Accessibility links

Бокстың айналасында дау неге көп? 2028 жылғы олимпиада бағдарламасында неге жоқ?


Қазақстан бокс құрамасынан Париж олимпиадасында тек Нұрбек Оралбай күміс медаль иеленді. 2028 жылғы олимпиада бағдарламасына бокс енер-енбесі әлі белгісіз.
Қазақстан бокс құрамасынан Париж олимпиадасында тек Нұрбек Оралбай күміс медаль иеленді. 2028 жылғы олимпиада бағдарламасына бокс енер-енбесі әлі белгісіз.

Халықаралық олимпиада комитеті 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін жазғы олимпиаданың бағдарламасына әзірге боксты қосқан жоқ. Қазақстан көп үміт артатын бокс спортының болашағы бұлынғыр. Бұған не себеп? Түсіндірейік.

БОКСТАҒЫ МӘСЕЛЕ НЕДЕН БАСТАЛДЫ?

2016 жылы Рио олимпиадасында бокс төрешілерінің шешімі дау-дамай тудырған. Мәселен, 91 келіде қазақстандық Василий Левит финалда ресейлік Евгений Тищенкоға көп соққы дарытып, көп шабуылдаса да, Тищенко олимпиада чемпионы атанған еді. Жанкүйерлер мен бокс сарапшылары әділетсіз шешім шыққанын айтып, олимпиададағы боксқа жауапты болған AIBA (Бүкіләлемдік әуесқой бокс қауымдастығы) жұмысын сынаған. Осыдан соң Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) тарабы AIBA жұмысына күдікпен қарай бастады.

2018 жылы қазанда AIBA сол кездегі президенті тайпейлік Чинг-Куо Вуды "ұйымды дұрыс басқармады әрі қаржыны дұрыс жұмсамады" деп айыптап, орнынан алды. Вудың орнына өзбекстандық Гафур Рахимов президент болып тағайындалды.

Чинг-Куо Ву
Чинг-Куо Ву

Бірақ АҚШ Гафур Рахимовты "Өзбекстандағы қылмыстық топқа қатысы бар" деп айыптайды. ХОК та Рахимовтың ұйымды басқаруына күдікпен қарайды.

Артынша Рахимов та президенттіктен кетті. Төрешілер дауы мен ұйым президенттері айналасындағы шудан соң 2019 жылы ХОК AIBA-ны олимпиада ойындарында бокс турнирін ұйымдастырудан шеттетті. ХОК бокс қауымдастығының қаржысына, басқару жүйесіне, төрешілер жұмысына күдік келтірді.

2020 жылы бокс ұйымына ресейлік Умар Кремлев (Ресей президенті Владимир Путинге жақын бизнесмен) келді. Ол ұйым атауын IBA (Халықаралық бокс қауымдастығы) деп өзгертіп, бокстан әлем чемпионатын ұйымдастыруды жалғастырды. Кремлев ұйымы 2023 жылы әлем чемпионатында алтын медальға 200 мың доллар беретінін мәлімдеген.

Умар Кремлев.
Умар Кремлев.

IBA әлем чемпионатын өткізіп жатқан кезде Токио мен Париж олимпиадасында боксты ХОК өзі ұйымдастырды. Бірақ ХОК "олимпиада ойындарында боксты өткізетін арнайы ұйым болуы керек" деп санайды және "тиісті ұйым құрылмағандықтан" 2028 жылғы олимпиаданың бағдарламасына қоспады.

Қазір Халықаралық олимпиада комитеті жаңа бокс ұйымын құруға 2025 жылдың аяғына дейін уақыт беріп отыр. Осы уақытқа дейін жаңа ұйым құрылса, бокс 2028 жылғы олимпиада бағдарламасына енуі де мүмкін.

WORLD BOXING ДЕГЕН ҚАНДАЙ ҰЙЫМ?

Қазір IBA ұйымынан бөлек АҚШ пен Батыс елдері World Boxing деген ұйым құрып, соның айналасына басқа елдерді жинауға талпынып жатыр. 2023 жылы сәуірде құрылған бұл ұйым алдағы уақытта олимпиада өткізуден үмітті.

2023 жылы қарашада Франкфуртта (Германия) өткен World Boxing конгресіне 27 ел қатысқан. Қазір бұл ұйымға АҚШ, Ұлыбритания, Чехия, Германия, Нидерланд, Скандинавия елдері, Сингапур бастаған 37 ел мүше.

World Boxing ұйымы 2025 жылы бірнеше ірі турнир ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

Ресейлік Умар Кремлевпен арасы жақсы Қазақстан бокс федерациясы (басшысы – бизнесмен Муталип Шахмурат) қазір IBA жарыстарына қатысып жүр.

Ал Қазақстан ұлттық олимпиада комитеті басшысы Геннадий Головкин (кәсіпқой бокстан әлем чемпионы, Афина олимпиадасының күміс жүлдегері) шілденің басында Қазақстанды және басқа елдерді World Boxing ұйымына қосылуға шақырған.

"Біз өз тарапымыздан [Қазақстан бокс федерациясын] World Boxing ұйымына қосылуға көндіріп көреміз. Бірақ Қазақстан бокс федерациясы шешімді өзі қабылдайды. Мен оларға ықпал ететін заңды тетігім я салмағым жоқ. Мен федерацияға ықпал ете алмаймын, олар бұл процесті өздері жасауы керек", – деді Головкин Reuters агенттігіне.

Боксшы Геннадий Головкин қазір Қазақстан ұлттық олимпиада комитетін басқарады.
Боксшы Геннадий Головкин қазір Қазақстан ұлттық олимпиада комитетін басқарады.

Биыл Париж олимпиадасында бокстан Қазақстан ерлер құрамасы жеті спортшы апарып, жалғыз күміс медаль (Нұрбек Оралбай) ғана алып қалған соң елдің бокс федерациясы Мырзағали Айтжанов бастаған бапкерлерді отставкаға жіберген. Бірақ Қазақстан бокс федерациясы World boxing ұйымына қосылатыны жайлы әзірге ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ.

БОКСТАҒЫ ТӨРЕШІЛЕР ДАУЫНА ДӘЛЕЛ БАР МА?

ХОК-тің боксқа шүйлігуінің бір себебі төрешілер жұмысына қатысты еді. Кейінгі кезде бокстан өтетін әр жарыста төрешілер шешімі жанкүйерлер мен боксшылар арасында жиі талқыланатын болған. Жарыстарда ринг шетінде отырған төрешінің бірі 30:27 есебімен жеңісті бір боксшыға берсе, келесі төреші жеңісті 27:30 есебімен екінші боксшыға жазып жатады. Жанкүйерлер арасында "сонда екі төреші екі түрлі бокс көре ме?" деген сауал да жиі туындайды.

Төрешілер шешіміне күмән туындаған тұста, 2021 жылы канадалық заңгер Ричард Маклареннің зерттеу тобы АIBA жұмысына қатысты тексеріс жүргізіп, бокс жарыстарында және Рио олимпиадасында федерация басшылары мен судьялар "пара алғанын анықтадық" деген. Макларен тобы бокстағы жемқорлыққа AIBA-ның 2006-2017 жылғы президенті Чинг-Куо Вудың қатысы бар деп санайды.

Макларен тобының зерттеуінде 2016 жылы көктемде Қытайда өткен Азиядан олимпиадаға іріктеу жарысында Қазақстан мен Өзбекстан AIBA өкілдеріне ақша ұсынғаны айтылған. Бұл жарысқа Қазақстан ерлер құрамасынан алты, Өзбекстан ерлер құрамасынан алты боксшы қатысып, екі елдің барлық боксшысы олимпиадаға жолдама алған.

Макларен тобы Рио олимпиадасындағы Левит-Тищенко жекпе-жегінің шешімінде "манипуляция белгілері бар" деп мәлімдеген.

Қазақстандық Василий Левит (көк формада) Рио олимпиадасында ресейлік Евгений Тищенкомен бокстасып жатқан сәт. 2016 жылдың тамызы.
Қазақстандық Василий Левит (көк формада) Рио олимпиадасында ресейлік Евгений Тищенкомен бокстасып жатқан сәт. 2016 жылдың тамызы.

Зерттеушілер 2016 жылы Рио олимпиадасында 60 келідегі жартылай финалда Отгондалай Доржнямбуугийн (Моңғолия) мен Софьян Умиа (Франция) арасындағы матчта пара алуға талпыныс болғанын айтады. Маклеран тобының жазуынша, қазақстандық төреші Рақымжан Рысбаев Моңғолия бокс федерациясына барып, "егер ақша бермесеңдер боксшыларың жеңіледі деп сес көрсеткен". Тексеру жүргізгендер Рысбаевтың Моңғолиядан сұраған ақша сомасы 100 мың - 250 мың доллардың арасы деген. Моңғолия бокс федерациясы "пара беруден бас тартқан".

2021 жылы Рысбаев Азаттыққа Маклеран тобының зерттеуінде айтылғандардың бәрін жоққа шығарып, "жалған" деген еді.

Бокстағы төрешілер жұмысындағы шикілікке нақты ұсынылған дерек әзірге осы – Макларен тобының зерттеуі.

Қазір бокс жарыстарында (әлем чемпионаты я олимпиада болсын) төрешілер шығарған шешім өзгермейді. Бірақ федерациялар төрешілер шешіміне келіспесе шағым түсіре алады. Шағымда төрешілер жұмысынан қателік табылса, сол төреші жарыстан шеттетіледі. Ал рингте жеңімпаз ретінде қолы көтерілген боксшы жеңімпаз болып қала береді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG