Қарақалпақтар 2000-жылдардың басынан Өзбекстандағы экономикалық ахуал нашарлағаннан кейін көрші елдерге, әсіресе, Қазақстанға жұмыс іздеп жиі шыға бастаған. Кейінгі жылдары еңбек мигранты болғандардың бір бөлігі Қазақстанда тұрақтап та қалған. Олар қарақалпақ тілі мен мәдениетін дәріптеп, ұлттық-мәдени орталықтар құрды. Оқтын-оқтын Қарақалпақстандағы қоғамдық-саяси мәселелерге назар аударып, ашық талқылап жүрген. Өзбекстан билігі сынға төзбей, қарақалпақ белсенділерге тікелей немесе туыстары арқылы қысым жасауға тырысып келеді. Бұл үдеріс әсіресе 2022 жылғы Нөкіс оқиғасынан кейін тіпті күшейді.
ЕУРОПАДАҒЫ ЭКСТРАДИЦИЯ
29 ақпанда Австрия үкіметі қарақалпақ белсендісі Қошқарбай Төремұратовты Польшаға экстрадиция жасады. Төремұратов Австриядан саяси баспана сұраған еді. Бірақ Орталық Еуропадағы ел Дублин процедурасына сілтеп, оның өтінішін қарамай, шығарып жіберді.
Процедураға сәйкес, белсендінің саяси пана сұрап берген өтінішін өзі кірген ел қарауы керек. Төремұратовтың мәселесінде бұл міндет Польшаға жүктеліп отыр.
Қошқарбай Төремұратов – 2022 жылғы Нөкіс оқиғасынан кейін Өзбекстан үкіметінің талабымен сол жылдың қыркүйегінде Қазақстанда ұсталған бес қарақалпақ белсендісінің бірі. Ол қазақстандық құқық қорғаушылардың көмегімен бір жылдан кейін босап шыққан соң Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) Варшавада ұйымдастырған адам құқықтары жөніндегі конференцияға қатысуға барған.
"Конференцияда жүргенімде өзбек тілінде сөйлейтін бір жігіт "сені конференция кезінде Өзбекстанға алып кетеміз" деді маған тікелей. Кім екенін айтпады. Кәдімгі конференцияға қатысушы адам ретінде киінген, жасы шамамен 40-тарда. Сол сөзден кейін өміріме, бас еркіндігіме қауіп төнгенін сезіп, Польшадан кетіп қалдым" деді ол, 2023 жылы Варшавада өткен 10 күндік шараны еске алып.
Былтыр күзде өткен адам құқықтары жөніндегі конференцияға Өзбекстан делегациясы да қатысқан. Төремұратов өзімен сөйлескен адам өзбек делегациясының құрамында болған жоқ дейді.
Белсенді айтқан белгісіз адам кім екенін анықтау мүмкін болмады.
Өзбек билігі халықаралық жиындарда Өзбекстанда адам құқықтарына қатысты мәселелер азайғанын айтып, қарақалпақтарға қысым жасалып жатқаны туралы айыптауларды жоққа шығарып келеді.
Былтыр Азаттық Қазақстанда ұсталған қарақалпақ белсенділеріне жіберілген экстрадиция талабына әрі тағы бір белсенді Дәулетмұрат Тәжімұратовтың Бұхарадағы түрмеде азапталуына қатысты Өзбекстан ішкі істер министрлігіне және Жоғарғы сотына хат жолдаған. Әлі күнге дейін жауап жоқ.
Қошқарбай Төремұратов отбасымен 2006 жылы Қазақстанға қоныс аударған. Ал 2013 жылы өзге белсенділермен бірігіп, Алматыда қарақалпақтардың ұлттық-мәдени орталығын ашқан.
"Қарақалпақ тілінде радио құрып, қарақалпақтардың мәдениеті мен тарихын зерттеуді, [жыл сайын] Наурыз мейрамын ұйымдастыруды мақсат тұттық. Ол жерде Қарақалпақстандағы жағдайды талқылау болған жоқ" дейді ол.
