Accessibility links

Дубайдағы Қазақстан: араб жеріндегі "қазақ үкіметі"


Азаттықтың Дубайдағы мүліктер туралы зерттеуінің 5-бөлімінің кейіпкерлері – бұрынғы министрлер мен комитет басшылары. Тіпті министрлік қарамағындағы комитет төрағасының орынбасары болған адамдар да Араб Әмірліктерінен мүлік алған.

Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Дубай қаласынан үй алғандар тізімінен бұрынғы министрлерді де, комитет басшыларын да байқауға болады. Түрлі жылдары қызмет еткен бұл азаматтардың басын қосып, Дубайдағы "қазақ үкіметін" құруға болатындай.

Азаттық зерттеудің видео нұсқасын қатар жариялап отыр. Видеодан аталған пәтерлер мен виллалардың қай жерден, қандай ғимараттан алынғанын көре аласыз.

Құм үстіне салынған қаладан алынған үйлердің көбі нарықта жүздеген миллион теңгеге бағаланғанымен, арасында құны 100 млн теңгеге жетпейтін пәтерлер де кездеседі. Яғни Алматы не Астана қаласындағы үш-төрт бөлмелі жаңа пәтердің бағасына пара-пар. Бұл зерттеуде Азаттық ешкімді айыптамайды. Дегенмен бұл активтер Қазақстанда декларацияланған ба деген сұрақ ашық күйі қалып отыр. Шенеуніктер мен олардың жақындары бұл мүлікті қандай ақшаға алды? Зерттеуде аты аталған азаматтарға қоңырау шалғанымызда, кейбірі осы сұраққа жауап бергенімен, көбі сұрақты естіген бойда байланысты үзе қойды. Азаттық сөйлескен сарапшылар халық бюджеттен жалақы алған, лауазымды қызметте отырған адамдар мен олардың туыстарының активтері туралы білуге хақылы дейді.

Есімі аталған адамдардың кез келгені Азаттықпен сөйлескісі келсе, ашықпыз. Біз олардың бәріне дерлік қоңырау шалып, WhatsApp мессенжеріне немесе жеке поштасына хат салып, жауабын алуға әрекет жасадық. Мүлік иесі деп көрсетілген адамдардың туыстық қатынасы ашық дереккөздер мен мемлекеттік ресурстар арқылы анықталды.

C4ADS ұйымының реестрі

Америкалық C4ADS ұйымы Азаттыққа Дубайдағы жылжымайтын мүлік реестрін ұсынды. 2020 және 2022 жылдарды қамтитын бұл реестрге қарағанда, Қазақстанның 1550 азаматы жалпы құны 1 млрд доллардан асатын 2700-ге жуық жылжымайтын мүлікке иелік еткен. Бұл тізімнен Қазақстанның қазіргі және бұрынғы шенеуніктері мен олардың туыстары көп кездеседі. Азаттық тілшісі осы үйлерді көрсетіп, олардың иелеріне қоңырау шалды, мүліктің қандай ақшаға алынғанын, Қазақстан үкіметіне өткізілетін декларацияда қалай көрсетілгенін сұрады. Дерек ауқымды болған соң, зерттеу бірнеше бөлімнен тұрады.

Қазақстан мемлекеттік кірістер комитеті жалпыға бірдей декларацияның бірінші кезеңінде бар болғаны 40 адам ғана Біріккен Араб Әмірліктерінде жылжымайтын мүлкі (барлығы 60 үй) барын көрсеткен. Комитет Азаттықтың C4ADS тізіміндегі азаматтардың мүлкі жайлы сұрағына жауап бермеді. Ол ақпарат шектеулі мәліметке жатады деді.

Штаб-пәтері Вашингтонда орналасқан C4ADS ұйымы халықаралық қылмыс пен кикілжіңдерді зерттейді.

Ескерту: зерттеуде жылжымайтын мүліктердің Қазақстан валютасына шаққандағы құны орташа бағаммен "1 АҚШ доллары – 450 теңге" есебімен (2023 жыл мен 2024 жылдың І жарты жылдығындағы көрсеткіштерге сәйкес) көрсетілді.

ЭКС-ПРЕМЬЕРЛЕРДІҢ ТУЫСТАРЫ

Данияр Ахметов

Кезінде Қазақстан премьер-министрі қызметін атқарып, кейін сотталған үш адамның бірі – Серік Ахметов. Премьерлікке дейін Қарағанды облысын басқарған ол 2015 жылы жемқорлық ісімен 10 жылға сотталып, оның отбасы мен жақындары мемлекетке 2 млрд теңгеден астам қаражат қайтарған. Ахметов бірер жылдан кейін түрмеден шартты түрде босап шықты. Бірақ саясатқа аттап баспады.

Бұрынғы премьер-министр Серік Ахметовтің ұлы Данияр Ахметов FIVE AT PALM JUMEIRAH DUBAI ғимаратынан бір апартамент алған.
Бұрынғы премьер-министр Серік Ахметовтің ұлы Данияр Ахметов FIVE AT PALM JUMEIRAH DUBAI ғимаратынан бір апартамент алған.

Бұл зерттеуде Серік Ахметовті еске алуға себеп болған – оның ұлы Данияр. Экс-премьердің баласы Пальма аралына кіреберістегі FIVE AT PALM JUMEIRAH DUBAI деген қонақ үйдің бір пәтерін сатып алған. Мүлік меншік иесінің жеке деректері соны көрсетіп тұр. Баспананың аумағы – 113 шаршы метр. Қазір нарықта қонақ үйдің осындай көлемдегі пәтерлері 400 млн теңгеден (950 мың доллар) жоғары бағаланады. Азаттық Серік Ахметовке қоңырау шалған еді, әңгіме тез аяқталды.

– Біз Дубайдағы мүліктер туралы материал жасап жатыр едік. Сол жерден сіздің ұлыңыз Даниярдың атына тіркелген бір мүлік анықталды.

– Менде ешқандай ақпарат жоқ. Сондықтан кешір, Манас бауырым. Менде ешқандай ақпарат жоқ. Ештеңе білмеймін.

– Яғни, бұл үй туралы білмейсіз, иә?

– ...

Осы сұрақтан кейін байланыс үзілді.

Данияр Ахметов бизнес реестріне сәйкес, Астана мен Қарағандыда тіркелген жиыны 5 компанияның құрылтайшылар қатарында.

Марат Мамин

2014 жылы Дубайдағы Jumeirah жағалауында AL BATEEN RESIDENCES кешені пайдалануға берілген. Соның 41-қабатынан Марат Мамин деген азамат 273 шаршы метрлік үлкен пәтер алған.

Марат Мамин – Қазақстанның экс-премьер-министрі Асқар Маминнің туған бауыры. Премимум санаттағы пәтерінің құны 500 млн теңгеге (1,1 млн доллар) жуықтайды. Ол бұдан бөлек паркингтен үш көлікке орын алған.

2019-2022 жылдар аралығында Қазақстан үкіметін басқарған Асқар Маминнің бауыры Марат Маминнің атына AL BATEEN RESIDENCES кешенінде аумағы 273 шаршы метрлік пәтер тіркелген.
2019-2022 жылдар аралығында Қазақстан үкіметін басқарған Асқар Маминнің бауыры Марат Маминнің атына AL BATEEN RESIDENCES кешенінде аумағы 273 шаршы метрлік пәтер тіркелген.

Асқар Мамин премьер-министр қызметінен Қаңтар оқиғасынан кейін кеткен. Кезінде премьер-министрдің орынбасары, министр, Астана әкімі қызметтерін атқарған. Сегіз жыл бойы "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясын басқарған. Маминнің өзіне хабарласу мүмкін болмады, бауырына тиесілі деген нөмірге хат жолдадық, жауап келмеді.

БҰРЫНҒЫ СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛЕРІ МЕН ЕЛШІЛЕР

Күллихан (Күлләйхан) Саудабаева

Дубайдағы AL DABAS деген ғимараттың 5-қабатында Күллихан Саудабаева деген адамның пәтері бар. Төрт бөлмелі пәтердің аумағы – 144 шаршы метр. Оның нарықтағы құны 260 млн теңгеден (580 мың доллар) асады.

Күллихан Бекібайқызы – бірнеше мәрте мемлекеттік хатшы, сыртқы істер министрі қызметін атқарған, АҚШ-та және Ұлыбританияда елші болған Қанат Саудабаевтың әйелі. Саудабаев Азаттыққа жұбайының қайтыс болғанын айтып, бұл тақырыпты осымен жабайық деді. Бұл сөзден кейін үсті-үстіне сұрақ қоюды жөн көрмедік.

Қазақстанның бұрынғы сыртқы істер министрлері Қанат Саудабаевтың және Ерлан Ыдырысовтың отбасы да Дубайдан жылжымайтын мүлік алған.
Қазақстанның бұрынғы сыртқы істер министрлері Қанат Саудабаевтың және Ерлан Ыдырысовтың отбасы да Дубайдан жылжымайтын мүлік алған.

Әйгерім Ыдырысова

Қанат Саудабаев сияқты бірнеше рет сыртқы істер министрі, АҚШ пен Ұлыбритания елдерінде елші болған Ерлан Ыдырысовтың кенже қызы Әйгерім Ыдырысова Dubai Marina ауданынан үй алған. Аумағы 102 шаршы метр, нарықтағы құны 180 млн теңгеден (400 мың доллар) асатын бұл пәтер Джумейра жағалауына жақын, премиум-санаттағы MURJAN 1 кешенінде орналасқан.

Арынғазы Беркінбаев

Экс-министр Ерлан Ыдырысовтың Арынғазы Беркінбаев деген әріптесі бар. Беркінбаевтың өмір жолы туралы мақалада оның 2000 жылдары Ыдырысовтың шақыртуымен сыртқы істер министрлігінің шаруашылық басқармасына жетекшілік еткені жазылады. Қазір Ақтөбеде кәсіппен айналысады. Беркінбаев TFG MARINA деген қонақ үйден 100 млн теңгедей (240 мың доллар) тұратын екі бөлме сатып алған. Ол Азаттыққа зейнеткермін, кәсіпкер ретінде мүлікті декларацияда көрсетемін деді.

Асқар Мусинов пен Зәуре Нөкетаева

Бұрынғы сыртқы істер вице-министрі және Қазақстанның араб елдерімен қатар Біріккен Араб Әмірліктеріндегі елшісі болған Асқар Мусинов биыл қаңтарда Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының бас директоры қызметін атқара бастаған. Бірақ көп өтпей ақпан айында қайтыс болды. C4ADS дерек базасына сәйкес, Discovery Gardens деген тұрғын үй алабында марқұмның атына тіркелген пәтер болған. Құны – 85 млн теңгедей (190 мың доллар).

Ал марқұм дипломаттың әйелі Жанар Нөкетаеваның сіңлісі Зәуре Нөкетаеваның атына Дубайда үш жылжымайтын мүлік тіркелген. Біріншісі, ARMADA 1 деген кешенде (құны – 80 млн теңге, 175 мың доллар), екіншісі Джумейра жағалауындағы RIMAL 1 деген ғимаратта (құны – 100 млн теңге, 210 мың доллар).

Зәуре Нөкетаеваның тағы бір үйі әйгілі Burj Khalifa мұнарасының маңында орналасқан ATTAREEN деген тұрғын үй кешенінде. Аумағы 100 шаршы метрдей. Оның нарықтағы бағасы шамамен 210 млн теңгенің айналасында (470 мың доллар).

Зәуре Нөкетаева Қазақстанда тіркелген бірнеше компанияның құрылтайшылары қатарында. Ол "мүлікті декларацияда көрсеттім" деді. "Оны алуға елші болған марқұм Асқар Мусиновтің көмегі тиді ме?" деген сауалға "жоқ" деп жауап берді. Зәуре Нөкетаева – экс-сенатор, сенаторлар кеңесінің мүшесі Динар Нөкетаеваның сіңлісі.

Хайсын Жұмағалиева

Palm Jumeirah аралында FAIRMONT PALM THE RESIDENCE SOUTH деп аталатын үй бар. Оның 3-қабатындағы аумағы 400 шаршы метрлік пәтерді (құны – 700 млн теңге, 1 млн 580 мың доллар) 76 жастағы Қазақстан азаматы Хайсын Жұмағалиева иеленген. Ол – қазір Қазақстанның Нидерланд корольдігіндегі елшісі, бұрынғы министр Асқар Жұмағалиевтің анасы.

Бұрынғы министр, жақында ғана Қазақстанның Нидерландтағы елшісі қызметінен босатылған Асқар Жұмағалиевтің анасы FAIRMONT PALM THE RESIDENCE SOUTH кешеніндегі бір пәтердің иесі.
Бұрынғы министр, жақында ғана Қазақстанның Нидерландтағы елшісі қызметінен босатылған Асқар Жұмағалиевтің анасы FAIRMONT PALM THE RESIDENCE SOUTH кешеніндегі бір пәтердің иесі.

C4ADS дерекқорында көрсетілген телефон Жұмағалиевтың әйелі Айнұр Мәмиге тиесілі болып шықты. Айнұр Мәми – Қазақстан жоғарғы сотының, конституциялық кеңестің экс-төрағасы Қайрат Мәмидің қызы. Ал Мәми мырзаның отбасының Дубайдағы үйлерін зерттеуіміздің екінші бөлімінде көрсеттік. Жазбаша хатымызға Асқар Жұмағалиев жауап берді.

"Сұраныста көрсетілген жылжымайтын мүлік 30 жылдан астам кәсіпкерлікпен айналысатын анам Х.У. Жұмағалиеваға тиесілі. Сонымен қатар, жұбайым А. Мамидың телефон нөмері көрсетілу себебі – анам сақтандыру және жылжымайтын мүлікке қатысты басқа да қызметтер туралы ақпарат беру үшін, ағылшын тілін білмегеніне байланысты көрсетілген. Аталған мүлік Қазақстан республикасының нормативтік-құқықтық актілеріне сәйкес декларацияланған» деді Жұмағалиев жазбаша жауабында.

Хайсын Жұмағалиева жеке және өзгелермен бірге құрылтайшы болып отырған бірнеше компания әр жыл сайын бюджетке жүздеген млн теңге салық төлейді.

Биыл ол кісі аты-жөнін ауыстырғанға ұқсайды. Құрылтай құжатындағы Хайсын Жұмағалиева деген есім кейінгі айларда Қойсын Бейсенғалиева болып өзгерген.

ӨЗГЕ ДЕ МИНИСТРЛЕР

Кәмила Жарлықапова

2022 жылы Қаңтар оқиғасынан кейін жасақталған үкімет құрамына кіріп, кейін индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі қызметінен босаған Қайырбек Өскенбаевтың қызы Кәмила Жарлықапова Marsa Dubai ауданынан апартамент алған. SADAF тұрғын үй кешеніндегі 180 шаршы метрлік баспана нарықта 300 млн теңгеден (696 мың доллар) жоғары тұрады. Азаттық Өскенбаевқа қоңырау шалды.

"Ол 15 жыл тұрмыста, жеке отбасын құрған, күйеуі екеуі бизнеспен айналысады. Отбасы да, жанұясы да, шаруасы да – түгел өзінде. Менің қатысым жоқ» деп жауап берген экс-министр қосымша сұрақ қойып жатқанымызда байланысты үзе салды.

SADAF кешенінен үй алғандар қатарында бұрынғы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың қызы мен бұрынғы ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековтің анасы бар.
SADAF кешенінен үй алғандар қатарында бұрынғы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың қызы мен бұрынғы ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековтің анасы бар.

Қайырбек Өскенбаев еңбек жолында жекешелендіру комитетінің облыстық басқармасынан бастап, министрге дейін түрлі мемлекеттік қызмет атқарған.

Гүзел Аташбекова

Өскенбаеваның көршілері – Мамытбековтер. Дәл осы SADAF тұрғын үй кешенінде ауыл шаруашылығының экс-министрі Асылжан Мамытбековтің шешесі Гүзел Аташбекованың атына тіркелген баспана бар. Аумағы 170 шаршы метрге жуық. Мұның да бағасы 300 млн теңгенің (665 мың доллар) айналасында.

83 жастағы Гүзел Аташбекованың Дубай орталығында тағы бір жылжымайтын мүлкі бар. Ол MARINA DIAMOND кешенінде орналасқан (құны – 300 млн теңге). Реестр құжаттарына қарағанда, ғимараттың төменгі қабатындағы 166 шаршы метр аумақ дүкен қызметіне арналған.

Екі мүліктің де иесінің байланыс телефоны ретінде Асылжан Мамытбековтің нөмірі көрсетілген. Қазақстанда экс-министр Мамытбековтің атына тіркелген жеке компания жоқ. Мамытбековке қоңырау шалдық, көтермеді. Хат жолдадық. Жауабы мақала шыққан уақытқа дейін келмеді.

Ерлан Исекешев

Кейінгі жылдары Қазақстандағы екі президентке де көмекші болып, атқарушы биліктің жоғарғы эшелонында премьер-министрден өзге лауазымдардың бәрінде дерлік қызмет атқарған Әсет Исекешевтің әулеті де Біріккен Араб Әмірліктерінен үй алған.

Асқар Мамин, Гүлшара Әбдіхалықова және Әсет Исекешов сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында отыр. Астана, 6 наурыз 2019 жыл.
Асқар Мамин, Гүлшара Әбдіхалықова және Әсет Исекешов сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында отыр. Астана, 6 наурыз 2019 жыл.

Jumeirah жағалауындағы BOTANICA TOWER және BAY CENTRAL деген қос премиум-класстағы кешеннен алынған екі пәтер оның ағасы Ерлан Исекешовтің атына жазылған. Екі пәтердің де аумағы 80 шаршы метрге жуықтайды. Ал бірге есептегендегі бағасы 270 млн теңгеден (619 мың доллар) асады.

Ерлан Исекешев – кәсіпкер. Бірақ бірнеше жыл Қарағандыдағы коммуналдық компанияларды басқарған, облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарған.

"ДУБАЙДА 1-2 ЖЫЛ ТҰРДЫҚ, ҰНАМАДЫ»

Серік Бүркітбаев

Palm Jumeirah аралында GRANDEUR RESIDENCES деп аталатын аса қымбат тұрғын үй кешені бар. Үнді стиліндегі алты қабатты ғимараттан үй алған адамдар жеке меншік жағалауда суға түсіп, балконынан Парсы шығанағы мен Дубайдың әдемі келбетіне көз тастайды. Салтанатты өмірге қажет игіліктің бәрі бар.

Мұндағы даңғарадай пәтерлердің бірі Серік Бүркітбаев деген азаматқа жазылған. Жеке деректері 2000 жылдары көлік және коммуникация министрі болған 66 жастағы Серік Бүркітбаевтікімен сәйкеседі. Үйдің жалпы аумағы – 714 шаршы метр. Оның тең жартысы балкон. Болжалды бағасы – 1,3 млрд теңге (2,9 млн доллар).

1998-2000 жылдары көлік және коммуникация министрі болған Серік Бүркітбаев пен қызы Дина Бүркітбаеваның атына Дубайда тіркелген бірнеше мүлік бар.
1998-2000 жылдары көлік және коммуникация министрі болған Серік Бүркітбаев пен қызы Дина Бүркітбаеваның атына Дубайда тіркелген бірнеше мүлік бар.

Бұған көрші тұрған пәтер Бүркітбаевтың қызы Дина Бүркітбаеваның меншігінде. Ол апартаменттің аумағы 500 шаршы метр, бағасы 900 млн теңге (2 млн доллар) шамасында.

35 жастағы Дина Бүркітбаева бұдан бөлек Al Barari деген ықшамауданда орналасқан SEVENTH HEAVEN тұрғын үй кешеніндегі люкс-класстағы екі апартаменттің иесі. Бұл екі үйдің құнын қоса есептегенде 520 млн теңгенің айналасы (1 млн 200 мың доллар). Forbes Kazakhstan Динаның 14 жасында АҚШ-қа оқуға кеткенін, Harvard университетін бітіргенін жазған.

Ал әкесі Серік Бүркітбаевтың биографиясы ылди мен өр. Бір кезеңде "Қазақтелеком" мен "Қазмұнайгазды" басқарды. Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа кеңесші болды. Кейін әскери сот оның мүлкін тәркілеп, 6 жылға соттап, үш жылдан соң босап шықты.

Кейінгі уақытта әділетсіз сотталғаны, мұнай-газдағы жемқорлықтар туралы ашық сұхбат беріп жүрген азаматтан бұл мүліктерді қалай алғаны туралы сұрап едік, мемлекеттік қызметке дейін бизнес арқылы жинаған активін сатып, сол ақшаға алғанын айтты.

– Бизнес-орталықты сатып, сол пәтерлерді алдық.

– Сонда Қазақстандағы активтерді сатып, Дубайдан үй алдық дейсіз бе?

– Иә. Соған көшемін деген жоспар болған. Дубайда 1-2 жыл тұрдық, ұнамады. Күн ыстық, өмірі қымбат. …Біз оны ешқалай тығып отырған жоқпыз. Заңды сатып алынған. Енді не істейміз? Қазақстанда бізге бизнес жүргізбеді. Келді де бәрін тартып алды.

Шыңғыс Досмұхамбетов

Palm Jumeirah аралында AL KHUDRAWI деп аталатын тұрғын үй кешені бар. Мұнда Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімді серігі болған, туризм және спорт экс-министрі, экс-депутат, марқұм Темірхан Досмұхамбетовтің ұлы Шыңғыс Досмұхамбетовтің аумағы 450 шаршы метр болатын пентхаусы бар. Үйдің нарықтағы құны шамамен 830 млн теңгенің (1 млн 850 мың доллар) айналасында.

Әлия Мәулешева

Бұрын қоршаған ортаны қорғау министрі, қаржы, энергетикада вице-министр болған Андар Мәулешұлы Шоқпытовтың қызы Әлия Мәулешева Palm Jumeirah аралындағы жалпы құны 900 млн теңгеден (2 млн доллар) асатын екі жылжымайтын мүліктің иесі. Оның бірі – вилла, екіншісі – ATLANTIC RESIDENCE-те орналасқан апартамент.

Мәулешева қазір негізінен Ресейде білім саласындағы бизнес жобалармен айналысады. Мәулешова C4ADS дерек базасында Қазақстан азаматы деп көрсетілген, ал қазір қай елдің паспортын ұстап жүргенін нақты айта алмаймыз. 2016 жылы жарияға шыққан Панама құжаттарына сәйкес, ол оффшор компанияның акционері болған.

Әлия Маулешеваның әкесі 66 жастағы экс-министр Андар Шоқпытов қазір "Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясының директорлар кеңесінің мүшесі.

Мәжит Есенбаевтың отбасы

Қазақстанның бұрынғы министрлерінің бірі – Мәжит Есенбаев. Ол 1994-2013 жылдар аралығында қаржы, экономика және сауда министрліктерін басқарған; салық, кеден комитеттерінің, бәсекелестікті қорғау агенттінің төрағасы; Ақмола, Қарағанды облыстарының әкімі болған. Үкіметтегі қызметінен кейін Тимур-Динара Құлыбаевтардың "Халық банктегі" үлесін ұстап отырған "Алмэкс" компаниясының басқарма төрағасы қызметін атқарған.

Мәжит Есенбаевтың әйелі Лариса Есенбаева Дубайда AL SHAHLA және SADAF кешендерінде құны 1 млрд теңгеден (2 млн 360 мың доллар) асатын екі үйдің иесі. Оның біріншісі AL SHAHLA-дағы 450 шаршы метрлік пентхаусқа ұлы Назар Есенбаевтың да меншік құқығы бар.

Мәжит Есенбаевтың 1946 жылы туған Мәлік Есенбаев деген ағасының атында PARK ISLAND аталатын тұрғын үй кешенінде бір пәтер бар. Оның құны – 640 млн теңге (1,4 млн доллар), ал үйдің аумағы шамамен 360 шаршы метр.

Николай Радостовец

Келесі кейіпкер – Дубайдан 12 пәтер алған экс-министр. Үйлердің жиынтық құны 2,4 млрд теңгеге (5,3 млн доллар) жуықтайды. 10 пәтер PALM VIEWS WEST, RIMAL, SADAF, BAHAR, AEGEAN, THE RESIDENCES SOUTH, ATLANTIC, LAGUNA TOWER кешендерінде орналасқан. Тағы екі мүлік құжаты бойынша MICHAEL SCHUMACHER BUSINESS AVENUE деген ғимаратқа рәсімделген. Алайда бұл жоба тоқтап қалып, орнында басқа ғимараттың құрылысы жүріп жатыр.

2000 жылға дейін еңбек министрі, экономика вице-министрі болған Николай Радостовец 12 жылжымайтын мүлікке қаржы салған.
2000 жылға дейін еңбек министрі, экономика вице-министрі болған Николай Радостовец 12 жылжымайтын мүлікке қаржы салған.

C4ADS ұйымының ақпаратына сәйкес, 12 мүліктің иесі 2000 жылға дейін еңбек министрі, экономика вице-министрі, антимонолия комитетінің төрағасы болған Николай Радостовец. Ол 2000 жылдан кейін кәсіпкерлікке ауысқан. Қазіргі қоғамдық қызметі – тау-кен өндірісімен айналысатын кәсіпорындар қауымдастығының жетекшісі.

"МЕНІ ОНДАЙ СҰРАҚТАРМЕН АЛА АЛМАЙСЫЗДАР»

Дәурен және Диас Қамалиевтер

2022 жылы индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі қызметінен кеткен Берік Қамалиевтің қос ұлы Дәурен және Диас Қамалиевтер де Дубайда бір-бір пәтерге ие. Дәурен Қамалиевтің атындағы SHAMS 4 кешенінде орналасқан үй 200 млн теңгедей тұрады. Ал бауыры Диастікі RIMAL тұрғын үй кешенінде. Оның бағасы да Дәурендікінен арзан емес.

Берік Қамалиев телефондағы әңгімеде Азаттықты өсек-аяңмен неге айналысасыңдар деп сөкті. Ал Дубайдағы активі туралы мемлекеттік органдар хабардар деді.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі (2016-2022) Берік Қамалиевтің қос ұлы Диас және Дәурен Қамалиевтер Дубайдан бір-бір пәтер алған.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі (2016-2022) Берік Қамалиевтің қос ұлы Диас және Дәурен Қамалиевтер Дубайдан бір-бір пәтер алған.

– Оның барлығы үкіметке берілетін қағаз-құжаттарда көрсетілген. Сондықтан да маған қоңырау шалып, мазаламауыңызды өтінемін. Мен мемлекеттік қызметке келердің алдында 15 жыл, 20 жыл бизнеспен айналысқанмын. Сондықтан мен өмір бойы үкіметтің жұмысын істеген адам емеспін. Біз күні-түні тер төгіп, жұмыс істеген адамбыз. Мені ондай сұрақтармен ала алмайсыздар. Рахмет, сау болыңыз! – деді Қамалиев.

Ресми өмірбаянына қарағанда, Берік Қамалиев мемлекеттік қызметке 2001 жылы келген. Оған дейін 10 жыл коммерциялық құрылымдарда істеген. Қазір Дүниежүзілік жол қауымдастығының Қазақстандағы ұлттық комитетінің төрағасы. Ұлы Дәурен – жекеменшік компанияның басшысы. Ал екінші ұлы Диас LinkedIn желісі парағындағы ақпаратқа сәйкес, Абу-Даби қаласындағы Masdar деген компанияда қызмет атқарады.

Қамалиевтің өзі екі жыл бұрын индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі қызметінен кеткенде премьер-министр сайтында мәлімдеме шықты.

"Мемлекет басшысының Батыс Қазақстан облысындағы автомобиль жолдарын жөндеуге қатысты тапсырмаларының уақытында орындалмағаны үшін ҚР үкіметінің қаулысымен индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Қамалиев қызметінен босатылды» деп жазды премьер-министрдің баспасөз қызметі.

Мақсат Орыспаев пен ұл-қызы Ілияс, Әйнел Орыспаевтар

Қазақстанның өнеркәсіп және құрылыс министрлігі құрамында мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс комитеті бар. Бұл – азаматтық салалармен қатар қарулы күштермен байланыста жұмыс істейтін мекеме. Комитеттің ұзақ жыл бойы төрағасы болған Мақсат Орыспаев ұл-қызымен бірге Дубайдан отыз шақты үй алып, жылжымайтын мүлікке қомақты қаражат құйған.

Алдымен өзінен бастайық. Мақсат Орыспаевтың атына THE SUMMIT деп аталатын ғимараттың 20, 23-қабаттарынан 9 апартамент тіркелген.

Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс комитетінің экс-төрағасы Мақсат Орыспаевтың отбасы Дубайдан 30 шақты жылжымайтын мүлікке инвестиция жасаған.
Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс комитетінің экс-төрағасы Мақсат Орыспаевтың отбасы Дубайдан 30 шақты жылжымайтын мүлікке инвестиция жасаған.

Dubai Marina ықшамауданындағы Орыспаев ақша құйған SUMMIT кешені әлі салынып бітпеген. Демек, ол қаражатты құрылысы жүріп жатқан ғимаратқа құйған. Ғимарат құрылысы аяқталғанда люкс-санаттағы 38 қабаттық бизнес-орталық әрі тұрғын үй кешеніне айналады. Дегенмен бұл жобаның да құрылысы кешеуілдеп қалған. Дубайдың жылжымайтын мүлік нарығы туралы жазатын сайт Propsearh.ae сайты ғимараттың атауы мен оны салатын компанияның ауысқанын хабарлаған.

C4ADS құжаттарына сәйкес, Орыспаевтың ұлы Ілияс Орыспаевтың атына Дубайда 17 үй тіркелген. Ал Palm Jumeirah-да орналасқан вилласының аумағы 600 шаршы метрден асады.

Өзге апартаменттері жасанды аралдағы MARINA RESIDENCE-те, GRANDEUR RESIDENCES-те, Dubai Marina-дағы RIMAL кешенінде және бірнеше кеңсесі ARMADA ғимаратында орналасқан. Ілияс Орыспаев Қазақстанда тіркелген үш компанияның құрылтайшылары қатарында.

Мүлік реестріне сәйкес, Мақсат Орыспаевтың қызы Әйнел Орыспаеваның атына жазылған екі апартамент анықталды. Екеуі де GRANDEUR RESIDENCES-те.

C4ADS реестріне сүйенсек, салынып жатқан үйді қоспағанда, Орыспаевтардың атына тіркелген Дубайдағы үйлердің қазіргі нарықпен есептегендегі жалпы құны 5-9,5 млрд теңгенің аралығында.

Отбасымен Дубайдан ондаған жылжымайтын мүлік алған Мақсат Орыспаевтың биографиясына қарасақ, ол 9 жыл кеден саласында, 14 жыл қорғаныс министрлігінде жұмыс істеген. Мақсат Орыспаев бұл қаражатты қайдан алды? Өзінен сұрауға тырыстық.

– Мақсат мырза, халыңыз қалай? Естіліп тұр ма?

– Иә, естіліп тұр.

– Біз сіздің және отбасыңыздың Дубайдағы мүліктері туралы материал жасап жатыр едік. 30 шақты мүлік алған екенсіздер…

Орыспаев та осы жерден әңгімені үзе қойды. Кейін жазылған хатқа жауап келмеді.

Мұхит Саймасаев

Мамырдың аяғында Vlast.kz сайты "Дубай. Қазақстанның тағы бір астанасы» деген өз зерттеуін жариялаған. Оның кейіпкерлерінің бірі 2010 жылдары индустрия министрлігі туризм комитетінің төраға орынбасары болған Мұхит Саймасаев болатын. Facebook парағындағы видеоларға қарағанда, Мұхит Саймасаев Дубайда қымбат көлікке мініп, әдемі жерлерді демалып жүретін. Vlast.kz зерттеуінен кейін ол сол видеолардың бәрін бұғаттап қойған.

Сол видеолардың бірінде Саймасаев KEMPINSKI RESIDENCES деген кешеннің бассейніне түсіп жүргені көрінеді. Ол осы ғимараттан аумағы 160 шаршы метрден асатын, бағасы 300 млн теңге (670 мың доллар) шамасында болатын пәтер алған.

Мұхит Саймасаевтың Дубайдың Business Bay ауданында және SADAF 2 кешенінде орналасқан тағы екі жылжымайтын мүлігі бар. Бұл екеуін қосқандағы болжалды бағасы 500 млн теңгеден (1,1 млн доллар) асады. Оның біреуінің құрылысы жүріп жатыр.

Мұхит Саймасаев туризм комитетіндегі қызметінен кейін мемлекеттік қызмет саласынан кетпеген. Мәселен, ресми құжаттар бойынша ол 2019 жылы "Проблемалық кредиттер қорының" инвестициялық жобалар мен активтерді сату департаментінің директоры болған.

Бауыржан Тынысбеков

Батыс Қазақстан облысы Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің басшысы Бауыржан Тынысбековтің MARINA SUITES кешенінде 120 шаршы метрлік пәтері бары анықталды. Үйдің құны шамамен 220 млн теңгеге (490 млн доллар) жуықтайды.

Хадиша Бертісбаева

1990 жылдары энергетика министрінің орынбасары болған, 2016 жылы энергетикалық бақылау комитетінінің төраға орынбасары қызметінен зейнетке шыққан Несіпқұл Бертісбаевтің жұбайы Хадиша Бертісбаева – Jumeirah жағалауындағы AL BATEEN RESIDENCES тұрғын үй кешеніндегі аумағы 150 шаршы метрлік, 270 млн теңгедей (600 мың доллар) тұратын пәтердің иесі.

Несіпқұл Бертісбаев Азаттыққа мүлікті 2018-2019 жылдары сатып алып, 2022-2023 жылдары қайтадан сатып жібергенін айтты.

ҰЛТТЫҚ КОМПАНИЯЛАРДЫҢ ҚАЗІРГІ ЖӘНЕ БҰРЫНҒЫ БАСШЫЛАРЫ

"Қазақстан темір жолы" компаниясының экс-басшылары

Мемлекеттік "Қазақстан темір жолы" компаниясын 2000 жылдардың басында басқарған Ерлан Атамқұлов Дубайда WADI AL SAFA 7 деген вилла қалашығынан 5 жылжымайтын мүлікке ақша салған. Тағы үш вилла оның қызы Дана Атамқұлованың атына тіркелген. Азаттық тілшісімен сөйлескен Атамқұлов "жоба бірнеше жыл бұрын тоқтап қалған соң, сот жүріп, ақшамызды кері қайтарып жатырмыз" деді.

Дубайда үй-жайға ақша салғандар тізімінде "Қазақстан темір жолы" ҰК бұрынғы президенті Ерлан Атамқұлов пен компанияда басшылық қызметте болған тағы бірнеше азамат бар.
Дубайда үй-жайға ақша салғандар тізімінде "Қазақстан темір жолы" ҰК бұрынғы президенті Ерлан Атамқұлов пен компанияда басшылық қызметте болған тағы бірнеше азамат бар.

Ерлан Атамқұлов ҚТЖ-ны басқарғанға дейін де түрлі кәсіппен айналысқанын, ауқатты адам болғанын айтты.

– Мен мұны жасырған жоқпын. Кейінгі сұхбаттарымды тыңдаған шығарсыз, "ҚТЖ-ға дейін менде 300-400 млн долларлық активім болған. Ол туралы маған бірнеше рет сұрақ та қойылған, – деді Атамқұлов.

Атамқұловтың қасында ҚТЖ аппарат жетекшісі болған Мұрат Ақбұтаев пен әйелі Шолпан Ақбұтаеваның иелегінде MARINA WHARF және BAHAR кешендерінде екі жылжымайтын мүлік бар. (Жалпы құны 500 млн теңге, 1,17 млн доллар).

ҚТЖ-ға қарасты "Кедентранссервистің" президенті болған Алмас Шабанов MARINA CROWN TOWER кешенінен екі бөлмелі пәтер алған (240 млн теңге, 535 мың доллар).

"Кедентранссервистің" вице-президенті болған Жарматай Бәкіров SKY CENTRAL қонақ үйінен бір бөлме меншіктепті. Құны шамамен 45 млн теңге (100 мың доллар).

"Кедентранссервистің" еншілес компаниясы болған "АЖСК-Алматының" директоры Болат Шалмұхановтың Al Barsha ауданында бір пәтері бар. Аумағы 70 шаршы метрлік апартаменттің болжалды құны 75 млн теңге немесе 170 мың доллар.

ҚТЖ-ға еншілес болған "Теміржол жөндеу" компаниясын басқарған Саянтай Ерғожиннің әйелі Гүлжаһан Ерғожина Palm Jumeirah-да AEGEAN деген ғимараттан пәтер сатып алған. Мүліктің құны 300 млн теңгедей (630 мың доллар).

Әуелі Қазақстан темір жолының басқарушы директоры, кейін "Қазаэронавигация" мекемесінің бас директоры болған Рүстем Хасеновтің отбасы да бір шағын мүлік иесі.

C4ADS ұйымы Азаттыққа берген дерек базада Дубайдан үй алған бизнесмен көп. Біз оның ішінде мемлекеттік қызметте істеген немесе ұлттық компанияларды басқарғандарды ғана тізімге қосып отырмыз.

Асылбек Бөрібаев пен қыздары Мәриям, Нарғыз Бөрібаевалар

2019 жылдан бері "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қорының төрағасы қызметін атқарып келе жатқан Гауһар Бөрібаеваның әкесі Асылбек Бөрібаев пен сіңлілері Мәриям, Нарғыз Бөрібаевалардың да Дубайда бір-бір үйі бар.

Асылбек Бөрібаевтың пәтері Jumeirah жағалауына жақын BAHAR тұрғын үй кешенінде орналасқан. Пәтердің нарықтағы құны – шамамен 200 млн теңге (440 мың доллар). Бөрібаев өзі де лауазымды қызметте болған. 2006-2018 жылдар аралығында ауыл шаруашылығы министрлігіне қарайтын "Қазақстан аграрлық сараптамасы" акционерлік қоғамын басқарған.

Гауһар Бөрібаеваның сіңлісі Мәриям Бөрібаеваның пәтері GLOBAL LAKE VIEW тұрғын үйінде орналасқан. Тағы бір сіңлісі Нарғыз Бөрібаеваның пәтері EATON PLACE ғимаратында. Екі пәтердің де болжалды бағасы 100 млн теңгенің айналасында.

Құралай Қабдолова

Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Азық-түлік келісім-шарт корпорациясының басқарушы директоры болған Сардар Қабдоловтың анасы Құралай Қабдолованың атына DAMAC TOWERS деген ғимараттан 90 шаршы метрлік апартамент тіркелген. C4ADS-тің есептеуінше, оның бағасы 155 млн теңгеден (350 мың доллар) асады.

"БАС ПРОКУРАТУРАДА ОЛАРҒА ҚАРСЫ СҰРАҚ ТУЫНДАУЫ КЕРЕК»

"Қазақстан оппозициясының шетелдегі бюросына» жетекшілік ететін Серік Медетбеков Қазақстанның ықпалды мемлекеттік қызметкерлері шетелдегі активтерін туыстарының атына жазуға әуестігін айтады.

– Олар мүлікті өз атына рәсімдемегені анық. Мысалы, ол жерден Қанат Саудабаевтың өз атына қандай да бір мүлік алғанын таппайсыз. Барлығы бауырларының, туыстарының атына жазылған. Кезінде Дариға Назарбаеваның Ұлыбританиядағы әжептәуір активін жүргізушісінің атына жазуға айласы жеткен. Сол себепті прокуратурада оларға қарсы сұрақ туындауы керек. Ол тұрмақ, тараған дерек бойынша толыққанды тергеу жүруге тиіс.

Қазақстан Бас прокуратурасы Активтерді қайтару жөніндегі комитеті Дубайдағы мүліктер туралы хатымызға жауабында нақты ешбір адамның есімін атамады. "Заңсыз иемденілген активтерді қайтару туралы" заң ережесіне сай келетін адамдарды ғана тексереміз, сол заңмен жүреміз деді. Ол заң бойынша кем дегенде 100 млн АҚШ долларына пара-пар активі бар тұлғалар ғана назарға ілігеді. Ал мемлекеттік кірістер комитеті заңға сүйеніп, Дубайдағы мүлігін декларациялаған ондаған адамның аты-жөнін атамады.

"ЖАУАПКЕРШІЛІК ДУБАЙ ӘКІМШІЛІГІНДЕ»

Exeter университетінің профессоры, Орталық Азияны зерттеуші Джон Хизершоу Дубай сырттан ақшаның төркінін сұрамай, жылжымайтын мүлік алушыларға жағдай жасап отырғанын айтады.

– Меніңше, бұл жерде бірінші жауапкершілік Дубай әкімшілігінде. Ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлеу тобының, яғни FATF ұйымының басшысы OCCRP, Dubai Unlocked құжаттарын қарайтынын мәлімдегені де қызық жайт. Ұйымның Дубайды [2022 жылы] ақша жылыстататын елдердің сұр тізіміне қосуының мәні бар. Бұл екі жыл бұрын, ештеңе өзгермей тұрған кездегі жағдай. Өзгеріс басталған кезде ақылға қонымды ештеңе байқалмады. Себебі Дубай іс жүзінде ақшаны заңдастыру, жылыстатуға қарсы күрес жүргізген жоқ. Қағаз күйінде жасалуы мүмкін, бірақ іс жүзінде емес, – дейді ол.

Ұлыбританиядағы Exeter университетінің профессоры Джон Хизершоу. Сурет Tasnimnews.com сайтынан алынды
Ұлыбританиядағы Exeter университетінің профессоры Джон Хизершоу. Сурет Tasnimnews.com сайтынан алынды

Хизершоудың сөзінше, Қазақстан үкіметінде жоғары лауазымды адамдардың бұл мүліктері заңды алынған ба деген сұрақ туса, олар Дубайға барып, ақпарат сұрата алады. Сарапшы, мұның өзара құқықтық көмек деп аталатынын, Қазақстан үкіметі Ұлыбритания сияқты кейбір Батыс елдерімен осылай жұмыс істеп жатқанын мысал етті.

– Бұл арқылы Қазақстанның өзінде тергеу астында қалған, Назарбаев режимінен шығып, қатаң жазалау тізіміне іліккен белгілі бір адамдар тобы қуғындалады. Бізге белгісіз түрлі себеппен орнын сақтап қалған адамдарды нысанаға алынбайды, – дейді Exeter университетінің профессоры. – Олар иелік еткен дүниесін бөлісуге немесе мемлекеттік билікпен келісімге келуге дайын болған да шығар. Демек, Қазақстан үкіметі бұл құқықтық амалды таңдап қолданады. Нысанаға кім түсетініне қарай, Дубайға, Ұлыбританияға немесе басқа елдерге сол адамдар жайлы ғана сұраныс жолдайды. Мұны бәріне бірдей қолданады дегенге күмәнмен қараймын. Өйткені олардың кейбіреулері елде әлі де қолдауға, қорғауға ие адамдар қатарында болуы мүмкін.

Джон Хизершоу айтып отырған FATF ұйымы – ақшаны жылыстату, заңдастырумен күресетін үкіметаралық ұйым. Оның президенті Раджа Кумар OCCRP ұйымымен бірге 70 шақты медиа бірігіп жариялаған "Dubai Unlocked" деген зерттеудегі фактілерді қарап, биыл шілдеде Біріккен Араб Әмірліктеріне шара қолданамыз деп мәлімдеген. Ұйымның сұр тізіміне іліккен ел заңсыз ақшамен күресте қаржы саласындағы әлемдік стандарттарды толыққанды сақтамайды, бірақ осы кемшіліктерді белгіленген мерзімге дейін жоюға міндеттеме алды дегенді білдіреді. FATF тізім ашық тұрады, кез келген адам көріп бақылай алады. Мұны халықаралық қаржы институттары, ұйымдар үнемі назарға алады.

Дубай орталығындағы көп қабатты ғимараттар.
Дубай орталығындағы көп қабатты ғимараттар.

Азаттық сөйлескен сарапшылар билік өкілінің елдегі, шеттегі мүлкін бақылаудың ең тиімді жолы – табыс декларациясының ашықтығы дегенді бірнеше рет айтты. Сонда ол қоғамның да бақылауында болмақ. Адал табысы бар адам шеттегі мүлкін именбей көрсетеді. Ал жасырылған актив әшкере болса, құзырлы орган іске кіріседі. Бұл ашық қоғам болуға ұмтылу жолындағы орындалмас тілек, ниеттей көрінуі мүмкін. Бірақ мемлекет пен оның халқы үшін оның қаншалық маңызды фактор екенін түсіну қажет дейді сарапшылар.

Бұлбірнеше бөлімнен зерттеуіміздің бесінші шығарылымы. Ал келесі әрі соңғы бөлімде Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен оған құда Құлыбаевтар және Имашевтар әулетінің Дубайдағы дүние-мүлкін көрсетеміз.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG