.
Мамырдың 6-сы күні Нұр-Сұлтанда өткен брифинг кезінде ол қол жинау қиын болмағанын, қажетті қолды екі күнде жинап, ОСК-ге тапсырғандарын айтты. Бұған қоса Рақымбеков өзінің аймақтық штабы бір қол жинау парағын жарамсыз деп танығанын мойындады. ОСК әлгі параққа қол жинау кезінде заң ережесі бұзылған деп санайды. Бұл заң бұзу фактісін Азаттыққа хат жолдаған қазақстандық жоғарғы оқу орындарының студенттері әшкере еткен еді. Олар өздерін кандидаттың аты-жөні көрсетілмеген бос параққа қол қоюға мәжбүрлеп жатқаны туралы хабарлаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Студенттер үміткерге қол жинауда "заң бұзылғанын" әшкереледіӨткен аптада ОСК төрт адамды президенттікке кандидат ретінде тіркеген. Осылардың ішінде алғашқы болып ресми тіркеуден өткен "Нұр Отан" партиясының үміткері 65 жастағы Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстанды 30 жылға жуық билеген Нұрсұлтан Назарбаев наурыздың 19-ы күні кенеттен президент қызметінен кеткеннен кейін орнына қалдырған болатын.
Парламент мәжілісінің депутаты Дания Еспаева - Қазақстан тарихында президент сайлауына қатысып жатқан алғашқы әйел кандидат. 58 жастағы саясаткер ерте сайлауға "Ақ жол" партиясынан түсіп отыр.
59 жастағы Амангелді Таспиховты кезектен тыс президент сайлауына Қазақстан кәсіподақтар федерациясы кандидат ретінде ұсынған.
Ал "Ұлы дала қырандары" қозғалысынан саяси додаға түскен 64 жастағы Сәді-Бек Түгел биыл ерте сайлау өтетіні жарияланғаннан кейін Орталық сайлау комиссиясына президенттікке кандидат болуға алғашқы болып құжат тапсырған.
Бұған дейін Қазақстан құрылысшылары одағы президенттікке үміткер ретінде ұсынған Талғат Ерғалиев кейін партияласы Дания Еспаеваға жол беретінін айтып, құжаттарын қайтарып алған. Ал "Халық демографиясы" ұйымының үміткері Жұматай Әлиев тіл сынағынан өте алмады.
Қазақстанның жаңа тарихында алғаш рет Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуынсыз президент сайлауы өткелі отыр. Отыз жылға жуық ел басқарған кезінде саяси оппоненттерін қудалап, азаматтық құқықтар мен бостандықтарды шектеп келген автократ ретінде талай рет сынға ұшыраған 78 жастағы Назарбаев биыл наурыздың 19-ы күні билікке саясаткерлердің жас буыны келуі керек деп мәлімдеп, президент қызметінен кеткен. Назарбаев өз орнына сол күнге дейін парламент сенаты төрағасы болып істеген Қасым-Жомарт Тоқаевты қалдырған. Ал сенат төрағасы болып Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева сайланды.
Сәуірдің 9-ы күні Тоқаев елде биыл маусымның 9-ы күні кезектен тыс президент сайлауы өтетінін жариялады. Сәуірдің 23-і күні "Нұр Отан" партиясы өз лидері Назарбаевтың ұсынысын бірауыздан қолдап, биыл мамырда 66 жасқа толатын Қасым-Жомарт Тоқаевты ерте сайлауға ұйым атынан үміткер ретінде ұсынды.
Президент қызметінен кеткенімен Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның саяси жүйесіне ықпал ететін маңызды тетіктерді әлі қолынан шығарған жоқ. Арнайы заң бойынша "Қазақстанның тұңғыш президенті - Елбасы" мәртебесін иеленіп, жеке басына тиісуге тыйым салынған Назарбаев Қазақстанның Қауіпсіздік кеңесін өмір бойы басқарады.
Қазақстандық кей оппозициялық ұйымдар кезектен тыс президент сайлауына бойкот жариялаған.
Қазақстанда президент сайлаулары 1991, 1999, 2005, 2011 және 2015 жылы өткен. Олардың үшеуі кезектен тыс сайлау болды. Барлығында елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев жеңіске жеткен. Батыс бақылаушылары Қазақстандағы президент сайлауларының ешқайсысын халықаралық стандартқа сәйкес өтті деп таныған емес.