Қарақалпақстан тарихы
Қарақалпақтар – түркітілдес халық. Алтын Орда хандығының құрамында болған. 18-20 ғасырларда қарақалпақтар Хиуа хандығының құрамында болды. Коммунистер бастаған көтерілістен кейін хандық құлап, РСФСР құрамындағы Хорезм Халықтық Советтік Республикасы пайда болды. 1924 жылы билік Қарақалпақ автономды облысын құрды. Облыс Қазақ АССР-іне қарады. Бес жылдан кейін астанасы Нөкісте орналасқан Қарақалпақ АССР тіркелді. Тағы бес жылдан кейін облыс Өзбек ССР-іне қосылды. Совет Одағы тараған соң, Қарақалпақ АССР Жоғарғы кеңесінің отырысында "Қарақалпақстан Республикасын 20 жылға Өзбекстан Республикасының құрамына кіргізу" туралы мемлекетаралық келісім жасалды. Келісімде тәуелсіз Қарақалпақстан Республикасы референдум арқылы кез келген сәтте Өзбекстан құрамынан шыға алады деп жазылды. Қазір Қарақалпақстан Өзбекстандағы ең үлкен өңір саналады (ел территориясының 40 пайызы). Қарақалпақстан жерінің көбін шөл алып жатыр.
Төремұратов 2014 жылы Қарақалпақстанға туысшылап барғанда тұтқындалған. Оған билік "шекараны заңсыз бұзды" деген айып тағып, кейін 6 жылға қамаған. Түрмеден босап шыққаннан кейін Қазақстанға оралған.
Белсенді экстрадиция шешімі шығып, Польшаға жеткеннен кейін өзімен жергілікті құқық қорғау қызметкері дөрекі сөйлескенін айтты. Сөзінше, поляк қауіпсіздік қызметінің өкілі оған екі ұсыныстың бірін таңда деп өктем сөйлеген: оны я Өзбекстанға күштеп депортация жасайды, екіншісі, 30 күн ішінде қалаған еліне өз еркімен шығып кетуіне мүмкіндік беріледі.
Төремұратов екеуіне де келіспей, Польша үкіметінен саяси баспана сұраған.
Ол әуелгіде өтініші қаралмай қойғанын айтады. Кейін ісі сотқа жіберілген. Венада тіркелген "Еуразия үшін бостандық" ұйымының араласуымен, поляк билігі белсендінің саяси босқын мәртебесін сұрап берген өтінішін тіркеген.
Ұйым жетекшісі Лейла Назгүл Сейітбек Еуропада Орталық Азиядағы адам құқықтарын зерттейтін институттар аз болғандықтан Еуропа мемлекеттері бес елде саяси астармен қуғындалған азаматтар кейсіне немқұрайды қарайтынын айтады.
"Заң бойынша, [Төремұратовты] Өзбекстанға жылдам экстрадиция жасай алмайды. Бірақ Польша осыған дейін адам құқықтары жөніндегі Еуропа сотының шешіміне қарамастан диссиденттерді өз елдеріне қайтарып жіберген. Қошқарбайды да сөйте ме, жоқ па, нақты айта алмаймын. Олай болмас деп үміттенемін", – деді Сейітбек.
Төремұратов жақында Польша өкіметі оның саяси пана сұраған өтінішін ресми түрде қабылдағанын, іс қарала басталғаны жөнінде хабарлама алғанын айтты.
Биыл ақпан айының басында тағы бір қарақалпақ белсендісі осыған ұқсас жағдайға тап болған.
Наурызбай Меңлібаев 2022 жылдың екінші жартысында Қазақстанда қарақалпақ белсенділері ұстала бастағанда Польшаға кетіп, сол елден саяси пана сұраған. Бірақ поляк билігінен істің барысы жөнінде ешқандай мәлімет ала алмаған. Кейін, былтыр 10 қазанда Австрияға барып, сол жақтан босқын мәртебесін алуға тырысқан.
7 ақпанда Австрия билігі тағы да сол Дублин процедурасына сүйеніп, оны келген жағына – Польшаға шығарып жіберген.
Австрия федералды ішкі істер министрлігінің мәлімдеуінше, елдің саяси пана беру туралы заңына сәйкес, халықаралық қорғау беру туралы арыз Дублин регламентіне тура келсе, қарастырылмайды.
Меңлібаев Австрияда жұбайы және бір жасар баласымен бірге болған. Құқық қорғаушы Лейла Сейітбек Меңлібаевты экстрадициялауға жол бермеу үшін Еуропаның адам құқықтары жөніндегі сотына (ECHR) хат жолдаған. Бірақ институт өкілі де Дублин процедурасына сілтеп, іске араласпайтынын айтқан.
Наурызбай Меңлібаев – "Оян, Қарақалпақстан" саяси қозғалысы жетекшілерінің бірі. Ол 2010-жылдары лақап атпен интернеттегі блог-платформаларда саяси көзқарасын білдіріп, Қарақалпақстандағы мәселелерді жазып жүрген. Меңлібаев 2022 жылы Нөкіс оқиғасына қатысты Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтен әділдік сұрап, талап-арызын ұсынған белсенділер қатарында болды. Ол қазір отбасымен Варшавада тұрып жатыр.
Нөкістегі оқиға
2022 жылғы 1 шілдеде Өзбекстан Конституциясының жаңа жобасы талқыланып жатқанда Шымбай және Мойнақ қалаларында наразылық акциясы басталды. Көп ұзамай наразылық Қарақалпақстан астанасы Нөкіске жетті. Конституция жобасында Қарақалпақстан референдум өткізіп, Өзбекстан құрамынан шыға алады деген бапты алып тастау ұсынылған.
1 шілдеде ішкі істер органдары жергілікті оппозиция басшысы Дәулетмұрат Тәжімұратовты ұстап әкетті. Ол бейбіт наразылық өткізуге рұқсат алғанын айтқан. Көшедегі халық саны көбейіп, наразылар Тәжімұратовты босатуды талап ете бастады.
Бейбіт жиын наразылар мен Өзбекстан Ұлттық гвардиясының қақтығысына ұласып, халыққа оқ атылды. Өзбекстан бас прокуратурасының дерегінше, 21 адам қаза тапқан. Құқық қорғаушылар құрбан болғандар саны әлдеқайда көп дейді.
2022 жылғы 2 шілдеде Нөкіске Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев барды. Ол Конституциядағы Қарақалпақстан мәртебесіне қатысты баптарды өзгеріссіз қалдыруға уәде берді.
2023 жылғы 30 сәуірде Өзбекстанда Конституцияны өзгерту жөнінде референдум өтті. Конституцияға енгізілген өзгертулерден кейін президент Мирзияев осы қызметке тағы екі мерзімге сайлану құқына ие болды. Қарақалпақстан мәртебесі туралы толықтырулар референдумге шығарылған жоқ.
Құқық қорғаушы Сейітбек Польша және Еуропа одағына мүше өзге де елдерде Орталық Азиядан шыққан саяси белсенділерге қатысты институттық нәсілшілдік белгісі байқалады дейді. Ол осы күнге дейін Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан мен Тәжікстаннан ауып барған 80 белсендіге құқықтық көмек көрсеткенін, көбінде саяси пана алу мүмкін болмағанын айтты.
Орталық Азиядағы адам құқықтары мәселелерін зерттеуші Стив Свердлов Қазақстан мен Өзбекстан билігі авторитар өктемдігінен айырылғысы келмейтінін, бірақ халықаралық беделі үшін өзгеріс имитациясын жасауға тыраштанатынын айтады.
– Режимдер авторитар бақылаудың түрлі әдіс-тәсілін қолданып көріп жатыр. Кейде ол [авторитар билік үшін] сәтті, ал кейде сәтсіз болып шығады. Бірақ, өкінішке қарай, Қазақстан мен Өзбекстанда саяси тұтқындар саны әлі азаймай тұр, – деді құқық қорғаушы.
Свердлов Еуропа елдерін Орталық Азияның ішкі саяси мәселелеріне назар аударып, бұл елдерден шыққан саяси босқындар ісіне бей-жай қарамауға шақырады.
"Кейінгі жылдары Польша мен Австрия үкіметтері белсендіні азаптау қаупі анық бар болса да, өзі шыққан Орталық Азия елдеріне қайтармау туралы халықаралық заңға немқұрайды қарап жатқаны үлкен мәселеге айналып отыр. Бұл – адам құқықтары жөніндегі Еуропа конвенциясына, азаптау туралы конвенцияға, босқындар конвенциясына және басқа да келісімдерге қайшы әрекет", – деді ол.
Свердлов Еуропа елдерін қарақалпақ белсенділеріне Өзбекстан билігі таққан айып бабына да мән беруге шақырады. Сөзінше, Өзбекстанда Нөкіс оқиғасына қатысты сотталған белсенділердің басым бөлігіне Өзбекстан қылмыстық кодексінің 159-бабымен "конституциялық құрылымға қауіп төндірді" деген айып тағылған. Шетелде жүрген өзге белсенділердің үстінен де дәл осы баппен іс қозғалып, халықаралық іздеу жарияланған.
Your browser doesn’t support HTML5
"[Қошқарбай] Төремұратовқа айып тағылған 159-бап алаңдауға тұрарлық деп ойлаймын. Дәл сол бап Өзбекстанда Дәулетмұрат Тәжімұратовтан бастап өзге де қарақалпақ белсенділерін қамағанда қолданылды. Сондай-ақ, ол – ұзақ мерзімге қамауға мүмкіндік беретін бап. [Бұл баппен] 6 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге соттай алады" дейді құқық қорғаушы Свердлов.
15 ақпанда Алматы полициясы ұстап әкеткен қарақалпақ диаспорасы өкілі Ақылбек Мұратовқа да Өзбекстан билігі "конституциялық құрылымға қауіп төндірді" деген айып тағып, халықаралық іздеу жариялаған. Свердлов Мұратовтың өміріне алаңдайтынын айтты.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Көз алдымда кеудесі қақ бөлінді". Нөкістегі шеру мен қантөгісті көрген адамның әңгімесіҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҚЫСЫМ
Ислам Каримов режимі Өзбекстанда көбіне жабық экономикалық саясат жүргізді. Соның салдарынан ішкі экономикалық ахуал әлсіреп, ел азаматтары жұмыс іздеп басқа елдерге кетуге мәжбүр болды. Қарақалпақтар да 2000-жылдардан бастап еңбек мигранты ретінде көбіне Қазақстанға келетін.
Олар әдетте Қазақстанның батысындағы облыстарда түрлі жұмыс істейді. Бір бөлігі ірі қалаларда құрылыста еңбек етеді. Ал тұрақтап қалғандардың көбі қазір Алматы облысына шоғырланған.
Өзбекстан құрамындағы Қарақалпақстан Республикасында 2022 жылы шілдедегі ірі қантөгістен кейін Қазақстандағы қарақалпақ белсенділері қысымға тап болғанын айтып шағымдана бастады. Құқық қорғаушылар оларға қысым Өзбекстан билігінің талабымен жасалып жатқанын айтты.
Белсенділігі үшін жақында ұсталған қарақалпақ диаспорасы өкілі Ақылбек Мұратов қазір Алматыдағы уақытша қамау изоляторында отыр. Туыстары оны қамалған күні алып кетуге келгендер арасында Өзбекстан құзырлы органының қызметкері де болғанын айтқан. Кейін Алматы полициясының өкілі Мұратовтың мемлекетаралық іздеуде жүргенін, Өзбекстан үкіметінің сұрауымен ұсталғанын растады.
Белсендіге Алматыдағы адам құқықтары жөніндегі бюро құқықтық көмек көрсетіп жатыр. Кейін оны Алматы соты 40 күнге қамады.
23 ақпанда Алматы қаласының еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы Мұратовқа "Қазақстаннан пана іздеуші" куәлігін беру туралы шешім қабылдаған.
Ақылбек – Өзбекстан азаматы, кейінгі 13 жылдан бері Қазақстанда тұрады. 2013 жылы Төремұратовпен бірге қарақалпақтардың ұлттық-мәдени орталығының жұмысын жүргізген. Нөкіс оқиғасынан кейін Қарақалпақстандағы адам құқықтары мәселесін көтеріп, оқиғаға қатысты тергеудің ашық жүргізілуін талап ете бастаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Нөкісте халықты атуға бұйрық бергендер жазасыз қалды"Азаттыққа Нөкіс оқиғасы жөнінде былтыр қазанда берген сұхбатында Мұратов диаспора атынан Еуропа парламенті депутаттарына және халықаралық адам құқықтары жөніндегі ұйымдарға бірнеше хат жазғанын айтқан.
"Әзірге [біз жазған хаттарға] 70-тей жауап келді. Оның арасында Еуропадағы саясаткерлер мен адам құқықтарын қорғайтын халықаралық ұйымдар бар. Олардың он шақтысы қазір бізбен белсенді түрде ақпарат алмасып жатыр. Олар бізден Нөкіс оқиғасына қатысты нақты дәйектер сұратып жатыр. Соның арқасында 2022 жылдың күзінде Еуропа саясаткерлері Өзбекстан елшілерімен кездесіп, Қарақалпақстандағы адам құқықтары мәселесін талқылай бастады" деген еді ол.
Нөкіс оқиғасынан кейін Қазақстанда бес қарақалпақ белсендісі ұсталған. Олардың қатарында Тілеубике Юлдашева, Жангелді Жақсымбетов, Қошқарбай Төремұратов, Раиса Құдайбергенова және Зиуар Мирманбетова бар.
Оларға Өзбекстан билігі "конституциялық құрылымға қауіп төндірді" деген айып тағып, іздеу салған. Белсенділердің бірі Тілеубике Юлдашева Қазақстаннан Ресейге өтпекші болғанда шекарада тұтқындалды. Қазақстан билігі олардың босқын мәртебесін сұрап берген арыз-өтінішін орындамады. Бесеуі де бір жылдан кейін босап шықты.
Қуғынға түскен қарақалпақ белсенділеріне құқықтық көмек көрсеткен заңгер Денис Живаго "қарақалпақтар, қайтсе де, үшінші елге шығып кетуі керек" деп айтқан.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ташкент қарақалпақ белсенділерін Қазақстан көмегімен қудалап жатырБылтыр Қазақстан азаматтығын алып үлгерген қарақалпақ белсенділеріне де қауіп төнді. Ақтауда тұрған белсенді Ниетбай Оразбаев 2023 жылы желтоқсанның басында Қазақстан үкіметі оны азаматтықтан айырғанынын естіп білген.
Өзбекстан билігі оны былтыр мамыр айында сырттай 12 жылға соттаған. Азаматтық статусынан айырылғаннан кейін белсендіге Өзбекстанға экстрадициялану қаупі төнеді.
Ол Алматыға жасырын келіп, бір ай туыстарының үйін паналады. Ниетбай Оразбаев биыл 9 қаңтарда Алматыдағы қалалық емханалардың бірінде инфарктан көз жұмды.
Қазір қамауда отырған қарақалпақ диаспорасының өкілі Ақылбек Мұратов өзін өзбек барлау қызметі ұрлап әкете ме деп қорқып, күйзеліске ұшырағанын, соның салдарынан жүрек дертіне шалдыққанын айтқан.
Ниетбай Оразбаев Маңғыстау облысындағы қарақалпақтар диаспорасының төрағасы болды. Ол Ташкенттің Өзбекстан Конституциясына өзгертулер мен толықтырулар ұсынып, Қарақалпақстанды автономия мәртебесінен айыруына қарсы шықты.
Қазақстан құқықтық көмек және құқықтық қатынастар туралы Минск конвенциясына қол қойған соң, осы келісімді бекіткен елдерде іздеу салынған адамдарға қатысты құқықтық көмек көрсетуге міндетті.
Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі бюроның директоры Евгений Жовтис Қазақстан тәуелсіздігін алғанда БҰҰ-ның босқын статусы туралы конвенциясын ратификациялағанын, өз елінде азаптау қаупі төнуі мүмкін адамды бермеу жөнінде халықаралық міндеттемесі барын айтады.
"Өкінішке қарай, Қазақстан көп жылдар бойы [саяси қуғын көргендерді] еліне қайтарып отырды. Ұйғырларды Қытайға берді. Өзбекстанға 20-дан астам азаматты қайтарды... Ақырындап, саяси астары бар істерде экстрадиция жасау азайды. Ондай кейстер азайды. Десе де, Қазақстан саяси баспана да бермеді. Мұны ескеру керек. Баспана сұрағандар өтініші қанағаттандырылмағаннан кейін қайта апелляциялық шағым берсе де, еш нәтижеге қол жеткізе алмай қойды" дейді Жовтис.
Құқық қорғаушы мұны Қазақстан билігі көрші елдермен қарым-қатынасын нашарлатып алғысы келмейді деп түсіндіреді.
ӨЗБЕКСТАНДАҒЫ ҚЫСЫМ
Норвегияда тұрып жатқан қарақалпақ белсендісі Аман Сағидуллаев Қарақалпақстандағы туыстарына, өзі танитын өзге де белсенділерге қысым жасалып жатқанын айтады. Сөзінше, туған бауырларының паспортын өзбек билігі алып қойған.
"Қанды шілде [Нөкіс] оқиғасында белсенділердің бәрін қамады. Босатқанда шетелге қашып кетпесі үшін паспорттарын тартып алды. Еш себепсіз, тартып ала салған" дейді ол.
Сағидуллаевтың сөзінше, Қарақалпақстандағы Қараөзек ауданы прокуратурасы оның туған інісі Жұмабай, қарындасы Сұлухан және ағасы Жолдастың паспорттарын да алып қойған. Әртүрлі желеумен бермей отырғанын айтты.
Аман Сағидуллаев – "Алға, Қарақалпақстан" саяси қозғалысы жетекшілерінің бірі. Ол 2011 жылы Өзбекстан ұлттық қауіпсіздік қызметі өкілдерінен қысым көріп, елден кеткен. Қазақстанда бірнеше күн тұрақтап, сосын Ресейге ұшқан. Ол Мәскеуде де өзін қауіпсіз сезінбегенін айтады.
Кейін Грузияда бірнеше ай тұрақтап, сосын Қырғызстанға барған. Ал 2016 жылы оған депортация қаупі төнген кезде отбасымен Норвегияға барып, сол елден саяси баспана алды.
Сағидуллаев Нөкіс оқиғасынан кейін Өзбекстан үкіметін қатты сынаған. Былтыр мамырда Өзбекстан жоғарғы соты оны Ақтаудағы Оразбаевпен қатар сырттай соттады. Өзбек соты Сағидуллаевты қылмыстық кодекстің бес бабы бойынша айыпты деп танып, сырттай 18 жылға бостандығынан айырды.
Қарақалпақстанда тұратын белсенді Бағдатбай Исмайлов жақында жергілікті биліктен паспортын ала алмай жүргеніне бірнеше жыл болғанын айтып шағымданды. Ол жеті жылдан бері Алматыдағы отбасымен қауыша алмай сергелдеңмен жүргенін Азаттық тілшісіне айтып берді.
– Өзбекстан Республикасы мені түбінде қамап, не болмаса бірнәрсе жасап, өлтіріп, не жала жауып соттап, жоқ етпекші. Бар айыбым – қарақалпақ болғаным, – дейді ол.
Your browser doesn’t support HTML5
Бағдатбай "әлеуметтік желілерде Өзбекстан билігін сынағаным үшін қудаландым" дейді. Ол 2010 жылы отбасымен Қазақстанға көшкен. Бір жылдан кейін Қазақстан билігі оны "көші-қон заңын бұзды" деген айыппен елден шығарып жіберген. Жұбайы Маржангүл ұлты қазақ болғандықтан Қазақстан оған қандас ретінде балаларымен елде қалуға рұқсат еткен. Бағдатбай сот үкімін орындап, Қазақстаннан шығып кеткен. Кейінірек отбасымен бірге болу үшін Қазақстанға заңсыз енген. 2017 жылы Қырғызстанға өтіп, саяси баспана сұрайды. Қырғызстан билігі өтінішін орындамағаннан кейін 2020 жылдың қазан айында паспортын жаңартуға Өзбекстанға қайтуды ұйғарған.
Ол Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтен сыни көзқарасы үшін кешірім сұрағанын, билік оны жайына қалдыруға "уәде" еткенін айтты. Бірақ қысым тоқтамаған. 2021-2022 жылдары жергілікті милиция үйін тінтіп, соққыға жыққан. Былтыр австриялық "Еуразия үшін бостандық" ұйымы мен АҚШ елшілігі өкілдерімен кездескені үшін тағы да қысым көргенін айтты.
Бағдатбайдың сөзінше, Қарақалпақстанға оралған соң билік оның атына несие ашып, артынша паспортын алып қойған.
Азаттық Исмайлов кейсі бойынша Өзбекстанның Қазақстандағы елшісіне хат жолдады. Әзірге жауап келген жоқ. Бұған дейін Өзбекстан елшісі Қарақалпақстанда адам құқықтары бұзылып жатқанын жоққа шығарған еді.
Құқық қорғаушы Лейла Назгүл Сейітбек Өзбекстан үкіметі саяси белсенділерді елден шығармау үшін "атына несие ашу" әдісін жиі қолданады дейді. Ол дәл қазір Қарақалпақстанда Бағдатбай ісіне ұқсас тағы бес кейсті анықтағанын айтты.
"Несие рәсімдеу паспортты тартып алуға негіз бола алмайды. Себебі адамның басқа елдерде шаруасы болуы мүмкін, басқа жаққа барғысы келуі мүмкін. Ал Бағдатбай Исмайловтың жағдайына келсек, оның отбасы Қазақстанда тұрады. Олар оның мүмкіндігін осылай шектеп отыр. Әрине, менің ойымша, [оның паспортын алып қоюдың] себебі несиеде емес. Ол несиесін төлемей, елден қашып кету қаупінен де емес. Банктерде адамдардың мүмкіндігін шектемей-ақ несиені өндіріп алудың өзге де тиімді тетіктері бар" дейді ол.
Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Өзбекстан билігі Нөкіс оқиғасын мұқият зерттемеді, адамдардың өліміне және зардап шегуіне кінәлілерді жауапқа тартқан жоқ, есесіне үкіметке өз үнін бейбіт түрде жеткізбек болған азаматтық белсенділер қудалауға түсіп, ұзақ мерзімге түрмеге қамалды, олардың ісі бойынша сот процестері әділ өткен жоқ деп сын айтады. Олар Қарақалпақстандағы қырғыннан кейін қуғын-сүргін мен азаматтардың белсенділігін басып-жаншу күшейе түсті дейді.