Accessibility links

"Z" таңбасы бар әскери техника. Мариуполь қаласы, 16 сәуір 2022 жыл.
"Z" таңбасы бар әскери техника. Мариуполь қаласы, 16 сәуір 2022 жыл.

Украинадағы соғыста 11-17 сәуір арасында не болды?

Украинадағы соғыс жайлы барлық ақпаратты осы парақшадан таба аласыз.

17 сәуір - Украинадағы соғыстың 53-күні. Негізгі ақпараттар:

  • Ресей әскері Украина қалаларын атқылауды доғармады. Украина қарулы күштерінің хабарлауынша, Ресей Харьков маңындағы әскерін көбейтуге тырысып жатыр. Жаңадан түсірілген спутник суреттері әскери техникалардың Харьков облысы Липчановка елді мекенінде шоғарланғанын көрсеткен. Техниканың біраз бөлігі Изюм қаласына қарай жол тартқан.
  • Ұлыбритания қорғаныс министрлігі Ресей Украинадағы соғыста тактикасын өзгерткенмен мақсатын өзгерткен жоқ деп мәлімдеді.
  • Қоршауда қалған "Мариупольдегі украин күштерінің қазасы Ресеймен келіссөзге нүкте қоюы мүмкін". Украина президенті Владимир Зеленский осылай деп мәлімдеді.
  • Ресей Мариупольдегі украин күштеріне берілуді ұсынды.
  • Журналистер "Москва" крейсерінде қаза болған теңізшінің аты-жөнін анықтады.
  • БҰҰ мәліметінше, соғыс басталғалы бері 5 млн адам Украинадан босып кеткен. ​
  • Украина президенті Владимир Зеленский CNN арнасына берген сұхбатында Ресей басқыншылығы басталғалы бері шамамен үш мың украин жауынгері опат болып, он мыңы жараланғанын айтты.
  • Ресей Ұлыбританияның бірқатар саясаткерлеріне елге кіруге тыйым салды.
  • Пентагонның айтуынша, ресейлік "Мәскеу" крейсері Украинаның екі зымыраны түскеннен кейін суға батқан.

Харьков облысында бейбіт азаматтар мінген автобус атқыланды, қаза тапқандар бар

Бейсенбі, 15 сәуір күні Харьков облысы Боровая ауылының түбінде бейбіт азаматтар мінген автобус атқыланып, 7 адам қаза тапты, 27 адам жарақат алды. Бұл туралы облыс прокуратурасына сілтей отырып "Суспільне" порталы хабарлады.

Бұл ақпарат әлі өзге дереккөздер арқылы растала қойған жоқ. Боровая Ресей күштерінің бақылауында.

Ресей федералды қызметі сарбаздарды жерлеуге және белгі тас қоюға бөлінген ақшаны 17 пайызға ұлғайтуды сұрады. Бұған BBC­-дің Орыс қызметі назар аударды. Бірақ бөлінген қаражаттың жалпы сомасы айтылмады.

Ресей қорғаныс министрлігі соғыста қаза тапқан сарбаздары жөніндегі ақпаратты соңғы рет 25 наурызда ғана жариялаған. Ол кезде Мәскеу 1351 сарбазының қаза тапқанын растаған. Украина билігі қаза тапқан орыс сарбаздары бұдан едәуір көп дейді. 14 сәуір күнгі баспасөз хабарламасында Украина күштері соғыс кезінде мерт болған орыс сарбаздарының саны 20 мыңнан асты деп мәлімдеді.

Соғыс уақытында мұндай ақпаратты тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру қиын.

Украинадағы жағдайға сілтеген Германия экономика министрі Роберт Хабек халқын энергетиканы үнемдеп пайдалануға шақырды. Бұл туралы Spiegel хабарлады.

"Бәріңізді энергия үнемдеуге үлес қосуға шақырамын. Мұны бәріміз қатысатын ортақ жоба ретінде қарастырсақ қана Ресей импортына деген тәуелдігімізді азайтамыз" деді Хабек.

Министр тіпті бір-екі кеңесін де айтты. Мәселен, ол компания қызметкерлеріне аптаның кей күндерінде үйден істеуді, мүмкін болған жерде жеке көліктің орнына велосипед пен пойызды пайдалануды ұсынды.

Хабектің сөзінше, үй жылытқанда терезені пердемен жауып қойса, электр энергиясын 5 пайызға үнемдеуге, үйдегі температураны 1 градусқа төмендетсе, электр энергиясын 6 пайызға үнемдеуге болады.

Энергия және таза ауаны зерттеу орталығының (CREA) мәліметінше, Ресей Украинаға басып кіргелі Еуроодақ Ресей көміріне, мұнайы мен газына 33 миллиард евро төлеген.

Польша Ресей көмірін импорттауға эмбарго жариялады. Варшава бұл қадамға жекедара барды, Еуроодақтың ортақ шешімін күтпеуді құп көрді. Польша президенті Анджей Дуда эмбарго туралы заңға қол қойды.

Еуроодақ Украинаға басып кірген Ресейдің энергия көздерінен бас тарту мәселесін әлі де қарастырып жатыр.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG