Accessibility links

"31-арна" мен informburo.kz порталы қор иелігіне өтті. Бұл нені білдіреді?


"31-арна" мен informburo.kz порталын қор иелігіне алды. Бұл нені білдіреді?
please wait

No media source currently available

0:00 0:10:04 0:00

"31-арна" мен informburo.kz порталын қор иелігіне алды. Бұл нені білдіреді?

Миллиардер Болат Өтемұратов иелігіндегі "31-телеарна" мен informburo.kz интернет порталын сатты ма, әлде сыйға тартты ма? Медиахолдингтің жаңа иесі кім? Мемлекет қолдауымен құрылған үкіметтік емес ұйымға телеарна мен ақпараттық портал не үшін керек болды?

"31-телеарна" мен informburo.kz порталының меншік иесі ауысқанын 1 қазан күні қазақстандық bes.media сайты жазды. Медиахолдинг қызметкерлері бұл жаңалықтан бейхабар болып шықты. Азаттық әңгімелескен, бірақ камераға сөйлеуді қаламаған адамдар жаңалықты енді біліп, қатты алаңдап отырғанын айтты. Телеарнаның Алматыдағы редакциясына бардық. Басшылары "қазір шығамыз" деп ұзақ күттіріп, ақыр соңында айтар ештеңесі жоғын сылтауратып, сөйлесуден бас тартты.

Кейіннен Болат Өтемұратовтың активтерін басқаратын "Верный капитал" компаниясы "31-арна" медиахолдингі бойынша "Әділдік және өркендеу" деген қоғамдық қормен келісімге келгенін растады.

"Біздің тәжірибелі менеджерлеріміздің командасы өз салаларының көшбасшылары болып табылатын стратегиялық серіктестермен бірлесе отырып, активтерді елімізде және шетелде дамытады. 2023 жылы "31" медиахолдинг құрамынан осы жобада серіктесіміз болған "СТС Медиа" компаниясы шыққаннан кейін біз осы активті сатып алып, оның одан әрі дамуын қамтамасыз ете алатын ұйымды іздедік. Біз басшылығында тәжірибелі медиаменеджерлері бар "Әділдік және Өркендеу" қоғамдық қорымен келісім жасасқанымызға қуаныштымыз. Телеарна мен ақпараттық портал үшін жаңа өсу кезеңі басталатынына менің күмәнім жоқ", – деді "Верный Капитал" компаниялар тобының бас директоры Айдан Ақанов.

Үкіметтік емес қоғамдық қор елдегі санаулы ірі медиахолдингтің бірін қай ақшасына сатып алды, әлде Өтемұратов сыйға тартты ма деген сұрақты ұйым директорына қойдық. "Әрине, коммерциялық келісім жасалды" деді қор директоры Дана Рысмұхамедова.

"Әділдік және өркендеу" қоғамдық қоры Қаңтар оқиғасынан соң, 2022 жылғы 26 қаңтарда құрылған. Әу баста "Алматының азаматтық бастамасы" қоғамдық қоры деп аталған қор 2024 жылы ақпанда қайта тіркеліп, атауы "Әділдік және өркендеу" қоғамдық қоры болып өзгерді. Қазіргі құрылтайшылары – Нұржан Мұхамеджанова мен Гүлжан Марқабаева. Бұл адамдарға дейін қордың 6 құрылтайшысы ауысқан.

Нұржан Мұхамеджанова бұрын "31-арнаның" бас продюсері болып істеген. Азаттық архивіндегі фото.
Нұржан Мұхамеджанова бұрын "31-арнаның" бас продюсері болып істеген. Азаттық архивіндегі фото.

Нұржан Мұхамеджанова құрылтайшы қатарына биыл шілдеде қосылған. Ол бұрын "31-арнаның" бас продюсері болған, мемлекет қаржыландыратын "Қазақстан", "Алматы" телеарналарында басшы қызметте істеді.

Гүлжан Марқабаева "Хабар" телеарнасының тілшісі ретінде танылған. Ол қор құрылтайшысы ғана емес, баспасөз қызметін де қоса атқарып жүр.

Қор атауы "Әділдік және өркендеу" болып өзгерген сәтте директоры Әлібек Тәжібаев еді. Бұл адам "Қазақстанның азаматтық альянсы" қауымдастығының, "Еуразиялық мониторинг" талдау және зерттеу орталығының директоры болған. Ал жақында АЭС туралы референдум күні exit poll қорытындысын талдайтын сарапшы болып отырды.

Қордың қазіргі директоры – журналист Дана Рысмұхамедова. Ол бұрын Nur Otan партиясының (қазіргі Amanat) ақпараттық комитетін басқарған.

Дана Рысмұхамедованың айтуынша, "Әділдік және өркендеу" қоры азаматтық белсенділер бастамасымен құрылған. Елдің 20 өңірінде өкілдігі, 5 мыңға жуық жақтасы бар. Ұйым директоры осылай десе де, әлеуметтік желілерде жақтастары белсенді көрінбейді.

Мысалы, қордың telegram парақшасына 290 қолданушы жазылған, постарының қаралымы 50-ге жетпейді. Instagram парақшасына 1200-ден астам қолданушы жазылған. Бірақ мұнда да белсенділік пәс, көп жазбасына ұнайды деген белгі қалдырған оқырман саны 50-ден аспайды. Youtube-парақшасына 81 жазылушы тіркелсе, Facebook-те – 123, Tiktok-та 48 жазылушысы бар.

Қор құрылтайшыларының бірі Гүлжан Марқабаеваның айтуынша, қоғамдық ұйым коммерциялық қызметпен айналыспайтыны себепті бастапқы капиталы жоқ. "Олай болса, "31" медиахолдингін кімнің қаржысына, қанша ақшаға сатып алдыңыздар?" деп сұрадық.

– "31" медиахолдингінің акциясын сатып алуға қатысты мәліметті, тараптар қабылдаған міндеттемеге сәйкес, жария ете алмаймыз. Қор өз операциялық қызметтерін жүзеге асыруға арналған қаражатты заңда белгіленген тәртіппен қолдана алады, – деп жауап берді Гүлжан Марқабаева.

Ол қазіргі уақытта қор бірқатар әлеуметтік жобаны іске асырып жатқанын айтты.

– Бюджет қаржысына салынған жолдың сапасын бақылауға арналған "Саналы ұлтқа – сапалы жол", мектептегі тамақ сапасын қадағалайтын "Мектеп мәзірі" секілді жобалар. Оларға қаржылай көмек көрсететін демеушілер бар, сондай-ақ кез келген азамат қордың қызметіне қаржылай демеушілік көрсете алады, яғни қор краундфандинг әдісі бойынша қаржы жинайды, – деді Гүлжан Марқабаева.

Алайда ресми сайты мен әлеуметтік желідегі парақтарына қарасақ, қор жұрттың қайырымдылығына мұқтаж емес секілді. Өйткені ресми парақтарында банк картасы мен есепшот нөмірлері, реквизиттері жазылмаған, жұрттан қолдау сұраған мәтін де көрінбейді. Директор Дана Рысмұхамедова "жеке қаржы, қайырымдылық, демеуші көмегі бар" деді. Бірақ қор өкілдері ең ірі демеушілеріңіз кім деген сұраққа жауап берген жоқ.

Мемлекеттік кіріс комитетінің дерегінше, қор атауы "Алматының азаматтық бастамасы" болып тұрғанда мемлекетке 56,6 миллион теңге салық төлеген. Statsnet.co порталы дерегінше, қор 2022 жылы 2,7 миллиард теңге табыс тапқан. Ал 2023 жылы төлеген салығы – 43 мың теңге. Ашық дереккөзге сүйенсек, былтырғы кірісі – 7,2 миллион теңге. Биыл атауы өзгергелі бері мемлекетке сегіз айда 3 миллион теңгеге жуық салық төлеген, ал табысы туралы дерек жоқ. Қор директоры "мемлекеттен тапсырыс алмаймыз деді".

"Проверено"жобасының редакторы, фактчекер Павел Банников бұл қор мемлекет бақылауындағы үкіметтік емес ұйым деп біледі.

– 31-арна холдингінің құрылтайшысы болған қор тәуелсіз ұйым деуге келмейді, ондайларды әдетте мемлекет құрған үкіметтік емес ұйым деп атайды, – деді ол.

Банников мұны "мемлекеттік бақылауды, басқаруды бір жерге шоғырландыру қадамы" деп атады. Ал ондай ұйым журналистерді негізгі қызметінен алшақтатып, идеологиялық жұмысқа көбірек итермелейді деді сарапшы.

Павел Банников
Павел Банников

– Белгілі бір медианың немесе ірі медиахолдингтің қандай да бір жолмен мемлекет бақылауына өтуі ақпарат өрісінің тарылуына әкеледі. Мысалы, журналистің басты мақсаты ақпарат тарату, ал мемлекеттің міндеті ол емес, идеологиялық жұмыс жүргізу. Мемлекет журналистің жұмысына немесе 31-арнаның жағдайында салыстырмалы түрде тәуелсіз медианың жұмысына араласса, журналистка сәл шетке ысырылып қалады, өйткені мемлекет үшін идеологиялық жұмыс жүргізу маңыздырақ. Осы кезде "қызыл сызық" пайда болады. Егер медианың иесі миллиардер адам болса, онда оларға қойылған "қызыл сызықтың" шегі белгілі, яғни кәсіпкердің бизнесі туралы, біреулермен қарым-қатынасы туралы сөз қозғамайсыз деген сияқты. Бұл оқырмаға да түсінікті, ашық болады. Ал құрылтайшы мемлекетке байланған болса, "қызыл сызықтың" саны белгісіз, бұлыңғыр болады, – деді Павел Банников.

