Accessibility links

Оппозиция митинг өтеді деп белгілеген күннің қарсаңында бірнеше белсенді қамалды


Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты
Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты

Астанада бірнеше белсенді әкімшілік қамауға алынды. Билік оларды оппозиция қарсылық акциясы өтеді деп белгілеген күнге жеткізбей жазалады.

19 наурыз кешке Астана қаласында сот шешімімен екі белсенді – Қанатқан Әміренов пен Әсет Кенжебеков 20 күнге әкімшілік қамауға алынды. Бұл ақпаратты жергілікті белсенділер таратты. Олардың айтуынша, Әміренов пен Кенжебековті Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 488-бабының 11-тармағы бойынша, яғни "Бейбіт жиындарды ұйымдастыру және өткізу тәртібін бір жыл ішінде қайтадан бұзған" деген айып тағып, жазалаған.

Азаттық сейсенбінің кешінде сотқа хабарласқанымен, ресми ақпарат ала алмады.

Белсенді Әсет Кенжебеков
Белсенді Әсет Кенжебеков

Сол күні түске дейін интернеттегі "сот кабинетінің" ашық бөлігінде Қанатқан Әміренов пен Әсет Кенжебековке қарсы істер қарала бастағаны жөнінде ақпарат шыққан. Ол істерді судьялар Нұржан Қайырбек пен Эльвира Ишанова қарап жатқаны айтылған.

Әміренов пен Кенжебековті ұстап әкеткені дүйсенбі күні кешке белгілі болған еді. Бейбіт акцияларға қатысушыларға қысым жасау оқиғалары жайлы ақпарат жинаумен айналысатын "Белсенділер – экстремист емес" құқық қорғау тобы Қазақстан қалаларында наурыздың 21-і мен 22-і күндері оппозиция белгілеген бейбіт наразылық акциялары қарсаңында "превентивті саяси қудалау" жүріп жатқанын хабарлаған. Сейсенбі күні Азаттық Кенжебековтің жақыны Светлана Свищевамен сөйлесті. Ол Әсетті полиция әкеткенін естіген соң Астанадағы полиция басқармаларының бірнешеуіне оны іздеп барғанын айтты.

"Кеше ол үйге оралмады. Шамамен 20:47 кезінде оған телефон шалып, қайдасың деп сұрадым. Ол: "Біздің адамдарға телефон соқ, бізді ұстады" деді. Мен өзгелерге хабарладым да, көшеге шықтым, бірақ ол жоқ екен. "102" қызметіне телефон соққан едім, оны Сарыарқа аудандық полиция басқармасына алып кеткен деп айтты. Мен сол жерге бардым, бірақ онда жоқ екен. Маған басқа адресті берді, оған да бардым, ол жерде де жоқ. Сосын маған ол Байқоңыр аудандық полиция басқармасында деді. Байқоңыр аудандық полиция басқармасына барғанымда, кіреберістен Әсетті көрдім, қасында полиция бар екен. Полиция оны ішке қарай ала жөнелді, Әсет маған жәшіктің (әкімшілік ғимаратқа кіргенде жеке заттарды қалдыратын арнайы жәшік – ред.) кілтін беріп, телефонымды ал деп айтып үлгерді. Маған оның телефонын бермей қойды. Телефон жатқан жәшіктің кілтін менен алып қойды. "Күтіңіз, қазір кезекші шығып, сізге бәрін айтып береді" деді. Бір сағаттан артық күттім, бірақ сол күйі ешкім келген жоқ. Одан соң маған [стационар телефонның] нөмірін берді. Сол нөмірге қоңырау шалдым. Тұтқаны алған адам ол ары кетсе таңертеңгі сағат сегіз-тоғызда босап шығады деді. Ол әлі үйге келген жоқ. Қайда екені, оны не үшін ұстағаны, оған енді не істейтіні белгісіз. Қайда барып, кімнен сұрарымды да білмейін", – деді Свищева сейсенбі күні Азаттыққа.

Белсенді Қанатқан Әміренов
Белсенді Қанатқан Әміренов

7 наурыздың Қанатқан Әміренов Павлодар облыстық әкімдігін биыл наурыздың 21, 22 және 23 күндері Павлодар қаласындағы Конституция алаңында бейбіт жиын өткізгісі келетінін жазбаша түрде ескерткен. Бірақ ол көрсеткен үш күнде жиын өткізуге жергілікті билік келісім бермеген. Белсенділер әкімдік Әміреновке жазбаша түрде қайтарған үш жауаптың фотосуретін интернетте жариялады. Жауапта Конституция алаңында "ол күндері аумақты абаттандыру жұмыстарын істеу жоспарланып отырғаны" жазылған. Өзге де қалаларда, соның ішінде Алматы, Астана, Орал мен Шымкентте де бейбіт митинг өткізбек болған белсенділер жергілікті биліктің қарсылығына тап болған. Әкімдіктер берген жауапта "шара жөнінде толымды ақпарат жоқ" немесе ұсынылған құжаттар "күмәнді" деген уәж айтқан.

NotExtremists Telegram-каналы 19 наурызда Астана соты белсенді Марат Мұсабаевты 5 күнге қамауға қаулы еткенін хабарлады. Құқық қорғау тобының дерегінше, Мұсабаевқа 2024 жылғы 24 қаңтарда Астанадағы әскери сот ғимаратының қасында "оң қолының ортаңғы саусағын шошайтып (кімге екені түсініксіз), ұсақ бұзақылық жасады" деген айып таққан.

Сейсенбі күні Азаттық сөйлескен тағы бір белсенді Мереке Нұғыманов белсенділерді осы аптаның екінші жартысында өтуі мүмкін бейбіт акцияларға байланысты ұстап, қамап жатқан болуы мүмкін деген пікірде. Нұғыманов саясатпен белсене айналыса бастағалы бері өзі де бірнеше рет қамауда отырып шыққанын айтты. "Бастапқыда Марат Жыланбаевқа қолдау білдіріп, таңертеңгі мезгілде жүгіруге шыққанымыз үшін қамады. Сол үшін бізді бірнеше рет қамап қойды. Ол біздің "Алға, Қазақстан!" партиясының (2022 жылдың мамыр айынан бері бастамашыл топ партияны тіркеу жөнінде 23 рет өтініш тапсырған, билік ешбірін орындаған жоқ – ред.) лидері болғандықтан, біз оны босату қажет екенін айтамыз". Жылда бізді бірнеше реттен ұстап әкетеді, оған қоса 15-20 күнге қамап қояды, бізді полицияда бірнеше сағат бойы ұстайды", – дейді ол.

Нұғымановтың пікірінше, тіркелмеген оппозициялық партия белсенділері "елдегі проблемаларды ашық көтеріп, сынайтындықтан" биліктің қырына іліккен.

15 КҮНГЕ ЕКІ РЕТ ҚАМАУ

16 наурызда Астана соты құқық қорғаушы Айдар Сыздықовты 15 күнге қамау туралы қаулы шығарды. Оны "Бейбіт жиындарды ұйымдастыру және өткізу тәртібін бір жыл ішінде қайтадан бұзған" (Әкімшілік құқық бұзу кодексі 488-бабының 11-тармағы) деген айып бойынша жазалаған.

Айдар Сыздықов
Айдар Сыздықов

Сот қаулысында Сыздықовқа осы жолғы айып былтыр 11 наурызда Әділет министрлігі ғимараты алдында белсенділер тіркелмеген "Алға, Қазақстан!" партиясының лидері Марат Жыланбаевты түрмеден босатуға үндеп өткізген акцияға байланысты тағылғаны айтылған. Есімі әлемге танымал ультрамарафоншы 60 жастағы Жыланбаев былтыр мамырда қамауға алынып, қарашада жеті жылға сотталған. "Экстремизмді қаржыландырған" және тыйым салынған ұйымның іс-әрекетіне "қатысқан" деген айыптар тағылған Жыланбаевтың соты жабық өтті. Қазір ол Степногорск қаласындағы түрмеде жазасын өтеп жатыр (оған қуғындағы оппозиционер Мұхтар Әблязов құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысына байланысты айыптар тағылды. Қазақстан соты "экстремистік ұйым" деп таныған ҚДТ-ны Еуропарламент өз қарарында "бейбіт оппозиция" деп атаған.)

Жыланбаев пен жақтастары оған тағылған айыптарды саяси астары бар деп біледі.

Сот қаулысында Айдар Сыздықов 16 наурызда өткен сотта "2023 жылғы 11 наурызда наразылық акциясына қатысқан жоқпын, қолымда плакат болған жоқ, маңайымда болып жатқан жайтты құқық қорғаушы ретінде видеоға түсірдім" деп айтқаны жазылған.

Оның алдында, биыл 2 наурызда осы соттың қаулысымен құқық қорғаушы Айдар Сыздықов былтыр 17 наурызда Астанадағы "Ренко" бизнес орталығы алдында өткен акцияға "қатысқаны үшін" 15 күнге қамалған еді. Аталған бизнес орталық ғимаратында Еуропа Одағының өкілдігі мен Батыстың бірқатар мемлекетінің елшіліктері жайғасқан. Сот қаулысында айтылған акцияға қатысушылар сол жолы Қазақстандағы "саяси тұтқындарды" (ресми Астана елде саяси тұтқын жоқ дейді) босатуды талап еткен. Сыздықов ол сот отырысында да өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, "митингіге қатыспағанын, қолында ешқандай плакат болмағанын, оқиғаны видеоға түсіргенін" айтқан.

Биыл 5 наурызда Астана соты Айдар Сыздықовтың адвокаты Мейіржан Досқараевтың апелляциялық шағымын қанағаттандырудан бас тартып, әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі ауданаралық соттың қаулысын күшінде қалдырды.

Сыздықовқа қатысты бірінші сот қаулысындағы жаза мерзімі ол әкімшілік қамауға түскен сәттен – 2024 жылғы 1 наурызда сағат 18:30-дан бастап есептеледі. Ол мерзім аяқталғаннан кейін, яғни 16 наурызда бостандыққа шығуға тиіс болатын. Бірақ сол күні сот оны тағы 15 күнге қамауға пәрмен берді. Бұл жолғы қамауда ұстау мерзімі 16 наурызда сағат 11:35-тен басталады.

  • 2009 жылдан бері шетелде тұрып жатқан қуғындағы оппозиционер Мұхтар Әблязов Қазақстанда биылғы Наурыз мейрамында, 21-22 наурыз күндері "түрлі-түсті шар ұстап мерекелік митингіге" шығуға жұртты әлеуметтік желілер арқылы үндеген
  • оппозиция митинг өтеді деп алдын ала белгілеген күннің қарсаңында белсенділерді полицияға шақырту, ұстап әкету, қамау – Қазақстанда авторитар жүйе орнықтырған бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаев билігі тұсында үнемі қайталанатын жағдайға айналған. Былтыр қарашада Астана мен Қостанайда, ал биыл қаңтарда Алматыда әлгіндей шара қарсаңында оннан астам азаматтық белсенді қамалған. Оларды бейбіт жиын заңын бұзды деген айыппен әкімшілік жауапқа тартып, 20 күнге дейінгі мерзімге қамаған.
  • Назарбаевтан билікті қабылдап алған қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы бекіткен бейбіт жиындар туралы жаңа заңды құқық қорғаушылар халықаралық стандарттарға сай емес, бейбіт жиын өткізуге жергілікті әкімдік рұқсат беру керек деген бұрынғы заңдағы талап сол күйі қалды деп сынға алды. Белсенділер жергілікті әкімдік митинг өткізуге рұқсат бермес үшін түрлі сылтау ойлап табатынын айтады. Ондай сынға келіспейтін Астана митинг туралы жаңа заңды "демократиялық мазмұнда" деп атап, оны қабылдағаннан кейін Қазақстанда бейбіт жиындар "бірнеше есе" көбейді дейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG