Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы оппозициялық "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының интернеттегі материалдарымен танысқаны үшін қазір үйқамақта отырған Алматы тұрғыны 28 жастағы Ақмарал Тобылованы "ар-ұждан тұтқыны" деп таныды. Ұйым ресми сайтында жариялаған мәлімдемесінде Ақмарал Тобылованың "ой-пікірін еркін білдіру құқығын бейбіт түрде пайдаланғанына бола" қамауға алынғанын айтқан. Құқық қорғау ұйымы Ақмарал Тобылова дереу және еш даусыз босатылуы тиіс деп мәлімдеген.
"ДӘРІГЕРГЕ БАРА АЛМАЙ ОТЫР"
Туыстарының айтуынша, "қылмыстық топтың әрекетін қаржыландыру" бабына сәйкес қозғалған іс бойынша күдікті ретінде наурыздың ортасынан бері үйқамақта отырған Ақмарал Тобылова халықаралық ұйым оны "ар-ұждан тұтқыны" деп танығаны туралы ақпаратты естімеген. Сот шешімі бойынша, оған адамдармен емін-еркін араласуына, телефонмен сөйлесуіне, интернет қарауына, үйден алыс шығуына тыйым салынған. "Ол тіпті ата-анасымен де сөйлесе алмай отыр" дейді жұбайы Нұрбек.
Ақмарал Тобылованың ағасы Нұртай Тобылов соңғы күндері денсаулығы сыр берген қарындасының жүкті әйелдердің хал-жағдайын бақылайтын арнайы дәрігерге бара алмай отырғанын айтады.
- Терапевті шақыртсақ, ол келеді. Бірақ одан пайда жоқ. Себебі, Ақмаралға гинекологтың көмегі қажет. Алайда, ондай маман үйге келе алмайды. Енді адвокатпен кеңесіп, Ақмаралды үйқамақтан кепілге босатуды сұрап сотқа өтініш әзірлеп жатырмыз, - деді Нұртай Тобылов Азаттық тілшісіне.
Туыстары жақында мемлекеттік адвокаттың қызметінен бас тартып, Ақмаралға жаңа қорғаушы жалдаған. Қазір Ақмарал Тобылованың ісімен танысып жатқан заңгер Серік Айтбаев Азаттыққа әзірше іске қатысты ештеңе айта алмайтынын жеткізді.
Құқыққорғаушы Евгений Жовтис сот жүріс-тұрысын шектеген Ақмарал Тобылованы ауруханаға апарып қарату – билік орындарының міндеті екенін айтады. Оның сөзінше, Қазақстан заңына сәйкес, бұлтартпау шарасының кез-келген түрі (тергеу абақтысында болмаса үйқамақта ұстау) белгіленген адамның жеке басының денсаулығына құқығы сақталуы тиіс.
Егер құқық органдары өкілдері оны қажетті дәрігерге апарудан бас тартса, демек олар қолданыстағы заң ережесін бұзып отыр
- Құқық органдары оның дәрігердің кеңесін алуын немесе арнайы маманға қаралуын қамтамасыз етуі керек. Олар денсаулық жағдайында байланысты қаралатын дәрігеріне апарғанда бірге баруы тиіс. Сондықтан бұл мәселеде ешқандай шектеу болмауы керек. Ал егер құқық органдары өкілдері оны қажетті дәрігерге апарудан бас тартса, демек олар қолданыстағы заң ережесін бұзып отыр, - дейді Евгений Жовтис.
Құқыққорғаушының сөзінше, туыстарына Ақмарал Тобыловаға тағайындалған бұлтартпау шарасын жұмсарту қажеттігін сотта дәлелдеу керек болады. Жовтис үйқамақты тергеу абақтысына қамаудан кейінгі ең қатаң шара түріне жатқызады.
- Алдын-ала тергеу органдарының бұлтартпау шарасының бұл түрін таңдап алуы оның [Ақмарал Тобылованың – Азаттық.] ақпарат алу мүмкіндігін шектеу ниетімен байланысты шығар. Себебі, әйелдің аяғы ауыр екені, оның отбасының ешқайда қашып кетпейтіні, оның ешқандай қылмыс жасау ниетінің жоқтығы, ол қысым көрсетуі мүмкін дейтіндей куәгерлердің жоқ екені түсінікті. Егер үйқамаққа алудағы негізгі себеп оның ақпарат алуы мен таратуына шектеу қою болса, онда тағайындалған шараны жұмсартады дегенге үміт аз, - дейді Евгений Жовтис.
Ақмарал Тобылованың ісін тергеумен айналысып жатқан Алматы қалалық ішкі істер департаменті Азаттыққа үйқамақтағы келіншекке қатысты ақпарат беруден бас тартты.
"ҚДТ МАТЕРИАЛЫМЕН ТАНЫСҚАН"
Алматыдағы жеке компанияда графикалық дизайнер болып жұмыс істеген Ақмарал Тобылованы Алматы полициясы наурыздың 13-і күні үйінен ұстап әкеткен. Құқық қызметкерлері Тобылова мен туыстарының үйлеріне тінту жасап, ұялы телефон, ноутбук тәрізді жеке заттарын да бірге алып кеткен.
Екі тәулік полицияда болған Ақмарал Тобыловаға Қылмыстық кодекстің "Қылмыстық топтың әрекетін қаржыландыру, сол сияқты мүлiктi сақтау, бөлу, қаржыландыру арналарын әзiрлеу" деп аталатын 266-бабының 1-бөлімі бойынша күдікті ретінде айып таққан. Ақмаралдың туған күні қарсаңында, наурыздың 15-і күні Алматының Алмалы аудандық соты тергеу аяқталғанша аяғы ауыр келіншекті екі айға үйқамаққа алу туралы шешім шығарған.
Туыстары Ақмаралдың ешқашан саясатпен айналыспағанын, оның "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының белсендісі де емес екенін айтады.
- Ол заңсыз әрекет жасамаған және ондай әрекетке ешкімді шақырмаған. Бар болғаны, интернеттен ҚДТ материалдарын қараған. Телеграм мессенджерінде отырып, "Жағдайды жақсартамыз" деп жатқан ҚДТ белсенділеріне, тіпті Мұхтар Әблязовтің өзіне: "Қалай жақсартпақсыңдар?" деген тәрізді сұрақтар қойған болуы мүмкін. Бірақ сұрақтарына тіпті жауап та алмаған. Сол үшін ғана оған айып тағып, қамаған. Өзім заңгер емеспін. Бірақ, біздің ойымызша, дәл соған бола адамды қамау - ақылға сыймайтын нәрсе, - дейді Нұртай Тобылов Азаттыққа.
Ақмарал Тобылованы Алматыдағы үйінен полиция ұстап әкеткен наурыздың 13-і күні Қазақстан Бас прокуратурасының ресми өкілі Оксана Лоскутова Астананың Есіл аудандық соты шетелде қуғында жүрген оппозициялық саясаткер, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов құрған, әлі еш жерде тіркелмеген "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын экстремистік ұйым деп танып, Қазақстан аумағында оның қызметіне, ҚДТ материалдарын кез-келген формада таратуға, соның ішінде ақпарат және телекоммуникация құралдары, әлеуметтік желілер, мессенджерлер арқылы бөлісуге тыйым салғаны туралы мәлімдеген. Бас прокуратураның қылмыстық қуғындау қызметінің басшысы Ерлан Абаев Қазақстанның бірнеше өңірінде ҚДТ қозғалысы белсенділеріне қатысты іс қозғалып, тергеу жүріп жатқаны туралы хабарлаған.
Адамдарды тұтқындау мен ескертудің қайта белең алуы соңғы уақытта ой-пікір білдіру еркіндігіне қарсы жасалған сорақы шабуыл болып отырAmnesty International
Есіл аудандық сотының "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын "экстремистік ұйым" деп тану туралы шешімінің мәтіні әлі еш жерде жарияланған жоқ. Әйткенмен одан бері Қазақстанның бірнеше аймағында азаматтық белсенділер мен әлеуметтік желінің белсенді қолданушыларын полицияға шақырып, "прокурорлық ескерту қағазын" тапсырған. Билік өкілдерімен "сұхбаттарға" шақырылғандардың айтуынша, оларға ҚДТ қозғалысына қандай да бір қатысы бар чаттар мен топтардан шығу және әлеуметтік желілерде ҚДТ-ға ешқандай қолдау танытпау, қозғалыс материалдарын құптап "лайк" баспау немесе қайта жарияламау туралы кеңес берген.
Оқи отырыңыз: ҚДТ-ға тыйым салу нені білдіреді?
Ақмарал Тобылованы "ар-ұждан тұтқыны" деп таныған Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстанда ой-пікір білдіру еркіндігін қатаң шектеу әлеуметтік желіде де тарала бастағанына назар аударған.
"2017 жылы жариялаған есебімізде Қазақстан билігі әлеуметтік желіні сыни пікір алмасу алаңы және тәуелсіз ақпарат көзі ретінде қолдануды тоқтатуға жұмыс істеп жатқанын айтқанбыз. Адамдарды тұтқындау мен ескертудің қайта белең алуы соңғы уақытта ой-пікір білдіру еркіндігіне қарсы жасалған сорақы шабуыл болып отыр" деп мәлімдеген құқық қорғау ұйымы.