Қор директоры Дана Рысмұхамедова "телеарна демократия, ашықтық және кәсібилік принципін жалғастыра отырып дами береді" деп жазды. Оның сөзіне қарағанда, қор "31" медиахолдингінің көмегімен халықты ұйымның құндылықтары төңірегінде біріктіруді көздейді.

Саясаттанушы Ғазиз Әбішев "31" медиахолдингінің меншік иесі ауысқаннан идеологияда, ақпарат кеңістігінде айтарлықтай өзгеріс болмайды деп есептейді. Өйткені Қазақстанда дәстүрлі БАҚ, әсіресе телеарнаның бәрі билікке бұрыннан бағынышты.

– Елде классикалық бұқаралық ақпарат құралдарының, әсіресе телеарналар кеңістігі әлдеқашан, 10-15 жыл бұрын тазартылып қойған. Ресми телеарналар өте тар соқпақпен жүруге мәжбүр. 31-арна да жылдар бойы мемлекеттік саясатқа қарсы келмей, тапсырыстарын орындап келді. Сондықтан редакция саясаты өзгере қояды дегенге сену қиын. Телеарналар (билік құрып берген) ойын ережесін жақсы біледі және бұлжытпай орындап келеді. Мүмкін бұл актив төтенше жағдай кезінде қажет болады деген стратегиясы бар шығар. Бірақ қазір медиакеңістіктің өзі басқаша. Жаңалықтар WhatsApp, telegram, Instagram, tiktok сияқты желілерден өрт сияқты жылдам таралады, – деді Ғазиз Әбішев.

"31" медиахолдингі сатылғанын бірінші болып жазған bes.media сайтының негізін қалаушы, журналист Серікжан Мәулетбайдың ойынша, қазір медиаактивтердің табысынан гөрі шығыны көп. Ол миллиардердің "31"-ді сатуына бір себеп осы болуы мүмкін деп топшылайды.

Журналист Серікжан Мәулетбай
Журналист Серікжан Мәулетбай

– Бұл елімізде сатылып жатқан бірінші медиа емес. Бұған дейін де бірнешеуінің меншік иесі ауысты. Нарық қалай өзгеріп жатқанын бақылап жүрмін. Қазіргі дағдарыс кезінде медианы басқару қаржы жағынан қиын екені рас. Сосын кейбіреулер үшін бір нәрсеге әсер ету құралы ретінде қолдану қажетсіз болып қалды, – деді Серікжан Мәулетбай.

Саясаттанушының пікірінше, миллиардер Болат Өтемұратовқа бұл актив қажетсіз, тиімсіз құрал болып қалған, сондықтан сатып жіберген.

– 2022 жылдың басында елдегі саяси ахуал өзгергеннен кейін бизнесмен Болат Өтемұратов телеарнасы мен ақпарат агенттігін саяси мақсатына қолдана алмады. Осыдан соң "қызыл сызықтан" аспай, тар кеңістікте жұмыс істеп келген телеарнаның да, агенттіктің де Өтемұратов үшін мән-мағынасы болмай қалды. Осыны түсінген ол ақыр соңында саяси жағынан пайда әкелмейтін активтен құтылайын деп шешкен сияқты, – деді Ғазиз Әбішев.

Forbes басылымы биыл мамырда жасаған Қазақстанның ең бай бизнесмендер тізімінде алтыншы орында тұрған Болат Өтемұратов елде әртүрлі бизнеспен айналысады. Ол ұлы Алидар Өтемұртаов екеуі ForteBank-ке иелік етеді. Алтын өндіретін RG Gold компаниясы акцияларының 65 пайызы, "Билайн" байланыс операторы қарайтын "КаР-Тел" ЖШС-ның 25 пайызы және Астана, Ақмола облысы, Мәскеуде қымбат қонақүйлер Өтемұратовқа тиесілі. Forbes журналы биыл оның байлығы 2,7 миллиард долларға тең деп бағалаған.

2022 жылдың аяғында тау-кен және шикізат өнімдерін жеткізетін Eurasian Resources Group компаниясы иелігіндегі медиа ресурстарынан бас тартып, "Экспресс К" басылымын жапты, кейіннен Salem social media компаниясын сатты. Компания акционерлерінің бірі Александр Машкевич: "Әркім өз ісімен айналысуы керек. Біз тау-кен бизнесімен айналысатын компаниямыз. Медиа, холдинг – бұл жеке бизнес" деген. Ал миллиардер Тимур Турловқа қарайтын компаниялар 2022 жылы Қазақстандағы бірнеше медианы: "7-арнаны", "Курсив" басылымын және тағы басқа жобаларды сатып алған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG